"Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Алматы облысы әкімдігінің 2015 жылғы 10 ақпандағы № 71 қаулысы. Алматы облысы Әділет департаментінде 2015 жылы 13 наурызда № 3097 болып тіркелді. Күші жойылды - Алматы облысы әкімдігінің 2016 жылғы 24 мамырдағы № 261 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы облысы әкімдігінің 24.05.2016 № 261 қаулысымен.
      РҚАО ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқасының пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабы 7) тармақшасына және "Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының үлгі ережесін бекіту туралы" 2012 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Президентінің № 410 Жарлығына сәйкес Алматы облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған "Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі бекітілсін.
      2. Басқарма басшысына осы қаулыны әділет органдарында мемлекеттік тіркелгеннен кейін ресми және мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген интернет-ресурста және облыс әкімдігінің интернет-ресурсында жариялау жүктелсін.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Серікжан Іслямұлы Бескемпіровке жүктелсін.
      4. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жариаланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Облыс әкімі А. Баталов

  Алматы облысы әкімдігінің 2015 жылғы "10" ақпан № 71 қаулысымен бекітілген

"Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі

1. Жалпы ереже

      1. "Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесі (әрі қарай – Басқарма) табиғи ресурстарды қорғау, молықтыру, реттеу және тиімді пайдалану салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
      2. Басқарманың ведомстволары бар, Басқарманың қарамағындағы мемлекеттік мекемелерінің тізбесінде көрсетілген.
      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Басқарма ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      6. Басқармаға егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индекс 040000, Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Талдықорған қаласы, Қабанбай батыр көшесі, № 26.
      10. Мемлекеттік органның толық атауы – "Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесі.
      11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
      12. Басқарманың қызметін қаржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге
      асырылады.
      13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. Басқарманың миссиясы: Алматы облысының табиғи ресурстарын тиімді пайдалануын, орман, жануарлар дүниесін, су ресурстарын реттеуді және қорғауды қамтамасыз ету, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету.
      15. Міндеттері:
      1) ормандарды күзету, қорғау, молықтыру, жануарлар дүниесін қорғау мақсатында мемлекеттік басқару;
      2) табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мемлекеттік басқару;
      3) адам денсаулығы мен өмірі үшін қоршаған ортаның қолайлы жағдайын қамтамасыз ету мақсатында, экологиялық қауіпсіздікті, биологиялық түрлілік пен экологиялық жүйелерді сақтауды қамтамасыз ететін қоршаған ортаның сапасын реттеу және оған шекті әсерді белгілеу жолымен қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік реттеу.
      16. Функциялары:
      1) мемлекеттік орман қоры аумағында ормандарды және жануарлар дүниесін қорғауды қамтамасыз етеді;
      2) жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тізбесін бекітуге ұсынады;
      3) жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тiзбесiн бекітуге ұсынады;
      4) жануарлар дүниесiн пайдаланушыларға аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерiн бекiтiп беру мен аңшылық және балық шаруашылықтарының қажеттіліктері үшін сервитуттарды белгілеу жөнiнде құжаттар дайындайды;
      5) жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау аймақтары шегiнде осы аумақтардың экологиялық жүйелерiнiң, экологиялық дәлiздердiң жай-күйiне, сондай-ақ оларды қорғау және пайдалану режимiне терiс әсер ететiн қызметтiң шектей отырып, осындай аймақтарды белгiлеу жөнiнде ұсыныс енгізеді;
      6) мемлекеттік орман қоры аумағында биотехникалық іс-шараларының өткізілуін қамтамасыз етеді;
      7) мемлекеттiк орман саясатын қалыптастыру және оны iске асыру жөнiндегi ұсыныстарды тұжырымдауға қатысады;
      8) ормандарды күзетудi, қорғауды, молықтыру мен орман өсiрудi ұйымдастырады және қамтамасыз етедi, өздерiнiң функционалдық қарауындағы мемлекеттiк орман қоры аумағында орман пайдалануды реттейдi;
      9) мемлекеттiк орман қоры аумағында ормандағы өрттердiң алдын алу және оларға қарсы күрес жөнiндегi iс-шаралардың жыл сайынғы жоспарларын әзiрлейдi, бекiтедi және iске асырады;
      10) өртке қарсы насихатты, бұқаралық ақпарат құралдарында ормандарды сақтау, ормандарда өрт қауiпсiздiгi ережелерiн орындау туралы мәселелердiң тұрақты берiлуiн ұйымдастырады;
      11) орман қоры аумағында орман зиянкестерiмен және ауруларымен күрес және орманның санитарлық жай-күйiн жақсарту жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастырады;
      12) орман зиянкестерi мен ауруларына қарсы күресте авиахимиялық, авиабиологиялық және аэрозольдық iс-шаралар жүргiзген кезде, сондай-ақ орманда өрт қаупi жоғары болып тұрған кезеңдерде жеке тұлғалардың мемлекеттiк орман қоры аумағында болуына тыйым салу туралы, орман пайдалану құқығын шектеу туралы ұсыныс енгізеді;
      13) уәкiлеттi органға беру үшiн өздерiнiң функционалдық қарауындағы орман қорының мемлекеттiк есебi, мемлекеттiк орман кадастры, мемлекеттiк орман мониторингi жөнiнде материалдар әзiрлейдi;
      14) өздерiнiң функционалдық қарауындағы мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде аяқталған объектiлердi және орман шаруашылығы iс-шараларын жүргiзу нәтижесiнде өндiрiлген дайын өнiмдердi қабылдайды;
      15) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдаланғаны үшiн төлемақы мөлшерлемелерiн (сүректi түбiрiмен босату үшiн мөлшерлемелердi қоспағанда) жобаларын әзiрлейдi;
      16) уәкілетті органның және облыстың жергілікті өкілді органының қатысуымен өздерінің қарауындағы мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман ресурстарын ұзақ мерзімді пайдалануға беру жөнінде тендерлер ұйымдастырады және өткізеді;
      17) өздерінің функционалдық қарауындағы мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығын, сондай-ақ ормандардың жай-күйiне және молықтырылуына қауiп төндiретiн жұмыстарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тоқтата тұрады, шектейдi, тоқтатады;
      18) орман ресурстары сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристік және спорттық мақсаттар; аңшылық шаруашылығының мұқтаждықтары; жанама орман пайдалану үшін ұзақ мерзімді орман пайдалануға берілген, өз қарауындағы мемлекеттік орман қоры жерлерінде орман пайдаланушыларға құрылыс объектілерін салуға учаскелер береді және осы учаскелерді осындай объектілер салу үшін пайдалануға рұқсат береді;
      19) мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ұзақ мерзімді орман пайдалану шартын мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырады;
      20) мемлекеттiк экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалардың қорытындылары негiзiнде өз құзыретi шегiнде кәсiпорындарды, құрылыстар мен өзге де объектiлердi салуға немесе реконструкциялауға тыйым салады немесе рұқсат бередi;
      21) өз құзыретi шегiнде шаруашылық қызмет объектiлерiнiң мемлекеттiк экологиялық сараптамасын ұйымдастырады және жүргiзедi;
      22) өз құзыретi шегiнде қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттар бередi, оларда қоршаған ортаға эмиссияларға лимиттер белгiлейдi;
      23) мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзу кезiнде қоғамдық тыңдау ұйымдастырады;
       24) қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауды және қызметтер көрсетудi жүзеге асыратын сыртқы сарапшыларды (жеке және заңды тұлғаларды) сараптамалық жұмыстар жүргiзуге тартады;
      25) қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзудiң тiркелуiн жүзеге асырады;
      26) қоршаған ортаны қорғау саласындағы инвестициялық жобаларды әзiрлейдi және оларды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға табыс етедi;
      27) бассейндiк су шаруашылығы басқармаларымен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша су қорғау аймақтарын және белдеулерiн белгiлейдi;
      28) бассейндiк су шаруашылығы басқармаларының келiсiмiмен су қорғау аймақтары мен белдеулерiн шаруашылық пайдаланудың режимi мен ерекше жағдайларын белгiлейдi;
      29) бассейндiк кеңестердiң жұмысына және бассейндiк келiсiмге қатысады, су объектiлерiн ұтымды пайдалану мен қорғау жөніндегі бассейндік бағдарламаларды iске асыруды жүзеге асырады;
      30) судың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындармен басқа да құрылыстарды орналастыруды және пайдалануға берудi, сондай-ақ су объектiлерiнде, су қорғау аймақтары мен белдеулерiнде құрылыс, түбiн тереңдету және басқа да жұмыстарды жүргiзу шарттарын келiседi;
      31) аңшылық шаруашылығының мұқтаждықтары үшін жануарлар дүниесін пайдаланушыларға аңшылық алқаптарды бекітіп беру бойынша конкурстар өткізуді ұйымдастырады;
      32) облыс аумағында орналасқан, жергілікті, халықаралық және республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарын бекітіп беру бойынша конкурстар өткізуді ұйымдастырады;
      33) сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген жануарлар түрлерiн интродукциялау, реинтродукциялау және будандастыру, сондай-ақ қолдан өсiру жөнiндегi қызметтi ұйымдастырады;
      34) аңшылық алқаптарының резервтiк қорында жануарлар дүниесiн қорғауды ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;
      35) балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерiнiң
      резервтiк қорын қорғауды ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;
      36) ғылыми ұсынымдар негізінде балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін паспорттауды жүргізеді;
      37) рекреациялық балық аулау аймағын белгілейді;
      38) балық шаруашылығы учаскелерінің шекараларын белгілейді, ұйықтық учаскелерді ашады және жабады;
      39) екі және одан да көп облыс аумағында орналасқан балық шаруашылығы су айдындарында ғылыми-зерттеу үшін аулау, сондай-ақ сирек кездесетін және құрып бара жатқан жануарлар түрін қоспағанда, жануарлар әлемін пайдалануға рұқсат береді;
      40) аңшылық шаруашылығын жүргізу үшін жануарлар дүниесін пайдаланушылармен шарт жасайды;
      41) балық шаруашылығын жүргізу үшін жануарлар дүниесін пайдаланушылармен шарт жасайды;
      42) кәсіпшілік балық аулауға заңды және жеке тұлғалармен шарт жасайды;
      43) жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүддесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергiлiктi атқарушы органдарға жүктелетiн өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      17. Құқықтары мен міндеттері:
      1) мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан өз қызметіне қажетті ақпаратты сұрату және алу;
      2) оперативті басқару құқығымен қарасты мүліктерді пайдалануды жүзеге асыру;
      3) қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу жөнінде шаралар қабылдау;
      4) Қазақстан Республикасы заңнамасында ескерілген табиғат қорғау заңдылықтарын бұзушыларға жаза қолдану жұмысын жүргізу;
      5) заңнамада белгіленген тәртіппен табиғат қорғау шаралары бойынша мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу;
      6) заңнамада белгіленген тәртіппен табиғатты қорғау шараларын өткізу бойынша жұмыстарды сатып алу шартын жасау және оның орындалуын бақылау;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде қоршаған ортаны қорғау, су ресурстары және өсімдік әлем саласында басқа да құқықтарды және міндеттерді жүзеге асыру.

3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру.

      18. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
      19. Басқарманың бірінші басшысын Алматы облысының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      20. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
      21. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:
      1) құрылымдық бөлімшелер басшыларының, Басқарма қызметкерлерінің міндеттері мен өкiлеттiктерiн өз құзыреті шегінде анықтайды;
      2) Басқарма қызметкерлерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және босатады;
      3) Басқарманың қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің және кәсіпорындардың директорларын қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және босатады;
      4) Басқарманың қарамағындағы мемлекеттік мекемелерінің директорларының орынбасарларын қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және босатады;
      5) Басқарма қызметкерлерін, Басқарманың қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің және кәсіпорындардың директорларын және директорлардың орынбасарларын заңнамада белгіленген тәртіппен ынталандырады және тәртіптік жазалар қолданады;
      6) өз құзыреті шегінде бұйрық шығарады және құрылымдық бөлімшелерінің Ережелерін бекітеді;
      7) мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарда өз құзыреті шегінде Басқарманың мүддесін білдіреді;
      8) Басқармадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етеді, сол үшін жеке жауапкершілік алуды белгілейді;
      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
      22. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4. Басқарманың мүлкі

      23. Басқармада заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.
      Басқарма мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      24. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
      25. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      26. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Басқарманың қарамағындағы мемлекеттік мекемелерінің тізбесі

      1) "Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының Алакөл орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі";
      2) "Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының Бақанас орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі";
      3) "Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының Бөрлітөбе орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі";
      4) "Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының Жаркент орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі";
      5) "Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының Жоңғар орман шаруашылығы" мемлекеттік мекемесі;
      6) "Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының Қаскелен орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі";
      7) "Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының Кеген орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі";
      8) "Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының Күрті орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі";
      9) "Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының Нарынқол орман шаруашылығы" мемлекеттік мекемесі;
      10) "Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының Талдықорған орман шаруашылығы" мемлекеттік мекемесі;
      11) "Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының Ұйғыр орман шаруашылығы" мемлекеттік мекемесі;
      12) "Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының Үйгентас орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі";
      13) "Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының Үштөбе орман шаруашылығы" мемлекеттік мекемесі;
      14) "Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының Шелек орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі" мемлекеттік мекемесі;
      15) "Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесінің "Қызыл жиде" орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
      16) "Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесінің "Балқаш" мелиоративтік-механикаландырылған отряды мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;
      17) "Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесінің "Қаратал" мелиоративтік-механикаландырылған отряды мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады