Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерін лауазымдарға тағайындау қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Ресубликасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 2 желтоқсандағы № 979 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 28 желтоқсанда № 12554 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2018 жылғы 24 қыркүйектегі № 658 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі)

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ішкі істер министрінің 24.09.2018 № 658 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұйрық 01.01.2016 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы" 2014 жылғы 23 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 25-тармақшасын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерін лауазымдарға тағайындау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Кадр жұмысы департаменті (А.Ү. Әбдіғалиев):

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынға жолдауды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Е.З. Тургумбаевқа жүктелсін.

      5. Осы бұйрық 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа еңгізіледі және ресми жариялымға жатады.

Министр


полиция генерал-полковнигі

Қ. Қасымов


  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2015 жылғы 2 желтоқсандағы
№ 979 бұйрығымен
бекітілген

Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерін
лауазымдарға тағайындау қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерін лауазымдарға тағайындау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) жергілікті полиция қызметінің (бұдан әрі – ЖПҚ) қызметкерлерін лауазымдарға тағайындау тәртібін анықтайды.

      2. ЖПҚ-ға қызметке қабылданатын кандидаттарды зерделеу, іріктеу және оларды тағайындау "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, қолданыстағы заңнамаға және осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

2. Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерін
лауазымдарға тағайындау тәртібі

      3. ЖПҚ-ға қызметке кандидатты тағайындау кезінде ішкі істер органдарының (бұдан әрі – ІІО) кадр аппараты және ЖПҚ басшысы қызметтік жұмысының нақты учаскелерінде ІІО қызметкерлеріне қойылатын іскерлік, жеке және моральдық қасиеттері мен талаптарына неғұрлым сәйкес келетін кандидатты іріктейді.

      ЖПҚ бастығы лауазымына кандидатты ұсыну "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңына сәйкес ІІО кадр резервінде тұрған және біліктілік талаптарына сәйкес келетін полиция қызметкерлері қатарынан жүзеге асырылады.

      4. ЖПҚ (облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, қаланың, қаладағы ауданның) бастығын тиісті мәслихаттың келісімімен облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.

      5. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің (бұдан әрі – ІІМ) номенклатурасы бойынша ЖПҚ бастығын келісу және тағайындау кезінде облыстардың, Астана және Алматы қалаларының аумақтық ішкі істер департаменттері (бұдан әрі – ІІД) Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Кадр жұмысы департаментіне мыналарды:

      қызметкердің жеке ісін;

      қызметкердің ауысуға келісуі туралы баянатын;

      қызметтік мінездемені;

      соңғы аттестаттаудың нәтижелерін (аттестаттау парағын);

      екі ұсыныс-пікірі (жоғары тұрған лауазымдарға ауыстыруға ұсынылатындарға);

      әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысын;

      өзіндік қауіпсіздік бөліністерінен беделіне кір келтіретін материалдардың бар-жоғы туралы анықтаманы жолдайды.

      6. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ЖПҚ бастығы лауазымына кандидатураны тағайындау үшін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі тиісті әкімге лауазымға тағайындауға ұсынымхатты және қызметкердің тағайындауға келісуі туралы баянатын жолдайды.

      7. Ауданның, қаланың (қаладағы ауданның) ЖПҚ бастығы лауазымына кандидатураны тағайындау үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ЖПҚ бастығы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкіміне лауазымға тағайындауға ұсынымхатты және қызметкердің тағайындауға келісуі туралы баянатын жолдайды.

      8. Әкімнің ЖПҚ бастығы лауазымына тағайындау туралы өкімін алған кезде тиісінше ІІМ және аумақтық ІІД қаржы төлемдерін төлеу, нысанды киім-кешекпен қамтамасыз ету, қызметтік куәлікті беру, жеке ісіне жазу және рұқсатты ресімдеу үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің, ІІД бастығының бұйрығымен өкімді қайталайды.

      Әкімнен бас тарту себептерін негіздей отырып, келісуден бас тарту туралы ақпаратты алған кезде ІІМ немесе аумақтық ЖПҚ бастығы басқа кандидатты тағайындауға ұсынымхат дайындайды және әкімге жолдайды.

      9. ЖПҚ бастығының лауазымы аумақтық ІІО бастығының орынбасары лауазымына тең.

      10. ЖПҚ бастығының лауазымында болу мерзімі тағайындау сәтінен бастап бес жылдан аспауы тиіс.

      Ішкі істер органдары жергілікті полиция қызметінің басшылары лауазымында болу мерзімін "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша тиісінше ІІМ-нің, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті полиция қызметі басшысының ұсынымы бойынша тиісті мәслихаттың келісімімен облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі ұзартады.

      11. Ауданның, қаланың (қаладағы ауданның) ЖПҚ бастығы лауазымында болу мерзімі Ротацияға жататын ІІО басшы лауазымдары тізбесіне және "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес оларды ауыстыру қағидаларына сәйкес анықталады.

      12. ЖПҚ-ның қалған қызметкерлерін тағайындау лауазымдар номенклатурасына сәйкес жүргізіледі

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 20.05.2016 № 545 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады