"Нөмірлеу ресурсын бөлу және нөмірлерді беру, сондай-ақ оларды алып қою қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 29 қаңтардағы № 67 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 4 желтоқсандағы № 1166 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 30 желтоқсанда № 12688 болып тіркелді

      «Нормативтiк құқықтық актiлер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңы 43-1-бабының 1-тармағына
сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. «Нөмірлеу ресурсын бөлу және нөмірлерді беру, сондай-ақ оларды алып қою қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 29 қаңтардағы № 67 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10445 болып тіркелген, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 1 сәуірде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Нөмірлеу ресурсын бөлу және нөмірлерді беру, сондай-ақ оларды алып қою қағидаларында:
      3-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
      «3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
      1) ABC коды – географиялық нөмірлеу аймағының телекоммуникациялық желісін не оның бір бөлігін сәйкестендіретін код;
      2) DEF коды – географиялық емес нөмірлеу аймағының интеллектуалды байланыс желісінің қызметін немесе телекоммуникациялық желіні сәйкестендіретін код;
      3) «Х1» индексі – географиялық тұрғыда белгіленетін нөмірлеу аймағы абонентінің аймақтық телефон нөмірінің миллиондық нөмірлер тобының коды;
      4) «Х1Х2» индексі – географиялық тұрғыда белгіленетін нөмірлеу аймағы абонентінің аймақтық телефон нөмірінің жүз мыңдық нөмірлер тобының коды;
      5) «Х1Х2Х3» индексі – географиялық тұрғыда белгіленетін нөмірлеу аймағы абонентінің аймақтық телефон нөмірінің он мыңдық нөмірлер тобының коды;
      6) Абоненттік нөмірді көшіру – абоненттің басқа ұялы байланыс операторымен ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы жаңа шарт жасасу кезінде оған ұсынылатын, ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді сақтап қалу және пайдалану бойынша көрсетілетін қызмет;
      7) бағыттау нөмірі (routing number, RN) – ұялы байланыс желілерінде және ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісінде ұялы байланыстың көшірілген абоненттік нөміріне шақырулар жасау үшін қолданылатын адресті ақпарат. Бағыттау нөмірі (routing number, RN) префикстен (бір оналтылық санау жүйесіндегі «D» цифры) және ондық санау жүйесіндегі екі таңбалы ұялы оператор желісінің кодынан тұрады;
      8) желінің нөмірлеу сыйымдылығы – телекоммуникациялар желісінің ақырғы пайдаланушылық жабдығын сәйкестендіретін нөмірлер саны;
      9) желіні нөмірлеудің жоспарланатын сыйымдылығы – белгілі бір кезеңге желіні дамыту кезінде байланыс операторы қол жеткізуді жоспарлайтын телекоммуникациялар желісінің нөмірлеу сыйымдылығы;
      10) желіні нөмірлеудің қолданыстағы сыйымдылығы – желіде жалғанған барлық ақырғы (пайдаланушылық) жабдықтарды сәйкестендіретін нөмірлерді, сонымен қоса бақылауда және қызметтік мақсаттарда қолданылатын нөмірлерді, сондай-ақ оларға қызмет көрсеткені үшін абоненттік төлем алынатын, пайдаланушы броньдаған нөмірлерді есепке алатын желіні нөмірлеудің сыйымдылығы;
      11) желіні нөмірлеудің ең жоғарғы ықтимал сыйымдылығы – желіде қабылданған нөмірлеудің мәнділігі шеңберінде желіні нөмірлеудің ең жоғарғы сыйымдылығы;
      12) зияткерлік желі – деректерді беруді және өңдеуді бірлестіретін коммуникациялық желі;
      13) қолжетімді нөмірлеу ресурсы – қолдануға техникалық мүмкіндік бар нөмірлеудің бос ресурсы;
      14) қызмет провайдері – меншікті байланыс инфрақұрылымы жоқ және пайдаланушыларға байланыс операторларының желілері арқылы телекоммуникация қызметтерін көрсететін жеке немесе заңды тұлға;
      15) қызмет абонентінің логикалық нөмірі – Х1...Хn интеллектуалды байланыс желісі қызметтері абоненті нөмірінің тікелей қызмет абонентін сәйкестендіретін бөлігі;
      16) нөмірдің «көшуі» (nomadicity) – тіркелген телефон байланысы желісіндегі пайдаланушының өзінің желілік қолжетімділік нүктесін ауыстыру қабілеті;
      17) нөмірлеу ресурсын алушы – байланыс операторы, қызмет провайдері, ведомстволық телекоммуникациялар желісінің, арнайы тағайындалған телекоммуникациялар желісінің, корпоративті желінің иесі, сонымен қатар қызмет көрсету кезінде Қазақстан Республикасының нөмірлеу жүйесі мен жоспарына сәйкес бөлінген нөмірлеу ресурсын қолданатын жеке және заңды тұлғалар;
      18) белгіленген аумақта немесе DEF кодымен нөмірлеу аймағында нөмірлеу ресурсының шектелу – белгіленген аумақта немесе DEF кодымен нөмірлеу аймағында жұмыс істейтін телекоммуникациялар желісінің жағдайы, бұл ретте барлық байланыс операторларына бөлінген және байланыс операторларының өтініші бойынша сұралатын нөмірлеу ресурсы қолжетімді мөлшерден 90 пайыз жоғары;
      19) өтiнiш берушi – нөмірлеу ресурсын бөлу немесе алып қою туралы өтiнiш жасаған жеке немесе заңды тұлға;
      20) префикс – нөмірдің, желілердің, қызметтердің, байланыс операторларының түрлі тұрпаттарын таңдауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бір саннан немесе одан көп белгілерден тұратын индикатор;
      21) уәкілетті орган – байланыс саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын, байланыс саласында қызметтер көрсететін немесе оларды пайдаланатын тұлғалардың қызметін мемлекеттік бақылауды, үйлестіру мен реттеуді жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын орталық атқарушы орган.»;
      5-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
      «5. Телефондық байланыс қызметтерін және телефондық нөмірлеуді пайдалану арқылы қамтамасыз етілетін қызметтерді көрсетуге арналған Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникациялар желісінің нөмірлеу ресурсын (бұдан әрі – нөмірлеу ресурсы) уәкілетті орган бөледі және ол мыналарды қамтиды:
      1) жалпы пайдаланылатын телекоммуникациялар желісінің географиялық анықталатын нөмірлеу аймақтарының «АВС» кодтарын;
      2) нөмірлеудің географиялық анықталатын аймағында жергілікті телекоммуникациялар желілерінің «Х1», «Х1Х2» және «Х1Х2Х3» индекстерін;
      3) ұтқыр телекоммуникациялық байланыс желілерінің, соның ішінде ұялы байланыс желілерінің, жылжымалы радиотелефон байланысы желілерінің, транкингтік байланыс желілерінің, жылжымалы жерсеріктік байланыс желілерінің географиялық емес тұрғыда белгіленетін нөмірлеу аймақтарының «DEF» кодтарын;
      4) ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді көшіруді қамтамасыз ететін бағыттау нөмірінің (routing number, RN) құрамында кіретін ұялы оператор желісінің кодын;»;
      5) ведомстволық телекоммуникациялар желілерінің, арнайы тағайындалған телекоммуникациялар желілерінің, корпоративті желілердің географиялық емес тұрғыда белгіленетін анықталатын нөмірлеу аймақтарының «DEF» кодтарын;
      6) байланыс операторлары өзінің абоненттеріне – желі учаскелерінің әр түрлі әкімшілік аумақтарына бөлінген біріктіруді талап ететін қосымша қызметтерді заңды тұлғаларға ұсыну үшін тіркелген телефон байланысы желілерінің географиялық емес тұрғыда белгіленетін нөмірлеу аймақтарының «DEF» кодтары мен «DEF» кодындағы «Х1», «Х1Х2» индекстерін;
      7) абоненттерді нөмірдің «көшу» (nomadicity) функциясымен қамтамасыз ететін, тіркелген телефонды байланыс желілерінің географиялық емес анықталатын нөмірлеу аймағының «DEF» кодтары мен «DEF» кодындағы «Х1», «Х1Х2» индекстерін;
      8) ведомстволық, корпоративті және нөмірлеудің сыйымдылығы 100 мың нөмірден аспайтын, басқа географиялық бөлінген телекоммуникациялар желілерінің географиялық емес анықталатын нөмірлеу аймағының «DEF» кодындағы «Х1», «Х1Х2» индекстерін;
      9) қызметтерге қолжетімділік кодтарын:
      қалааралық және (немесе) халықаралық телефондық қосылуларды ұсыну үшін IP-телефония (Интернет-телефония);
      Интернет желісіне қолжетімділік;
      байланыстың зияткерлік желілері;
      қалааралық және (немесе) халықаралық желінің коммутациялық станциясы техникалық қызметкерлерінің бақылау-сынақ жабдықтарына қолжетімділікті;
      10) қызметтерге қолжетімділік кодтарын пайдаланумен байланыс қызметтерін ұсынатын (Х1Х2Х3)/(Х1Х2Х3Х4) операторлар кодтарын;
      11) «1UV (Х1(Х2))» шұғыл жедел, ақпараттық-анықтамалық және тапсырыс беру қызметтеріне қолжетімділік нөмірлерін;
      12) қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторларын таңдау префикстерін;
      13) «АВС» кодымен нөмірлеудің географиялық белгіленетін аймағындағы жергілікті телекоммуникациялар желісінің нөмірлеу ресурсын;
      14) қызметтерге қолжетімділік кодтарын пайдаланумен (Х4Х5Х6Х7)/(Х5Х6Х7) қызметтер абоненттерінің логикалық нөмірлерін қамтиды.»;
      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «6. Нөмірлеу ресурсы Қазақстан Республикасының ұлттық ресурсының бір бөлігі ретінде иелікке алынбайтын болып табылады (сатуға, жалға беруге болмайды, кәсіпорынды қайта ұйымдастырудың немесе таратудың нәтижесінде құқықтық мирасқорға берілмейді).
      Байланыс операторына нөмірлеу ресурсы телекоммуникациялар қызметін көрсету үшін желі абоненттеріне нөмірлерді бөлу немесе қызметке қолжетімділікті ұйымдастыру арқылы пайдалануға бөлінеді.
      Ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді көшіру қызметін алмағанда, бір байланыс операторының нөмірлеу ресурсын қызметтерді көрсету мақсатында пайдалану үшін басқаға беруіне жол берілмейді.»;
      27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «27. Өтініш беруші нөмірлеу ресурсын бөлу, сондай-ақ оларды алып қою туралы бұйрықты немесе сұралып отырған нөмірлеу ресурсын бөлуден бас тарту себебi көрсетілген дәлелдi жауапты құжаттар берілген күнінен бастап кемінде 20 жұмыс күнінде алады.».
      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті (Т.Б. Қазанғап):
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ тіркелген бұйрықты алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберуді;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында жариялануын;
      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Инвестициялар және даму
      министрінің міндетін атқарушы              А. Рау

      «КЕЛІСІЛГЕН»
      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрі
      _____________________ Е. Досаев
      2015 жылғы 25 желтоқсан

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады