Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 20 мамырдағы № 545 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 22 маусымда № 13811 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы" 2014 жылғы 23 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 2-тармағының 10) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарында қызмет өткерудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2011 жылғы 27 мамырдағы № 246 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7032 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында 2011 жылғы 30 қарашада № 31 болып жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкеріне көтермелеу түрлерін қолдану ережесінде:

      мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:

      "6-1. Ішкі істер органдарының Жергілікті полиция қызметінің бастығы:

      1) алғыс жариялауға;

      2) ішкі істер органының (бөлінісінің) грамотасымен марапаттауға;

      3) ішкі істер органының (бөлінісінің) Алғыс хатымен марапаттауға;

      4) бағалы сыйлықпен (ІІД-нің ақшалай қаражатын үнемдеу шегінде) марапаттауға құқылы.".

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қызметкерін тәртіптік жауапкершілікке тарту ережесінде:

      2-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "2. Қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін қызметкерлерге:

      1) ескерту;

      2) сөгіс;

      3) қатаң сөгіс;

      4) қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту;

      5) атқаратын лауазымынан босату;

      6) арнаулы атағын бір сатыға төмендету;

      7) ішкі істер органдарынан шығару;

      8) ішкі істер органдарының басшылары немесе уәкілетті басшылары берген немесе марапаттаған құрметті атақтарынан, төс белгілерінен айыра отырып, ішкі істер органынан шығару;

      9) арнаулы атағынан айыра отырып, ішкі істер органдарынан шығару тәртіптік жаза түрлері қолданылады";

      мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:

      "2-1. Осы ереженің 2-тармағы 9) тармақшасында көзделген тәртіптік жаза қызметкерді "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабы 1-тармағының 13) және 14) тармақшаларында көзделген теріс себептер бойынша жұмыстан шығару кезінде қолданылады.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту, атқаратын лауазымынан босату және ІІО-дан шығару "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабы 1-тармағының 12), 13), 14), 16) тармақшалары бойынша ішкі істер органдарынан шығару түріндегі жаза жүргізілген қызметтік тергеу нәтижелері және Тәртіптік комиссияның тиісті қорытындысы бойынша қолданылады.

      Қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту, атқарып отырған лауазымынан босату түріндегі жаза алқаның немесе құқық қорғау органдарының бірінші басшысының жанындағы жедел кеңес шешімдерінің негізінде қолданылады.";

      15-тармақ алып тасталсын;

      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Қызметкер еңбекке уақытша жарамсыз, демалыста немесе іссапарда болған кезеңде, оның тәртіптік жауапкершілікке тартылуына байланысты іссапарда болу жағдайларын қоспағанда, сондай-ақ егер тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан астам уақыт өткен жағдайда, оған тәртіптік жаза қолданылмайды.";

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңі, демалыста, іссапарда болуы, тәртіптік жаза қолдану үшін негіз болып табылатын уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың шешімдеріне, актілері мен ұсынымдарына, қызметтік тергеудің актілеріне (қорытындыларына, нәтижелеріне) шағымдану, егер жасалған тәртіптік теріс қылық туралы осы кезеңде немесе ол басталғанға дейін белгілі болса, жаза қолдану мерзімін тоқтата тұрады.

      Сотқа дейінгі тергеудің нәтижелері немесе арнайы зерттеулер (сараптамалар) болмаған кезде қызметтік тергеу және жаза қолдану мерзімінің қолданысы тоқтатылуы мүмкін".

      38-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "38. Комитеттің төрағасы, ішкі істер органының (бөлінісінің), ІІМ оқу орнының бастығы:

      1) ІІМ-ге тікелей бағынысты аумақтық ішкі істер органдары бөліністерінің қызметкерлерін қоспағанда, ескерту, сөгіс және қатаң сөгіс жариялауға;

      2) қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескертуге;

      3) атқаратын лауазымынан босатуға (өз номенклатурасы бойынша);

      4) басшы құрам адамдарының арнаулы атағын бір саты төмендетуге (Ішкі істер министрі берген арнаулы атақтардан басқа арнаулы атақ беру құқығы бар бастықтың бұйрығымен жүргізілуі мүмкін);

      5) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, қаланың, қаладағы ауданның жергілікті полиция қызметінің (бұдан әрі - ЖПҚ) бастықтарын қоспағанда, өз номенклатурасы бойынша ІІО-дан жұмыстан шығаруға құқылы".

      39-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "39. Қалалық, аудандық, желілік ішкі істер органдарының бастығы, полк, жеке батальон, жеке рота, "Сұңқар" арнайы мақсаттағы жасағының командирі қызмет бойынша, оның ішінде уақытша бағынысты қызметкерлерге (тергеушілерді, анықтаушыларды және ЖПҚ қызметкерлерін қоспағанда) қатысты мынадай тәртіптік жазалар:

      1) ескертуді;

      2) сөгісті;

      3) қатаң сөгісті қолдануға құқылы.

      Ішкі тәртіп ережесін, нысанды киім кию ережесін бұзу, қызметтік куәліктерін жоғалту фактілерін қоспағанда, тергеушілерге, анықтаушылар мен ЖПҚ қызметкерлеріне тәртіптік жазаны оларды лауазымға тағайындау құқығы берілген бастықтар қолдана алады".

      мынадай мазмұндағы 3-1-тараумен толықтырылсын:

      "3-1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың Жергілікті полиция қызметі бастықтарының тәртіптік жазаларды қолдану жөніндегі өкілеттіктері.

      42-1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ЖПҚ бастығы қызмет бойынша, оның ішінде уақытша бағынысты қызметкерлерге қатысты мынадай тәртіптік жазалаларды:

      1) ескертуді;

      2) сөгісті;

      3) қатаң сөгісті қолдануға құқылы.

      42-2. ЖПҚ қызметкері тәртіптік теріс қылықты жасаған кезде одан жазбаша түсініктеме алынады. Егер ЖПҚ қызметкері жазбаша түсініктемеде оның осы тәртіптік теріс қылықты жасау фактісімен келісетін болса, онда облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ЖПҚ бастығы қызметтік тергеуді жүргізбей ескерту, сөгіс немесе қатаң сөгіс түріндегі жазаны қолданады.

      Егер қызметкер өзінің жазбаша түсініктемесінде оның тәртіптік теріс қылықты жасау фактісімен келіспеген жағдайда, онда тәртіптік теріс қылықты анықтаған адам облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ЖПҚ бастығына қызметтік тергеуді тағайындау қажеттілігі туралы баянат жазады. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ЖПҚ бастығы баянатты қарап, қызметтік тергеуді тағайындайды.

      42-3. Егер қызметтік тергеудің нәтижелері бойынша осы Ережелердің 2-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген тәртіптік жазалар түрлерінің біріне ЖПҚ қызметкерін тарту ұсынылған жағдайда, онда қызметтік тергеудің қорытындысы бекітілгеннен кейін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ЖПҚ бастығы жазалау туралы бұйрық шығарады.

      Жазалау туралы бұйрықтың жобасын қызметтік тергеуді жүргізген қызмет әзірлейді.

      42-4. Егер қызметтік тергеудің нәтижелері бойынша осы Ережелердің 2-тармағының 4), 5), 6), 7), 8), 9) тармақшаларында көрсетілген тәртіптік жазалар түрлерінің біріне ЖПҚ қызметкерін тарту ұсынылған жағдайда, онда қызметтік тергеудің қорытындысы оны бекіткеннен кейін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ЖПҚ бастығы ІІД тәртіптік комиссиясының қарауына жолданады.

      42-5. "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабы 1-тармағының 12) 13), 14), 16) тармақшалары бойынша қызметке толық сәйкес еместігі туралы, атқарып отырған лауазымынан босату және ІІО-дан шығару түріндегі жаза жүргізілген қызметтік тергеудің нәтижелері және Үкіметтің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы № 1142 қаулысымен бекітілген Ішкі істер органдарының жергілікті полиция қызметі туралы ережеде көзделген ерекшеліктермен тәртіптік комиссиясының тиісті ұсынымдары бойынша қолданылады.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының тәртіптік комиссиясын құру және жұмысының ережесінде:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Комиссия өз қызметін Конституцияға, Қазақстан Республкасының "Құқық қорғау қызметі туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" заңдарына, осы Ережеге, өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады".

      мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:

      "3-1. ІІМ Тәртіптік комиссиясының дербес құрамын Ішкі істер министрі айқындайды, аумақтық ішкі істер органдары тәртіптік комиссияларының дербес құрамын "Құқық қорғау органдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 56-бабы 2-тармағының 4), 5), 6), 7), 8), 9) тармақшаларында көзделген тәртіптік жазаларды қолдануға құқығы бар уәкілетті басшылар айқындайды".

      Тәртіптік комиссия төрағадан және комиссия мүшелерінен тұрады. Тәртіптік комиссияның құрамына міндетті түрде кадр қызметінің, өзіндік қауіпсіздік бөліністерінің және заң қызметінің басшылары кіреді.

      ІІМ Тәртіптік комиссиясын қоспағанда, ішкі істер органдарының тәртіптік комиссияларында жергілікті полиция қызметі (бүдан әрі - ЖПҚ) қызметкерінің тәртіптік жауапкершілігін қараған жағдайда тәртіптік комиссияның отырысына қатысу үшін дауыс беру құқығы бар облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ЖПҚ бастығы шақырылады.".

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Кадр аппаратының немесе жеке құрам жөніндегі инспекцияның өкілі Комиссияның хатшысы болып табылады. Рұқсаты шектеулі материалдар бойынша қызметтік тергеу қорытындыларын қараған жағдайда, бастама еткен қызметтің қызметкері Комиссиянның хатшысы болып табылады.

      Комиссия жұмысының материалдары кадр жұмысы қызметінде немесе жеке құрам жөніндегі инспекцияда, ал рұқсаты шектеулі материалдар бастама еткен қызметте сақталады".

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Комиссияның ұсынымдары ашық дауыс беру арқылы қабылданады және Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының, білім беру ұйымдарының басшылығына, ал облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, қаланың, қаладағы ауданның ЖПҚ бастығына қатысты ұсынымдар - облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкіміне жолданады. Комиссия мүшелері өздерінің пікірін айтады және дауыс беру кезінде қалыс қалмайды".

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Жазаға тартылған адамға қабылданған шешім туралы үш жұмыс күні ішінде (қол қойдырып) Комиссияда тәртіптік жауапкершілікті қарауға бастама еткен қызметке хабарланады.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарында қызметтік тергеу жүргізу ережесінде:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қызметтік тергеу қызметкер жасаған тәртіптік теріс қылықтың себептерін, сипатын және мән-жайларын анықтау, осы Ережеде көзделген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, оның ішінде қызметкерлердің жазбаша баянаты мен құқық қорғау және сот органдарының хабарламалары негізінде мән-жайлардың болуы немесе болмауын растау қажет болған кезде ішкі істер органы (бөлінісі) бастығының және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті полиция қызметі (бұдан әрі - ЖПҚ) бастығының шешімі бойынша жүргізіледі.

      Қызметкердің немесе оған қатысты төтенше немесе өзге де жағдайларда жасалған теріс қылық туралы кез келген ақпарат қызметтік тергеу жүргізу үшін негіз болып табылады.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ішкі істер органдарындағы қызметін тоқтатқан қызметкерлерді ішкі істер органдарының кадрларынан шығару қағидасында:

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін қызметкерді жұмыстан шығару кезінде ("Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабы 1-тармағының 12) тармақшасы) ұсынымхатта қызметкер жасаған тәртіп бұзушылықтың мәні мен сипаты, сондай-ақ оған жүктелген міндеттерді орындау тәртібі мен шарттарын реттейтін нормативтік құқықтық актілердің талабын орындамауы толық жазылады, бұл ретте "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-тарауын және осы Қағиданы басшылыққа алу қажет.

      Қызметтік тәртіпті өрескел бұзуға:

      бір жұмыс күнінің ішінде үш және одан да көп сағат жұмыстан себепсіз қалу;

      айналасындағылар үшін айқын көрінетін алкогольдік, нашақорлық, уытқұмарлық (оларға ұқсас) мас күйінде қызметке келу, соның ішінде жұмыс күні ішінде алкогольдік, нашақорлық, уытқұмарлық (оларға ұқсас) мас күйінде болуға әкелетін заттарды қабылдау;

      ішкі істер органдары қызметкерінің қызметте және қызметтен тыс уақытта алкогольдік, нашақорлық, уытқұмарлық (оларға ұқсас) мас күйінде көлік құралын басқаруы;

      өрт қауіпсіздігі не ауыр салдарға (жарақаттар, апаттар және тағы басқа салдар) әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін көліктегі жол қозғалысы ережелерін бұзу;

      нормативтік құқықтық актілерді бұзу, ІІО басшылығының бұйрықтарын, нұсқауларын орындамау, қызметтік міндеттерін орындамау немесе тиісті орындамау және күрделі салдарға әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін басқа да теріс қылықтар;

      мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді және заңмен қорғалатын өзге де құпияны жариялау;

      қолданыстағы тәртіптік жазасы бола тұра, қызметтік міндеттерін себепсіз қайта орындамау немесе тиісті орындамау жатады.".

      2) күші жойылды - ҚР Ішкі істер министрінің 24.09.2018 № 658 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ішкі істер министрінің 24.09.2018 № 658 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Кадр жұмысы департаменті (А.Ү. Әбдіғалиев) заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрықтың көшірмесін ресми жариялағаннан кейін күнтізбелік бес күн ішінде Қазақстан Республикасының құқықтық нормативтік актілердің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Әділет министрлігінің "Құқықтық ақпараттың республикалық орталығына" жолдауды;

      5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін, осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шараларды орындау туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Е.З. Тургумбаевқа және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Кадр жұмысы департаментіне (А.Ү. Әбдіғалиев) жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Ішкі істер министрі


полиция генерал-полковнигі

Қ. Қасымов


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады