Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 7 шілдедегі № 567 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 11 тамызда № 11855 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 908 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 30.11.2015 № 908 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексінің 16-бабының 26) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса берiлiп отырған Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидалары бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті заңнамада белгiленген тәртiппен:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеудi;
      2) осы бұйрық мемлекеттiк тiркелгеннен кейін күнтiзбелiк он күн iшiнде оны мерзiмдi баспа басылымдарында және «Әдiлет» Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесiнде ресми жариялауға жiберудi;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсiн.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің жауапты хатшысы А.Д. Құрманғалиеваға жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Денсаулық сақтау және
      әлеуметтік даму министрі                   Т. Дүйсенова

      КЕЛІСІЛДІ
      Қазақстан Республикасының
      Қаржы министрі
      _______________ Б. Сұлтанов
      2015 жылғы 30 маусым

      КЕЛІСІЛДІ
      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрі
      _______________ Е. Досаев
      2015 жылғы 2 шілде

Қазақстан Республикасы  
Денсаулық сақтау және   
әлеуметтік даму министрінің
2015 жылғы 7 шілдедегі 
№ 567 бұйрығымен    
бекітілген       

Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидалары 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 16-бабының 26) тармақшасына сәйкес әзірленді және орташа жалақыны есептеудің бірыңғай тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) есеп айырысу кезеңі – төленуі тиіс ақымен (төлеммен) байланысты оқиғаның алдындағы ұзақтығы он екі айға тең кезең не егер қызметкер жұмыс берушіде он екі күнтізбелік айдан кем жұмыс істеген жағдайда, орташа жалақыны есептеу үшін пайдаланылатын нақты жұмыс істеген кезең;
      2) ай – тиісті айдың 1-нен бастап 30-күніне (31-күніне) дейін қоса алғандағы (ақпанда – 28-күніне (29-күніне) дейін қоса алғандағы) кезең;
      3) күндік (сағаттық) жалақы – уақыт бірлігі (күн, сағат) үшін жалақы;
      4) орташа жалақы – қызметкер жалақысының сақталуына кепілдік берілетін кезең үшін жұмыс беруші есептейтін және қызметкерге төленетін ақша қаражатының сомасы;
      5) орташа күндік (сағаттық) жалақы – уақыт бірлігі (күн, сағат) үшін орташа жалақы;
      6) оқиға – Еңбек кодексіне сәйкес орташа жалақының сақталуымен немесе төленуімен, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының пайдаланылмаған күндері үшін берілетін өтемақымен байланысты жағдайлар;
      7) жұмыс уақытының балансы – 36 сағаттық, 40 сағаттық жұмыс аптасы кезіндегі (бес күндік, алты күндік) жұмыс күндерін (сағаттарын) ескере отырып, тиісті күнтізбелік жылға арналған жұмыс уақытының нормаларын ай бойынша бөлу көрсеткіштерінің кестесі.
      3. Орташа айлық жалақыны айқындаудың барлық жағдайлары үшін есеп айырысу кезеңінен Еңбек кодексіне сәйкес мереке күндері, сондай-ақ демалыс күндері болып табылатын мұсылман күнтізбесі бойынша атап өтілетін Құрбан айттың бірінші күні, 7 қаңтар – православиелік Рождество алынып тасталады.
      4. Орташа жалақыны есептеу кезінде есеп айырысу кезеңінен Еңбек кодексіне сәйкес қызметкерге орташа жалақысы төленген немесе сақталған кездегі жұмыс істелмеген уақыт алынып тасталады.
      5. Ұжымдық шартта орташа жалақыны есептеу үшін қызметкерлердің жағдайын нашарлатпайтын өзге де кезеңдер көзделеді.

2. Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай тәртібі

      6. 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес азаматтың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу үшін айқындалған орташа айлық жалақыны қоспағанда, бес күндік, сондай-ақ алты күндік жұмыс аптасында орташа айлық жалақыны есептеу белгіленген қосымша ақылар мен үстемеақылар, сыйлықақылар және еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген тұрақты сипаттағы басқа да ынталандыру төлемдері ескеріле отырып, тиісті кезеңдегі орташа күндік (сағаттық) жалақының есебінен нақты жұмыс істелген уақыт үшін жүргізіледі.
      Орташа жалақыны есептеу кезінде осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес төлемдер ескерілмейді.
      7. Қызметкердің орташа жалақысы орташа күндік (сағаттық) жалақыны оқиға кезеңіне сәйкес келетін жұмыс күндерінің (жұмыс сағаттарының) санына көбейту жолымен есептеледі.
      8. Барлық жағдайларда орташа күндік (сағаттық) жалақы есеп айырысу кезеңде есептелген жалақы сомасын есеп айырысу кезеңдегі жұмыс күндерінің (сағаттарының) санына бөлу жолымен айқындалады.
      9. Егер есеп айырысу кезеңі жұмыспен толық өтелмесе, онда орташа күндік (сағаттық) жалақы жұмыс істелген уақыт үшін есептелген жалақының сомасын осы жұмыс істелген уақытқа сәйкес келетін бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасы кезіндегі жұмыс күндерінің (сағаттарының) санына тиісінше бөлу жолымен айқындалады.
      10. Егер есеп айырысу кезеңінде қызметкерге жалақы есептелмеген болса, онда орташа күндік (сағаттық) жалақыны есептеу есеп айырысу кезеңінің алдындағы он екі айдағы жұмысы не есеп айырысу кезеңінің алдындағы осы жұмыс берушіде нақты жұмыс істеген уақыт кезеңі үшін есептелген жалақы сомасын осы жұмыс істелген уақытқа сәйкес келетін бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасы кезіндегі жұмыс күндерінің (сағаттарының) санына тиісінше бөлу жолымен жүзеге асырылады.
      11. Толық емес жұмыс аптасы (жұмыс күні) кезінде орташа күндік (сағаттық) жалақы осы Қағидалардың 8910-тармақтарына сәйкес есептеледі.
      12. Егер қызметкер жұмысқа орналасқан кезде есептелген жалақы сомасы болмаса не оқиға алдындағы 24 ай бойы жалақысы болмаған жағдайда, онда оқиға орын алған жағдайда орташа күндік (сағаттық) жалақы қызметкердің күндік (сағаттық) тарифтік мөлшерлемесін (лауазымдық жалақысын) негізге ала отырып есептеледі.
      13. Лауазымдық жалақы арттырылған жағдайда орташа жалақыны есептеу арттыру коэффициентін ескере отырып, мынадай тәртіппен жүргізіледі:
      1) егер арттыру есеп айырысу кезеңінде жүргізілсе, арттырудың алдындағы әрбір ай үшін орташа жалақы арттыру коэффициентін ескере отырып есептеледі;
      2) егер арттыру есеп айырысу кезеңінен кейін оқиға болғанға дейін жүргізілсе, есеп айырысу кезеңі үшін орташа жалақы арттыру коэффициентін ескере отырып есептеледі;
      3) егер арттыру оқиға кезеңінде жүргізілсе, орташа жалақының бір бөлігі лауазымдық жалақы (мөлшерлеме) арттырылған күнінен бастап көрсетілген кезең аяқталғанға дейін арттыру коэффициентін ескере отырып есептеледі.
      Арттыру коэффициенті арттыру айында белгіленген лауазымдық жалақыны (мөлшерлемені) арттыруға дейін белгіленген лауазымдық жалақыға (мөлшерлемені) бөлу жолымен есептеледі. Қызметкерді бір лауазымнан екіншісіне ауыстырған кезде арттыру коэффициенті қолданылмайды.
      14. Өткен жылдың жұмыс қорытындысы бойынша төленетін жылдық сыйлықақыларды, сыйақыларды қоспағанда, тұрақты сипаттағы және жұмыс берушінің еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген сыйлықақылар мен еңбек нәтижелері үшін төленетін басқа да ынталандыру төлемдері орташа жалақыны есептеу кезінде есептелген уақыты бойынша қосылады.
      Жұмыс берушінің еңбекақы төлеу мен сыйлықақы беру жүйесінде көзделген жұмыс қорытындысы бойынша төленетін тоқсандық, жарты жылдық сыйлықақылар есеп айырысу кезеңінің әрбір айына тиісінше 1/3, 1/6 мөлшерінде есептеледі; айлық сыйлықақылар – есеп айырысу кезеңінің әрбір айы үшін біреуден аспауға тиіс.
      Өткен жылдың жұмыс қорытындысы бойынша төленетін жылдық сыйлықақылар, сыйақылар орташа жалақыны есептеу кезінде, есеп айырысу кезеңі шегіндегі жылдық сыйлықақыны, сыйақыны нақты төлеу айының алдындағы әрбір айға 1/12 мөлшерінде нақты төлеу сәтінен бастап есептеледі.
      Есеп айырысу кезеңі жұмыспен толық өтелмесе, жылдық сыйлықақы нақты жұмыс істеген айларға бөлінеді және сыйлықақы төлеу айының алдындағы әрбір нақты жұмыс істеген айға нақты төлеу сәтінен бастап есептеледі.
      Есеп айырысу кезеңіне келетін уақыт жұмыспен толық өтелмеген жағдайларда, орташа жалақыны есептеу кезінде сыйлықақылар және тұрақты сипаттағы басқа да ынталандыру төлемдері есеп айырысу кезеңіндегі жұмыс істеген уақытқа барабар есептеледі.

Орташа жалақыны есептеудің
бірыңғай қағидасына қосымша

Орташа жалақыны есептеу кезінде ескерілмейтін төлемдер

      Орташа жалақыны есептеу кезінде ескерілмейтін төлемдерге мыналар:
      1) жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлігі үшін өтемақы;
      2) еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақы, сондай-ақ жұмыс беруші белгілейтін әлеуметтік жәрдемақы мөлшеріне қосымша төлемдер;
      3) жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру кезінде қызметкерлерге төленетін сауықтыруға арналған жәрдемақы;
      4) қызметтік іссапарға жіберілетін қызметкерлерге берілетін өтемақы;
      5) тұрақты жұмысы жолда өтетін немесе жүріп-тұру сипатында не қызмет көрсететін учаскелері шегінде қызметтік сапарлармен байланысты болған жағдайларда берілетін өтемақы төлемдері;
      6) дала жұмыстарымен айналысатын қызметкерлерге берілетін далалық жабдықталым;
      7) қызметкерді жұмыс берушімен бірге басқа жерге жұмысқа
ауыстыру немесе көшіру кезіндегі өтемақы төлемі;
      8) қызметкердің (жеке тұлғаның) жеке мүлкін тараптардың келісімі негізінде жұмыс берушінің мүдделері үшін пайдаланған кездегі шығыстарды өтеу;
      9) Еңбек кодексіне сәйкес берілген арнайы киімнің, арнайы аяқ киімнің және басқа да жеке қорғану, алғашқы медициналық көмек құралдарының, жуу және зарарсыздандыру материалдарының, сүттің, емдеу-профилактикалық тағамдардың және басқа да құралдардың құны;
      10) қызметкер еңбек міндеттерін атқару кезінде оның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу бойынша төлемдер (жоғалтқан жалақысы бөлігіндегі төлемдерден басқа);
      11) қызметкерлерге жұмыс беруші (бала туған кезде, дәрігерлік қызметтің ақысын төлеу үшін, жерлеуге және басқа да жағдайларда) көрсететін материалдық көмек (ақшалай жәрдемақы), сондай-ақ жұмыс берушінің қаражаты есебінен ұжымдық шартта және (немесе) жұмыс берушінің актісінде қосымша көзделген өтемақылар мен әлеуметтік кепілдіктер төлемдері;
      12) «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» 2001 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерекелік күндерге, мерейтой күндеріне байланысты, лауазымдық міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін, мінсіз еңбек қызметі үшін, зейнетақыға шығуына орай жұмыс беруші еңбекақы төлеу қоры есебінен беретін біржолғы көтермелеу төлемдері (біржолғы ақшалай сыйақыларды қоса алғанда);
      13) Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушінің кінәсінен жалақы төлемдері кешіктірілген кезде және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының кодексіне сәйкес міндетті зейнетақы жарналарын уақтылы аудармағаны үшін жұмыс берушінің қызметкерге төлейтін өсімақылары;
      14) қызметкерлерді оқытуға және біліктілігін арттыруға байланысты жұмыс берушінің шығыстары;
      15) спорттық байқауларда, конкурстар мен жарыстарда жүлделі орындар үшін берілетін ақшалай наградалар;
      16) Еңбек кодексінің 149-бабына сәйкес қызметкерге мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді орындайтын жері бойынша төленген жалақы;
      17) Еңбек кодексінің 83-бабына сәйкес қызметкерлерге күнделікті жұмысын (жұмыс ауысымын) бөліктерге бөлу кезіндегі жұмысы үшін өтемақы төлемдері;
      18) үйде жұмыс істейтін қызметкерлерге төленетін өтемақы төлемдері жатады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады