"Астана қаласының Жолаушылар көлігі басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Астана қаласы әкімдігінің 2015 жылғы 2 қазанда № 108-1752 қаулысы. Астана қаласының Әділет департаментінде 2015 жылы 22 қазанда № 955 болып тіркелді. Күші жойылды - Астана қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 28 ақпандағы № 06-400 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Астана қаласы әкімдігінің 28.02.2018 № 06-400 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 17 бабының 7 тармақшасына және "Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының үлгі ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 29 қазандағы № 410 жарлығына сәйкес, Астана қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Астана қаласының Жолаушылар көлігі басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы қоса беріліп отырған ереже бекітілсін.

      2. "Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы (С.Е. Мырзағұлов) осы қаулыны кейіннен ресми және мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген интернет-ресурста және Астана қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында жариялаумен әдлет органдарында мемлекеттік тіркеуді жүргізсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Астана қаласы әкімінің орынбасары Н.Р. Әлиевке жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Астана қаласының әкімі

Ә. Жақсыбеков

  Астана қаласы әкімдігінің
2015 жылғы 2 қазанда
№ 108-1752 қаулысымен
бекітілді

"Астана қаласының Жолаушылар көлігі басқармасы"
мемлекеттік мекемесі туралы ереже
1. Жалпы ережелер

      1. "Астана қаласының Жолаушылар көлігі басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) Астана қаласының жолаушылар көлігі саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.

      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 010000, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 11.

      10. Мемлекеттік органның толық атауы – "Астана қаласының Жолаушылар көлігі басқармасы" мемлекеттік мекемесі.

      11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      12. Басқарманың қызметін қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттерінен, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі бюджетінен (сметасынан) жүзеге асырылады.

      13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Басқарма заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері,
функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. Басқарманың миссиясы: жолаушылар тасымалуын, көлік инфрақұрылымын дамыту және реттеу және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

      15. Міндеттері:

      1) автомобиль және басқа көлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) астаналық көлік пен байланыстың барлық түрлерінің тиімді жұмыс істеуі саласындағы қызметті үйлестіру;

      3) жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;

      4) қолданыстағы Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес басқа да міндеттерін жүзеге асыру.

      16. Функциялары:

      1) жолаушылар мен багажды тұрақты облысаралық қалааралық, қалалық және қала маңындағы тасымалдауды ұйымдастыру, оларға қызмет көрсету құқығына конкурстар өткiзу;

      2) жолаушылар мен багажды тұрақты қалалық және қала маңындағы тасымалдаулар маршруттарын және қозғалыс кестелерiн бекiту;

      3) жолаушылар мен багажды тұрақты облысаралық қалааралық автомобильмен тасымалдаулар маршруттарын және жүру кестелерiн келіседi;

      4) жолаушылар мен багажды таксимен тасымалдауларды ұйымдастыру;

      5) автовокзалдардың, автостанциялардың және жолаушыларға қызмет көрсету пункттерінің тiзiлiмiн жүргiзу;

      6) жолаушылар мен багажды тұрақты қалалық және қала маңындағы автомобильмен тасымалдау маршруттарының тiзiлiмiн жүргiзу;

      7) жолаушылар көлiгiн дамытудың кешендi схемасын және жол қозғалысын ұйымдастыру жобаларын әзiрлеу;

      8) жолаушыларды қалалық және қала маңындағы қатынастарда әлеуметтiк мәні бар тасымалдауларды жүзеге асыру кезіндегі тасымалдаушылардың залалдарын субсидиялауды жүзеге асыру;

      9) Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензиялауды жүзеге асыру;

      10) халықаралық және республикаiшiлік қатынастарда қауiптi жүктердi тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлiк құралдарының жүргiзушiлерiн арнайы даярлау жөніндегі қызметті жүзеге асыруды бастағаны туралы хабарлама берген жеке және заңды тұлғалардың тізілімін жүргізу;

      11) әуежайларда, вокзалдарда, сауда үйлері мен базарларда, театрларда, цирктерде, кинотеатрларда, мәдени-демалыс ұйымдарында (мәдениет және демалыс парктері), сондай-ақ алаңдарда, даңғылдарда, көшелерде, орамдарда такси тұрақтарын ұйымдастыруды және жабдықтауды қамтамасыз ету;

      12) көлік қызметі субъектілері жолаушылар мен келушілерді, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын тексеріп қарауды жүргізу тәртібі мен талаптарына сәйкестігіне аттестаттау жүргізу;

      13) қалалық рельстік көліктің көлік құралдарын мемлекеттік тіркеуін жүзеге асыру;

      14) мүдделі мемлекеттік органдармен келісім бойынша транзиттік автомобиль көлігі қозғалысының схемалары мен тәртібін айқындау;

      15) ақылы автотұрақтарды (автомобиль қоятын орындарды) ұйымдастыру;

      16) астананың қоғамдық көлігінде қолданылатын тарифтік саясатты әзірлеу;

      17) астананың көліктік инфрақұрылымы объектілерін басқаруға беру қағидаларын әзірлеу;

      18) астананың көліктік инфрақұрылымы объектілерін басқаруға беру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;

      19) Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйелерін ендіру және пайдалану қағидаларын әзірлеу;

      20) Көліктік инфрақұрылымды басқару және пайдалану қағидаларын әзірлеу;

      21) Кәбілдік кәрізді және инженерлік инфрақұрылымды пайдалану қағидаларын әзірлеу;

      22) жол жүрiсi қауiпсiздiгiн медициналық қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар кешенiн ұйымдастыру әрі өткізу және олардың орындалуын бақылау;

      23) астана көшелерiнде жол жүрiсiн реттеудiң техникалық құралдарын салу, реконструкциялау, жөндеу, енгiзу және күтiп-ұстау жөнiндегi барлық жұмыс түрлерінің орындалуын және оларды бақылауды қамтамасыз ету;

      24) жолдарда жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды әзірлеу және іске асыру;

      25) қала құрылысы құжаттамасында аумақтық-көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру бөлімінің болуын қамтамасыз ету;

      26) интеллектуалды көлік жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге маманданушы ұйымды құру;

      27) жол-көлік оқиғаларынан болған ысыраптың және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған бюджет шығындарының, сондай-ақ жолдардағы авариялылық деңгейін азайту үшін қолданылатын шаралар тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру;

      28) мыналар:

      қоғамдық көлікті дамытуды және жол жүрісін ұйымдастыруды ескере отырып, елді мекендердің бас жоспарын әзірлеу, қабылдау және орындау;

      қаланың жекелеген аумақтарына көлік құралдарының кіруіне әртүрлі шектеулер енгізу арқылы жол жүрісін ұйымдастырудың арнайы аймақтарын белгілеу;

      жол жүрісін ақпараттық жағынан қамтамасыз ету арқылы көліктік жүктемені азайту жөнінде шаралар қолдану;

      29) жолдарда жол жүрісін қалпына келтіру үшін жол-көлік оқиғаларының зардаптарын жою;

      30) халықаралық техникалық қарап тексеру сертификаттарын беруді жүзеге асыру;

      31) қала маңындағы теміржол жолаушылар қатынасын ұйымдастыру туралы шешімдерді тасымалдаушы қабылдайтын жағдайларды қоспағанда, осындай шешім қабылдау;

      32) төтенше жағдайлар туындаған кезде теміржол тасымалды уақытша тоқтату туралы шешімдер қабылдау;

      33) әлеуметтік мәні бар қала маңындағы жолаушылар қатынастары (маршруттар) бойынша теміржол көлігімен жолаушылар тасымалдарын жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушының залалдарын субсидиялау;

      34) қала маңындағы қатынастарын айқындау;

      35) авиациялық радиотехникалық құралдардың және жарық беретін дабыл жабдықтарының қалыпты жұмыс істеуі үшін кедергі келтіруі мүмкін байланыс, электр беру желілерін, сондай-ақ басқа да радио, электромагниттік және жарық арқылы сәулелену объектілерін орналастыруға рұқсат беру;

      36) шағын көлемді кемелердің кеме жүргізушілерін даярлау жөніндегі курстарды есепке алу;

      37) шағын көлемдi өздігінен жүзетін кемелердi басқару құқығына куәлiктер беру;

      38) Басқарманың құзыретіне жататын мәселелер бойынша қала әкімдігінің және әкімінің нормативтік-құқықтық актілерінің жобаларын әзірлеу;

      39) Қазақстан Республикасының Гендерлік теңдік Стратегиясын іске асыру;

      40) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да функцияларын жүзеге асыру.

      17. Құқықтары:

      1) орталық және жергілікті органдар әзірлеген заңнамалық және басқа да нормативтік актілер жобалары жөнінде ұсыныстар енгізу;

      2) Астана қаласының басқа атқарушы органдары дайындайтын нормативтік құқықтық актілер жобаларын келісуді жүзеге асыру;

      3) Астана қаласының көлік, байланыс және көлік инфрақұрылым мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссиялар жұмысына қатысу, жұмыс топтарын құру;

      4) мемлекеттік органдардан және ұйымдардан құзыреті шегінде ақпарат сұрату.

      18. Міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орнатылатын жолаушыларды отырғызу мен түсіру пункттерін безендіруді және күтіп-ұстауды қамтамасыз ету;

      2) автобустар, шағын автобустар және троллейбустар қозғалысының белгіленген кестесінің сақталуын бақылауды жүзеге асыру;

      3) авиациялық оқиғаны тексеру жөнiндегi комиссияға жан-жақты жәрдем көрсету;

      4) әуе кемесiн iздестiруді және құтқаруды жүргiзуде кез келген мүмкiн болатын көмектерiн көрсетуге мiндеттi және iздестiру-құтқару органдары келгенге дейін адамдарды құтқару, оларға медициналық және басқа да көмек көрсету, сондай-ақ әуе кемесiн және оның бортындағы құжаттаманы, жабдықтар мен мүлiктi күзету жөнінде қажеттi шараларды қолдану;

      5) әуе кемелерiнiң апатқа ұшырауы жөнінде өздерiне белгiлi болған барлық жағдайлар туралы азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға немесе жақын маңдағы әуеайлаққа дереу хабарлау;

      6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жедел басқарудағы мүлікке ие болу, пайдалану және жұмсауды жүзеге асыру;

      8) меншік нысанына қармастан, заңды және жеке тұлғалардың орындауы үшін міндетті құзыреті шегінде құқықтық актілерді қабылдау;

      9) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру.

3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру

      19. Басқармамен басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

      20. Басқарманың бірінші басшысын Астана қаласының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      21. Басқарманың бірінші басшысының орынбасары жоқ.

      22. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:

      1) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері басшыларының міндеттерін анықтайды және жауапкершілік дәрежесін белгілейді;

      2) Басқарма қызметкерлерін лауазымына тағайындайды және лауазымынан босатады;

      3) Басқарма қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданады;

      4) өз құзыреті шегінде Басқарма қызметкерлері үшін орындауға міндетті құқықтық актілер шығарады;

      5) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар мен ұйымдарда Басқарма мүддесін білдіреді.

      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

4. Басқарманың мүлкі

      23. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      24. Басқармаға бекітілген мүлік республикалық/коммуналдық меншікке жатады.

      25. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      26. Басқарманың қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады