"Алматы облысының жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Алматы облысы әкімдігінің 2015 жылғы 23 қаңтардағы № 39 қаулысы. Алматы облысының Әділет департаментінде 2015 жылы 02 ақпанда № 3016 болып тіркелді. Күші жойылды - Алматы облысы әкімдігінің 2016 жылғы 07 маусымдағы № 287 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы облысы әкімдігінің 07.06.2016 № 287 қаулысымен.
      РҚАО ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқасының пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабының 7) тармақшасына және "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік органының үлгі ережесін бекіту туралы" 2012 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Президентінің № 410 Жарлығына сәйкес Алматы облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған "Алматы облысының жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.
      2. "Алматы облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесі (Н. Сатыбалдина) "Алматы облысының жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің қызметін қаржыландыруды қамтамасыз етсін және осы қаулыдан туындайтын басқа да шараларды қабылдасын
      3. Басқарма басшысына осы қаулыны әділет органдарында мемлекеттік тіркелгеннен кейін ресми және мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген интернет-ресурста және облыс әкімдігінің интернет-ресурсында жариялау жүктелсін.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Серік Іслямұлы Бескемпіровке жүктелсін.
      5. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғаш ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
 

Облыс әкімі
 

А. Баталов
 


Алматы облысы әкімдігінің


2015 жылғы "23" қаңтардағы


№ 39 қаулысына қосымша

"Алматы облысының жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы
Ереже
Жалпы ережелер

      1. "Алматы облысының жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) Алматы облысының аумағында жердің пайдалануылы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.
      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      6. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.
      8. Басқарма құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 040000, Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Талдықорған қаласы, Қабанбай батыр көшесі, 36/42.
      10. Мемлекеттік органның толық атауы - "Алматы облысының жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі.
      11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
      12. Басқарма қызметін қаржыландыру жергілікті бюджетінен жүзеге асырылады.
      13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.
 

2. Мемлекеттік мекеменің миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. Басқарманың миссиясы:
      жердің пайдаланылуына және қорғалуына мемлекеттік бақылауды дамыту және жетілдіру.
      15. Міндеттері:
      мемлекеттiк органдардың, жеке, заңды тұлғалардың және лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасы жер заңдарының сақталуын, Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуын анықтауды және жоюды, азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтiрудi, жер учаскелерiн пайдалану ережелерiнiң сақталуын, жер кадастры мен жерге орналастыру iсiнiң дұрыс жүргiзiлуiн және жердi ұтымды пайдалану мен қорғау жөнiндегi iс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету.
      16. Функциялары:
      жердің пайдаланылуына және қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, соның ішінде:
      1) мемлекеттiк органдардың, кәсiпорындардың, мекемелердiң, ұйымдар мен азаматтардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасын, жер учаскелерiн нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланудың белгiленген режимiн сақтауына;
      2) жер учаскелерiн өз бетiнше иеленіп алуға жол бермеуге;
      3) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың құқықтарының сақталуына;
      4) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың топырақтың құнарлылығын қалпына келтiру және сақтау жөнiндегi ұйымдастыру-шаруашылық, агротехникалық, орман мелиорациялық және эрозияға қарсы гидротехникалық iс-шаралар кешенiн уақтылы және дұрыс жүргiзуiне;
      5) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жердiң бар-жоғы, олардың жай-күйi мен пайдаланылуы туралы мәлiметтердi мемлекеттiк органдарға уақтылы беруiне;
      6) жердiң жай-күйiне әсер ететiн тұрғын жай және өндiрiстiк объектiлердiң жобалануына, орналастырылуы мен салынуына;
      7) жердi жақсарту жөнiндегi, топырақ эрозиясының, тұздану, батпақтану, су басу, шөлейттену, құрғақтану, тығыздалу, қоқыстану, ластану және жердiң тозуын туғызатын басқа да процестердің салдарын болғызбау мен жою жөнiндегi iс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуына;
      8) азаматтардың өздеріне жер учаскелерiн беру туралы өтініштерін (өтінішхаттарын) қараудың белгiленген мерзiмдерiнiң сақталуына;
      9) межелiк белгiлердiң сақталуына;
      10) жергiлiктi атқарушы органдар уақытша жер пайдалануға берген жердiң уақтылы қайтарылуына;
      11) бүлiнген жердiң қалпына келтірілуіне;
      12) жердiң бүлiнуiне байланысты жұмыстар жүргiзiлген кезде топырақтың құнарлы қабатының сыдырып алынуына, сақталуына және пайдаланылуына;
      13) жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi жерге орналастыру жобаларының және басқа да жобалардың жүзеге асырылуына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады және жүргізеді;
      14) Қазақстан Республикасының заңнамаларында қарастырылған өзге де мәселелер кіреді.
      17. Құқықтары мен міндеттері:
      1) кінәлілерді жауапқа тарту туралы мәселені шешу үшін Қазақстан Республикасының жер заңнамасының бұзылуы туралы материалдарды тиісті органдарға жіберуге;
      2) Қазақстан Республикасы жер заңдарының бұзылуы туралы хаттамалар (актілер) жасауға;
      3) Қазақстан Республикасының жер заңдарының бұзғаны үшін әкімшілік жазалау туралы қаулылар шығаруға;
      4) Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұзу салдарынан келтірілген шығынды өтеу туралы, өз мақсатында пайдаланылмай не Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жатқан жер учаскелерiн мәжбүрлеп алып қою туралы, жер учаскелерін беруге, мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға, мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты құқыққа сыйымсыз шешімдердің күшін жою туралы, сондай-ақ жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдарының анықталған Қазақстан Республикасы жер заңнамасын бұзушылықтарды жою жөнінде берген нұсқамаларын осы нұсқама берілген тұлғалар нұсқамада көрсетілген мерзімде орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда оларды орындау туралы және жеке, лауазымды және заңды тұлғалардан айыппұл өндіріп алу туралы істер бойынша сотқа талап-арыз дайындауға және беруге;
      5) қызметтiк куәлiгiн көрсеткен жағдайда, ұйымдарға кедергiсiз кiруге, меншiктегi және пайдаланудағы жер учаскелерiн тексеруге, ал әскери, қорғаныс және басқа да арнаулы объектiлер алып жатқан жер учаскелерiн - оларға кiрудiң белгiленген режимiн ескере отырып, тексеруге;
      6) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларға жердi қорғау, Қазақстан Республикасы жер заңдарының бұзылуын жою мәселелерi бойынша орындалуға мiндеттi нұсқамалар беруге;
      7) өнеркәсiптiк, азаматтық және басқа да құрылыстар, пайдалы қазба кен орындарын игеру, объектiлердi пайдалану, агротехникалық, орман мелиорациялық, геологиялық-барлау, iздестiру, геодезиялық және өзге де жұмыстар, егер олар Қазақстан Республикасының жер заңдарын, ерекше қорғалатын аумақтар жерiн пайдаланудың белгiленген режимiн бұза отырып жүзеге асырылса және топырақтың құнарлы қабатының жойылуына, ластануына, залалдануына немесе бүлiнуiне, эрозияның күшеюiне, тұздануға, батпақтануға және шектес аумақтарды қоса алғанда, топырақ құнарлылығын төмендететiн басқа да процестерге әкеп соғуы мүмкiн болса, сондай-ақ егер бұл жұмыстар экологиялық сараптамадан өтпеген не терiс қорытынды алған жобалар бойынша жүзеге асырылса, оларды тоқтата тұруға;
      8) мемлекеттік органдардан жер қорының жай-күйі туралы статистикалық ақпаратты алуға;
      9) жерге құқықты белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары болмаған жағдайда тұрғын жай және өндiрiстiк объектiлердiң салынуын тоқтата тұруға;
      10) Қазақстан Республикасының жер заңдарын бұзушыларға уақтылы шаралар қолдануға;
      11) жүргiзiлетiн тексерулердiң материалдарын объективті түрде дайындауға;
      12) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқығын және заңмен қорғалатын мүддесін сақтауға;
      13) қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыруға.
 

3. Мемлекеттік мекеменің қызметін ұйымдастыру

      18. Басқарма басшылығын Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
      19. Басқарманың бірінші басшысын Алматы облысының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      20. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасары болады.
      21. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқарма қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      2) Басқарма қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданады және ынталандырады;
      3) өз құзыреті шегінде Басқарма қызметкерлері орындауға міндетті бұйрықтар шығарады;
      4) Басқармадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет бойынша жеке жауапкершілік алады;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз кұзыреті шегінде мемлекеттік органдар мен ұйымдарда Басқарма мүддесін білдіреді;
      6) өз құзыретіне жататын басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.
      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
      22. Бірінші басшы өз орынбасарының өкiлеттiктерiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгiлейдi.
 

4. Мемлекеттік мекеменің мүлкi

      23. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      24. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
      25. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
 

5. Мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыру және тарату

      26. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады