2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 16-бабы 22) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса берiлiп отырған Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидалары бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті заңнамада белгiленген тәртiппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеудi;
2) осы бұйрық мемлекеттiк тiркелгеннен кейін күнтiзбелiк он күн iшiнде оны мерзiмдi баспа басылымдарында және "Әдiлет" Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесiнде ресми жариялауға жiберудi;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсiн.
3. "Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 7 шілдедегі № 567 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11855 болып тіркелген, 2015 жылғы 11 тамызда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің жауапты хатшысы А.Д. Құрманғалиеваға жүктелсін.
5. Осы бұйрық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі |
Т. Дүйсенова |
КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
_______________ Б. Сұлтанов
2015 жылғы 4 желтоқсан
КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
_______________ Е. Досаев
2015 жылғы 7 желтоқсан
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 908 бұйрығымен бекітілген |
Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 24.09.2019 № 510 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1. Осы Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 16–бабы 22) тармақшасына сәйкес әзірленді және орташа жалақыны есептеудің бірыңғай тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) ай – тиісті айдың 1–нен бастап 30–күніне (31-күніне) дейін қоса алғандағы (ақпанда – 28-күніне (29-күніне) дейін қоса алғандағы) кезең;
2) есеп айырысу кезеңі – төленуі тиіс ақымен (төлеммен) байланысты оқиғаның алдындағы ұзақтығы он екі күнтізбелік айға тең кезең не егер қызметкер жұмыс берушіде он екі күнтізбелік айдан кем жұмыс істеген жағдайда, орташа жалақыны есептеу үшін пайдаланылатын нақты жұмыс істеген кезең;
3) жұмыс уақытының балансы – 36 сағаттық, 40 сағаттық жұмыс аптасы кезіндегі (бес күндік, алты күндік) жұмыс күндерін (сағаттарын) ескере отырып, тиісті күнтізбелік жылға арналған жұмыс уақытының нормаларын ай бойынша бөлу көрсеткіштерінің кестесі.
4) күндік (сағаттық) жалақы – уақыт бірлігі (күн, сағат) үшін жалақы;
5) орташа жалақы – қызметкер жалақысының сақталуына кепілдік берілетін кезең үшін жұмыс беруші есептейтін және қызметкерге төленетін ақша қаражатының сомасы;
6) орташа күндік (сағаттық) жалақы – уақыт бірлігі (күн, сағат) үшін орташа жалақы;
7) оқиға – Еңбек кодексіне сәйкес орташа жалақының сақталуымен немесе төленуімен, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының пайдаланылмаған күндері үшін берілетін өтемақымен байланысты жағдайлар;
3. Алып тасталды - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 04.03.2016 № 177 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
4. Орташа жалақыны есептеу кезінде есеп айырысу кезеңінен жұмыс істелмеген уақыт және осы кезеңде Еңбек кодексіне сәйкес қызметкерге орташа жалақысы төленген немесе сақталған кездегі жұмыс істелмеген уақыт үшін есептелген сомалар алынып тасталады.
5. Егер бұл қызметкердің жағдайын нашарлатпайтын болса, ұжымдық шартта орташа жалақыны есептеудің өзге кезеңдері көзделуі мүмкін.
2-тарау. Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай тәртібі
Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 24.09.2019 № 510 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
6. 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес азаматтың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу мақсатындағы айқындалған орташа айлық жалақыны қоспағанда, бес күндік, сондай-ақ алты күндік жұмыс аптасында орташа айлық жалақыны есептеу белгіленген қосымша ақылар мен үстемеақылар, сыйлықақылар және еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген тұрақты сипаттағы басқа да ынталандыру төлемдері ескеріле отырып, тиісті кезеңдегі орташа күндік (сағаттық) жалақының есебінен нақты жұмыс істелген уақыт үшін жүргізіледі.
Орташа жалақыны есептеу кезінде осы Қағидаларға қосымшада көрсетілген төлемдер ескерілмейді.
7. Қызметкердің орташа жалақысы орташа күндік (сағаттық) жалақыны бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасындағы жұмыс уақытының теңгеріміне қарай оқиға кезеңіне сәйкес келетін жұмыс күндерінің (жұмыс сағаттарының) санына көбейту жолымен есептеледі.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 12.12.2023 № 504 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.7-1. Жұмыс уақытының жиынтық есебі кезінде еңбекке уақытша жарамсыздық парағы төлемінен басқа қызметкердің орташа жалақысы орташа сағаттық жалақыны орташа күндік жұмыс сағаттарының санына және оқиғаның күнтізбелік күндер санына көбейту жолымен есептеледі.
Орташа күндік жұмыс сағаттарының саны мынадай формула бойынша айқындалады:
ОртКЖС = ОртАЖС / ОртАКК, мұндағы:
ОртКЖС – орташа күндік жұмыс сағаттарының саны;
ОртАЖС – оқиғаның басына қолданыста болатын күнтізбелік жылдың жұмыс уақытының теңгеріміне сәйкес бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасындағы орташа айлық жұмыс сағаттарының саны;
ОртАКК – оқиғаның басына қолданыста болатын күнтізбелік жылдың жұмыс уақытының теңгеріміне сәйкес мереке күндерін есептегемегенде күнтізбелік күндердің орташа айлық саны.
Жұмыс уақытының жиынтық есебі кезінде жұмыс берушінің актісінде егер қызметкерлердің жағдайын нашарлатпайтын болса, орташа жалақыны есептеудің өзге тәртібі көзделуі мүмкін.
Ескерту. Қағидалар 7-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 12.12.2023 № 504 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 19.03.2024 № 78 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.7-2. Жұмыс уақытының жиынтық есебі бойынша жұмыс істейтін жұмыскерлерге еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақыны есептеу үшін орташа жалақы орташа сағаттық жалақыны жұмыс беруші жасаған ауысымдық кесте (вахта кестесі) бойынша еңбекке уақытша жарамсыздығы салдарынан өткізіп алған жұмыс сағаттарының санына көбейту жолымен айқындалады, бірақ тиісті жылға жұмыс уақытының теңгерімінде белгіленген жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығынан аспайды.
Ескерту. Қағидалар 7-2-тармақпен толықтырылды – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 12.12.2023 № 504 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.8. Барлық жағдайларда орташа күндік (сағаттық) жалақы есеп айырысу кезеңде есептелген жалақы сомасын есеп айырысу кезеңдегі жұмыс күндерінің (сағаттарының) санына бөлу жолымен айқындалады.
9. Егер есеп айырысу кезеңі жұмыспен толық өтелмесе, онда орташа күндік (сағаттық) жалақы жұмыс істелген уақыт үшін есептелген жалақының сомасын осы жұмыс істелген уақытқа сәйкес келетін бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасы кезіндегі жұмыс күндерінің (сағаттарының) санына тиісінше бөлу жолымен айқындалады.
10. Егер есеп айырысу кезеңінде қызметкерге жалақы есептелмеген болса, онда орташа күндік (сағаттық) жалақыны есептеу есеп айырысу кезеңінің алдындағы он екі айдағы жұмысы не есеп айырысу кезеңінің алдындағы осы жұмыс берушіде нақты жұмыс істеген уақыт кезеңі үшін есептелген жалақы сомасын осы жұмыс істелген уақытқа сәйкес келетін бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасы кезіндегі жұмыс күндерінің (сағаттарының) санына тиісінше бөлу жолымен жүзеге асырылады.
11. Толық емес жұмыс аптасы (жұмыс күні) кезінде орташа күндік (сағаттық) жалақы осы Қағидалардың 8, 9, 10-тармақтарына сәйкес есептеледі.
12. Егер қызметкер жұмысқа орналасқан кезде есептелген жалақы сомасы болмаса не оқиға алдындағы 24 ай бойы жалақысы болмаған жағдайда, онда оқиға орын алған жағдайда орташа күндік (сағаттық) жалақы қызметкердің күндік (сағаттық) тарифтік мөлшерлемесін (лауазымдық жалақысын) негізге ала отырып есептеледі.
Қызметкердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесі тарифтік мөлшерлемесін (лауазымдық жалақысын) тиісті күнтізбелік жылдағы жұмыс уақытының балансына сәйкес бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасы кезіндегі ағымдағы айдағы жұмыс күндерінің (сағаттарының) санына бөлу жолымен есептеледі.
Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 04.03.2016 № 177 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.13. Лауазымдық жалақы арттырылған жағдайда орташа жалақыны есептеу арттыру коэффициентін ескере отырып, мынадай тәртіппен жүргізіледі:
1) егер арттыру есеп айырысу кезеңінде жүргізілсе, арттырудың алдындағы әрбір ай үшін орташа жалақы арттыру коэффициентін ескере отырып есептеледі;
2) егер арттыру есеп айырысу кезеңінен кейін оқиға болғанға дейін жүргізілсе, есеп айырысу кезеңі үшін орташа жалақы арттыру коэффициентін ескере отырып есептеледі;
3) егер арттыру оқиға кезеңінде жүргізілсе, орташа жалақының бір бөлігі лауазымдық жалақы (мөлшерлеме) арттырылған күнінен бастап көрсетілген кезең аяқталғанға дейін арттыру коэффициентін ескере отырып есептеледі.
Арттыру коэффициенті арттырудың соңғы айында белгіленген тарифтік мөлшерлемені (лауазымдық жалақыны) арттыруға дейін белгіленген әр тарифтік мөлшерлемеге (лауазымдық жалақыға) бөлу жолымен есептеледі.
Арттыру коэффициенті негізгі персоналдың азаматтық қызметшілері (В2, В3, В4 буындардағы) үшін арттыру айында белгіленген лауазымдық жалақыны, егер орташа жалақыны есептеу кезінде 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін есептелген жалақы сомасы қосылған жағдайда, біліктілік санаты үшін қосымша ақыны есепке ала отырып арттыруға дейін белгіленген лауазымдық жалақыға бөлу жолымен есептеледі.
Арттыру коэффициенті есеп айырысу кезеңінің шегінде әрбір тиісті айға есептелген жалақының жалпы сомасына қолданылады.
Арттыру коэффициенті:
1) қызметкерді бір лауазымнан екіншісіне ауыстырған кезде;
2) лауазымдық жалақысының мөлшерін есептеу кезінде ескерілетін қызметкердің мамандығы бойынша жұмыс өтілінің немесе жұмысшының біліктілік разрядының артуы кезінде қолданылмайды.
Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 04.03.2016 № 177 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 24.09.2019 № 510 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.14. Өткен жылдың жұмыс қорытындысы бойынша төленетін жылдық сыйлықақыларды, сыйақыларды қоспағанда, тұрақты сипаттағы және жұмыс берушінің еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген сыйлықақылар мен еңбек нәтижелері үшін төленетін басқа да ынталандыру төлемдері орташа жалақыны есептеу кезінде есептелген уақыты бойынша қосылады.
Жұмыс берушінің еңбекақы төлеу мен сыйлықақы беру жүйесінде көзделген жұмыс қорытындысы бойынша төленетін тоқсандық, жарты жылдық сыйлықақылар есеп айырысу кезеңінің әрбір айына тиісінше 1/3, 1/6 мөлшерінде есептеледі; айлық сыйлықақылар – есеп айырысу кезеңінің әрбір айы үшін біреуден аспауға тиіс.
Өткен жылдың жұмыс қорытындысы бойынша төленетін жылдық сыйлықақылар, сыйақылар орташа жалақыны есептеу кезінде, есеп айырысу кезеңі шегіндегі жылдық сыйлықақыны, сыйақыны нақты төлеу айының алдындағы әрбір айға 1/12 мөлшерінде нақты төлеу сәтінен бастап есептеледі.
Есеп айырысу кезеңіне келетін уақыт жұмыспен толық өтелмеген жағдайларда, орташа жалақыны есептеу кезінде сыйлықақылар, сыйақылар есеп айырысу кезеңіндегі жұмыс істеген уақытқа барабар есептеледі.
Орташа жалақыны есептеу кезінде акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі ұлттық компаниялардың, акционерлік қоғамдардың басшы қызметкерлерінің жылдық сыйлықақылары ескерілмейді.
15. Еңбек шарты тоқтатылған кезде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын (жыл сайынғы еңбек демалыстарын) пайдаланбаған немесе толық пайдаланбаған жұмыскерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының (жыл сайынғы еңбек демалыстарының) пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы төлемі жүргізіледі.
Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының пайдаланбаған күндері үшін өтемақы төлемі еңбек шарты тоқтатылған күннен кейінгі келесі жұмыс күнінен бастап осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген тәртіппен жүргізіледі және бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасын негізге ала отырып, осы кезеңге сәйкес келетін жұмыс күндері (жұмыс сағаттары) есептеледі.
Жұмыс уақытының жиынтық есебі кезінде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының пайдаланбаған күндері үшін өтемақы төлемі осы Қағидалардың 7-1-тармағында көзделген тәртіппен, бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасы кезіндегі жұмыс уақытының теңгеріміне сүйене отырып жүргізіледі.
Ескерту. Қағидалар 15-тармақпен толықтырылды – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 12.12.2023 № 504 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидасына қосымша |
Орташа жалақыны есептеу кезінде ескерілмейтін төлемдер
Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 12.12.2023 № 504 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
Орташа жалақыны есептеу кезінде ескерілмейтін төлемдерге мыналар:
1) жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлігі үшін өтемақы;
2) еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақы, сондай-ақ жұмыс беруші белгілейтін әлеуметтік жәрдемақы мөлшеріне қосымша төлемдер;
3) жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру кезінде қызметкерлерге төленетін сауықтыруға арналған жәрдемақы;
4) қызметтік іссапарға жіберілетін қызметкерлерге берілетін өтемақы;
5) тұрақты жұмысы жолда өтетін немесе жүріп-тұру сипатында не қызмет көрсететін учаскелері шегінде қызметтік сапарлармен байланысты болған жағдайларда берілетін өтемақы төлемдері;
6) дала жұмыстарымен айналысатын қызметкерлерге берілетін далалық жабдықталым;
7) қызметкерді жұмыс берушімен бірге басқа жерге жұмысқа ауыстыру немесе көшіру кезіндегі өтемақы төлемі;
8) қызметкердің (жеке тұлғаның) жеке мүлкін тараптардың келісімі негізінде жұмыс берушінің мүдделері үшін пайдаланған кездегі шығыстарды өтеу;
9) Еңбек кодексіне сәйкес берілген сүттің және (немесе) диеталық (емдік және профилактикалық) тамақтануға арналған арнайы өнімдер, арнайы киімнің және басқа да жеке қорғану құралдарының құны;
10) қызметкер еңбек міндеттерін атқару кезінде оның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу бойынша төлемдер (жоғалтқан жалақысы бөлігіндегі төлемдерден басқа);
11) қызметкерлерге жұмыс беруші (бала туған кезде, дәрігерлік қызметтің ақысын төлеу үшін, жерлеуге және басқа да жағдайларда) көрсететін материалдық көмек (ақшалай жәрдемақы), сондай-ақ жұмыс берушінің қаражаты есебінен ұжымдық шартта және (немесе) жұмыс берушінің актісінде қосымша көзделген өтемақылар мен әлеуметтік кепілдіктер төлемдері;
12) біржолғы көтермелеу төлемдері (біржолғы ақшалай сыйақыларды қоса алғанда);
13) Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушінің кінәсінен жалақы төлемдері кешіктірілген кезде және "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының кодексіне сәйкес міндетті зейнетақы жарналарын уақтылы аудармағаны үшін жұмыс берушінің қызметкерге төлейтін өсімақылары;
14) қызметкерлерді оқытуға және біліктілігін арттыруға байланысты жұмыс берушінің шығыстары;
15) спорттық байқауларда, конкурстар мен жарыстарда жүлделі орындар үшін берілетін ақшалай наградалар;
16) Еңбек кодексінің 124-бабына сәйкес қызметкерге мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді орындайтын жері бойынша төленген жалақы;
17) Еңбек кодексінің 72-бабына сәйкес қызметкерлерге күнделікті жұмысын (жұмыс ауысымын) бөліктерге бөлу кезіндегі жұмысы үшін өтемақы төлемдері;
18) үйде жұмыс істейтін қызметкерлерге төленетін өтемақы төлемдері;
19) Еңбек кодексінің 82-бабына сәйкес баланы (балаларды) тамақтандыруға арналған үзілістер уақыты үшін сақталған орташа жалақы;
20) Еңбек кодексінің 112-бабына сәйкес бос тұрып қалу жағдайында қызметкерлерге төленген сомалар жатады.