Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 29.12.2016 № 919 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін.
2. Орталық және жергілікті атқарушы органдар мен өзге де ұйымдар Бағдарламаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
3. Жергілікті атқарушы органдар ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 5-күніне Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне Бағдарлама іс-шараларының орындалу барысы туралы жиынтық ақпарат, оның ішінде Бағдарламаны іске асыру шеңберінде бөлінетін қаражаттың пайдаланылуы туралы жиынтық ақпарат берсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне жүктелсін.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 31 наурыздағы
№ 162 қаулысымен
бекітілген
«Жұмыспен қамту 2020» жол картасы
1. Бағдарлама паспорты
Ескерту. 1-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
Атауы |
«Жұмыспен қамту 2020» жол картасы |
Әзірлеу үшін негіздеме |
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы; |
Әзірлеуге және іске асыруға жауапты мемлекеттік орган |
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі |
Мақсаты |
Халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыру, халықтың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу, жұмыссыздықты қысқарту |
Міндеттері |
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз және халықтың нысаналы топтарына кіретін адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту; |
Іске асыру мерзімдері және кезеңдері |
1-кезең – 2015 жыл |
Нысаналы индикаторлар |
2020 жылға қарай: |
Қаржыландыру көздері және көлемі |
«Жұмыспен қамту 2020» жол картасын іске асыруға республикалық бюджетте 2015 жылға 37,3 млрд. теңге көзделген. |
2. Кіріспе
1. Мемлекет басшысы 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында өнімді жұмыспен қамтудың қолжетімділігін кеңейту, еңбекке ынталандыруды жоғарылату және халықтың табысын өсіру мақсатында халықты жұмыспен қамту саясатын жаңғырту қажеттілігін көрсетті.
Бұл үшін қажетті шарттар Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің бүкіл барысында әзірленген. Елімізде серпінді дамып келе жатқан еңбек нарығы құрылды, халықтың экономикалық белсенділігі және жұмыспен қамтылу деңгейі ұдайы арттырылуда.
Дағдарысқа қарсы реттеу тәжірибесі жинақталды. Жол картасы (2009 – 2010 жылдары) шеңберінде әзірленген жұмыс орындарын сақтау және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс ықпалына байланысты уақытша экономикалық қиындықтар жылдарында да жұмыспен қамтудың жоғары деңгейін сақтауға мүмкіндік берді.
Соған қарамастан, әлемдік дамудың тұрақсыздығы және әлеуметтік жаңғырту жағдайларында серпінді өзгеріп отыратын ішкі болмыстар еңбек нарығын реттеуге және нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге жаңа талаптар қояды.
Осы бағдарлама – «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы (бұдан әрі – Бағдарлама) аталған талаптардың жауабы болып табылады. Ол 2009 және 2010 жылдардағы жол карталарын және «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасын іске асырудың логикалық жалғасы болып табылады.
Бағдарламаға Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 11 ақпандағы кеңейтілген отырысында халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды кеңейту және жалдамалы қызметкерлерді жұмыстан босатуға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау бөлігінде берген тапсырмаларын ескере отырып өзектілендірілді.
3. Ағымдағы ахуалды талдау
Ескерту. 3-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
2. Мемлекет басшысының төрағалығымен 2015 жылғы 11 ақпанда өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев өз тиімділігін дәлелдеген «Жұмыспен қамту 2020» жол картасын» сақтап қалу қажеттігін атап өтті.
Айталық, 2011 – 2014 жылдар аралығында оның шеңберінде табысы аз, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық санатынан 462 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.
Көзделген шараларды іске асыру нәтижесінде 472 мың адамға жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетілді, оның ішінде 66 %-ы тұрақты жұмысқа орналастырылды, ал 121 мыңнан астам адам жаңа кәсіп меңгеруге мүмкіндік алды, шамамен 29 мың ауыл тұрғыны жеңілдікті шарттармен микрокредит алды.
Бұл жұмыссыздық деңгейіне оң әсерін тигізді, оның деңгейі 2014 жылдың 4-тоқсанының қорытындысы бойынша 5,0 %-ды құрап, 2010 жылмен салыстырғанда 0,8 %-ға азайған.
Бұл ретте жұмыспен қамтылғандардың саны тиісінше 8,1 млн. адамнан 8,6 млн. адамға көбейді. Жұмыспен қамтылған тұрғындардың құрамындағы өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардың үлесі 33 %-дан (2010 жылы) 29,4 %-ға (2014 жылдың 4-тоқсаны) азайды.
2013 жылдың басымен салыстырғанда нәтижесіз жұмыспен қамтылған адамдардың саны 1,0 млн. адамнан 721 мың адамға төмендеді.
Жастар практикасы және әлеуметтік жұмыс орындарын құру бағдарламаларын іске асыру жастар арасындағы жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге ықпал етті.
Оның көрсеткіші 4,0 % деңгейінде (15-28 жастағы) қалыптасты, бұл соңғы 20 жыл ішіндегі ең төмен көрсеткіш болып табылады.
Осылайша, Бағдарламаның іске асырылуы қабылданып жатқан қадамдардың, олардың оң әсері мен атаулылық бағытының дұрыстығын дәлелдейді.
Оны іске асыруға мемлекеттік бюджеттен бөлініп отырған қаражат шалғай ауылдарға дейін жетіп, қоғамда қордаланған проблемаларды шешуге ықпал етуде.
Алайда, қабылданып жатқан шараларға және оң өзгерістерге қарамастан, ұлттық еңбек нарығы теңестірілмеген. 458,6 мың жұмыссыз бола тұра, олардың көпшілігі 34-ке дейінгі жаста, бос жұмыс орындары сақталуда. Еңбек ресурстары сапасының төмендігіне және өндіріс пен оқытудың нақты байланысының болмауына байланысты жұмыс күшінің тапшылығы, бірінші кезекте білікті кадрлардың, техникалық және қызмет көрсететін жұмыскерлердің тапшылығы байқалады.
Жұмыспен қамтылған халықтың шамамен үштен бірінің кәсіптік білімі жоқ. Жұмыспен қамтылған халық құрылымында өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың үлесі басым. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың негізгі бөлігі ауылдық жерлерде тұрады және жеке шаруашылығымен айналысады, олардың табысы көбінесе күнделікті тіршілігіне ғана жетеді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың басым бөлігі әлеуметтік қорғау және қолдау жүйесімен қамтылмаған.
Әлемдік практикада осындай проблемаларды шешу үшін еңбек нарығының белсенді бағдарламалары (бұдан әрі – ЕНББ) қолданылады.
Оларда:
1) еңбек ресурстарын дамыту (кәсіптік даярлау және қайта даярлау);
2) жұмыс күшіне сұранысты ұлғайту (жалақыны/жұмыспен қамтуды субсидиялау, жаңа жұмыс орындарын құру);
3) жұмыспен қамту саясатын институционалдық және ақпараттық қамтамасыз ету (жұмыспен қамту қызметтерін, ақпараттық жүйелерді құру, ақпараттандыруды ұйымдастыру);
4) еңбекке ынталандыруды күшейту (кәсіптік бағдар, келісілген әлеуметтік көмек көрсету) көзделеді.
Халықаралық тәжірибеде қолданылатын ЕНББ-нің көпшілікке танылған құрамдастары:
1) мемлекеттік жұмысқа орналастыру қызметтері (бұдан әрі – МЖҚ) қабылдап жатқан жұмыссыздық кезеңіндегі алдын алу шаралары және жұмыс іздеп жүрген адамдар мен МЖҚ консультанттарының арасындағы тығыз байланыс;
2) ұдайы есептілік және жұмыс орындарының болуы мен жұмыс іздестіру жөніндегі қызметке мониторинг жүргізу;
3) жұмыссыз клиенттерді бос жұмыс орындарына тікелей жіберу;
4) жұмысқа қайту туралы келісімдер немесе жеке іс-қимыл жоспарларын жасау;
5) кәсіптік дағдылардың төмендеуін, жұмыс табу немесе ұзаққа жалғасқан жұмыссыздық кезеңі салдарынан ынталандыру факторларының жоғалуын болдырмау үшін ЕНББ-ға жіберу болып табылады.
2015 жылғы 11 ақпанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырманы орындау мақсатында, сондай-ақ «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әлемдік тәжірибені бейімдеу мүмкіндігі ескеріле отырып осы Бағдарлама әзірленді.
Ол дағдарысқа қарсы ден қою, еңбек нарығын реттеу тиімділігін арттыру, оның ішінде еңбек нарығының мониторингі, табысы аз, жұмыссыз және өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған халықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын және оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына қосылған өңірлерге қоныс аударған оралмандар мен қоныс аударушыларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту тетіктерін қамтиды.
Бағдарламаның күшті жағы еңбек нарығының сын-талаптарына тез арада ден қою мүмкіндігінен тұрады. Бағдарламаның әлсіз жағы бюджет қаражаты қысқарған жағдайда нысаналы топтарды қамту бойынша негізгі индикаторлардың орындалмауына байланысты.
4. Бағдарламаның мақсаты, нысаналы индикаторлары, міндеттері және нәтижелер көрсеткіштері
Ескерту. 4-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
3. Бағдарламаның мақсаты
Халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыру, халықтың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу, жұмыссыздық деңгейін қысқарту.
4. Бағдарламаның нысаналы индикаторлары
«Жұмыспен қамту 2020» жол картасында қойылған міндеттерді іске асыру барысында мынадай нәтижелерге қол жеткізу жоспарланып отыр:
2020 жылға қарай:
1) жұмыссыздық деңгейі 5,0 %-дан аспайтын болады;
2) әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,5 %-дан аспайтын болады;
3) жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі (15-28 жас) 4,6 %-дан аспайтын болады.
Бағдарлама шеңберінде 2015 жылы мыналар:
1) өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған адамдар – 5,5 %-ы;
2) жұмыссыздар – 11,0 %-ы;
3) атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан табысы аз отбасылардың еңбекке жарамды мүшелерінің жалпы санынан – 20,0 %-ы мемлекеттік қолдаумен қамтылатын болады.
5. Бағдарламаның негізгі міндеттері:
1) өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған, жұмыссыз және халықтың нысаналы тобына кіретін адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту:
Бағдарламаға қатысуға өтініш білдіргендер қатарындағы оған қатысушылардың қатарына қосылған азаматтардың үлесі 2020 жылға қарай – 92,0 %;
Бағдарламаға қатысуға өтініш білдіргендер қатарындағы оған қатысушылардың қатарына қосылған әйелдердің үлесі 2020 жылға қарай – 44,6 %;
Бағдарламаға қатысуға өтініш білдіргендер қатарындағы оған қатысушылардың қатарына қосылған жасы 29-ға дейінгі жастардың үлесі 2020 жылға қарай – 43,5 %;
өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жалпы санындағы нәтижелі жұмыспен қамтылғандардың үлесі 2016 қарай – 64,5 %, 2020 жылға қарай – 66,5 % болады;
2) кадрлық әлеуетті, оның ішінде Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін дамыту:
Бағдарлама шеңберінде ағымдағы жылы кәсіптік оқуды аяқтағандардың қатарындағы жұмысқа орналасқандардың үлесі 2016 жылға қарай – 70 %, 2020 жылға қарай – 71,0 % болады.
3) атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру:
атаулы әлеуметтік көмек алушылардың құрамындағы еңбекке жарамды халықтың үлес салмағы – 30 %;
6. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері мақсаттарға, нысаналы индикаторларға, міндеттерге, нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізуге жауапты мемлекеттік және өзге де органдар болып табылады.
5. Бағдарламаның негізгі бағыттары, мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу жолдары, тиісті шаралар
Ескерту. 5-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
7. Бағдарламаны іске асыру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
1) инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту арқылы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету;
2) кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру;
3) жұмыс берушінің нақты сұранысын есепке ала отырып, оқыту мен жұмысқа орналасуға және қоныс аударуға жәрдемдесу.
Тірек ауылдық елді мекендер инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, сондай-ақ кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру арқылы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік қолдауды іске асыру үшін басым елді мекендер болып табылады.
Бірінші бағыт: инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету
8. Аталған бағыт мынадай жұмыс және объектілер түрлері бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жолымен халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді көздейді:
1) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу (сумен жабдықтау, кәріз объектілері, газбен, жылумен, электрмен жабдықтау жүйелері);
2) әлеуметтік-мәдени объектілерді (білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, ойын-сауық және демалыс объектілерін) күрделі және ағымдағы жөндеу. Сейсмологиялық қауіпті өңірлер үшін сейсмологиялық қауіпсіздікті күшейте отырып, күрделі жөндеуге жол беріледі;
3) инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу (қалалық автомобиль жолдары, кентішілік және ауылішілік жолдар, кірме жолдар, аудандық маңызы бар жолдар, тротуарлар, бөгеттер, дамбалар мен көпірлер);
4) ауылдық жерлердегі фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар салу (ауылдағы авариялық, бейімделмеген және саман объектілердің проблемаларын шешетін объектілерге басым назар аударылады);
5) елді мекендерді абаттандыру (көшелерді, саябақтарды, скверлерді жарықтандыру және көгалдандыру, иесі жоқ объектілерді бұзу, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын, шағын сәулет нысандарын, қоршауларды, балалардың ойын және спорт алаңшаларын жайластыру);
6) мүгедектердің және халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-мәдени объектілерді, инженерлік-көліктік инфрақұрылымды күрделі, ағымдағы жөндеу жүргізіледі.
9. Әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары және орташа ауылдық елді мекендерде іске асыру осы Бағдарламаның 8-тармағында көзделген барлық жұмыс түрлері мен объектілері бойынша, ал қалаларда – осы Бағдарламаның 8-тармағының 1), 2), 3) және 6) тармақшаларында көрсетілген жұмыс түрлері бойынша жүзеге асырылады, бұл ретте шағын қалаларда іске асырылып жатқан жобаларға басымдық беріледі.
Саяжай кенттерінде осы Бағдарламаның 8-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көрсетілген жұмыс түрлері коммуналдық меншіктегі объектілер бойынша іске асырылады.
10. Жергілікті атқарушы органдар жобаларды іріктеуді:
1) жеткізілген қаржыландыру лимиттері, бұл ретте бір жұмыс орнының құны жобалардың барлық түрлері бойынша 3 млн. теңге лимиттен аспайды;
2) мемлекеттік сараптамадан өткен объектілерді салуға және күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттаманың болуы;
3) жобалар шеңберінде орташа және (немесе) ағымдағы жөндеуді жүзеге асыру жоспарланып отырған ақаулар ведомосінің, сметалық құжаттаманың, орындалатын жұмыс көлемінің шығыстар сметасының болуы;
4) мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімдері және отандық өндірушілерден тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу мүмкіндігі;
5) жобаларды іске асыруды бастау және аяқтау мерзімдері;
6) жобалардың іске асырылуын жергілікті бюджет қаражаты есебінен қоса қаржыландыру мүмкіндіктері;
7) құрылатын жұмыс орындарының саны және ұсынылған жобалар бойынша есептелген орташа айлық жалақының мөлшері;
8) жобаларды іске асыруға әсер ететін өңірдің табиғи климаттық жағдайлары және басқа да ерекшеліктері негізінде дербес жүзеге асырады.
11. Халықты жұмыспен қамту орталықтары осы ауданда (қалада) тұратын, уақытша тіркелген адамдарды қоса алғанда, Бағдарламаға қатысушыларды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыратын жұмыс беруші-мердігерлерге жібереді.
Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру тетігі.
12. Жергілікті атқарушы органдар 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға (бұдан әрі – Бағдарлама операторы) өңірлік даму саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік атқарушы органымен келісілген, Бағдарлама шеңберінде іске асыру ұсынылатын ауылдық жерлерде фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар салу жөніндегі жобаларды және инфрақұрылымдық жобаларды қолданыстағы заңнамада талап етілетін техникалық құжаттаманы, жобаны таңдауды, құрылатын жұмыс орындары саны мен орташа айлық жалақы көрсеткіштерінің негіздемесін қоса бере отырып, жыл сайын 15 сәуірден кешіктірмей ұсынады.
Тиісті техникалық құжаттамасыз және жобаның таңдалуы, құрылатын жұмыс орындарының саны мен орташа айлық жалақының көрсеткіштері негізделмей ұсынылған, сондай-ақ құны 3 млн. теңгеден асатын жұмыс орындарын құруды көздейтін жобалар қаралмайды.
Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029; 22.07.2016 № 421 қаулыларымен.
13. Жобаларды қарау барысында Бағдарлама операторы жобалардың осы Бағдарламаның 8-тармағында көрсетілген жұмыс түрлері мен объектілерге сәйкестігін тексереді.
Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
14. Жобалар осы Бағдарламаның 8-тармағына сәйкес келмеген кезде Бағдарлама операторы жергілікті атқарушы органдарға бас тарту себептері көрсетілген уәждемелі жауап жібереді.
Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
15. Бағдарлама операторы жергілікті атқарушы органдар ұсынған құрылатын жұмыс орындары санының, орташа айлық жалақы мөлшерінің күтілетін көрсеткіштерін ескере отырып, жобаларды қарайды және іріктейді.
Бұл ретте, Бағдарламаға қатысушылар үшін көбірек жұмыс орындарын құратын және ұзақ мерзімде жұмыспен қамтуды қамтамасыз ететін инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға басымдық беріледі.
Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
16. Жергілікті атқарушы органдар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру шеңберінде:
1) жаңа жұмыс орындарын құруды;
2) халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары бойынша инфрақұрылымдық жоба іске асырылатын ауданда (қалада) тұратын, оның ішінде уақытша тіркелген Бағдарламаға қатысушыларға құрылыс кезінде – жұмыс орындарының кемінде 30 %-ын, күрделі, ағымдағы жөндеу және абаттандыру кезінде жұмыс орындарының кемінде 50 %-ын ұсынуды қамтамасыз етеді.
Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
16-1. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, ұлттық компаниялар мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар, аумақтарды дамыту бағдарламалары шеңберінде жобаларды іске асырған кезде халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары бойынша Бағдарламаға қатысушыларға құрылыс кезінде – жұмыс орындарының кемінде 10 %-ын, күрделі, ағымдағы жөндеу және абаттандыру кезінде жұмыс орындарының кемінде 15 %-ын ұсынуды қамтамасыз етеді.
Ескерту. Бөлім 16-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
16-2. Жоба іске асырылатын ауданда (қалада) қажетті еңбек ресурстары болмаған кезде аудандардың (қалалардың) жұмыспен қамту орталықтарының жазбаша келісімі болған жағдайда оны сырттан тартуға жол беріледі.
Ескерту. Бөлім 16-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
17. Жобаларды күрделі, ағымдағы жөндеу, абаттандыру бойынша бюджет қаражатының үнемі қалыптасқан жағдайда жергілікті атқарушы органдар Бағдарлама операторымен келісу бойынша көрсетілген қаражатты Бағдарламаның осы бағыты бойынша іске асырылатын өзге де жобаларға немесе жобалардың түпкілікті нәтижелерінің көрсеткіштерін жақсартуға жұмсай алады.
Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
18. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 10-күніне Бағдарлама операторына инфрақұрылымдық жобаларды және абаттандыруды іске асыру, сондай-ақ ауылдық жерлерде фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар салу бойынша:
1) басталған (аяқталған) жобалардың саны, жобалар бөлінісінде орындалған жұмыстардың көлемі;
2) құрылған жұмыс орындарының саны және халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша жұмысқа орналастырылған Бағдарламаға қатысушылардың саны, сондай-ақ олардың орташа айлық жалақысының мөлшері;
3) бөлінген нысаналы трансферттердің игерілуі, уақтылы игерілмеудің себептері және төмен тұрған бюджеттен қаржыландыру көлемдері;
4) жіберілген бұзушылықтар және оларды жою бойынша қабылданған шаралар туралы мәліметтер қамтылуы тиіс есептерді ұсынады.
Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
19. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
19-1. Қазақстан Республикасы Үкіметтің арнайы резервінен бөлінген қаражат шеңберінде инфрақұрылымды (әлеуметтік-мәдени объектілер, инженерлік-көлік инфрақұрылымы), ТКШ-ны ағымдағы және орташа жөндеуді, абаттандыруды көздейтін жобаларды іріктеу рәсімі 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап облыс орталықтарының және Алматы қаласының аудандарына қосылған ауылдық елді мекендерді қоса алғанда, ауылдарда, кенттерде, ауылдық округтерде, аудандық маңызы бар қалаларда жергілікті қоғамдастық жиналысында мыналарға:
1) жеткізілген қаржыландыру лимиттеріне;
2) жергілікті бюджет қаражаты есебінен қоса қаржыландыру мүмкіндіктеріне;
3) елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту және жақсарту қажеттілігіне;
4) бірінші кезектілігі мен өзектілігіне негізделе отырып жүзеге асырылады.
Жергілікті қоғамдастық жиналысын өткізу нәтижесі бойынша хаттама жасалады.
Жергілікті атқарушы органдар деректерді жинақтаған соң бес жұмыс күні ішінде Бағдарлама операторына жергілікті қоғамдастық жиналасының хаттамасын қоса бере отырып, жобалардың тізбесін ұсынады.
Ескерту. 19-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 22.07.2016 № 421 қаулысымен.
19-2. Қазақстан Республикасы Үкіметтің арнайы резервінен бөлінген қаражат шегінде жүзеге асырылатын инфрақұрылымды (әлеуметтік-мәдени объектілер, инженерлік-көлік инфрақұрылымы), ТКШ-ны ағымдағы және орташа жөндеуді, абаттандыруды көздейтін жобаларды қаржыландыру лимитін Бағдарлама операторы жергілікті атқарушы органдарға 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап облыс орталықтарының және Алматы қаласының аудандарына қосылған ауылдық елді мекендерді қоса алғанда, ауылдарда, кенттерде, ауылдық округтерде, аудандық маңызы бар қалаларда тұратын халықтың санына байланысты жеткізеді.
Бұл ретте қаржыландыру лимитін бөлген кезде даму әлеуеті төмен ауылдар мен кенттер алып тасталады.
Ескерту. 19-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 22.07.2016 № 421 қаулысымен.
20. Іске асырылып жатқан жобаларға жұмысқа орналасуға ниет білдірген және мүмкіндігі бар Бағдарламаға әлеуетті қатысушылар халықты жұмыспен қамту орталықтарына Бағдарламаға қатысуға өтінішпен жүгініп, мынадай құжаттарды қоса береді:
1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін (мекенжай анықтамасы, ауылдық әкімдердің анықтамасы), уақытша тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесі;
3) болған жағдайда, білімі туралы құжаттың көшірмесі (аттестат, куәлік, диплом) және/немесе оқу курстарынан өткенін растайтын басқа да құжаттар (куәлік, сертификат).
21. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілердің еңбек ресурстарына қажеттілігін есепке ала отырып, өтініш берушілерді Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу туралы шешім қабылдайды және оларды іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар шеңберінде құрылатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасу үшін жібереді.
22. Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысатын Бағдарламаға қатысушылар мен жұмыс берушілер туралы мәліметтер әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесінде орналастырылады.
Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.07.2016 № 421 қаулысымен.
23. Бағдарлама операторы Бағдарлама шеңберінде іске асырылатын инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізеді.
Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
Екінші бағыт: кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру
Ескерту. Кіші бөлімнің тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
24. Екінші бағыт жеке ісін ұйымдастыру немесе кеңейту арқылы кәсіпкерлікті ынталандыруды және экономикалық белсенділікті арттыруды көздейді.
Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
25. Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру әкімшілік бағыныстылығына қарамастан, даму әлеуеті орташа және жоғары ауылдарда, қалалық елді мекендерде жеке ісін ұйымдастыру немесе кеңейту, сондай-ақ Бағдарлама қатысушыларының ауыл шаруашылық өнімдерін даярлау және өткізу пункттері кешенімен бірге ұсақ тауарлар өндірісінің жеке қосалқы шаруашылығы базасында ұйымдастыруы арқылы жүзеге асырылады.
Бұл ретте, кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру жөніндегі шараларды қаржыландыру мынадай қатынаста жүзеге асырылады: 80 % – ауылдық елді мекендерде, 20% – қалалық елді мекендерде.
Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
26. Кәсіпкерлік бастаманы мемлекеттік қолдауды іске асыру үшін тірек ауылдық елді мекендер басым елді мекендер болып табылады.
27. Бағдарламаға қатысушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай түрлері ұсынылады:
1) жол жүруге және тұруға материалдық көмек ұсына отырып, кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту және бизнес-жоспар әзірлеуге жәрдемдесу;
2) микрокредиттер беру;
3) бір жылға дейінгі мерзімге жобаларды сүйемелдеу жөніндегі сервистік қызметтер (маркетингтік, заңдық, бухгалтерлік және басқа да қызмет түрлері) көрсету;
4) 500 мың теңгеге дейінгі сомаға микрокредиттер алған адамдарды қоспағанда, Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар үшін, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамыту және/немесе жетіспейтіндерін салу және/немесе жабдықтар сатып алу.
28. Қатысу және Бағдарламаға қатысушыларға мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну шарттары жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарға кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік қолдау көрсетуді ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларымен айқындалады.
29. Конкурсты ұйымдастыру және өткізу тәртібі, микроқаржы (микрокредиттік) ұйымдары мен кредиттік серіктестіктерді іріктеу және кредит ресурстарын беру, Бағдарламаның осы бағыты шеңберінде бөлінген кредит ресурстарының мақсатты пайдаланылуын мониторингтеу жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Микроқаржы ұйымдары мен кредиттік серіктестіктерге конкурстық негізде кредит беру қағидаларымен айқындалады.
30. Микрокредит беру шарттары:
1) республикалық бюджеттен бюджеттік кредит жергілікті атқарушы органға қайтарымдылық, мерзімділік және ақылылық қағидаттарында 0,01 % жылдық сыйақы мөлшерлемесімен 5 жылға беріледі;
2) бюджеттiк кредиттiң нысаналы мақсаты – жеке iсiн ұйымдастыру немесе кеңейту;
Жеке ісін кеңейтуге микрокредит жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру және халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы міндетті түрде жұмысқа орналастыру шартында беріледі;
3) микрокредит тұтынушылық мақсаттарға, бұрынғы қарызды өтеуге және жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ сауда саласындағы қызметті жүзеге асыруға берiлмейдi;
4) 500 мың теңгеге дейінгі сомаға микрокредит беру мерзiмi – 3 жылдан аспайды, 500 мың теңгеден жоғары сомаға – 5 жылдан аспайды;
5) микрокредит:
жеке ісін ұйымдастыруға және кеңейтуге 3 млн. теңгеге дейінгі;
Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын және оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына қосылған өңірлерге қоныс аударғандарға 5 млн. теңгеге дейінгі;
жеке қосалқы шаруашылық базасында ұсақ тауарлар өндірісін ұйымдастыруға 6 млн. теңгеге дейінгі соманы құрайды.
Ұсақ тауарлар өндірісін ұйымдастыру үшін 6 млн. теңгеге дейінгі микрокредиттер беру пилоттық режимде 2016 жылы қабылданатын болады.
6) 500 мың теңгеге дейінгі сомаға микрокредит алған қарыз алушыларды қоспағанда, түпкілікті қарыз алушыға, микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдарына және/немесе кредиттiк серiктестiктерге микрокредит бойынша негiзгi борышты өтеу бойынша микрокредит беру мерзімі ұзақтығының үштен бiрiнен аспайтын мерзiмге жеңiлдiктi кезең ұсынылуы мүмкiн;
7) 500 мың теңгеге дейін микрокредит бойынша түпкілікті қарыз алушыға негiзгi борышты өтеу бойынша алты айдан аспайтын мерзімге жеңiлдiктi кезең ұсынылады;
8) микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдары және/немесе кредиттiк серiктестiктер үшiн уәкiлеттi өңiрлiк ұйым ұсынатын микрокредиттер бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі өңiрлiк комиссиямен келiсу бойынша уәкiлеттi өңiрлiк ұйым үшiн белгiленген микрокредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі мен оның микрокредит берудi ұйымдастыруға байланысты жоспарланған шығыстарын негізге ала отырып белгіленеді;
9) соңғы қарыз алушы үшiн кредиттiк ресурстар бойынша ең жоғары жылдық тиiмдi мөлшерлемені өңiрлiк комиссиямен келiсу бойынша уәкiлеттi өңiрлiк ұйым белгiлейдi;
10) соңғы қарыз алушы үшін қаржы агенттігі мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйым ұсынатын микрокредиттер бойынша ең жоғары жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі өңірлік комиссиямен келісу бойынша белгіленеді. Бұл ретте 500 мың теңгеге дейінгі микрокредиттер бойынша соңғы қарыз алушы үшін ең жоғары жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 5 %-дан аспайтын мөлшерде белгіленеді;
11) микрокредиттерін мерзімінен бұрын өтеген Бағдарламаға қатысушылардың жеке ісін кеңейту үшін микрокредит алуға қайта өтініш беруге және 5 млн. теңгеге дейін микрокредит алуға құқығы бар;
12) соңғы қарыз алушылардың бұрын берілген кредиттік ресурстар бойынша қайтарған қаражаты есебінен қайта кредит беруге жол беріледі.
Ескерту. 30-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
31. Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және жабдық сатып алу шарттары:
1) инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және/немесе салу Бағдарламаға қатысушылар iске асыратын жобалар үшiн қолданыстағы жүйелерге: жолдарға, кәрiзге, жылумен және сумен, газбен жабдықтауға, телефон және электр желiлерiне жетiспейтiн инфрақұрылым жүргізуді болжайды.
Жетiспейтiн инфрақұрылымды жүргізу елдi мекендi дамытудың бас жоспарына (ауылда – инженерлiк-коммуникациялық желiлердiң жергiлiктi схемаларына) сәйкес келуге тиiс және бiр немесе бiрнеше жобаны қамтамасыз етуге бағытталуы мүмкiн.
Жүргізілген инженерлік инфрақұрылым жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық меншігінің теңгеріміне беріледі.
Инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамыту және/немесе жетіспейтіндерін салу «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады;
2) Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар үшін жабдық сатып алу кәріз, жылумен және сумен, газбен жабдықтау желілерін, телефон және электр желiлерiн алмастыратын жабдықпен, сондай-ақ жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін блок модульдермен (арнайы жабдықталған жылжымалы үйлер) жарақтандыруды білдіреді.
Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін сатып алынатын жабдық қабылдау-беру актісі арқылы Бағдарламаға қатысушының меншігіне беріледі. Бұл ретте микрокредитті қайтару мерзімі ішінде Бағдарламаға қатысушы жабдықты мақсатты пайдалануды қамтамасыз етеді және растайды.
32. Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамытуды және/немесе жетіспейтіндерін салуды және жабдықтар сатып алуды жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырады.
Ескерту. 32-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
33. Жергілікті атқарушы органдар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамытуға және/немесе жетіспейтіндерін салу үшін және Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар үшін, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін жабдықтар сатып алуға арналған жергілікті бюджет қаражатын айқындалған техникалық шарттарға немесе «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттама мен бизнес-ұсыныстарға сәйкес пайдаланады.
Ескерту. 33-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
34. Жергілікті атқарушы органдар Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар үшін, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамыту және/немесе жетіспейтіндерін салу және жабдықты сатып алу жөніндегі уәкілетті органды өз бетінше айқындайды.
Бұл ретте, Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар үшін, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін инфрақұрылым объектілерін дамыту және/немесе салудың және/немесе сатып алынатын жабдықтың құны жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу құны мен мемлекеттік сараптама жүргізу құны есепке алынбай берілетін микрокредиттің сомасына қарамастан, Бағдарламаның бір қатысушысына 3 млн. теңгеден аспауға тиіс.
Шартта көзделген инфрақұрылымдық жобаның iске асырылуын мониторингтеу инфрақұрылымды дамыту жөнiндегi уәкiлеттi органға жүктеледi.
35. Микроқаржы (микрокредиттік) ұйымдарына, кредиттік серіктестіктерге және қаржы агенттігі мәртебесіне ие ұйымдарға кредиттік ресурстар беру тетігі:
1) Бағдарлама операторы жергiлiктi атқарушы органға бюджеттiк кредит бередi;
2) аудандардың (қалалардың) жергілікті атқарушы органдары ауылдық округтер әкімдерінің қатысуымен аумақтарды дамыту бағдарламаларына сәйкес Кәсіпкерлікті дамыту картасын әзірлейді және оны облыстың кәсіпкерлікті дамыту және ауыл шаруашылығы жөніндегі уәкілетті органымен келісу бойынша бекітеді.
2016 жылғы 1 қаңтардан бастап микрокредит беру ауыл шаруашылығы өнімдерінің нақты түрлерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы жерлерін оңтайлы пайдалану бойынша өңірлерді мамандандырудың ұсынылатын схемасын ескере отырып, Кәсіпкерлікті дамыту картасына сәйкес жүзеге асырылады.
Кәсіпкерлікті дамыту картасы бекітілгенге дейін Бағдарламаға қатысушыларға микрокредит беру өңірлік комиссиялар айқындаған өңірде кәсіпкерлікті дамытудың басым бағыттарына сәйкес жүзеге асырылады;
3) облыстардың жергілікті атқарушы органдары микрокредит беруді ұйымдастыру үшін уәкілетті өңірлік ұйымдарды айқындайды;
4) уәкiлеттi өңiрлiк ұйымдар жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Микроқаржы ұйымдарына және/немесе кредиттiк серiктестiктерге кредит беру қағидаларына сәйкес Бағдарламаға қатысу үшiн микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдарын және/немесе кредиттiк серiктестiктердi iрiктеу бойынша конкурс өткiзедi.
Микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдары мен кредиттiк серiктестiктер арасында конкурс өткізбей, соңғы қарыз алушыларға микрокредит беруді қаржы агенттігі мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйымның өзі жүзеге асыруы мүмкін;
5) уәкiлеттi өңiрлiк ұйым мен микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдарының және/немесе кредиттiк серiктестiктердiң арасында кредит беру туралы шарт жасалады.
Уәкілетті өңірлік ұйымның қаржы агенттігі мәртебесі болған жағдайда, микрокредит ұсыну туралы шарт тікелей соңғы қарыз алушымен жасалады.
6) Бағдарлама операторы өз құзыреті шегінде қаржы агенттігі мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйым, микроқаржы (микрокредиттік) ұйымдары немесе кредиттік серіктестіктер берілген кредиттің мақсатты пайдаланылуын және Бағдарламаға қатысушылардың шартқа сәйкес өздеріне қабылдаған міндеттемелерін орындауын сүйемелдеуді және бақылауды жүзеге асырады.
Қаражатты мақсатты пайдалану туралы есепті, микрокредиттерді беру және өтеу, қатарынан 3 айдан астам микрокредиттерді өтеу бойынша қарыздары бар адамдар, негізгі қарыз және сыйақы бойынша қарыздардың сомасы жөніндегі ақпаратты, сондай-ақ микрокредитті уақытынан бұрын өтеген адамдардың тізімдерін Бағдарламаға қатысушыны жіберген халықты жұмыспен қамту орталығына әр айдың 5-күнiне дейін ұсынады;
7) қаржы агенттігі мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйым не микроқаржы (микрокредит) ұйымдары не микрокредиттік серіктестіктер «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кредиттік бюроға микрокредиттерді мақсатсыз пайдалануға жол берген және кредиттерді өтеу кестесін бұзған адамдарды қоса алғанда, микрокредит алған Бағдарламаға қатысушылардың тізімін ұсынады.
Ескерту. 35-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
36. Бағдарламаға қатысушыларға кәсіпкерлікті дамыту бойынша мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну тетігі:
1) Бағдарламаның екiншi бағытының бірінші құрамдас бөлігіне қатысуға ниет бiлдiрушiлер халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінеді, онда оларға Бағдарлама шеңберінде микрокредит алудың ықтимал нұсқалары туралы консультация беріледі;
2) халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаның екінші бағытына қатысушылар құрамына енгізілген адамдармен әлеуметтік келісімшарттар жасайды;
3) халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаға қатысушыларды Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына немесе Кәсіпкерлікті қолдау орталығына (сервистік қызмет көрсету жөніндегі ұйым) жібереді, онда оларды кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту, бизнес-жоспар әзірлеуге жәрдемдесу қамтамасыз етіледі;
4) микрокредиттер беру:
Бағдарламаға қатысушы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының немесе Кәсіпкерлікті қолдау орталығының жәрдем көрсетуімен жобаның бизнес-жоспарын әзірлейді және Бағдарламаға қатысушыларға микрокредит беру құқығын алған қаржы агенттігі мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйымға не микроқаржы (микрокредиттік) ұйымына микрокредит алуға өтініммен жүгінеді;
5) Бағдарламаға қатысушы микрокредит алуға оң қорытынды алғаннан кейін Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығымен немесе Кәсіпкерлікті қолдау орталығымен бір жылға дейінгі мерзімге жобаны сүйемелдеу жөніндегі қосымша қызметтер (маркетингтік, заңдық, бухгалтерлік және басқа да қызмет түрлерін) ұсынуға шарт жасасуға құқылы.
6) инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту:
халықты жұмыспен қамту орталықтары қаржы агенттігі мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйымнан не микроқаржы (микрокредиттік) ұйымынан немесе кредиттік серіктестіктен оң қорытынды алған кезде инфрақұрылымды дамыту жөніндегі уәкілетті органға Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамытуды және/немесе жетіспейтіндерін салуды және/немесе жабдық сатып алуды талап ететін Бағдарламаға қатысушылардың тізімдерін жібереді;
Бағдарламаға қатысушылар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның жетіспейтін объектілерін дамыту үшін қажет болса, техникалық паспортты, жер актісін, жер учаскесін бөліп беруді және техникалық шарттарды ұсынады;
инфрақұрылымды дамыту жөніндегі уәкілетті орган Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін қаржыландыру немесе жабдықтар сатып алу мүмкіндігі (немесе мүмкін еместігі) және қажетті қаржыландыру көлемі туралы қорытынды дайындайды және қабылданған шешім туралы халықты жұмыспен қамту орталығын хабардар етеді;
7) оң қорытынды алған жобалар бойынша Бағдарламаға қатысушы мен инфрақұрылымды дамыту жөнiндегi уәкiлеттi органның арасында тиiстi шарт жасалады.
Ескерту. 36-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
Тірек ауылдарды кешенді дамыту
Ескерту. "Тірек ауылдарды кешенді дамыту" бөлімі алып тасталды - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
Үшінші бағыт: жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу
51. Үшінші бағыт жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде еңбек әлеуетін дамыту, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының кәсіптік және аумақтық ұтқырлығын арттыру жолымен халықты жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған.
52. Үшінші бағыттың мынадай құрауыштары бар:
1) оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу;
2) аумақтық ұтқырлықты арттыру.
Оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу
53. Аталған бағыт шеңберінде Бағдарламаға қатысушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай түрлері ұсынылады:
1) кәсіптік бағдарлану, кәсіп таңдауда көмек көрсету, оқу және жұмысқа орналасу мәселелері бойынша консультациялар, психологиялық бейімдеу жөніндегі қызметтер;
2) біліктілікті арттырудың, кәсіптік даярлаудың және қайта даярлаудың тегін курстарына (бұдан әрі – кәсіптік оқыту) жіберу;
3) қызмет көрсету саласы үшін кадрларды даярлау бойынша, оның ішінде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу шеңберінде және «жасыл экономика» саласында қысқа мерзімді тегін курстарға (бұдан әрі – оқыту шеберлік сыныптары) жіберу;
4) практикалық дағдылар алу үшін қысқа мерзімді курстарды қоспағанда, кәсіптік оқуға материалдық көмек беру;
5) лайықты бос жұмыс орындарын іздеу және жұмысқа, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар практикасына орналасуға жәрдемдесу;
6) әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан жеке тұлғалардың жалақысын ішінара субсидиялау;
7) жастар практикасына жіберілген жеке тұлғаларға еңбекақы төлеу;
8) қысқартылған жұмыс уақыты үшін білікті қызметкерлердің жоғалтқан табысының үштен екі бөлігін уақытша субсидиялау;
9) жұмыс берушілерге мемлекеттік грант беру арқылы біліктілік арттыруға және қайта даярлауға жіберу.
Ескерту. 53-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
54. Кәсіптік бағдарлау кәсіпті саналы түрде таңдау үшін 50 жастан асқан адамдарды қоса алғанда, үміткерлердің бейімділіктерін, қабілеттерін айқындауға бағытталған. Кәсіптерді таңдау Жалпыұлттық дерекқордағы мәліметтерді ескере отырып жүзеге асырылады.
55. Кәсіптік бағдарлауды халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз және табысы аз топтары, орта білім беру ұйымдарының 9, 11-сыныптарының оқушылары арасында білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлеген әдістемелік ұсынымдарға сәйкес жүзеге асырады.
56. Кәсіптік бағдарлауды жүргізуді жұмыспен қамту орталықтары, оның ішінде мемлекеттік сатып алу және/немесе мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкес тартылатын жеке жұмыспен қамту агенттіктері және (немесе) үкіметтік емес ұйымдар жүзеге асырады.
57. Кәсіптік бағдарлаудан өткен адамдар туралы мәліметтер «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне орналастырылады.
Ескерту. 57-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
58. Кәсіптік оқыту кәсіптік даярлауды, кәсіптік қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды қамтиды.
59. Оқуға үміткерлерді жұмыс беруші Бағдарламаға қатысушылар қатарынан да, Бағдарламаның тиісті критерийлеріне сәйкес келетін, жеке жұмыспен қамту агенттіктері және бос жұмыс орындары жәрмеңкелері арқылы өз бетінше іздеу негізінде тартылатын басқа да үміткерлер қатарынан да іріктейді.
Бағдарламаға қатысушы жұмыс берушімен келісу бойынша халықты жұмыспен қамту орталығы Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалымен бірлесіп айқындаған кадрларға қажеттілікке сәйкес кәсіптік оқу түрін және білім беретін ұйымды таңдайды.
Оқытуды жүзеге асыратын білім беру ұйымын таңдау, тізбесі Бағдарлама операторының, Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалының, сондай-ақ білім беру саласындағы уәкілетті органның, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органның және халықты жұмыспен қамту орталықтарының интернет-ресурсына орналастырылған ұйымдардың және жұмыс берушілердің оқу орталықтарының қатарынан жүргізіледі.
Ескерту. 59-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
59-1. Қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды ұйымдастыру кезінде жұмыстан босатылған қызметкерлерге және 55-тен 64 жасқа дейінгі жастағы жұмыссыздарға, сондай-ақ 18-ден 24 жасқа дейінгі жастар қатарындағы жалдамалы қызметкерлерге басым құқық беріледі.
Жұмыстан босатылған қызметкерлерге және 55-тен 64 жасқа дейінгі жастағы жұмыссыздарға қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға жіберуді үміткерлерді таңдауда жұмыс берушілердің қатысуын талап етпей-ақ, халықты жұмыспен қамту орталығы жүзеге асырады.
Ескерту. Бөлім 59-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
60. Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқыту кәсіптік даярлық деңгейін бағалау жөніндегі біліктілік емтиханынан өткен адамдарға белгіленген үлгідегі куәлік (сертификат) берілген жағдайда не «Республикалық техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту және біліктілік беру ғылыми-әдістемелік орталығы» акционерлік қоғамында куәлік (сертификат) алуға жәрдемдесу кезінде жүзеге асырылуы мүмкін.
Кәсіптік оқыту кадрларды даярлаудың дуальді моделі қағидаттарында жүргізілуге тиіс.
Жалдамалы қызметкерлерді, оның ішінде 18-ден 24 жасқа дейінгі жастағы жастарды өндірістен қол үзіп немесе қол үзбей кәсіптік қайта даярлау және біліктілігін арттыру Бағдарламаға қатысушының жұмыс орнының сақталуы шартымен жұмыс берушілердің өтінімі бойынша жүзеге асырылады.
Ескерту. 60-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
61. Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқытуды мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде Жұмыспен қамту орталығы ұйымдастырады және ол оқу курсының мазмұнына қарай ұзақтығы:
1) кәсіптік даярлау жүргізу кезінде – он екі айдан аспайды;
2) қайта даярлау кезінде – алты айдан аспайды;
3) біліктілікті арттыру кезінде – үш айдан аспайды.
62. Жергілікті атқарушы органдар техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында кәсіптік оқыту құнын жыл сайын білім беру процесіндегі шығыстарды есепке ала отырып, оқу жоспарлары мен бағдарламаларының талаптарына сәйкес мамандық пен біліктілік деңгейіне байланысты белгілейді.
Жұмыс берушілердің оқу орталықтарындағы кәсіптік оқыту құнын халықты жұмыспен қамту орталығымен, білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органмен және өңірлік комиссиямен келісу бойынша оқу орталығы айқындайды.
63. Кәсіптік оқу аяқталғаннан кейін халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаға қатысушыларды жұмыс беруші мәлімдеген жұмыс орнына жібереді.
Бағдарламаға қатысушы жұмыс беруші мәлімдеген жұмыс орнына орналасудан немесе жұмыс беруші Бағдарламаға қатысушыны жұмысқа қабылдаудан бас тартқан жағдайда, төленген материалдық көмек және стипендия сомаларын қоса алғанда, оқыту шығыстары жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған шарттарға сәйкес бюджетке қайтарылады.
Ескерту. 63-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
64. 2013 жылға дейін кәсіптік даярлауға қабылданған адамдардың оқуын қаржыландыруды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі көрсетілген адамдар оқуын толық аяқтағанға дейін жүзеге асыратын болады.
64-1. Өнеркәсіп салаларына жататын кәсіпорындардың білікті қызметкерлерін біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға жіберу үшін 2016 жылдан бастап жұмыс берушілерге мемлекеттік грант беру көзделеді.
Гранттар оқу жоспарлары мен бағдарламаларының талаптарына сәйкес мамандыққа және біліктілік деңгейіне қарай оқу процесі шығыстарын есептей келе білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдар белгілеген біліктілік арттыру және қайта даярлау курстарының құнынан жұмыс берушілердің бір адамға кететін шығынының 80 %-ы, бірақ 100 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде беріледі.»;
Жұмыс берушілерге біліктілікті арттыруға және қайта даярлауға мемлекеттік гранттар беру шарттары жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарды оқытуды, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларында айқындалады.
Ескерту. Бөлім 64-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
Жастар практикасына және әлеуметтік жұмыс орындарына
жіберу және ішінара субсидиялауды ұйымдастыру
тәртібі
Ескерту. Кіші бөлімнің тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
65. Оқуды аяқтағаннан кейінгі үш жыл ішінде бітірушілер қатарындағы жастар практикасына қатысушылардың жалақысын субсидиялау 6 айдан асырмай жүзеге асырылады.
Экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, субсидия мөлшері айына 18 айлық есептік көрсеткішті (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыларды және банк қызметтерін ескере отырып) құрайды.
Жергілікті атқарушы органдардың шешімдері бойынша жастар практикасына жіберілген жеке тұлғалардың еңбекақысын жергілікті бюджет қаражаты есебінен қоса қаржыландыруға жол беріледі.
Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан Бағдарламаға қатысушылардың жалақысын мемлекеттің ішінара субсидиялауы жұмысқа орналасқан күннен бастап 12 ай ішінде жүзеге асырылады.
Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан Бағдарламаға қатысушылардың жалақысына берілетін ай сайынғы субсидия мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыны ескергенде жалақының белгіленген мөлшерінің 35 %-ын құрайды, бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда айқындалған ең төменгі жалақы мөлшерінен аспауға тиіс.
Әлеуметтік жұмыс орындарында және жастар практикасында уақытша жұмыспен қамтылу шарттары «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 19 маусымдағы № 836 қаулысында айқындалған.
Жұмыс беруші әлеуметтік жұмыс орындарын және жастар практикасын ұйымдастырудың белгіленген тәртібін бұзған жағдайда, жұмыс берушілермен жасалған тиісті шарт олардың Бағдарламаға қатысушыларға субсидиялар төлеуге кеткен мемлекеттің шығыстарын бюджетке қайтаруы арқылы бұзылуға жатады.
Бұзушылық анықталған сәттен бастап бір жыл ішінде әлеуметтік жұмыс орындарын және жастар практикасын ұйымдастырудың белгіленген тәртібін бұзуға жол берген жұмыс берушілермен әлеуметтік жұмыс орындарын және жастар практикасын ұйымдастыруға шарттар жасасуға жол берілмейді.
Ескерту. 65-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
65-1. Қысқартылған жұмыс уақыты үшін республикалық және өңірлік деңгейдегі кәсіпорындардың білікті қызметкерлерінің жоғалтқан табысының үштен екі бөлігін уақытша субсидиялау олардың жұмыс орнын қысқартуды болдырмау мақсатында жалақының жоғалтылған бөлігінің орнын толтыру үшін жүзеге асырылады.
Республикалық деңгейдегі кәсіпорындардың қысқартылған жұмыс уақыты үшін білікті қызметкерлердің жоғалтқан табысының үштен екі бөлігін уақытша субсидиялау қызметкерлерінің саны 250 адамнан кем емес өнеркәсіп салаларына жататын кәсіпорындардың қызметкерлеріне ғана жүргізіледі, өндіріс көлемі немесе бағалардың әлемдік конъюнктурасына байланысты өнім бағасы төмендеген жағдайда және кәсіпорын мына шарттардың біріне сәйкес келген жағдайда:
1) моноқалаларда қала құраушы кәсіпорын болып табылады;
2) экспортқа шығарылатын тауарлардың (көрсетілетін қызметтердің) үлесі осы кәсіпорын өндіретін тауарлардың (көрсетілетін қызметтердің) жалпы көлемінің кемінде 30%-ын құрайды;
3) ішкі нарыққа шығарылатын тауарлардың (көрсетілетін қызметтердің) үлесі облыстық көлемнің кемінде 30%-ын немесе республика бойынша осы тауарлар (көрсетілетін қызметтер) көлемінің кемінде 10%-ын құрайды.
Қысқартылған жұмыс уақыты үшін білікті қызметкерлердің жоғалтқан табысының үштен екі бөлігін уақытша субсидиялау бойынша мемлекеттік шара қолданылған жағдайда, кәсіпорын өндірістің тоқтатылуына жол бермейді және көрсетілген білікті қызметкерлердің қолданыстағы жұмыс орындарын сақтайды.
Бұл ретте, өңірлік деңгейдегі кәсіпорындарды уақытша субсидиялау шарты тиісті жергілікті атқарушы органдардың шешімдерімен белгіленеді.
Білікті қызметкерлердің жоғалтқан табысының үштен екі бөлігін уақытша субсидиялау білікті мамандар, қызметшілер және жұмысшылар (4-разрядты және одан жоғары) қатарындағы негізгі өндірістерде (цехтарда) жұмыс істейтін қызметкерлер үшін ғана жүзеге асырылады.
Білікті қызметкерлердің жоғалтқан табысының үштен екі бөлігін уақытша субсидиялау 6 ай ішінде, тағы 6 айға созу мүмкіндігімен жүзеге асырылады.
Уақытша субсидиялаудың айлық мөлшері қысқартылған жұмыс уақыты үшін қызметкерлер табысының үштен екі бөлігін құрайды (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыларды және банк қызметтерін ескере отырып), бірақ тиісті кезең үшін республикалық бюджет туралы заңнамада белгіленген 2 ең төменгі жалақыдан аспайды.
Білікті қызметкерлердің жоғалтқан табысының үштен екі бөлігін уақытша субсидиялау үшін республикалық деңгейдегі кәсіпорындардың тізбесін ВАК қарастырады және келіседі.
Бағдарлама операторы ВАК-та мақұлданған білікті қызметкерлердің жоғалтқан табысының үштен екі бөлігін уақытша субсидиялау үшін республикалық деңгейдегі кәсіпорындар тізбесін бекітеді.
Өңірлік комиссия уақытша субсидиялау үшін өңірлік деңгейдегі кәсіпорындар тізбесін қарастырады және келіседі.
Жергілікті атқарушы органдар уақытша субсидиялау үшін өңірлік деңгейдегі кәсіпорындардың тізбесін бекітеді.
Халықты жұмыспен қамту орталықтары білікті қызметкерлердің жоғалтқан табысының үштен екі бөлігін уақытша субсидиялауды жүзеге асырады.
Мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну шарттары, білікті қызметкерлердің жоғалтқан табысының үштен екі бөлігін уақытша субсидиялау үшін кәсіпорындарды іріктеу, сондай-ақ қаржыландыру тәртібі жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарды оқытуды, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларында айқындалады.
Ескерту. Бөлім 65-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
66. Халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқыту және/немесе жұмысқа орналастыру жөніндегі жұмыстарды өз бетінше не қолданыстағы мемлекеттік сатып алу және/немесе мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заңнамаларға сәйкес жеке жұмыспен қамту агенттіктерін және/немесе үкіметтік емес ұйымдарды тарту арқылы жүргізеді.
Халықты жұмыспен қамту орталықтары халықтың осал топтарына арнаулы әлеуметтік көмек көрсету бойынша жұмыс орындарын кеңейту мақсатында үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.
Ескерту. 66-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
67. Халықты жұмыспен қамту орталықтары кадрлар даярлау және жалдамалы қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін қызмет көрсету саласында ұзақтығы екі айдан аспайтын мерзімге оқыту шеберлік сыныптарын ұйымдастырады.
Оқыту шебер сыныптары практикалық сабақтар қолданыла отырып өткізіледі.
Оқыту шеберлік сыныптарын өткізу үшін практикалық жұмыс тәжірибесі бар жоғары білікті мамандар, оның ішінде табысты жұмыс тәжірибесі бар жоғары білікті шетелдік мамандар тартылады.
Ескерту. 67-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
68. Бағдарлама шеңберінде азаматтардың қатысу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну шарттары, кәсіптік оқытуды жүзеге асыратын ұйымдардың тізбесін қалыптастыру тәртібі жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарды оқытуды, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларында айқындалады.
69. Іске асыру тетігі:
1) үміткерлер тұрғылықты жерінде ауданның, қаланың халықты жұмыспен қамту орталықтарына Бағдарламаға қатысуға өтінішпен жүгінеді және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарды оқытуды, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына сәйкес құжаттарды ұсынады;
2) халықты жұмыспен қамту орталықтары:
ұсынылған құжаттарды қарайды және ұсынылған құжаттардың Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын талаптарға сәйкестігін тексеру негізінде Бағдарламаға қатысушылар құрамына қосу (не одан бас тарту) туралы шешім қабылдайды және дерекқорда бар бос жұмыс орындарына не жұмыс берушілер өз бетінше немесе жеке жұмыспен қамту агенттіктері арқылы мәлімдеген жұмыс орындарына, жалақыны ішінара субсидиялаумен әлеуметтік жұмыс орындарына, сондай-ақ жастар практикасын өту үшін жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетеді;
3) қажетті біліктілігі болмағандықтан, жұмысқа орналаса алмай жүрген Бағдарламаға қатысушылар жұмыс берушілер мәлімдеген мамандықтар бойынша кәсіптік оқуға жіберіледі;
4) Бағдарламаға қатысушы мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады.
Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқуға жіберген кезде білім беру ұйымы мен жұмыс беруші де әлеуметтік келісімшарт тараптары болады.
Жұмыс беруші мен білім беру ұйымы әлеуметтік келісімшартқа қосылу туралы басшының не қол қоюға құқығы бар жауапты лауазымды адамның қолымен және мөрмен куәландырылған жазбаша өтініш (хабарлама) беру арқылы әлеуметтік келісімшарт жасалғанын растайды.
Бағдарламаға қатысушыларды жұмысқа орналастыру үшін тұрақты жұмыс орындарын ұсынатын жұмыс берушілер өтініште (хабарламада) Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын талаптарды және оқу шарттарын, оларды оқытуды ұйымдастыру жоспарланып отырған мамандық (кәсіп), білім беру ұйымын, өндірістік практикадан өту орнын және оқу аяқталғаннан кейін жұмыс істеу кезеңін көрсетеді.
Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқытуды жүзеге асыратын білім беру ұйымдары өтініште (хабарламада) мамандығы (кәсібі), оқытудың ұзақтығы мен құны, өндірістік практикадан өтетін ықтимал орны мен шарттары туралы ақпаратты көрсетеді;
Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқытуды жүзеге асыратын білім беру ұйымдары әр айдың 5-күніне халықты жұмыспен қамту орталықтарына шығарылған Бағдарламаға қатысушылар туралы ақпаратты және оқитын Бағдарламаға қатысушылардың сабаққа келуін есепке алу табелін ұсынады.
5) әлеуметтік келісімшарт талаптарының орындалуын Бағдарламаға қатысушылар, жұмыс берушілер мен білім беру ұйымдары тарапынан – халықты жұмыспен қамту орталықтары, халықты жұмыспен қамту орталықтары тарапынан ауданның (қаланың) жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органы бақылайды.
6) халықты жұмыспен қамту орталықтары өнеркәсіп салаларына жататын кәсіпорындардан білікті қызметкерлердің жоғалтқан табысының үштен екісін уақытша субсидиялауға өтініштер жинауды және қайта даярлау мен біліктілігін арттыруға мемлекеттік гранттар беруді жүзеге асырады және Бағдарламаға қатысушылардың тиісті тізімдерін қалыптастырады.
Ескерту. 69-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
Аумақтық ұтқырлықты арттыру
70. Бағдарлама шеңберінде аумақтық ұтқырлықты арттыру:
1) жұмыс берушілердің қажеттіліктерін ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына;
2) 2015 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Ақмола облысының Калачи және Красногорский елді мекендерінде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға;
3) жұмыс берушілердің қажеттіліктерін ескере отырып, Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға;
4) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын және оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына қосылған өңірлерге қоныс аударған оралмандарға және қоныс аударушыларға қатысты жүзеге асырылады.
Жұмыс берушілер мен әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден өз еркімен қоныс аударатын Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын және оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына қосылған өңірлерге қоныс аударған оралмандардың және қоныс аударушылардың Бағдарламаға қатысу және олардың мемлекеттік қолдау алу тәртібі жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидаларында айқындалады.
Ақмола облысының Калачи және Красногорский елді мекендері тұрғындарының қоныс аударуы және оларға мемлекеттік қолдау көрсету өңірлік комиссия шешімінің негізінде жүзеге асырылады.
Ақмола облысының Калачи және Красногорский елді мекендері тұрғындарының қоныс аударуын және оларға мемлекеттік қолдау көрсетуді ұйымдастыру үшін облыс шегінде тұрғын үй салу (сатып алу), реконструкциялау көзделеді.
Ескерту. 70-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
71. Бағдарламаға қатысушылардың әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден және Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласынан әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары елді мекендерге және экономикалық өсу орталықтарына қоныс аударуы:
1) бір ауданның ішінде;
2) бір облыс шегіндегі бір ауданнан (облыстық маңызы бар қаладан) басқа ауданға (облыстық маңызы бар қалаға);
3) бір облыстан басқа облысқа жүзеге асырылады.
Оралмандар мен қоныс аударушылардың қоныс аударуы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерге жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын және оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына қосылған өңірлерге қоныс аударған оралмандарға және қоныс аударушыларға әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерге тұру қажеттілігі мен қоныс аударуға жұмыс берушілердің қатысуы туралы талаптар қолданылмайды.
Ескерту. 71-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
72. Әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен, орташа және жоғары елді мекендерді айқындау критерийлерін өңірлік даму саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік атқарушы органы әзірлейді және бекітеді.
Жергілікті атқарушы органдар олардың негізінде өңірлік даму саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік атқарушы органымен келісу бойынша әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен және жоғары елді мекендердің тізбесін айқындайды және оны Бағдарлама операторына жібереді.
Ескерту. 72-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
73. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік атқарушы органы қоныс аударатын Бағдарламаға қатысушылар үшін сейсмологиялық аймақтар мен сипаттамаларды ескере отырып, тұрғын үйдің (жеке немесе көппәтерлі) үлгілік жобаларын әзірлейді.
Ескерту. 73-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
74. Бағдарлама шеңберінде қоныс аударатын адамдарға мемлекеттік қолдау:
1) көшуге байланысты шығыстарды өтейтін субсидия беруді;
2) әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден қоныс аударатын адамдарға тұрғын үй – қызметтік тұрғын үй немесе еңбекші жастар үшін жатақханалардан бөлме беруді қамтиды.
Бағдарламаға қатысушыларға мынадай мемлекеттік қолдау шаралары да ұсынылады:
1) қажеттілігіне қарай кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарында оқыту;
2) жаңа тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасуға жәрдемдесу.
Ескерту. 74-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
75. Көшуге субсидияны, тұрғын үй салуды (сатып алуды) қаржыландыру және жұмыс берушінің қатысумен бөлу тетігі, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден қоныс аударатын азаматтарды қоныстандыру үшін қызметтік тұрғын үй мен жатақханалар беру және оны пайдалану тәртібі жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидаларында айқындалады.
Жиырма тоғыз жасқа дейінгі еңбекші жастарға (оның ішінде, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған балалар) олардың бұрынғы тұрған жеріне, оның ішінде облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалада және астанада тұрғанына қарамастан жатақханалардан бөлме беріледі.
Мұндай адамдарды әскери қызметке шақыру кезінде олардың жасы мерзімді әскери қызмет өткеру мерзіміне ұзартылады.
76. Жұмыс берушілердің Бағдарламаға қатысу тетігі:
1) халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыс берушілерге әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерде тұратын азаматтар қатарынан қоныс аударуға және жұмысқа орналасуға қатысуға үміткерлерді таңдау тәртібі мен шарттары туралы консультация береді;
2) Бағдарламаға қатысуға ниет білдірген жұмыс берушілер халықты жұмыспен қамту орталықтарына:
мамандықтар (кәсіптер) бөлінісінде қажетті жұмыс күшінің санын көрсете отырып;
Бағдарламаға қатысушылар үшін тұрғын үй салу (сатып алу) мүмкіндігін және Бағдарламаға қатысушыларды (қоса қаржыландыру шартымен) тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мүмкіндігін не Бағдарлама шеңберінде кәсіптік оқуды аяқтағаннан кейін оларды тұрақты жұмыс орындарына орналастыру туралы жазбаша міндеттемені растай отырып өтінім береді;
3) жергілікті атқарушы органдар заңнамаға сәйкес тұрғын үй құрылысы үшін жер бөледі, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлейді, мемлекеттік сараптама жүргізеді, жергілікті бюджет қаражаты есебінен аумақтарды егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарына және құрылыс салу жоспарына сәйкес инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға қосылуға, сондай-ақ жүргізуге және қосылуға техникалық талаптар қояды;
4) жеке тұрғын үйлерді салу кезінде жобаны жергілікті жерге байланыстыру жергілікті бюджет және жұмыс берушінің барабар түрде салған қаражаты есебінен немесе келісу бойынша жұмыс берушінің есебінен жүзеге асырылады.
Көппәтерлі тұрғын үй салу кезінде жобаны жергілікті жерге байланыстыру жергілікті бюджет қаражаты есебінен немесе келісу бойынша жұмыс берушінің есебінен жүзеге асырылады;
5) облыстардың жергілікті атқарушы органдары мен жұмыс беруші мынадай міндеттемелерді көздейтін ниет шартын жасасады:
тұрғын үйді бірлесіп салу және сатып алу тәртібі;
қоныс аударатын азаматтарды міндетті түрде жұмысқа орналастыру;
жұмыс берушінің қоса қаржыландыру мөлшері;
жұмыс беруші тарапынан қоса қаржыландырылған жағдайда, құрылыс салатын жерді, салынатын тұрғын үйдің ықтимал нұсқаларын таңдау, сондай-ақ тұрғын үйді бөлу оның қатысуымен жүзеге асырылады;
6) салынған және пайдалануға тапсырылған тұрғын үй мемлекет пен жұмыс беруші арасында осы тұрғын үй құрылысына салынған қаражатқа барабар бөлінеді.
77. Бағдарламаның үшінші бағытына қатысу тетігі:
1) әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерде тұратын қатысуға үміткерлер, сондай-ақ оралмандар мен қоныс аударушылар көшуге арналған өтінішпен халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінеді және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидаларында көзделген құжаттарды қоса береді;
2) халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілердің қажеттіліктерін (оралмандарды және қоныс аударушыларды қоспағанда) ескере отырып, Бағдарламаға қатысушылардың құжаттарын қатысуға іріктеу критерийлеріне сәйкестігі тұрғысынан қарайды, өтініш берушілермен көшудің ықтимал нұсқаларын келіседі және көшетін жеріне қарай құжаттарды өңірлік немесе аудандық (қалалық) комиссияға жолдайды;
3) құжаттарды қарау қорытындысы бойынша:
өңірлік комиссиялар облыс шегінде бір ауданнан басқа ауданға қоныс аударатын азаматтарға қатысты, сондай-ақ басқа облысқа қоныс аударатын азаматтарға қатысты Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу (қосудан бас тарту) туралы ұсынымдар дайындайды;
аудандық/қалалық комиссиялар бір аудан шегінде көшетін азаматтарға қатысты Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу (қосудан бас тарту) туралы ұсынымдар дайындайды;
4) өңірлік не аудандық/қалалық комиссия ұсынымының негізінде халықты жұмыспен қамту орталығы өтініш берушілерді Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу (қосудан бас тарту) туралы шешім қабылдайды.
Бекітілген тізбеге сәйкес әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерде тұрақты тұру критерийлері басқа облыстарға қоныс аударатын үміткерлерге қолданылмайды;
5) өңірлік комиссияның шешімі негізінде республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыс орталықтарының шегінде тұратын адамдар қатарындағы Бағдарламаға қатысушыларды құрылысы 2013 жылғы 1 шілдеге дейін басталған қызметтік тұрғын үйлерге көшіруге рұқсат беріледі;
6) Бағдарламаға қатысушылар тізіміне енгізілген адамдар мен халықты жұмыспен қамту орталығы (келген жерінің) арасында әлеуметтік келісімшартқа қол қойылады. Әлеуметтік келісімшарт көшу бойынша әлеуметтік қолдаумен қатар, жаңа жерде жұмысқа орналастыру жөніндегі іс-шараларды қамтиды;
7) әлеуметтік келісімшарт талаптарының орындалуын халықты жұмыспен қамту орталығы бақылайды.
Ескерту. 77-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
Бағдарламаға қатысушылар
78. Жұмыссыз, ішінара жұмыспен қамтылған, табысы аз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ оралмандар мен қоныс аударушылар және қатысу басымдылығы Бағдарламада белгіленген азаматтардың өзге де санаттары Бағдарламаға қатысушылар болып табылады.
Ескерту. 78-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
79. Бағдарламаға қатысу үшін басым құқық:
1) оқуды аяқтағаннан кейін үш жыл ішінде жалпы білім беру мектептерінің 9, 11-сыныптарын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын бітірушілерді және оқушыларын қоса алғанда, жиырма тоғыз жасқа дейінгі жастарға;
2) он сегізден жиырма тоғыз жасқа дейінгі балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
3) еңбек қызметімен айналысу үшін денсаулық жағдайы бойынша қарсы айғақтары жоқ мүгедектерге;
4) ауылдық жерлерде тұратын әйелдерге;
5) зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін 50 жастан асқан адамдарға;
6) жалпыға бірдей белгіленген зейнетақы жасына дейін зейнеткерлікке шыққан зейнеткерлерге;
7) ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда бұрын істеген және мемлекеттік жәрдемақыларды алушы болып табылатын адамдарға;
8) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарынан босатылған адамдарға;
9) бас бостандығынан айыру орындарынан және (немесе) мәжбүрлі емдеуден босатылған адамдарға;
10) жұмыс беруші – заңды тұлғаның таратылуына, жұмыс беруші – жеке тұлға қызметін тоқтатқанға байланысты немесе қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуы бойынша жұмыстан босатылған адамдарға беріледі.
Бағдарламаға қатысушылардың құрамына енгізу кезінде дәйексіз деректер ұсынған адамдар Бағдарламаға қатысушылар құрамынан шығарылады және мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуге жұмсалған мемлекеттік шығыстар сомаларын бюджетке ерікті түрде, ал бас тартқан жағдайда – сот тәртібімен өтейді.
Бағдарламаға қатысушылар құрамына енгізілген және кәсіптік оқыту, микрокредит беру және қоныс аудару бойынша мемлекеттік қолдауды алатын адамдармен тараптардың құқықтары мен міндеттері айқындалатын әлеуметтік келісімшарттар жасалады.
Еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты мониторингтеу жөніндегі шаралар
80. Еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты мониторингтеу үшін:
1) нормативтік құқықтық базаны жетілдіру;
2) мемлекеттік, үкіметтік бағдарламалар мен аумақтарды дамыту бағдарламалары, сондай-ақ жеке сектордың бастамасы шеңберінде іске асырылатын жобаларда сұранысқа ие мамандықтар бөлінісінде ағымдағы бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді қамтитын жалпыұлттық дерекқорды (бұдан әрі – жалпыұлттық дерекқор) қалыптастыру және дамыту бойынша шаралар қабылданатын болады.
Жалпыұлттық дерекқор нақты кәсіпорындар мен мамандықтар бөлінісінде ағымдағы бос жұмыс орындарын қамтитын болады.
Ағымдағы бос жұмыс орындары, сұранысқа ие мамандықтар туралы мәліметтерді ұсыну нысандарын және Өңірлердің жұмыспен қамту картасын, Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарын, сондай-ақ Жұмыстан босатылу және жұмыс орындарын құру картасын қалыптастыру тәртібін Бағдарлама операторы мүдделі орталық мемлекеттік органдармен келісу бойынша бекітеді.
Мемлекеттік, үкіметтік бағдарламалар, аумақтарды дамыту бағдарламалары шеңберіндегі жобаларды іске асыруға жауапты орталық және жергілікті атқарушы органдар, ұлттық компаниялар Бағдарлама операторына құрылыс кезеңінде және оларды пайдалануға бергеннен кейін құрылатын жұмыс орындарының болжамды санын салалар, жобалар мен мамандықтар/лауазымдар бөлінісінде ұсынады.
Ескерту. 80-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
Әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар
81. Әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру еңбек белсенділігі мен атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) көрсету арасында оңтайлы байланыс орнатуға бағытталған.
Осы мақсатта шартты әлеуметтік көмекті енгізу көзделуде. Ол атаулы қолдаудың шартсыз нысанынан «өзара міндеттемелер» (отбасыны жандандырудың әлеуметтік келісімшарт жүйесі) қағидатына өтуді болжамдайды.
Отбасын жандандырудың әлеуметтік келісімшарты еңбек әлеуетін жандандыру және қолда бар ресурстарды тиімді пайдалану, екі тараптың өзара міндеттемелерін, әрекеттерін көрсете отырып, әлеуметтік және кәсіптік бейімдеу бойынша қызметтер көрсету есебінен отбасының өмірлік қиын жағдайлардан шығуының жеке жоспарын қамтитын болады.
Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органдар халықты жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесе отырып, азаматтардың әлеуметтiк келiсiмшарттың талаптарын орындауына бақылау жүргiзедi және ұсынылған көмектiң тиiмдiлiгiн бағалайтын болады.
Құрамында еңбекке жарамды жастағы мүшелерi (мүгедектер, әлеуметтiк мәнi бар аурулармен ауыратын адамдар) бар күнкөрісі төмен отбасыларға АӘК «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес берiлетiн болады.
Бағдарламаны институционалдық ұйымдастыру
82. Бағдарламаның іске асырылуы жоғарыдан төмен басқару құрылымымен басқарылады, оның құрамына ВАК, Бағдарламаның операторы, Бағдарламаны жергілікті деңгейде іске асыру жөніндегі өңірлік және аудандық (қалалық) комиссиялар, орталық және облыстық, аудандық және ауылдық маңызы бар жергілікті атқарушы органдар кіреді.
83. Бағдарламаның іске асырылуын басқаруды:
республикалық деңгейде:
1) ВАК;
2) Бағдарлама операторы;
облыстық (астана, республикалық маңызы бар қала) деңгейде – Бағдарламаны іске асыру жөніндегі өңірлік комиссия және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган;
аудандық (қалалық) деңгейде – Бағдарламаны іске асыру жөніндегі аудандық (қалалық) комиссия, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган мен халықты жұмыспен қамту орталықтары;
кент, ауыл және ауылдық округтер деңгейінде – кенттердің, ауылдар мен ауылдық округтердің әкімдері жүзеге асырады.
84. ВАК мынадай негізгі өкілеттіктерді жүзеге асырады:
1) Бағдарлама бағыттары мен өңірлер бойынша қаржыландыру лимиттерін және қаражаттың бөлінуін келіседі;
2) Бағдарламаның орындалуының негізгі қорытындыларын қарайды, орталық және жергілікті атқарушы органдардың Бағдарламаны, сондай-ақ салалар бойынша және өңірлерде жұмыс орындарын құру, сондай-ақ жұмысқа орналастыру бөлігінде тиісінше мемлекеттік, үкіметтік бағдарламалар мен аумақтарды дамыту бағдарламаларын іске асыру бойынша есептерін тыңдайды;
3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына Бағдарламаны іске асыруға байланысты мәселелер бойынша ұсыныстар енгізеді;
4) қысқартылған жұмыс уақыты үшін білікті қызметкерлердің жоғалтқан табысының үштен екі бөлігін уақытша субсидиялау үшін республикалық деңгейдегі кәсіпорындардың тізбесін, сондай-ақ өңірлер бөлісінде қаржыландыру көлемін қарайды және келіседі.
Ескерту. 84-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
85. Бағдарлама операторы уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып:
1) Бағдарламаны нормативтік құқықтық, әдістемелік және ақпараттық сүйемелдеуді жүзеге асырады;
2) республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен өңірлер бөлінісінде ВАК-пен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен қаржыландыру лимиттерін белгілеу және қаражаттарды бөлу жөнінде ұсыныстар дайындайды;
3) Бағдарламаның іске асырылуына мониторингті қамтамасыз етеді;
4) жалпыұлттық дерекқорды қалыптастыру тәртібін және ағымдағы бос жұмыс орындары, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қажет ететін мамандықтар туралы мәліметтерді беру үшін нысандарды әзірлейді;
5) өңірлік, аудандық (қалалық) комиссияның үлгілік ережелерін, әлеуметтік келісімшарттың, жұмыс берушілер мен білім беру ұйымдарының әлеуметтік келісімшартқа қосылу туралы өтініштерінің (хабарламаларының) нысандарын әзірлейді және бекітеді;
6) Бағдарламаның іске асырылуына мониторинг жүргізу тәртібін айқындайды.
7) Өңірлердің жұмыспен қамту картасын, Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарын, сондай-ақ Жұмыстан босатылу және жұмыс орындарын құру картасын құру тәртібін әзірлейді және бекітеді.
Ескерту. 85-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
86. Өңірлік комиссиялар:
1) кәсіпкерлікті дамытудың басым бағыттарын келіседі;
2) Бағдарламаны бағыттары бойынша аудандар мен қалалар бөлінісінде қаржыландыру лимиттерін келіседі;
3) уәкілетті өңірлік ұйым микроқаржы (микрокредиттік) ұйымдарына және кредиттік серіктестіктерге беретін кредиттер бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерін келіседі;
4) соңғы қарыз алушы үшін микрокредиттер бойынша ең жоғары жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеменің мөлшерін келіседі;
5) еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шеңберінде облыс шегінде бір ауданнан басқа ауданға, бір облыстан басқа облысқа қоныс аударатын азаматтарға қатысты Бағдарламаға қатысушылардың құрамына енгізу (енгізуден бас тарту) туралы ұсынымдар әзірлейді;
6) техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында және жұмыс берушілердің оқу орталықтарында кәсіптік оқытудың құнын келіседі;
7) облыстық, қалалық және аудандық маңызы бар жергілікті атқарушы органдардың Бағдарламаның іске асырылуы туралы есептерін тыңдайды;
8) Бағдарламаның іске асырылуын тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтардың алдын алу және жою жөнінде ұсынымдар дайындайды;
9) қысқартылған жұмыс уақыты үшін білікті қызметкерлердің жоғалтқан табысының үштен екі бөлігін уақытша субсидиялау үшін өңірлік деңгейдегі кәсіпорындардың тізбесін, сондай-ақ кәсіпорындар арасындағы қаржыландыруға қаражат бөлуді қарайды және келіседі.
Ескерту. 86-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
87. Аудандық (қалалық) комиссиялар:
1) Бағдарламаға сәйкес халықты жұмыспен қамту орталықтары ұсынатын ақпараттар мен құжаттар негізінде Бағдарламаның әлеуетті қатысушыларына іріктеу жүргізеді және тиісті ұсыныстарды қарау үшін өңірлік комиссияларға жібереді;
2) алып тасталды - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
3) еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шеңберінде бір аудан шегінде қоныс аударатын адамдарға қатысты Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу (қосудан бас тарту) туралы ұсынымдар әзірлейді;
4) Бағдарламаның іске асырылуын тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтардың алдын алу және жою жөнінде ұсынымдар әзірлейді.
Ескерту. 87-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
88. Облыстық маңызы бар жергілікті атқарушы органдар:
1) аудандар мен қалалардың әкімдері ұсынған Бағдарлама шеңберінде іске асырылатын жобалар мен іс-шаралардың жоспарларын келіседі;
2) Бағдарламаның өңірлік құрамдас бөліктерін қаржыландыру лимиттері жөніндегі ұсыныстарды өңірлік комиссияның және Бағдарлама операторының қарауына енгізеді;
3) өңірлік даму саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік атқарушы органымен келісу бойынша әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен, орташа және жоғары елді мекендердің, тірек ауылдық елді мекендердің тізбесiн айқындайды, Бағдарламаға қатысушылардың көшу жоспарын бекітеді.
4) Ақмола облысының Калачи және Красногорский елді мекендерінің тұрғындарына қоныс аудару, тұрғын үй беру және мемлекеттік қолдау көрсету тәртібін айқындайды.
Ескерту. 88-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
89. Халықты жұмыспен қамту орталықтарының негiзгi мiндеттерi:
1) жалпы рәсiмдердi жүргiзу: Бағдарламаға қатысу мәселесi бойынша азаматтарды хабардар ету және консультациялық қызметтер көрсету, құжаттарды дайындауда көмек көрсету, үмiткерлердiң қажеттiлiктерiн зерттеу мақсатында оларға консультация беру, үмiткерлердiң әлеуметтiк қолдауға мұқтаждығына бағалау жүргiзу, Бағдарламаға қатысуға үмiткерлердiң құжаттарын қабылдау;
2) Бағдарламаға әлеуеттi қатысушыларды, олардың мәртебесiне, кәсіптері мен әлеуметтiк қолдауға мұқтаждығына қарай санаттар бойынша iрiктеу және бөлу;
3) Бағдарламаға қатысушылармен әлеуметтiк келiсiмшартқа қол қою, оның орындалуына мониторингті жүзеге асыру және заңнамаға сәйкес оның талаптары орындалмаған жағдайда санкция қолдану;
4) жергілікті еңбек нарығында кадрларға қажеттілікке мониторинг жүргізу және оны айқындау;
5) мемлекеттік (үкіметтік) бағдарламалар, аумақтарды дамыту бағдарламалары шеңберінде іске асырылатын жобаларға жұмысқа орналасуға жолдама беру.
Ескерту. 89-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
90. Халықты жұмыспен қамту орталықтарының ауылдық округтерде Бағдарламаны iске асыру мәселелерiмен, жұмыс берушiлермен, бiлiм беру ұйымдарымен және жеке меншiк жұмыспен қамту агенттiктерiмен өзара iс-қимылды үйлестiрумен айналысатын өкiлдiктерi, бөлiмшелерi (немесе мамандары) болуы мүмкiн.
Бағдарламаны ақпараттық-әдіснамалық қамтамасыз ету
91. Бағдарламаны іске асыруды ақпараттық-әдіснамалық қамтамасыз ету мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылатын болады:
1) кадрларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру жүйесін дамыту;
2) тиімділіктің негізгі көрсеткіштерін әзірлеуді қоса алғанда, жұмыспен қамту орталықтарының қызметін әдіснамалық қамтамасыз ету;
3) Әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесінің (бұдан әрi – ӘЕСБАЖ), оның ішінде нақты уақыт режимінде жалпыұлттық дерекқорды пайдалану үшін Бағдарлама шеңберінде орындалатын бизнес-процестерді автоматтандыру базасында Бағдарламаның іске асырылуына кешенді мониторинг жүргізу; жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік қолдау үшін өтініш берген адамдарды, оның ішінде Бағдарламаға қатысушыларды автоматтандырылған есепке алуға өзгерістер енгізу; Бағдарламаға қатысушылардың табысын айқындау үшін «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» РМҚК тиісті дерекқорын пайдалану, бұл бюджет қаражатының мақсатсыз пайдаланылуын болғызбайды;
4) «Жастардың еңбек биржасы» бірыңғай ақпараттық порталын және «Жұмыс» ақпараттық порталын қолдау;
5) Бағдарлама шеңберінде көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары туралы, сервистік қызметтер көрсету жөніндегі ұйымдар, қызметтер және оқу орындарының тізбесі туралы ақпарат Бағдарлама операторының, білім беру саласындағы уәкілетті органның, Бағдарлама операторының жанындағы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органның және халықты жұмыспен қамту орталықтарының интернет-ресурстарында орналастырылады;
6) халықты нәтижелі жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында елді мекендердің даму әлеуетін айқындау жөніндегі зерттеу;
7) дайындық бейініне сәйкес оқыту орталықтары арқылы әдістемелік қамтамасыз етуді ескере отырып, нысаналы топтың қаржылық сауаттылығының деңгейін арттыру.
Бағдарлама операторының көрсетілген бағыттарды іске асыруы үшін Бағдарламаны ақпараттық-әдіснамалық қамтамасыз ету мәселелері жөнінде мамандандырылған ұйым айқындалатын болады.
92. Бағдарлама шеңберінде көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары туралы, сервистік қызметтер көрсету жөніндегі ұйымдар, көрсетілетін қызметтер және оқу орындарының тізбесі туралы ақпарат Бағдарлама операторының, сондай-ақ білім беру саласындағы уәкілетті органның, Бағдарлама операторының жанындағы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органдардың және халықты жұмыспен қамту орталықтарының интернет-ресурстарында орналастырылады.
6. Бағдарламаны iске асыру кезеңдерi
93. Бағдарламаны іске асыру екі кезеңде жүзеге асырылады: бірінші кезең – 2015 жыл, екінші кезең – 2016 – 2019 жылдар.
Ескерту. 93-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
94. Бiрiншi кезеңде пилоттық режимде үшiншi бағытта (экономикалық өсу орталықтарына және әлеуметтiк-экономикалық даму әлеуетi жоғары елдi мекендерге көшу) қызметтік тұрғын үйлерді сатып алу және қоныстандыру жұмыс берушінің қатысуымен жүзеге асырылады.
Халықты жұмыспен қамтуды және жұмыссыздық деңгейін бақылауды қамтамасыз ету мақсатында қалаларда және ауылдық елді мекендерде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жолымен жұмыс орындарын жедел құру шаралары пысықталады.
Үміткерлерді кәсіптік бағдарлау тетіктері пысықталатын болады.
Ескерту. 94-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
95. Екінші кезеңде: 2016 – 2019 жылдары – өңірлік ерекшеліктер ескеріле отырып, Бағдарламаның негізгі құрамдас бөліктері әзірленетін, келісілетін болады және орындалуға қабылданады; еңбек нарығында туындайтын қатерлерді басқару және жұмыспен нәтижелі қамтуға жәрдемдесу Бағдарламада ұсынылған тетіктер мен құралдар негізінде жүзеге асырылады.
Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 2020 жылға дейін бір жарым миллион адамға дейiн қамтылатын болады.
Жұмыспен нәтижесiз қамтудың үлес салмағы төмендейдi, жұмыссыздық азаяды, еңбек өнiмдiлiгi, сондай-ақ халықтың табысы артады.
Ескерту. 95-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
7. Қажетті ресурстар және оларды қаржыландыру көздері
96. Бағдарламаны іске асыру республикалық бюджетте 2015 жылға көзделген 37,3 млрд. теңге мөлшеріндегі қаражат шегінде іске асырылады.
1) 2015 жылға – 37,3 млрд. теңге қаражат шегінде жүзеге асырылады.
Келесі жылдары республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі жоспарланатын жылға арналған тиісті бюджеттерді қалыптастыру кезінде нақтыланатын болады.
97. Бағдарламаны қаржылық қамтамасыз ету үшін Бағдарлама операторы мемлекеттің қаржы-экономикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, жыл сайын 1 ақпанға дейін алдағы үш жылға арналған қаржыландыру лимиттерін айқындайды және қаражатты өңірлер бойынша бөлу жөнінде ВАК-қа ұсыныстар енгізеді.
Қаржыландыру лимиттері өңірлер арасында статистика жөніндегі уәкілетті органның деректері бойынша бөлу алдындағы тоқсандағы жағдайға сәйкес экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың санына барабар бөлінетін болады.
Жергілікті атқарушы органдар өңірлік еңбек нарығының көрсеткіштеріне қарай қаражатты Бағдарламаның бағыттары арасында дербес бөледі.
Бұл ретте Астана және Алматы қалаларын қоспағанда, жергілікті атқарушы органдар халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және жұмыссыздықтың қолайлы деңгейін сақтау қажеттілігіне байланысты жеткізілген лимиттің жалпы сомасының 70 %-ына дейін ауылдық жерлерге жіберуге тиіс.
Өңірлерге бөлінген қаржыландыру лимиттерін нақтылау және түзету экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың санын есепке алмай жүзеге асырылады.
Инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру жобаның жалпы құнының кемінде 10 %-ы жергілікті бюджет есебінен қоса қаржыландырылған жағдайда жүзеге асырылады.
Көппәтерлі тұрғын үйді, сондай-ақ жеке, екі (үш және одан көп) пәтерлі тұрғын үйлерді салу және сатып алу кезінде жұмыс беруші тұрғын үйдің жалпы сметалық құнының кемінде 10 %-ы мөлшерінде қоса қаржыландыруды жүзеге асырады.
Қызметтік тұрғын үйлер мен жатақханалар салуды және (немесе) сатып алуды қаржыландыру Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес айқындалатын жалға берілетін (коммуналдық) тұрғын үйдің 1 шаршы метрі құнының мөлшерін негізге ала отырып, республикалық бюджеттен жүзеге асырылады. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасында айқындалған құннан асатын шығыстар жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен қаржыландырылады.
Ескерту. 97-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029; 22.07.2016 № 421 қаулыларымен.
98. Жергілікті атқарушы органдар белгіленген лимиттерді негізге ала отырып, Бағдарламаның негізгі параметрлері бойынша күтілетін нәтижелерді (нысаналы индикаторларды) түсіндірме жазбада көрсетіп, Бағдарламаның бағыттары, бюджет заңнамасында белгіленген нысандар бойынша алдағы қаржы жылына арналған бюджеттік өтінімді қалыптастырады және жыл сайын 15 сәуірге дейінгі мерзімде тиісті орталық мемлекеттік органдарға ұсынады.
Тиісті орталық мемлекеттік органдар Бағдарламаның негізгі параметрлері бойынша күтілетін нәтижелерді (нысаналы индикаторларды) түсіндірме жазбада көрсете отырып, Бағдарлама операторына бюджет заңнамасында белгіленген нысандар бойынша бюджеттік өтінімдерді жыл сайын 1 мамырға дейінгі мерзімге ұсынады.
Бағдарлама операторы жыл сайын 15 мамырға дейінгі мерзімде бюджеттік өтінімдерді бюджетті жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.
99. Облыстық бюджеттерге, төмен тұрған бюджеттерге ағымдағы нысаналы трансферттер мен нысаналы даму трансферттерінің сомаларын бөлуді қоса алғанда, Бағдарламаның іс-шараларын іске асыруға республикалық бюджетте тиісті кезеңге көзделген қаражатты республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бойынша бөлу Қазақстан Республикасы Үкіметі шешімінің негізінде жүзеге асырылады.
Республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ағымдағы нысаналы трансферттер мен нысаналы даму трансферттерін төмен тұрған бюджеттерге аударуды бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
Өңірлер бөлінген және (немесе) бөлінетін қаражаттан бас тартқан, сондай-ақ инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларға тиісті құжаттаманы ұсынбаған жағдайда, Бағдарлама операторы бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің тиісті құжаттама қоса берілген қосымша өтінімдерінің негізінде экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың саны бойынша критерийлерді есепке алмай, ВАК-тың қарауына қаражатты қайта бөлу жөнінде ұсыныстар енгізеді.
Республикалық бюджетті нақтылау кезінде жоғарыда көрсетілген рәсімдер сақталады, бюджеттік өтінімдерді ұсыну мерзімін Бағдарлама операторы белгілейді.
Ескерту. 99-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
100. Лимит бойынша ұсынылған қаражатты мақсатты пайдалануды және Бағдарламада көзделген нәтижелерге (нысаналы индикаторларға) қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін Бағдарлама операторы мен жергілікті атқарушы органдар арасында жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспары шеңберінде мынадай негізгі параметрлер бойынша меморандумдар жасалады:
1) жұмыссыздық деңгейі;
2) жұмысқа, оның ішінде тұрақты және уақытша жұмыс орындарына орналастырылғандардың саны;
3) өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың жалпы санындағы нәтижелі жұмыспен қамтылғандардың үлесін ұлғайту;
4) атаулы әлеуметтік көмек және мемлекеттік балалар жәрдемақысын еңбекке қабілетті алушылар есебінен жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған адамдардың үлесін көбейту;
5) жұмыссыздар мен өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандарды халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтуды кеңейту;
6) әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар практикасына жұмысқа орналастырылған Бағдарламаға қатысушылардың саны;
7) кәсіптік оқытудан өткендер қатарындағы жұмысқа орналастырылған Бағдарламаға қатысушылардың саны.
Ескерту. 100-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
8. «Жұмыспен қамту 2020» жол картасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары
Ескерту. Жоспарға өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1029 қаулысымен.
р/с |
Атауы |
Өлшем бірлігі |
Орындау мерзімі |
Аяқталу нысаны |
Жауапты орындаушылар |
Оның ішінде жылдар бойынша |
Қаржыландыру көздері |
|||||
2015 |
2016 |
2017 |
2018 |
2019 |
Барлығы |
|||||||
1 |
2 |
3 |
4 |
5 |
6 |
7 |
8 |
9 |
10 |
11 |
13 |
14 |
Мақсаты. Халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыру, әл-ауқатының артуына жәрдемдесу, жұмыссыздықты қысқарту |
||||||||||||
Нысаналы индикатор |
||||||||||||
1 |
Жұмыссыздық деңгейі |
% |
2015-2019 |
статистикалық есеп, тоқсан сайын |
ҰЭМ, ДСӘДМ, ЖАО |
5,0 |
5,0 |
5,0 |
5,0 |
5,0 |
талап етілмейді |
|
2 |
Әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі |
% |
2015-2019 |
статистикалық есеп, тоқсан сайын |
ҰЭМ, ДСӘДМ, ЖАО |
5,7 |
5,5 |
5,5 |
5,5 |
5,5 |
талап етілмейді |
|
3 |
Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі (15-28 жас) |
% |
2015-2019 |
статистикалық есеп, тоқсан сайын |
ҰЭМ, ДСӘДМ, ЖАО |
4,7 |
4,6 |
4,6 |
4,6 |
4,6 |
талап етілмейді |
|
1-міндет. Өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған, жұмыссыз және халықтың нысаналы тобына кіретін адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту |
||||||||||||
Нәтижелер көрсеткіші |
||||||||||||
1) |
Бағдарламаға қатысу мәселесі жөнінде өтініш білдіргендер қатарындағы оған қатысушылардың құрамына енгізілген азаматтардың үлесі |
% |
2015-2019 |
есеп, ай сайын, айдың 10-күніне |
ДСӘДМ, ЖАО |
79,0 |
92,0 |
92,0 |
92,0 |
92,0 |
талап етілмейді |
|
2) |
Бағдарламаға қатысу мәселесі жөнінде өтініш білдіргендер қатарындағы оған қатысушылардың құрамына енгізілген әйелдердің үлесі |
% |
2015-2019 |
есеп, ай сайын, айдың 10-күніне |
ДСӘДМ, ЖАО |
44,6 |
44,6 |
44,6 |
44,6 |
44,6 |
талап етілмейді |
|
3) |
Бағдарламаға қатысу мәселесі жөнінде өтініш білдіргендер қатарындағы оған қатысушылардың құрамына енгізілген 29 жасқа дейінгі жастардың үлесі |
% |
2015-2019 |
есеп, ай сайын, айдың 10-күніне |
ДСӘДМ, ЖАО |
43,5 |
43,5 |
43,5 |
43,5 |
43,5 |
талап етілмейді |
|
4) |
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жалпы санындағы нәтижелі жұмыспен қамтылғандардың үлесі |
% |
2015-2019 |
есеп, ай сайын, айдың 10-күніне |
ДСӘДМ, ЖАО |
62,5 |
64,5 |
65,5 |
66,5 |
66,5 |
талап етілмейді |
|
Іс-шаралар |
||||||||||||
1) |
Инфрақұрылымды және тұрмыстық-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету |
млрд. теңге |
2015-2019 |
есеп, ай сайын, айдың 10-күніне |
ДСӘДМ, ҰЭМ, АШМ, БҒМ, Қаржы-мині, МСМ, ЭМ, ЖАО |
13,8 |
- |
- |
- |
- |
РБ |
|
2) |
Кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру |
млрд. теңге |
2015-2019 |
есеп, ай сайын, айдың 10-күніне |
ДСӘДМ, ҰЭМ, АШМ, Қаржы-мині, ЖАО |
10,2 |
- |
- |
- |
- |
РБ |
|
3) |
Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныстандыру арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу |
млрд. теңге |
2015-2019 |
есеп, ай сайын, айдың 10-күніне |
ДСӘДМ, ҰЭМ, БҒМ, Қаржы-мині, ЖАО |
9,0 |
- |
- |
- |
- |
РБ |
|
4) |
Бағдарламаны іске асыру шеңберінде мемлекеттік қолдау шаралары туралы халыққа насихаттау және хабардар ету |
млн. теңге |
2015-2019 |
есеп, ай сайын, айдың 10-күніне |
ДСӘДМ, ЖАО |
273,9 |
- |
- |
- |
- |
РБ |
|
2-міндет. Кадрлық әлеуетті, оның ішінде Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін дамыту |
||||||||||||
Нәтижелер көрсеткіші |
||||||||||||
1) |
Бағдарлама шеңберінде ағымдағы жылы кәсіптік оқуды аяқтағандардың қатарындағы жұмысқа орналасқандардың үлесі |
% |
2015-2019 |
ДСӘДМ-ге ақпарат |
ДСӘДМ, ЖАО |
69,5 |
70,0 |
70,5 |
71,0 |
71,0 |
талап етілмейді |
|
Іс-шаралар |
||||||||||||
1) |
Ағымдағы бос жұмыс орындарының жалпыұлттық дерекқорын қалыптастыру |
- |
2015-2019 |
дерекқор |
ДСӘДМ, ЖАО |
- |
- |
- |
- |
- |
талап етілмейді |
|
2) |
Бағдарлама шеңберінде кәсіптік оқудан өтетін адамдарға мемлекеттік қолдау көрсету |
млрд. теңге |
2015-2019 |
ДСӘДМ-ге ақпарат |
ДСӘДМ, БҒМ, ЖАО |
3,7 |
РБ |
|||||
3-міндет. Атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру |
||||||||||||
Нәтижелер көрсеткіші |
||||||||||||
1) |
Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың құрамындағы еңбекке жарамды халықтың үлес салмағы |
% |
2015-2019 |
ДСӘДМ-ге ақпарат |
ДСӘДМ, ЖАО |
30,0 |
30,0 |
30,0 |
30,0 |
30,0 |
талап етілмейді |
|
Іс-шаралар |
||||||||||||
1) |
Халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және атаулы әлеуметтік көмекті көрсетуге бағытталған заңнаманы және бағдарламалық құжаттарды жетілдіру |
- |
2015-2019 |
ДСӘДМ-ге ақпарат |
ДСӘДМ, ЖАО |
- |
- |
- |
- |
- |
талап етілмейді |
|
2) |
Халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша халықтың хабардарлығын арттыру |
млн. теңге |
2015-2019 |
халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу |
ДСӘДМ, ЖАО |
273,9 |
- |
- |
- |
- |
РБ |
Ескерту: аббревиатуралардың толық жазылуы:
ДСӘДМ – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі
ҰЭМ – Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі
ИДМ – Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі
Қаржымині – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі
АШМ – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі
БҒМ – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
МСМ – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі
ЖАО – жергілікті атқарушы органдар
ҰКП – Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
РБ – республикалық бюджет