"Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Астана қаласы әкімдігінің 2015 жылғы 30 маусымдағы № 158-1084 қаулысы. Астана қаласының Әділет департаментінде 2015 жылы 11 тамызда № 933 болып тіркелді. Күші жойылды - Астана қаласы әкімдігінің 2015 жылғы 17 қыркүйектегі № 158-1639 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Астана қаласы әкімдігінің 17.09.2015 № 158-1639 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне және Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы, «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» 2008 жылғы 29 желтоқсандағы заңдарына және «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының үлгі ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 29 қазандағы № 410 Жарлығына сәйкес Астана қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесі туралы ереже қосымшаға сәйкес бекітілсін.
      2. «Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы осы қаулыны кейіннен ресми және мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген интернет-ресурста және Астана қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында жариялаумен әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді жүргізсін.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Астана қаласы әкімінің орынбасары А.И. Лукинге жүктелсін.
      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғаннан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Әкім                                       Ә. Жақсыбеков

Астана қаласы әкімдігінің
2015 жылғы 30 маусымдағы
№ 158-1084 қаулысына  
қосымша         

«Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік
бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесі туралы
ереже 1. Жалпы ережелер

      1. «Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) Астана қаласының аумағында халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік басқару қызметтерін жүзеге асыруға уәкілетті Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.
      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық–құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі және мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      6. Басқарма егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      8. Басқарманың құрылымы және штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.
      9. Басқарманың орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, «Алматы» ауданы, Ш. Иманбаева көшесі, № 16.

2. Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері,
функциялары, құқықтары мен міндеттері

      10. Басқарманың миссиясы: қала халқын өнімді жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру деңгейін арттыру.
      11. Міндеті: гендерлік теңдік қағидатына сәйкес халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру.
      12. Функциялары:
      Басқарма құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қалалық ведомствоаралық комиссиялардың жұмысын үйлестіру;
      халықты жұмыспен қамту саласында:
      1) еңбек нарығының жағдайын талдау және болжау;
      2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 162 қаулысымен бекітілген «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы шеңберінде жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша іс-шараларды әзірлеу және іске асыру;
      3) шетелдік жұмыс күшін қолдануды реттеу жолымен ішкі еңбек нарығын қорғауды қамтамасыз ету;
      4) жұмыс берушілердің бос жұмыс орындары мен бос лауазымдар жөніндегі мәліметтерін жинау және талдау;
      5) жұмысқа орналасу мәселелері бойынша хабарласқан азаматтарды тіркеу және есепке алу;
      6) азаматтарға қолайлы жұмыс таңдауға, жұмыс берушілерге – қажетті жұмысшыларды іріктеуге көмек көрсету;
      7) халықтың нысаналы топтарының құрамына кіретін еңбек нарығында бәсекеге қабілетсіз азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету;
      8) жұмыссыздарды кәсіби даярлау, қайта даярлау, олар үшін ақылы қоғамдық жұмыстарды, әлеуметтік жұмыс орындарын, жастар тәжірибесінен өту үшін жұмыс орындарын ұйымдастыру жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру, сондай-ақ жұмыспен қамту саласында халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі қосымша шараларды жүзеге асыру;
      9) оралмандарды қабылдау және орналастыру;
      10) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын жүзеге асыру;
      11) Астана қаласындағы еңбек нарығының жағдайы туралы тиісті органдарды және халықты хабардар ету;
      халықты әлеуметтік қорғау саласында:
      1) атқарушы билік органдарымен бірлесіп – әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеу және олардың орындалуын қамтамасыз ету;
      2) «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру;
      3) «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру бойынша жұмыстарды үйлестіру;
      4) кәмелетке толған әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі тұлғаларға қатысты, сондай-ақ олардың мүліктеріне және сот шешімімен хабар-ошарсыз кеткендер мен қайтыс болған адамдардың мүліктеріне қатысты қорғаншылық және қамқоршылық органының қызметтерін жүзеге асыру;
      5) мүгедектер, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен соларға теңестірілген адамдар, тыл еңбеккерлері, саяси қуғын-сүргін құрбандары, көп балалы отбасылары, оралмандар және жасы бойынша зейнеткерлер жөнінде деректер банкін қалыптастыру;
      6) халықты әлеуметтік қорғау саласында стационарлық, жартылай стационарлық, үйде қызмет көрсету, уақытша келу және арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету бойынша жұмыстарды үйлестіру және арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну туралы шешім қабылдау;
      7) оралмандардың уақытша орналастыру орталығында этникалық көшіп - қонушылардың уақытша болуы үшін жағдай жасау;
      8) мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектерді әлеуметтік оңалтуды қамтамасыз ету;
      9) Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған әлеуметтік төлемдерді тағайындау мен төлеу және жергілікті бюджет қаражаты есебінен өзге әлеуметтік көмек түрлерін көрсету;
      10) халыққа әлеуметтік көмек көрсету бойынша қоғамдық бірлестіктермен және қайырымдылық қорларымен өзара қарым-қатынас жасау;
      11) Басқарманың ведомстволық бағынысты мекемелеріне, кәсіпорындарына мемлекеттік басқару органы функциясын жүзеге асыру және олардың іс-қимылдарын үйлестіру;
      12) Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасына сәйкес Басқарма қатысуы міндетті істердің жекелеген санаттары бойынша сот жұмысына қатысу;
      13) Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды тiркеу және есепке алу;
      14) Басқарма құзыретіне кіретін мәселелер бойынша халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты және өзара іс-әрекетті ұйымдастыру;
      15) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу;
      16) Басқармаға жүктелген басқа да қызметтерді орындау.
      13. Құқықтары мен міндеттері:
      1) әлеуметтік көмекке үміткерлерден Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қажетті құжаттарды сұратуға, сондай-ақ ұсынылған құжаттардың растығын тексеруді жүзеге асыруға;
      2) мемлекеттік және басқа да органдардан Басқарма құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ақпаратты сұрауға және өтеусіз негізде алуға;
      3) белгіленген тәртіпте Басқарма құзыретіне кіретін мәселелер бойынша конференциялар, семинарлар және жиналыстар өткізуге;
      4) ішкі пайдалануға қолданылатын ұсынылған құжаттардың көшірмелерін растауға;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да іс-әрекеттерді жүзеге асыруға құқығы бар.

3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру

      14. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.
      15. Басқарманың басшысы Астана қаласы әкімінің өкімімен қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
      16. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
      17. Басқарма басшысының өкілеттігі:
      1) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері басшыларының және өзінің орынбасарларының міндеттерін анықтайды және жауапкершілік дәрежесін белгілейді;
      2) Басқарма қызметкерлерін және ведомстволық бағынысты мекемелердің басшыларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
      3) Басқарма қызметкерлеріне және ведомстволық бағанысты мекемелердің басшыларына тәртіптік жаза қолданады;
      4) Басқармада жеке жауапкершілікті белгілей отырып, жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жасайды;
      5) өз құзыреті шегінде Басқарма қызметкерлері үшін орындауға міндетті бұйрықтар шығарады;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде Басқарманы мемлекеттік органдар мен ұйымдарда ұсынады;
      7) Әкімшісі Басқарма болып табылатын төлемдер мен міндеттемелер бойынша бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарын бекітеді;
      8) Басқарманың ведомстволық бағынысты мекемелерінде жүрген адамдарды ұстау нормаларын бекітеді;
      9) өзінің өкілеттіктеріне сәйкес басқа мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.
      Басқарма басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
      18. Басқарма басшысы өз орынбасарларының өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес белгілейді.

4. Басқарманың мүлкі

      19. Басқарманың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      20. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
      21. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, Басқарманың өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      22. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Басқарманың қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің тізімі:
      1) Астана қаласы әкімдігінің «Балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
      2) Астана қаласы әкімдігінің «Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
      3) Астана қаласы әкімдігінің «Психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
      4) Астана қаласы әкімдігінің «Қарттар мен мүгедектерге және мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны;
      5) Астана қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
      6) Астана қаласы әкімдігінің «Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
      7) Астана қаласы әкімдігінің «Зорлық-зомбылық немесе зорлық-зомбылық салдарынан қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған дағдарыс орталығы-баспанасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады