Исламдық қаржыландыру жөніндегі субсидиялау шартының нысанын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 8 желтоқсандағы № 756 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 8 қаңтарда № 12821 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 29 сәуірдегі № 32 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық экономика министрінің 29.04.2019 № 32 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Бизнестің жол картасы 2020" бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2015 жылғы 31 шілдедегі № 599 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Исламдық қаржыландыру жөніндегі субсидиялау шартының нысаны осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту департаменті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерінің мерзімді баспасөз басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялануға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Ұлттық экономика министрі

Е.Досаев


  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 8 желтоқсандағы
№ 756 бұйрығымен
бекітілген

      Нысан

№ ___ Исламдық қаржыландыру жөніндегі субсидиялау шарты

      _____ қ. 20___ жылғы "___" __________

      Бұдан әрі "қаржы агенттігі" деп аталатын "Даму" кәсіпкерлікті

      дамыту қоры" акционерлік қоғамының атынан _____________ негізінде

      әрекет ететін ______________________________________ бір тараптан және

      бұдан әрі "исламдық банк (исламдық лизингтік компания)" деп

      аталатын "исламдық банк (исламдық лизингтік компания_________)"

      акционерлік қоғамының атынан _____________ негізінде әрекет ететін

      ______________________________________ екінші тараптан

      және бұдан әрі "Алушы" деп аталатын ____________________ атынан

      _____________ негізінде әрекет ететін_______________________________,

      бірлесіп "Тараптар", ал жеке алғанда "Тарап" немесе жоғарыда

      көрсетілгендей аталатындар, төмендегілер туралы осы Исламдық

      қаржыландыру жөніндегі субсидиялау шартын (бұдан әрі – Шарт)

      жасасты:

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Шартты жасасу үшін:

      1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 168 қаулысымен бекітілген "Бизнестің жол картасы 2020" бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама);

      2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 шілдедегі № 599 қаулысымен бекітілген "Бизнестің жол картасы 2020" бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының шеңберінде жеке кәсіпкерлік субъектілерін ислам банктері қаржыландырған кезде ислам банктерінің табысын құрайтын тауарларға үстеме бағаның бір бөлігін және жалгерлік төлемнің бір бөлігін субсидиялау қағидалары (бұдан әрі – Исламдық қаржыландыру жөніндегі қағидалар);

      3) ________________ жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесі отырысының 20___ жылғы ___________ № ____ хаттамасы негіз болып табылады.

2. Терминдер мен анықтамалар

      2. Осы Шартта мынадай негізгі терминдер мен анықтамалар қолданылады:

      1) Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі – облыс (астана, республикалық маңызы бар қала) әкімі айқындайтын облыстық (астана, республикалық маңызы бар қала) деңгейде Бағдарламаның іске асырылуына жауапты жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесі;

      2) банк (лизингтік компания) беретін қаржыландыру (бұдан әрі – қаржыландыру) – банктің Алушыға тауар үшін төленетін төлемнің мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігін беруі және (немесе) банктің (лизингтік компанияның) Алушыға лизинг (жалға беру) талаптарымен мүлікті (лизинг нысанын) беруі;

      3) банктің (лизингтік компанияның) кірісі – банктің (лизингтік компанияның) пайдасын құрайтын тауардың үстеме бағасы (жалгерлік төлемнің бір бөлігі);

      4) банк-төлем агентi – исламдық лизингтік компанияның уәкілетті банкі, ол қаржы агенттігімен келісілуге тиіс және исламдық лизингтік компаниялардың исламдық лизинг шарттары бойынша субсидиялар сомасын аудару мен есептен шығаруға арналған қаржы агенттігінің ағымдағы шотын жүргізу жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға тиіс;

      5) Жоба – кіріс алуға бағытталған, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін бастамашылық қызмет ретінде Алушы жүзеге асыратын бизнестің түрлі бағыттарындағы іс-қимылдар мен іс-шаралардың жиынтығы;

      6) исламдық лизинг шарты (бұдан әрі – лизинг) – Исламдық лизингтік компания мен Алушы арасында жасалған жазбаша келісім, оның шарттары бойынша исламдық лизингтік компания Алушыға мүлікті (лизинг нысанын) лизинг (жалға беру) шарттарымен береді;

      7) қаржы агенттігі – "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамы;

      8) қаржыландыру шарты – Ислам банкі мен Алушы арасында жасалатын жазбаша келісім, оның шарттары бойынша ислам банкі тауарды сатып алушы немесе сатушы Алушыға коммерциялық кредит береді не Алушыға мүлікті (лизинг нысанын) лизинг (жалға беру) шарттарымен береді. Қаржыландыру шартына бас қаржыландыру келісімі де жатады, оның шеңберінде Ислам банкі мен Алушы коммерциялық кредит беру (қаржыландыру) туралы жекелеген шарттар жасасады;

      9) Өңірлік үйлестіру кеңесі (бұдан әрі - ӨҮК) – облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері құратын және басқаратын консультативтік-кеңесші орган, жалпы санының кемінде 50%-ына бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысады;

      10) субсидиялау – банктің (лизингтік компанияның) кірісін құрайтын тауардың үстеме бағасы және (немесе) жалдау төлемінің бөлігі ретінде Алушы банкке (лизингтік компанияға) төлейтін шығыстарды ішінара өтеу үшін пайдаланылатын Алушыны мемлекеттік қаржылай қолдау нысаны.

3. Шарттың нысанасы

      3. Осы Шарттың талаптары бойынша қаржы агенттігі ______________ (банктің (лизингтік компанияның) атауы) алынған қаржыландыру бойынша Алушы тауарының үстеме бағасын (жалгерлік төлемнің бір бөлігін) субсидиялауды мынадай шарттарда жүзеге асырады:

Қаржыландыру шарты/ исламдық лизинг шарты

______________ жылғы № ____

Нысаналы мақсаты


Осы Шарт жасалған күндегі қаржыландыру/лизинг сомасы


Қаржыландыру валютасы


Банк/лизингтік компания кірісінің мөлшері


Қаржыландыру/лизинг мерзімі



      4. Субсидиялау Исламдық қаржыландыру жөніндегі қағидаларға сәйкес республикалық бюджет қаражатының есебінен жүргізіледі.

      5. Осы Шарт жасалғаннан кейін банк (лизингтік компания) осы Шарттың барлық қолданылу мерзімінде Алушыны қаржыландыру бойынша кірістің мөлшерін біржақты тәртіппен ұлғайтпауға міндеттенеді.

      6. Осы Шарт жасалғаннан кейін банк (лизингтік компания) қаржы агенттігіне мынадай құжаттарды:

      1) Алушымен жасалған өтеу кестесі (уәкілетті тұлғаның қолымен және банктің (лизингтік компанияның) мөрімен расталған көшірмесі) қоса берілген қаржыландыру шартын (исламдық лизинг шартын);

      2) жаңа қаржыландырудың (лизингтің) берілгені туралы банктің (лизингтік компанияның) анықтамасын не Алушының жаңа қаржыландыруды (лизингті) алу фактісін растайтын құжатты береді.

4. Субсидияларды беру талаптары

      7. Банктің (лизингтік компанияның) ________ мөлшердегі кірісінің бір бөлігі субсидиялануға жатады, бұл ретте осы Шартқа қосымшаға сәйкес банк (лизингтік компания) кірісінің ______ мөлшеріндегі бір бөлігін қаржы агенттігі төлейді, ал банк (лизингтік компания) кірісінің ________ мөлшеріндегі қалған бөлігін Алушы төлейді.

      8. Мерзімі өткен ссудалық берешек (лизинг бойынша берешек) бойынша банк (лизингтік компания) есептеп жазған және Алушы төлемеген банктің (лизингтік компанияның) кірісі субсидияланбайды.

      9. Субсидиялау мерзімі __________________ жылдан бастап саналады.

      10. Барлық операциялар ұлттық валюта – теңгеде жасалады.

      11. Алушы қаржыландыруды (лизингті) уақтылы және толық қайтару және банк (лизингтік компания) кірісінің субсидияланбайтын бір бөлігін өтеу бойынша міндеттемелерді тиісінше орындамағаны үшін банктің (лизингтік компанияның) алдындағы барлық жауапкершілікті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және қаржыландыру шартына (исламдық лизинг шартына) сәйкес атқарады. Бұл ретте осындай жауапкершілікті қандай жағдайда болмасын қаржы агенттігіне жүктеуге болмайды.

5. Шарт бойынша субсидиялау тәртібі

      12. Қаржы агенттігі Шартқа төлемдер кестесін ескере отырып, субсидиялау үшін көзделген қаражатты банктегі (банк-төлем агентіндегі) ағымдағы шотқа ай сайын аванстық төлемдермен аударуды жүзеге асырады. Бұл ретте қаражат аударылғаннан кейін қаржы агенттігі банкке (лизингтік компанияға) бір уақытта тиісті хабарлама жібереді.

      13. Субсидиялау мерзімінің басталуы: ____________ ж. Субсидиялау мерзімінің басталуы қаржы агенттігі осы Шартқа қол қойған күнге дейін кемінде күнтізбелік 30 күн бұрын белгіленеді. Банк (лизингтік компания) кірісінің субсидияланатын бір бөлігін төлеу күнін банк (лизингтік компания) және Алушы дербес айқындайды. Егер қаржыландыру (лизинг) бойынша банктің (лизингтік компанияның) кірісін есептеу Алушы және банк (лизингтік компания) субсидиялау шартына қол қойған күннен кейінгі күннен басталған жағдайда, Алушының және банктің (лизингтік компанияның) Шартқа қол қойған күні субсидиялау кезеңіне қосылмайды.

      14. Осы Шартқа қол қойылғаннан кейін қаржы агенттігі субсидияларды төлейді. Субсидиялар Бағдарламаның тиісті Өңірлік үйлестірушісінен келіп түскен қаражат болған кезде төленеді.

      15. Банк (лизингтік компания) кірісінің бір бөлігін субсидиялау валюталық қаржыландыру бойынша жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл ретте, қаржы агенттігі субсидиялардың сомасын субсидиялар сомасы аударылған күндегі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген бағам бойынша теңгемен төлейді.

      16. Оң бағам айырмасы туындаған жағдайда, ол болашақ субсидиялардың есебіне жатқызылады, ал теріс бағам айырмасы жағдайында өтеу Алушыға жүктеледі.

      17. Алушы банкке (лизингтік компанияға) банк (лизингтік компания) кірісінің субсидияланбайтын бөлігінде төлемді қаржыландыру шартына (исламдық лизинг шартына) сәйкес өтеу кестесіне сай төлейді.

      18. Алушының қаржыландыру (лизинг) бойынша төлемді, оның ішінде банк (лизингтік компания) кірісінің субсидияланбайтын бөлігін толық төлеу фактісі бойынша банк (лизингтік компания) Алушыны қаржыландыру бойынша банк (лизингтік компания) кірісінің субсидияланатын бөлігін өтеу есебіне қаржы агенттігінің ағымдағы шотынан ақшаны акцептсіз тәртіппен есептен шығаруды жүзеге асырады.

      19. Алушы субсидиялардың сомасын дербес төлеген жағдайда, кейін, қаржы агенттігі қаражатты өтеген кезде банк (лизингтік компания) қаржы агенттігі хабарламасының негізінде субсидиялардың тиісті сомасын акцептсіз тәртіппен есептен шығаруды жүргізеді.

      20. Алушы қаржыландыру бойынша төлемді уақтылы өтемеген жағдайда, оның ішінде банк (лизингтік компания) кірісінің субсидияланбайтын бөлігін уақтылы өтемеген жағдайда немесе Алушы 3 (үш) ай қатарынан (исламдық лизинг шарты бойынша) қатарынан 2 (екі) және одан көп рет) банктің (лизингтік компанияның) алдында төлемдерді төлеу міндеттемелерін орындамаған жағдайда, Алушы берешекті өтегенге дейін банк (лизингтік компания) өз кірісінің субсидияланатын бөлігін өтеу үшін қаржы агенттігінің ағымдағы шотынан қаражатты есептен шығаруды жүргізбейді және 2 (екі) жұмыс күні ішінде қаржы агенттігін бұл туралы хабардар етеді. Осы тармақта көзделген жағдайлар басталған күннен бастап 30 күнтізбелік күн өткеннен кейін хабардар еткен/хабардар етпеген жағдайда банк (лизингтік компания) қаржы агенттігіне 100 айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінде айыппұл төлейді.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 03.08.2016 № 360 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      21. Тараптар осы Шарттың шеңберінде төлем жасалатын күн демалыс күніне немесе мереке күніне сай келген жағдайда төлем аталған күннен кейінгі жұмыс күні жасалады деп келісті.

6. Субсидиялауды тоқтата тұру, тоқтату және қайта бастау
негіздері

      22. Субсидиялауды тоқтату және қайта бастау туралы шешімді ӨҮК қаржы агенттігі қолдаухаттарының (хабарламаларының) негізінде қабылдайды.

      23. Қаржы агенттігі:

      1) субсидиялау жүзеге асырылатын жаңа қаржыландыру (лизинг) мақсатсыз пайдаланылған;

      2) Алушы субсидиялау жүзеге асырылатын исламдық лизинг (жалдау) шарты бойынша лизинг (жалдау) нысанын алмаған;

      3) жоба және (немесе) Алушы Бағдарламаның талаптарына және (немесе) ӨҮК-тің шешіміне сәйкес келмеген;

      4) Алушы қаржыландыру шартының өтеу кестесіне сәйкес банк алдында төлемдерді төлеу міндеттемелерін қатарынан 3 (үш) ай орындамаған;

      5) Алушы төлемдерді өтеу кестесіне сәйкес банк (лизингтік компания) алдында лизингтік (жалдау) төлемдерді төлеу міндеттемелерін қатарынан 2 (екі) және одан көп рет орындамаған;

      6) Алушының шоттарына тыйым салынған;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда Алушыдан лизинг (жалдау) нысаны талап етілген жағдай анықталған кезде Алушыны субсидиялауды тоқтата тұруға құқылы.

      24. Субсидиялар төлеуді тоқтата тұрған жағдайда қаржы агенттігі осындай шешім қабылданған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде:

      1) тоқтата тұру себептерін көрсете отырып, банкке (лизингтік компанияға) және Алушыға;

      2) тоқтата тұру негіздері туралы ақпараты бар хатты жібере отырып, субсидиялауды тоқтату (қайта бастау) мәселесін қарау үшін Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне бұл туралы хабарлайды.

      25. ӨҮК отырысының нәтижелері бойынша:

      1) Алушыны субсидиялауды қайта бастау туралы шешім келісілген жағдайда, қаржы агенттігі:

      банкке (лизингтік компанияға) және Алушыға субсидиялау төлемдерінің қайта басталатыны туралы хабарлайды;

      тоқтата тұрған сәттен бастап төленуге жататын субсидиялардың барлық қажетті төлемдерін банкке (лизингтік компанияға) төлейді;

      2) Алушыны субсидиялауды тоқтату туралы шешім қабылданған жағдайда, қаржы агенттігі Алушыға және банкке (лизингтік компанияға) осы Шарттың біржақты бұзылатыны туралы хабарлама жібереді, онда осы Шарттың бұзылатын күнін және бұзу себебін көрсетеді.

      26. Мынадай жағдайларда:

      1) Алушы қаржыландыру шарты бойынша банктің (исламдық лизинг шарты бойынша лизингтік компанияның алдында) қаржыландыруды мерзімінен бұрын толықтай өтеген жағдайда. Алушының банкке (лизингтік компанияға) қаржыландыру (лизинг) бойынша ақшаны толық қайтарған күні субсидиялаудың тоқтатылған күні болып саналады;

      2) ӨҮК Алушыны субсидиялауды тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайда. ӨҮК шешімінде көрсетілген күн субсидиялау тоқтатылған күн болып саналады;

      3) осы Шарт Алушының бастамасы бойынша бұзылған жағдайда субсидияларды төлеу тоқтатылады, ал осы Шарт хабарламада көрсетілген күннен бастап бұзылған болып саналады.

7. Тараптардың құқықтары және міндеттері

      27. Қаржы агенттігі осы Шарттың талаптарымен банктегі (банк-төлем агентіндегі) шотқа субсидиялау үшін жеткілікті соманы уақтылы салуға міндетті.

      28. Қаржы агенттігі:

      1) республикалық бюджеттен қаражат алмаған жағдайда, субсидияларды аудармауға;

      2) Қаржыландыру шартының және (немесе) осы Шарттың талаптары ӨҮК-тің шешіміне және (немесе) Бағдарламаның талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, осы Шартқа қол қоймауға;

      3) қаражаттың (лизинг нысанының) нысаналы пайдаланылуы тұрғысынан Алушыға тексерулер жүргізуге құқылы. Алушыдан қаражаттың (лизинг нысанының) нысаналы пайдаланылуын растайтын құжаттар мен мәліметтерді талап етуге;

      4) Алушыдан қаражаттың (лизинг нысанының) нысаналы пайдаланылуы туралы қосымша ақпаратты сұратуға;

      5) банктен (лизингтік компаниядан) Алушы туралы, сондай-ақ Бағдарламаға қатысатын қаржыландыру шартының (исламдық лизинг шартының) іске асырылуы туралы құжаттарды және ақпаратты сұратуға және алуға;

      6) банкке (лизингтік компанияға) және Алушыға алдын ала жазбаша хабарлай отырып, банк (лизингтік компания) мен Алушының арасындағы қаржыландыру шартында (исламдық лизинг шартында) көзделген құқықтардың аясында Жоба іске асырылатын жерге жарты жылда кем дегенде 1 (бір) рет бара отырып, Жобаның және (немесе) Алушының Бағдарлама талаптарына сәйкестігіне мониторингті жүзеге асыруға, субсидиялануы жүзеге асырылатын жоба бойынша қаражаттың (лизинг нысанының) нысаналы пайдаланылуына мониторингті жүзеге асыруға;

      7) уәкілетті органға есеп беру мақсаттарында қаржыландырулар бойынша банк (лизингтік компания) кірісін субсидиялау бөлігінде Бағдарламаның іске асырылуына мониторингті жүзеге асыруға құқылы. Осыған байланысты осы Шарттың қолданылу мерзімі ішінде Бағдарламаны іске асыру аясында Алушыдан оның қаржылық-шаруашылық қызметінің нәтижелері туралы қажетті мәліметтерді қосымша сұратуға;

      8) осы Шартта белгіленген, Тараптар үшін көзделген міндеттемелерді орындау мерзімдерінің сақталуын бақылауды жүзеге асыруға және олардың уақтылы орындалуын талап етуге;

      9) банктің (лизингтік компанияның) операциялық қызметіне араласпай, олар орналасқан жерде осы Шарттың іске асырылуына тексеру жүргізуге;

      10) жобаның және (немесе) Алушының Бағдарлама талаптарына сәйкес келмеуі, қаржыландырудың (лизингтің) нысаналы пайдаланылмауы және қаржыландыру шарты (исламдық лизинг шарты) бойынша Алушыда мерзімі өткен берешектің болу фактілері анықталған жағдайда, субсидиялауды тоқтата тұруға;

      11) Алушыны субсидиялауды тоқтату туралы мәселені ӨҮК-тің қарауына шығаруға;

      12) жарнама науқанын жүргізген кезде, қаржы агенттігінің ресми сайтында ақпаратты орналастырған кезде Алушының алдын ала жазбаша келісімінсіз осы Шартты орындау аясында алынған Алушы туралы ақпаратты пайдалануға, сондай-ақ оны үшінші тұлғаларға беруге;

      13) осы Шартты біржақты соттан тыс тәртіппен мерзімінен бұрын бұзуға құқылы.

      29. Алушы:

      1) қаржыландыру шарты (исламдық лизинг шарты) бойынша өз міндеттемелерін уақтылы және толық көлемде орындауға;

      2) қаржы агенттігіне қаржыландырудың (лизингтің) нысаналы пайдаланылуын, жобаның және (немесе) Алушының Бағдарлама талаптарына сәйкестігін анықтау мақсатында Жоба іске асырылатын аумақта тексерулер жүргізу құқығын беруге;

      3) қаржы агенттігінің сұратуы бойынша Бағдарламаның, қаржыландыру шартының (исламдық лизинг шартының) және осы Шарттың талаптарын орындауға байланысты құжаттар мен ақпаратты беруге;

      4) қаржы агенттігінің бірінші талабы бойынша қаржы агенттігіне Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық құпиясы болып табылатын, қаржы агенттігі Бағдарламаның тиімділігін мониторингілеу үшін пайдаланатын мынадай:

      кірістер;

      жұмыскерлердің саны;

      жұмыскерлердің есептелген кірістері және жеке тұлғаларға басқа да төлемдер бойынша шығыстар;

      бір жұмыскерге орташа айлық жалақы;

      салықтық төлемдердің сомасы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің қаржы агенттігіне ұсынуға келісімін беру туралы өтінішті қаржы агенттігіне беруге;

      5) Тараптардың алдын ала жазбаша келісімінсіз осы Шарттың талаптары және оны іске асыру туралы ақпаратты үшінші тұлғаларға бермеуге және жария етпеуге міндетті.

      30. Алушы:

      1) қаржы агенттігінен сыйақының субсидияланатын мөлшерлемесі бөлігінде банкке (лизингтік компанияға) субсидиялар төлеуді талап етуге;

      2) Шарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін күнтізбелік 75 күннен кешіктірмей банкке (лизингтік компанияға) субсидиялау шартының қолданылу мерзімін ұзартуға өтінім беруге құқылы.

      Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 03.08.2016 № 360 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      31. Банк (лизингтік компания):

      1) осы Шарт Исламдық қаржыландыру қағидаларында көзделген мерзімдерде уақтылы жасалмаған жағдайда, кешіктіру себептерін түсіндіре отырып, қаржы агенттігін ресми хатпен хабардар етуге;

      2) қаржы агенттігінің тиісті хабарламасының негізінде

      Алушының Жобасы бойынша қаржы агенттігінің ағымдағы шотынан субсидиялардың сомасын акцептсіз тәртіппен есептен шығаруды жүзеге асыруға міндетті, бұл ретте банктің (лизингтік компанияның) осы шартты іске асыру мақсаттарына арналмаған өзге шоттардан субсидиялар сомасын есептен шығаруға құқығы жоқ. Алушы қаржыландыру бойынша жоспарлы төлемді нақты өтеген күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткеннен кейін сыйақы мөлшерлемесінің субсидияланатын бөлігін өтеу үшін қаржы агенттігінің ағымдағы шотынан субсидиялар сомасы есептен шығарылған жағдайда ислам банкі (лизингтік компания) қаржы агенттігіне 100 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді;

      3) Алушыны қаржыландыру бойынша банктің (лизингтік компанияның) кірісін субсидиялау тоқтатылған жағдайда, Алушыны қаржыландыру бойынша өзіндік құнның сомасы (жалдау төлемінің сомасы) мерзімінен бұрын ішінара/толық өтелген жағдайда 7 (жеті) жұмыс күні ішінде қаржы агенттігіне өзара есеп айырысуларды салыстырып-тексеру актісін беруге міндетті. Бұл ретте банк (лизингтік компания) салыстырып-тексеру актісінде іс жүзінде есептен шығарылған субсидиялардың сомалары мен күндерін көрсетеді, ал қаржы агенттігі субсидиялардың аударылған сомасын және күндерін көрсетеді. Алушы негізгі борышты ішінара/толық мерзімінен бұрын өтеген күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткеннен кейін хабардар еткен/хабардар етпеген жағдайда, банк (лизингтік компания) қаржы агенттігіне 100 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді;

      4) қаржы агенттігіне Алушының субсидияланатын қаржыландыруының төлем тәртібіне мониторинг жүргізу құқығын беруге;

      5) мониторингтік есептерді беруге;

      6) осы Шарт талаптарының орындалуына ықпал ете алатын барлық жағдаяттар туралы қаржы агенттігіне уақтылы хабарлауға;

      7) осы Шарттың қолданылу мерзімі ішінде қаржыландырудың сомасын және (немесе) қаржыландыру (лизинг) бойынша банк (лизингтік компания) кірісінің номиналдық мөлшерлемесін біржақты тәртіпте өзгертпеуге;

      8) ӨҮК қолданыстағы қаржыландыруды субсидиялау туралы шешім қабылдаған жағдайда, Бағдарламаға және Исламдық қаржыландыру жөніндегі қағидаларға сәйкес рұқсат етілген комиссияларды, алымдар мен (немесе) өзге де төлемдерді қоспағанда, Алушыға бұрын алынған комиссияларды, алымдарды және (немесе) ағымдағы қаржы жылындағы өзге төлемдерді өтеуге;

      9) Алушы қаржыландыру бойынша өзіндік құнның сомасын (жалдау төлемінің сомасын) мерзімінен бұрын ішінара (толық) өтеген жағдайда қаржы агенттігін қаржыландыру бойынша өзіндік құн сомасының (жалдау төлемі сомасының) мерзімінен бұрын ішінара (толық) өтелу фактісі туралы хабардар етуге;

      Сонымен бірге, Алушыны қаржыландыру бойынша өзіндік құнның сомасы (жалдау төлемінің сомасы) мерзімінен бұрын ішінара өтелген жағдайда, банк (лизингтік компания) қаржыландыру шартына (исламдық лизинг шартына) қосымша келісім жасаған кезде қаржы агенттігіне қаржыландыру шартына (исламдық лизинг шартына) қосымша келісімнің көшірмесін жібереді, оған төлемдерді өтеу кестесі өзгертіліген, субсидиялау шартына жасалған тиісті қосымша келісімді қоса тіркейді;

      10) осы Шарттың 30-тармағының 2-тармақшасына сәйкес түскен Алушының өтінімі оң қаралған кезде күнтізбелік 60 күннен кешіктірмей субсидиялау шартының қолданылу мерзімін ұзарту туралы ӨҮК өтініш жасауға міндетті.

      Ескерту. 31-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 03.08.2016 № 360 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      32. Банк (лизингтік компания):

      1) қаржы агенттігінен осы Шарттың аясында көзделген субсидияларды уақтылы аударуды талап етуге;

      2) қолданыстағы қаржыландыру бойынша Алушыға бұрын қолданылған қаржыландыру талаптарын (оның ішінде сыйақы мөлшерлемесін, комиссияларды, алымдарды және (немесе) басқа да төлемдерді және өзге де талаптарды) белгілеуге құқылы.

8. Шарттың қолданылу мерзімі

      33. Осы Шарт субсидиялау мерзімінің басталуын ескере отырып, Тараптар оған қол қойған күннен бастап күшіне енеді және 20___ жылғы _____________ дейін, ал орындалмаған міндеттемелер бөлігінде олар толық орындалғанға дейін қолданылады.

      34. Қаржы агенттігі (банк, лизингтік компания) осы Шарттың 6-бабының талаптарында көзделген жағдайларда және тәртіппен осы Шартты біржақты соттан тыс тәртіппен бұза алады.

9. Жауапкершілік

      35. Осы Шарт бойынша Тараптар осы Шарттан туындайтын міндеттемелерді орындамағаны және (немесе) тиісті түрде орындамағаны үшін осы Шартқа және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік атқарады.

10. Еңсерілмейтін күш жағдайлары

      36. Егер еңсерілмейтін күш жағдайларының, яғни аталған жағдайлардың талаптары (дүлей зілзалалардың, әскери іс-қимылдардың) кезіндегі төтенше және еңсерілмейтін жағдайлардың салдарынан Тараптар осы Шарт бойынша өздерінің міндеттемелерін орындауы мүмкін болмаса, олар өз міндеттемелерін орындамағаны не тиісті түрде орындамағаны үшін жауапкершіліктен босатылады.

      37. Еңсерілмейтін күш жағдайлары туындаған кезде осы Шарт бойынша өз міндеттемелерін орындауы мүмкін болмаған Тарап осындай жағдайлар орын алған сәттен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде басқа Тарапқа уақтылы хабарлауға тиіс. Бұл ретте еңсерілмейтін күш жағдайларының сипаты, әрекет ету кезеңі, орын алу фактісі уәкілетті мемлекеттік органдардың тиісті құжаттарымен расталуға тиіс.

      38. Уақтылы хабарлама болмаған жағдайда, Тарап басқа Тарапқа хабарламаудың немесе уақтылы хабарламаудың салдарынан келтірілген зиянды өтеуге міндетті.

      39. Еңсерілмейтін күш жағдайларының туындауы осы Шартты орындау мерзімінің аталған жағдайлар әрекет еткен кезеңге сай ұзартылуына әкеп соқтырады.

      40. Егер осындай жағдайлар қатарынан үш айдан аса жалғасатын болса, Тараптардың кез келгені осы Шарт бойынша міндеттемелерді одан әрі орындаудан бас тартуға құқылы.

11. Дауларды шешу

      41. Осы Шартты орындауға байланысты қандай да бір дау туындаған жағдайда, Тараптардың кез келгені барлық дауларды келіссөздер арқылы реттеуге күш-жігерлерін салады.

      42. Егер туындаған дауды келіссөздер арқылы шешу мүмкін болмаса, осы дау және оған қатысты басқа да мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешіледі және реттеледі.

12. Хат-хабарлар алмасу

      43. Тараптар осы Шарттың аясында бір-біріне жіберетін кез келген хат-хабарлар жазбаша нысанда беріледі және осы Шартқа сәйкес қараудың ерекше тәртібі көзделген хат-хабарларды қоспағанда, Тараптар табыс етілгені туралы белгісі бар хат-хабарларды алған сәттен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде қарайды.

      44. Хат-хабарлар тиісті түрде ресімделген болса (бланкте ресімделген немесе мөрмен бекітілген жағдайда, оларға басшы қол қойған жағдайда және тіркеу нөмірі, күні болған жағдайда, хат-хабарлар тиісті түрде ресімделген болып саналады), қолға табыс етілген болса, пошта бойынша (хабарламасы бар тапсырыс хат арқылы) немесе курьерлік байланыспен қатысушы Тараптың мекенжайына жеткізілген болса, олар тиісті түрде берілген немесе жіберілген болып саналады.

      45. Осы Шарттың қолданылуы барысында Тараптардың жауапты тұлғалары ақпараттық сипаттағы хат-хабарларды басқа Тарапқа факсимильдік байланыс және (немесе) электрондық пошта арқылы жіберуді жүзеге асыра алады.

      46. Бұл ретте жіберуші Тарап басқа Тарапқа хат-хабарлардың жіберілгенін растауға міндетті. Қабылдаушы Тараптың қабылдағаны туралы белгісі бар барлық хат-хабардың мәтінін қоса тіркей отырып, факспен жіберген кезде не факсимильді аппараттың жіберудің сәтті аяқталғаны туралы үзінді-көшірмесі болған кезде растау тиісті түрде жүзеге асырылған болып саналады.

13. Құпиялылық

      47. Осы арқылы Тараптар осы Шарттың талаптарына қатысты ақпараттың, банктік құпияның, сондай-ақ қаржылық, коммерциялық және осы Шартты жасасу және орындау барысында алған басқа да ақпараттың құпия болып табылатынымен және осы Шартта және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, үшінші тұлғаларға жариялануға жатпайтынымен келіседі.

      48. Осы Шартта және Қазақстан Республикасының заңнамасында тікелей көзделген жағдайларда Тараптың құпия ақпаратты үшінші тұлғаларға беруіне, оны жариялауына немесе басқа да жолмен жария етуіне болады.

      49. Тараптар осы Шарттың барының және оның талаптарының құпиялылығын сақтау үшін барлық қажетті шараларды, оның ішінде құқықтық сипаттағы шараларды қабылдайды. Тараптардың лауазымды тұлғаларына және жұмыскерлеріне осы Шартты іске асыру барысында алған мәліметтерді үшінші тұлғаларға жария етуге немесе беруге тыйым салынады.

      50. Тараптардың кез келгені осы Шарттың талаптарын бұза отырып құпия ақпаратты жария еткен не таратқан жағдайда, кінәлі Тарап Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілікті атқаратын болады, оған қоса осындай ақпаратты жария етудің салдарынан басқа Тарапқа келтірілген зиянды өтейді.

      51. Осы Шартқа қол қоя отырып Алушы қаржы агенттігіне Алушының алдын ала жазбаша келісімінсіз бұқаралық ақпарат құралдарында Алушы туралы мәліметтерді орналастыруға, сондай-ақ осы Шарттың аясында алынған Алушы туралы кез келген мәліметтерді (оның ішінде банктік құпияны) үшінші тұлғаларға жария етуге келісім береді.

14. Өтініштер, кепілдіктер және келісімдер

      52. Алушы қаржы агенттігіне мыналарды мәлімдейді және оларға кепілдік береді:

      1) Алушы осы Шартта көрсетілген растаулар мен кепілдіктердің шынайы екенін және шындыққа сәйкес келетінін растайды;

      2) қаржы агенттігі аталған растаулар мен кепілдіктердің шындығын тексеруге міндетті емес.

      53. Алушы мыналарды растайды және оларға кепілдік береді:

      1) Алушы өз бизнесіне, қаржылық жағдайына, активтеріне және өзінің міндеттемелері бойынша жауап беру қабілетіне теріс әсерін тигізуі мүмкін ешқандай жағдайлардан хабардар емес;

      2) сондай-ақ Алушы өзінің жарғылық құзыретінің осы Шартқа қол қоятын тұлғаға осы Шартты жасасуға мүмкіндік беретінін растайды.

      54. Алушы осы Шарт жасалған сәтте осы Шартты бұзуға, оны жарамсыз деп тануға себеп болуы мүмкін негіздердің болмағанын растайды.

      55. Алушы қаржы агенттігіне берілген (табыс етілген) немесе табыс етілетін барлық ақпараттың, сондай-ақ барлық құжаттаманың дұрыс екенін және шындыққа сәйкес келетінін мәлімдейді және растайды. Қаржы агенттігі берілген немесе берілетін құжаттаманың анықтығын және дұрыстығын тексеруге міндетті емес. Алушыға жалған, толық емес және (немесе) анық емес мәліметтерді бергені үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілік туралы ескертілді.

      56. Алушы осы Шартта жазылған барлық талаптардың, өзі жасайтын іс-қимылдың құқықтық мәнінің оған түсінікті және анық екенін мәлімдейді.

15. Қорытынды ережелер

      57. Осы Шартқа қол қоя отырып Алушы қаржы агенттігіне:

      1) субсидиялануы жүзеге асырылатын осы Кредит жөніндегі шарттың аясында қаржы агенттігі алған ақпарат пен құжаттарды, оның ішінде банктік және коммерциялық құпияны мүдделі үшінші тұлғаларға беруге;

      2) қаржы агенттігінің бұқаралық ақпарат құралдарында Алушының атауын, Жоба іске асырылатын өңірдің атауын, Алушы Жобасының атауы мен сипаттамасын, сондай-ақ саласын жариялауға келісім береді.

      58. Осы Шарттың ережелері өзгертілуі және (немесе) толықтырылуы мүмкін. Осы Шартта көзделген жағдайларды қоспағанда, Тараптардың келісімі бойынша жазбаша нысанда жасалған және Тараптардың уәкілетті өкілдері қол қойған өзгерістер мен толықтырулар ғана Тараптар үшін жарамды және міндетті болып танылады.

      59. Осы Шарт Тараптардың әрқайсысы үшін мемлекеттік және орыс тілдерінде ___ (__________) данадан әрқайсысының заңды күші бірдей мемлекеттік және орыс тілдерінде ___ (______) бірдей данада жасалды.

      60. Осы Шартта көзделмеген қалған барлық жағдайларда Тараптар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын басшылыққа алады.

16. Тараптардың мекенжайлары, банктік деректемелері және
қолдары

Қаржы агенттігі

Банк (лизингтік компания)

Алушы










  Исламдық қаржыландыру
жөніндегі субсидиялау шартына
қосымша

Өзіндік құнның сомасын (жалдау төлемінің сомасын) өтеу күні

Өзіндік құн сомасы (жалдау төлемі сомасының) қалдығының сомасы

Өзіндік құнның сомасын (жалдау төлемінің сомасын) өтеу сомасы

Қаржы агенттігі төлейтін банк (лизингтік компания) кірісінің сомасы

Алушы төлейтін банк (лизингтік компания) кірісінің сомасы

Банктің (лизингтік компания

ның) есептелген кірісі сомасының жиынтығы


























Қаржы агенттігі

Банк (лизингтік компания)

Алушы

_____________________

МО

_____________________

МО

____________________

МО


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады