Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының үйлестіру кеңесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2015 жылғы 28 қарашадағы № 12-НҚ нормативтік қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 24 желтоқсанда № 12493 болып тіркелді.

      "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 46-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы (бұдан әрі – Жоғары аудиторлық палата) ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 24.02.2023 № 8-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының үйлестіру кеңесі туралы ереже бекітілсін.

      2. Заң бөлімі заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы нормативтік қаулының Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы нормативтік қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;

      3) осы нормативтік қаулының Есеп комитетінің интернет-ресурсына орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Нормативтік қаулының орындалуын бақылау Есеп комитетінің аппарат басшысына жүктелсін.

      4. Осы нормативтік қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Төраға Қ. Жаңбыршин

  Республикалық бюджеттің
атқарылуын бақылау жөніндегі
есеп комитетінің
2015 жылғы 28 қарашадағы
№ 12-НҚ нормативтік
қаулысымен бекітілген

Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының үйлестіру кеңесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының үйлестіру кеңесі туралы ережеде (бұдан әрі – Ереже) Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының үйлестіру кеңесінің (бұдан әрі – Кеңес) мақсаттары, міндеттері және өкілеттіктері, сондай-ақ оның қызметін қалыптастыру және ұйымдастыру тәртібі айқындалған.

      2. Кеңес қызметінің мақсаты:

      1) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласында құқық қолдану практикасын, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарын сақтау мәселелерін қарау үшін мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының (бұдан әрі – аудит органдары) қызметін үйлестіру;

      2) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласындағы өзекті проблемаларды, заңнаманы бірыңғай қолдануды алқалық талқылау арқылы аудит органдарының өзара тиімді іс-қимыл жасауы;

      3) бюджетті жоспарлау және оның барлық деңгейінде атқару кезінде қаржы тәртібін нығайту, аудит органдарының қызметін ұйымдастыруда ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету;

      4) мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізу кезінде аудит органдарының тәуелсіздігіне қол сұғатын араласуға жол бермеу болып табылады.

      3. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңын (бұдан әрі – Заң), Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, осы Ережені және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.

2. Кеңестің негізгі міндеттері мен өкілеттіктері

      4. Кеңестің негізгі міндеттері:

      1) мыналар:

      мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласындағы заңнамананы жетілдіру;

      мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізудің әдіснамалық негізін жетілдіру;

      аудиторлық және сараптамалық-талдау іс-шараларын жоспарлау, ұйымдастыру және жүргізу кезінде аудит органдарының өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      2) мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың өзекті теориялық және практикалық мәселелері бойынша аудит органдарының өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;

      3) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылауды жүргізу мен жетілдіру саласында идеялармен және тәжірибемен өзара тиімді алмасу;

      4) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласындағы әдіснамалық құжаттарды, соның ішінде Кеңес ұсынымдарының шеңберінде әзірленген құжаттарды мақұлдау;

      5) мыналарға:

      бірлескен және (немесе) қатар тексерулерді және сараптамалық-талдау іс-шараларын жүргізуге;

      аудит органдарының мемлекеттік аудиторларының кәсіби дағдылары мен біліктілігін сақтауға және жетілдіруге;

      аудит органдарының қызметіне құқыққа сыйымсыз араласуына жол бермеуге жәрдемдесу болып табылады.

      5. Кеңес өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін өз құзыреті шегінде:

      1) мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды, қажет болған жағдайда жұмыс топтарын құрады;

      2) Заңға сәйкес, Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ақпарат сұратады және алады;

      3) жұмыс сапасын арттыру, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласындағы заңнаманы қолданудың бірыңғай практикасын қалыптастыру үшін аудит органдарынан олардың қызметінің қорытындылары және мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелері бойынша есептер мен жинақтаулар сұратады;

      4) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ұсынымдар әзірлейді және ұсыныстар енгізеді;

      5) аудит органдарына, Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің палаталарына, Қазақстан Республикасының Үкіметіне, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар, астананың мәслихаттарына мемлекеттік аудит объектілерінің аудит органдарының тәуелсіздігін шектеу фактілері туралы ақпарат (ұсыныстар) береді;

      6) мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың өзекті теориялық және практикалық проблемалары бойынша ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар, мамандандырылған курстар, бірлескен зерттеулер ұйымдастыруға жәрдем көрсетеді;

      7) Кеңес отырыстарына мемлекеттік органдар мен ұйымдардың лауазымды адамдарын шақырады.

3. Кеңес қызметін қалыптастыру және ұйымдастыру

      6. Кеңес Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының (бұдан әрі – Жоғары аудиторлық палата) Төрағасынан және үш мүшесінен, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның екі өкілінен, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссияларының (бұдан әрі – тексеру комиссиялары) төрағаларынан, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның ішкі аудит қызметінің басшысын қоспағанда, ішкі аудит қызметінің екі басшысынан тұрады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 24.02.2023 № 8-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      7. Кеңестің құрамы Жоғары аудиторлық палата Төрағасының бұйрығымен бекітіледі.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 24.02.2023 № 8-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      8. Кеңестің құрамына ішкі аудит қызметі басшыларының екі кандидатурасын (орталық мемлекеттік органнан және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органынан бір-бірден) қосу жөніндегі ұсынысты ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган ұсынады.

      Ішкі аудит қызметінен енген Кеңес мүшелерін ротациялау екі жыл сайын жүргізіледі.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 23.08.2018 № 17-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      9. Кеңесті Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы болып табылатын Төраға басқарады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 24.02.2023 № 8-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      10. Кеңес Төрағасы:

      1) Кеңес қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      2) Кеңес жұмысын жоспарлайды;

      3) Кеңес отырыстарын өткізу орны мен уақытын айқындайды;

      4) Кеңес отырыстарында төрағалық етеді. Кеңес Төрағасы болмаған кезде оның тапсырмасы бойынша отырыстарда Кеңес мүшелерінің бірі төрағалық етеді;

      5) Кеңестің алдағы күнтізбелік жылға арналған жұмыс жоспарын және Кеңес отырысында қабылданған шешімдерді бекітеді.

      11. Кеңес мүшелері:

      1) Кеңестің Жұмыс жоспары, оның отырыстарының күн тәртібі және мәселелерді талқылау тәртібі бойынша ұсыныстар енгізеді;

      2) Кеңес отырыстарына материалдарды, оның шешімдерінің жобаларын дайындауға қатысады;

      3) Кеңес отырысында қаралатын мәселелерді талқылауға қатысады.

      12. Жоғары аудиторлық палатаның аппараты Кеңестің жұмыс органы (бұдан әрі – Жұмыс органы) болып табылады. Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы мен үш мүшесін қоспағанда, Кеңес мүшелерінің әрқайсысы:

      өзінің тағайындалуы туралы;

      Кеңестің алдына қойылған міндеттерді іске асыру бойынша үйлестіруді жүзеге асыратын жауапты орындаушыны белгілеу немесе ауыстыру туралы шешім қабылданғаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде Жұмыс органына тиісті ақпарат ұсынады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 24.02.2023 № 8-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      13. Кеңес мүшелері жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 20 қыркүйегінен кешіктірмей, Кеңестің алдағы күнтізбелік жылға арналған жұмыс жоспарының жобасына ұсыныстарын Жұмыс органына ұсынады.

      14. Жұмыс органы:

      1) Кеңес отырысының күн тәртібін қалыптастырады;

      2) Кеңес шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді және бақылайды;

      3) Кеңес мүшелерінің және оның қызметіне тартылған мамандардың жұмысын үйлестіреді;

      4) Кеңес мүшелері ұсынған ұсыныстар ескеріле отырып қалыптастырылған, Кеңестің бір жылға арналған жұмыс жоспарының жобасын бекіту үшін Кеңес Төрағасына енгізеді.

      Кеңестің жұмыс жоспары жыл сайын жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 20 желтоқсанынан кешіктірілмей бекітіледі және Жоғары аудиторлық палатаның интернет-ресурсына орналастыруға, Кеңес мүшелеріне жіберілуге жатады.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 24.02.2023 № 8-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      15. Жұмысты ұйымдастыруды, Кеңес отырысына тиісті құжаттар мен материалдарды дайындауды және хаттаманы ресімдеуді Кеңес Төрағасы Жұмыс органы қызметкерлерінің арасынан тағайындайтын Кеңес хатшысы жүзеге асырады.

      Хатшы Кеңестің мүшесі болып табылмайды.

      16. Кеңес отырыстарында қарауға арналған мәселелер тізбесі Кеңестің жұмыс жоспарына, Кеңес Төрағасының тапсырмаларына сәйкес және (немесе) оның мүшелерінің ұсыныстары бойынша жасалады.

      17. Кеңес отырыстарының материалдары Кеңес отырысына дейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірілмей Кеңес мүшелеріне жіберіледі.

      18. Кеңес отырысы жылына кемінде бір рет өткізіледі және егер оған мүшелерінің жалпы санының кемінде жартысы қатысса, ол заңды деп есептеледі.

      Кеңес мүшелері оның отырыстарына ауыстыру құқығынсыз қатысады.

      19. Шұғыл шешім қабылдау қажет болған кезде Кеңестің кезектен тыс отырысын өткізуге рұқсат етіледі.

      Кезектен тыс отырыс Кеңес Төрағасы немесе оны алмастыратын адамның өзінің бастамасы бойынша не Кеңес құрамының кемінде жартысы қолдау білдірген, Кеңес мүшесінің бастамасы бойынша шақырылады.

      20. Кеңес отырысының нәтижелері бойынша төрағалық етуші қол қоятын хаттама жасалады. Кеңестің шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оған отырысқа қатысушы Кеңес мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданған болып саналады. Дауыстар тең болған жағдайда, Кеңес Төрағасы дауыс берген шешім қабылданған болып есептеледі. Кеңес мүшелерiнiң ерекше пiкiр айтуға құқығы бар, ол білдірілген жағдайда, жазбаша түрде жазылады және Кеңес отырысының хаттамасына қоса тігіледі.

      21. Кеңес шешімдері аудит органдары үшін міндетті болып табылады.

      22. Аудит органдары жыл сайын Кеңес шешімдерінің орындалу барысы туралы осы Ережеге 2-қосымшаға сай нысанда есеп жасайды.

      23. Жұмыс органына жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 20 қаңтарынан кешіктірілмей, мыналар:

      тексеру комиссиялары және ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның Кеңестің шешімдерін өздерінің орындау барысы туралы есебі;

      ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның Кеңестің шешімдерін ішкі аудит қызметтерінің орындау барысы туралы жинақталған ақпараты ұсынылады.

      24. Жұмыс органы қажет болған жағдайда сұрау салу арқылы есеп және ақпарат ұсынудың өзге де мерзімдерін белгілейді.

      25. Аудит органдарының басшылары Кеңестің шешімдерінің уақтылы және сапалы орындалуына және олардың орындалу барысы туралы ақпаратты ұсынуға жауапты болады.

      26. Кеңес шешімдерінің орындалу барысы туралы ақпарат Кеңестің отырыстарында қаралады.

      27. Жұмыс органы Кеңес шешімдерінің (тапсырмаларының) уақтылы мен толық орындалуына талдау жасайды.

      Жұмыс органы Кеңест шешімдерінің (тапсырмаларының) орындалуын талдаудың қорытындылары бойынша Заңның және осы Ереженің талаптарына сәйкес Кеңестің шешімін (тапсырмасын) орындамаған аудит органдары басшыларының жауаптылығын қарау туралы Кеңестің Төрағасына ұсыныстар енгізеді.

      28. Кеңестің көшпелі отырыстарын өткізуге рұқсат етіледі.

      Кеңестің көшпелі отырыстарын ұйымдастыру оларды өткізетін аумақтардағы тиісті тексеру комиссияларының аппараттарымен бірге Жұмыс органына жүктеледі.

      29. Кеңес өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін қажет болған жағдайда жұмыс топтарын құрады. Жұмыс топтарының құрамдары Кеңес мүшелерінің ұсыныстары бойынша қалыптастырылады және оны Кеңес отырысында Кеңестің төрағасы бекітеді.

      Жұмыс топтары Кеңеске әдіснамалық құжаттарды, ұсынымдар әзірлейді, олар Кеңес отырысында қаралады және оның хаттамасымен мақұлданады.

  Мемлекеттік аудит және қаржылық
бақылау органдарының үйлестіру
кеңесі туралы ережеге қосымша

      Нысан

Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары үйлестіру
кеңесінің шешімдерін орындау барысы туралы есеп


20__ жылғы "__" _____ отырыстың №__ хаттамасы

Р/с

Үйлестіру кеңесінің тапсырмасы (шешімі)

Орындалу барысы (орындалды, ішінара орындалды, орындалған жоқ)

Қол жеткізілген нәтиже

(немесе орындалмау, ішінара орындау немесе іс-шараның орындалу мерзімдерін ұзарту себептері, сондай-ақ қабылданған шаралар)

1. ____________________________________________________ мәселе

1.




2.




2. ____________________________________________________ мәселе

1.




2.




20__ жылғы "__" _____ _ отырыстың №__хаттамасы

1. ____________________________________________________ мәселе

1.





Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады