Аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеу қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 18 желтоқсандағы № 1212 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 29 желтоқсанда № 12619 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2022 жылғы 27 маусымдағы № 367 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 27.06.2022 № 367 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы Кәсіпкерлік кодексінің 100-бабы 2-тармағының 23) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Стратегиялық жоспарлау департаменті (Б.Т. Бекенов):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өтуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына ресми жариялауға оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде жіберуді;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің жетекшілік ететін вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
Ә. Исекешев

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Ауыл шаруашылығы министрі

      _______________ А. Мамытбеков

      2015 ж. 18 желтоқсан

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Білім және ғылым министрі

      _______________ А. Сәрінжіпов

      2015 ж. 19 желтоқсан

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі

      _______________ Т. Дүйсенова

      2015 ж. 21 желтоқсан

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      _______________ Б. Сұлтанов

      2015 ж. 22 желтоқсан

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      _______________ Е. Досаев

      2015 ж. 23 желтоқсан

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрі

      _______________ В. Школьник

      2015 ж. 24 желтоқсан

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму министрінің
2015 жылғы 18 желтоқсандағы
№ 1212 бұйрығымен
бекітілді

Аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеу қағидалары

1-бөлім. Жалпы ережелер

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 23.12.2016 № 873 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 100-бабы 2-тармағының 23) тармақшасына сәйкес әзірленді және аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен қысқартулар пайдаланылады:

      1) аумақтық кластер - түпкі немесе аралық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өндірушілерді, жиынтықтаушыларды, мамандандырылған көрсетілетін қызметтерді берушілерді, өндірістік және өзге де жабдықтарды өндірушілерді, мамандандырылған инфрақұрылымды жеткізушілерді, ғылыми және зерттеу ұйымдарын, жоғары білім беру ұйымдарын, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын және белгілі бір салалық мамандануы бар басқа ұйымдарды қамтитын өзара байланысқан және бірін-бірі өзара толықтыратын компаниялар мен ұйымдардың географиялық жағынан шоғырланған тобы;

      2) аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеуді ұйымдастырушы (бұдан әрі – іріктеуді ұйымдастырушы) – индустриялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган;

      3) аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеуге қатысушылар (бұдан әрі - іріктеуге қатысушылар) - кәсіпкерлік субъектілерінің топтары, өңірлік кәсіпкерлер палаталары, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, арнайы экономикалық аймақтардың басқарушы компаниялары, бизнес-қауымдастықтар;

      4) аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеу жөніндегі сараптама комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) – іріктеуді ұйымдастырушының шешімімен мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатарынан құрылған комиссия;

      5) ұлттық институт - индустрияны дамыту саласындағы ұлттық институт.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 30.04.2019 № 257 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 22.10.2020 № 550 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

2-бөлім. Аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеу тәртібі

      3. Аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеуден өткізу туралы шешімді іріктеуді ұйымдастырушы қабылдайды.

      4. Іріктеуді ұйымдастырушы мерзімді баспасөз басылымдарында, сондай-ақ өзінің интернет-ресурсында аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеу өткізілетіні туралы хабарландыруды орналастырады.

      5. Аумақтық кластерлерге конкурстық іріктеу өткізу туралы хабарландыру аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеуге қатысуға арналған өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін кемінде күнтізбелік 60 (алпыс) күн бұрын жарияланады.

      6. Аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеуге қатысу үшін іріктеу қатысушылары іріктеуді ұйымдастырушыға осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеуге қатысуға арналған өтінімді ұсынады.

      7. Аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеуге қатысу өтініміне келесі құжаттар қоса беріледі:

      1) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеуге қатысуға арналған келісімді;

      2) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеуге қатысу үшін ұсынылатын мәліметтерді қамтиды.

      Бұл ретте іріктеуге қатысушы аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеуге қатысу өтінімінде және оған қоса берілетін құжаттарда көрсетілген, ұсынылатын ақпараттың толықтығын және анықтығын қамтамасыз етеді.

      8. Аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеуге қатысуға арналған өтінім қағаз тасығышта екі данада - саны бір данадағы түпнұсқасы мен саны бір данадағы көшірмесі және электрондық тасымалдағышта ұсынылады.

      9. Іріктеуге қатысушы аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеуге қатысуға тіркелген өтінімге өзгерістер енгізе алады немесе оны аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеуге қатысуға арналған өтінімдер беру үшін белгіленген мерзім аяқталғанға дейін іріктеуді ұйымдастырушыны жазбаша хабардар ету арқылы кері қайтарып ала алады.

      10. Аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеуге қатысуға өтінім бір немесе бірнеше папкаға (томдарға) топтастырылып, нөмірленуі тиіс. Өтініш пен тиісті құжаттар орналасқан парақтарды көрсете отырып, өтінім құрамына кіретін құжаттар тізбесі бірінші тігіледі. Өтінім құрамында бірнеше папка (том) ұсынылған жағдайда, папкалардың (томдардың) нөмірлері және тиісінше әрбір папкадағы (томдағы) парақтар саны көрсетіледі.

      11. Өтінімдерді қабылдауға арналған мерзім өткен соң ұсынылған аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеуге қатысуға өтінім қабылданбайды және аумақтық кластерлерді ағымдағы конкурстық іріктеу шеңберінде қаралмайды.

      12. Аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеуге қатысуға арналған өтінімді тіркеу сәтінен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде іріктеуді ұйымдастырушы берілген өтінімдерді осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тексереді және егер осы Қағидалардың талаптарына жауап бермесе, іріктеуге қатысушыны жазбаша хабардар ете отырып, аумақтық кластерлерді ағымдағы конкурстық іріктеуге қатысуға арналған өтінімді қайтарады.

      13. Іріктеуді ұйымдастырушы ұсынылған өтінімдерді тексеру мерзімі аяқталғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеуге қатысуға арналған өтінімдерді ұлттық институтқа жібереді.

      14. Ұлттық институт ұсынылған құжаттарды осы Қағидаларға 4-қосымшада көрсетілген аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеу өлшемшарттарына сәйкестігі мәніне талдау жүргізеді (бұдан әрі - талдау) және сарапшылық қорытындысын береді.

      15. Ұлттық институттың сараптамалық қорытындысы осы Қағидаларға 4-қосымшада көрсетілген аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеу өлшемшарттарына сәйкестік бөлігінде тұжырымдардан тұрады және ұсынымдық сипатында болады.

      16. Ұлттық институттың талдауы мен сараптамалық қорытындысын беру аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеуге қатысуға арналған өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін күнтізбелік 60 (алпыс) күннен аспайтын мерзімде жүзеге асырылады.

      17. Ұлттық институттың аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеуге қатысуға арналған әрбір өтінім бойынша сараптамалық қорытындысы талдау мен сараптамалық қорытынды беруге арналған мерзім аяқталғаннан кейін 5 (бес) жұмыс күнінен артық емес мерзімде іріктеуді ұйымдастырушыға беріледі.

      18. Аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеуге қатысуға арналған өтінімдердің материалдары және ұлттық институттың аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеуге қатысуға арналған әрбір өтінім бойынша сараптамалық қорытындысы іріктеуді ұйымдастырушымен 3 (үш) жұмыс күнінен артық емес мерзімде Комиссияға енгізіледі.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 30.04.2019 № 257 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      19. Комиссия аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеу жеңімпаздарын айқындау бойынша шешімді қабылдайды.

      20. Аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша қабылданған Комиссия шешімі хаттамамен рәсімделеді.

      21. Іріктеуді ұйымдастырушы Комиссия хаттамасын алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде өзінің интернет-ресурсында аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеу нәтижелері туралы хабарлайды.

  Аумақтық кластерлерді
конкурстық іріктеу
қағидаларына
1-қосымша
  ___________________________
Индустриялық қызметті
мемлекеттік қолдау саласындағы
уәкілетті орган
нысан

Аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеуге қатысуға арналған өтінім

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 22.10.2020 № 550 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

______________________________________________________
(компания, өңір, сала атауы)

      аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжаттар пакетімен қоса осы өтінімді жібереді.

      Қосымша:

      1._______________

      2._______________

      3._______________

________________________
________________________
(өтінімді берген адамның лауазымы)

________________________
________________________
________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (жеке куәлігінде көрсетілген жағдайда)
________________________
(қолы)

Қабылдады:
____________________________
(өтінімді қабылдаған адамның тегі, аты, әкесінің аты)

Қолы: _______________, № ______,
қабылдау күні 20__ жылғы
"___" _________

  Аумақтық кластерлерді
конкурстық іріктеу
қағидаларына
2-қосымша

      _________________________________

      Өтінім беруші компаниясы/ұйымының

      атауы

  Нысан

Аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеуге қатысуға арналған
келісім

      Осы арқылы _______________________________________________________________

                                          (компания атауы)

      аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеуге қатысу өтініміне қосуға келісімін береді және

      алдағы конкурстық іріктеу шеңберінде бірлескен жұмысқа, сондай-ақ кластерді одан әрі

      дамыту бойынша іс-шараларға қатысуға мүдделілік танытады.

      __________________________________            _________________________________

      __________________________________            _________________________________

            (өтінімді берген адамның                  ______________________________

                  лауазымы)                        (тегі, аты, әкісінің аты (жеке

                                                куәлігінде көрсетілген жағдайда)

                                                ______________________________

                                                            (қолы)

  Аумақтық кластерлерді
конкурстық іріктеу
қағидаларына
3-қосымша

Аумақтық кластарлерді конкурстық іріктеуге қатысу үшін ұсынылатын мәліметтер

      1. Кластердің қысқаша сипаттамасы:

      1) аумақтық кластердің орналасқан жері;

      2) аумақтық кластердің салалық және салааралық тиесілігі;

      3) аумақтық кластердің негізгі қатысушылары.

      2. Аумақтық кластерді құру мақсаттары мен міндеттері.

      3. Қалыптастырылған аумақтық кластердің даму деңгейі:

      1) өзара байланысқан және бірін-бірі өзара толықтыратын кәсіпорындар мен ұйымдардың шоғырланған тобының болуы;

      2) технологиялық тізбекті ұзартуға бағытталған жобалардың болуы (технологиялық тізбек - толық технологиялық цикл шеңберінде технологиялық тізбектің түпкілікті өнімін әзірлеу, жасау және ілгерілету жөніндегі өндірістік және өзге де қызметті жүзеге асыратын, бизнесті бірлесіп жүргізу бойынша операцияларды орындау процесіндегі ретке келтірілген заңды тұлғалардың жиынтығы);

      3) аумақтық кластердің қызметін қосымша қаржыландыру көздерінің болуы (инвестициялар, жекеменшік және/немесе қарыз қаражат).

      4. Аумақтық кластердің құрылымы және мамандануы:

      1) аумақтық кластердің құрылымы және аумақтық кластерден тыс әріптестік байланыстар, аумақтық кластерді интернационалдандыру әлеуеті;

      2) кластердің даму көрінісі: аумақтық кластер қатысушылары ұсынылған өнімдердің, тауарлар мен қызметтердің құнын жасау тізбектері.

      5. Аумақтық кластерді дамытудың перспективалылығы:

      1) аумақтық кластерді дамытудың стратегиялық мақсаттары мен міндеттері (нысаналы индикаторларын көрсете отырып);

      2) қолдау шараларын көрсете отырып (қаржылай, қаржылай емес шаралар) кластерлік бастамаларды қажетті қолдау бойынша ұсыныстар, қолдау шараларын пайдаланудың негіздеумен қоса бағыттар, кластер үшін жалпы проблемалар туралы ақпарат (технологиялық, нарықтық, әкімшілік).

      Мынадай деректерді қосымша ұсыну талап етілуі мүмкін:

      1. Аумақтық кластерді одан әрі дамыту үшін жағдайлардың болуы

      1) қажетті шикізат және табиғи ресурстар (су және жер ресурстары);

      2) талап етілетін біліктілік деңгейі бар адами ресурстардың қолжетімділігі;

      3) технологиялық тізбекті және қажетті ілеспелі қызметтерді жасауға арналған өндірістік қуаттар (кәсіпорындар);

      4) энергетикалық инфрақұрылымның дамығандығы;

      5) көліктік және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның дамығандығы;

      6) индустриялық-инновациялық инфрақұрылымның дамығандығы (индустриялық аймақтар, конструкторлық бюролар, технопарктер, технологиялар трансферті орталықтары);

      7) білім беру, ғылыми және зерттеу инфрақұрылымының болуы;

      8) халықаралық байланыстардың болуы, халықаралық жеткізілімдер тізбектеріне кірістіру;

      9) қаржы ресурстары.

      2. Аумақтық кластердің өңірлік, ұлттық даму стратегияларының басымдықтарына және Қазақстанның кластерлік саясатына сәйкестігі:

      1) ұлттық басымдықтар – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1050 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1055 қаулысымен бекітілген Инфрақұрылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 шілдедегі № 423 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес аумақтық кластердің басым секторлар жиынтығына сәйкестігін бағалау;

      2) өңірлік басымдықтар - аумақтық кластердің өңірлік даму бағдарламаларына сәйкестігін бағалау;

      3) аумақтық кластерді дамытудың маңыздылығы (өткен жылдардың серпіні негізінде):

      аумақтық кластер кәсіпорындарындағы өндіріс көлемі және аумақтық кластердің барлық кәсіпорындарының экспорт көлемі тұрғысынан өзі орналасқан өңір үшін жұмыспен қамтылғандардың саны.

      тұтас алғанда, жұмыспен қамтылғандардың саны, аумақтық кластер кәсіпорындарындағы өндіріс көлемі және аумақтық кластердің барлық кәсіпорындарының экспорт көлемі тұрғысынан өзі жататын сала үшін.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 22.10.2020 № 550 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  Аумақтық кластерлерді
конкурстық іріктеу
қағидаларына
4-қосымша

Аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеу өлшемшарттары

      Аумақтық кластерлерді іріктеуге қатысу үшін мынадай өлшемшарттарға сәйкес болуы қажет:

      1. Қосылған құн тізбегінің даму деңгейі:

      1) өзара байланысты және өзара толықтыратын кәсіпорындар мен ұйымдардың сындарлы массасының болуы, сондай-ақ ШОБ белгілі бір мамандану деңгейі;

      2) қажетті шикізат және табиғи ресурстар;

      3) адами ресурстардың қолжетімділігі;

      4) технологиялық тізбекті және қажетті ілеспелі көрсетілетін қызметтерді құруға арналған өндірістік қуаттар (кәсіпорындар);

      5) индустриялық-инновациялық инфрақұрылымның дамуы;

      6) білім беру инфрақұрылымының дамуы.

      2. Өңірдегі жағымды орта:

      1) энергетика инфрақұрылымының дамуы;

      2) көлік инфрақұрылымының дамуы;

      3) қаржы ресурстарының қолжетімділігі.

      3. Ол қызмет ететін салаға және өңірге кластерді дамыту бойынша бастамалардың болжанған әлеуметтік-экономикалық ықпалы (алдыңғы 5 жыл деректерінің серпіні негізінде) және ұлттық әрі өңірлік стратегияларға сәйкестік:

      1) аумақтық кластер кәсіпорындарындағы жұмыспен қамтылғандардың саны, өнім өндірісінің көлемі және олардың экспорты көлемі тұрғысынан өзі орналасқан өңір үшін;

      2) тұтас алғанда, кластер кәсіпорындарындағы жұмыспен қамтылғандардың саны, өнім өндірісінің көлемі және олардың экспортының көлемі тұрғысынан өзі жататын сала үшін маңызы (алдыңғы 5 жылдағы серпіннің дамуы негізінде).

      4. Кластердің дамытудың перспективалылығы, ішкі, өңірлік және жаһандық нарықтардың дамуын ескеріп, болжанған қызмет көрсеткіштері

      Ескертпе: аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеу жеңімпаздарын айқындау бойынша бағалау кешенді түрде, іріктеу қатысушылары ұсынған деректердің негізінде, сондай-ақ аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеудің әрбір өлшемшарты бойынша күшті және әлсіз тұстарын, мүмкіндіктері мен қауіп-қатерін талдау, сондай-ақ осы өлшемшарттарға ықпал ететін факторларды талдау негізінде жүргізіледі. Кешенді талдауы көбірек бәсекеге қабілеттілік көрсеткен аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеуге қатысу өтінімдеріне артықшылық берілетін болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады