"Алматы облысының (қаласының, ауданының) құрметті азаматы" атағын беру Қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Алматы облыстық мәслихатының 2015 жылғы 20 мамырдағы № 45-261 шешімі. Алматы облысы Әділет департаментінде 2015 жылы 23 маусымда № 3242 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 1-тармағының 12-2) тармақшасына сәйкес, Алматы облыстық мәслихаты ШЕШIМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Қоса беріліп отырған "Алматы облысының (қаласының, ауданының) құрметтi азаматы" атағын беру Қағидалары бекiтiлсiн.
      2. Алматы облыстық мәслихаты аппаратының басшысы Құрманбаев Ерлан Бақытжанұлына осы шешімді әділет органдарында мемлекеттік тіркелгеннен кейін ресми және мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған интернет-ресурста және облыстық мәслихаттың интернет-ресурсында жариялау жүктелсін.
      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы Дүйсембінов Сұлтан Мырзабекұлына жүктелсін (келісім бойынша).
      4. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Облыстық мәслихат
      сессиясының төрағасы Қ. Дөнсебаев
      Облыстық мәслихат хатшысы Е. Келемсеиіт

  Алматы облыстық мәслихатының 2015 жылғы 20 мамырдағы № 45-261 шешімімен бекітілген

"Алматы облысының (қаласының, ауданының) құрметтi азаматы" атағын беру Қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы "Алматы облысының (қаласының, ауданының) құрметтi азаматы" атағын беру Қағидалары "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзiрленген және "Алматы облысының (қаласының, ауданының) құрметтi азаматы" атағын (бұдан әрі - Атақ) беру тәртiбiн реттейді.
      2. Атақтың берілуі марапатталушылардың облыстың (қаланың, ауданның) экономикалық, әлеуметтік және рухани даму саласындағы ерекше еңбектерін қоғамның мойындағанын білдіру және маңызды моральдық ынталандырудың бірі болып табылады.
      3. Атақ азаматтарға, олардың:
      1) облыстың (қаланың, ауданның) әлеуметтік-экономикалық дамуына;
      2) қоғамды демократияландыруға, облыс (қала, аудан) халқын әлеуметтік қорғау шараларын жүзеге асыруға;
      3) жаратылыс, техникалық және қоғамдық ғылымдардың маңызды бағыттары бойынша іргелі зерттеулер жүргізуге, тиімділігі жоғары жаңа техника мен технология әзірлеу мен енгізуге;
      4) халықтар мәдениетін дамыту, өзара әрекет ету мен байытуға, өнер, әдебиет және журналистикада жоғарғы көркем туындылар жасауға;
      5) жеткіншек ұрпаққа адамгершілік және патриоттық тәрбие беруге, оқытудың жаңа түрлерін практикалық іс жүзіне асыруға;
      6) облыс (қала, аудан) тұрғындарының денсаулығын сақтауға, қоршаған табиғи ортаны сауықтыруға, дене тәрбиесі мен спортты дамытуға;
      7) мемлекеттік және әскери қызметке;
      8) заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға;
      9) меценаттық және қайырымдылық қызметіне қосқан нақты және маңызды үлесі үшін беріледі.

2. Атаққа ұсыну және беру тәртібі

      4. Атақ жылына он азаматтан аспай беріледі.
      5. Атақ облыс (қала, аудан) әкімінің ұсынысы бойынша тиісті мәслихаттың шешімімен беріледі.
      6. Атақ беру туралы қолдаухатты мемлекеттік органдардың, мекемелердің, ұйымдардың, кәсіпорындардың, ведомстволардың, бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың және шығармашылық одақтардың басшылары облыс (қала, аудан) әкімінің қарауына ұсынады.
      7. Атаққа ұсынылып отырған үміткер тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік органның, мекеменің, ұйымның, кәсіпорынның, ведомствоның, бірлестіктің, сондай-ақ қоғамдық ұйымның еңбек ұжымы жиналысында Атақ беру үшін ұсынылған кандидатура және оған берілетін мінездеме қаралып, бекітіледі.
      8. Атаққа ұсынылушының әрқайсысына Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 8 қарашадағы № 90 өкімімен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтауға ұсынудың және оларды тапсырудың тәртібі туралы Нұсқаулыққа қоса берілген № 1 нысан бойынша награда қағазы толтырылады. Награда қағазында Атақ беруге ұсынылушының жеке басын куәландыратын құжаты бойынша тегі, аты, әкесінің аты, лауазымы, жұмыс істеп жүрген цехтың, бөлімнің, бірлестіктің, мекеменің, ұйымның толық атауы көрсетіледі.
      9. Атаққа ұсынылушы ғалымдар, ғылым мен техника қайраткерлерінің награда қағазына ғылыми жұмыстарының тізімі, өнертапқыштардың енгізген өнертабыстарының тізбесі қоса беріледі.
      10. Награда қағазына 3х4 сантиметр көлемді түрлі-түсті 2 фотосурет қоса беріледі.
      11. Атақ беру туралы қолдаухат қолдау таппаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мерзімде оның себебі туралы түсіндірме беріледі.
      12. Атақ берілген тұлғаларға куәлік, төсбелгі және лента тапсырылады.
      13. Куәліктерді, төсбелгілерді және ленталарды дайындау облыс (қала, аудан) әкімінің аппаратына жүктеледі және дайындау шығынын қаржыландыру тиісті жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады.
      14. Атаққа қоса берілетін куәлікті, төсбелгіні және лентаны облыс (қала, аудан) әкімі, облыстық (қалалық, аудандық) мәслихаттың хатшысы және уәкілетті ресми өкілдер салтанатты жағдайда тапсырады.
      15. Куәліктің, төсбелгінің және лентаның тапсырылғаны туралы хаттама жасалып, оған тапсыруды жүзеге асырған лауазымды тұлға қол қояды.
      16. Атаққа қоса берілетін төсбелгі немесе лента жоғалған жағдайда телқұжаты берілмейді.
      17. Атаққа қоса берілетін куәлік жоғалған жағдайда, оның телқұжаты, марапатталған адамның жазбаша өтініші бойынша, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарындағы жоғалғандығына байланысты жарамсыз деп тану туралы жарияланған хабарлама ұсынылғанда облыс (қала, аудан) әкімінің келісімімен берілуі мүмкін.

3. Атаққа қоса берілетін куәлік, төс белгі және лентаның сипаттамасы

      Куәлік

      18. Куәлік қою көк түсті қатты қаптамадан жасалады, жайылған күйдегі көлемі 6,5х18,5 сантиметр, сыртқы бетінде Алматы облысының (қаланың, ауданның) таңбасы бейнеленіп, "Алматы облысының (қаласының, ауданының) құрметті азаматы" деп баспаханалық қаріппен мемлекеттік тілде жазылған.
      19. Куәліктің ішкі жағы көгілдір түсті, сол және оң жағында мемлекеттік және орыс тілдерінде: асты қызыл желекпен сызылған "Алматы облысы (қаласы, ауданы)", "Алматинская область (город, район)" деген мәтін бар, куәлік нөмірі, тегі, аты, әкесінің аты және облыс (қала, аудан) мәслихатының қабылдаған шешімінің күні, нөмірі және берілген күні көрсетіледі.
      20. Ішкі оң жағында Алматы облысының (қаланың, ауданның) таңбасы бейнеленген, куәліктің ішкі сол жағына көлемі 3х4 сантиметр сурет жапсырылады. Суреттен төмен облыс (қала, аудан) әкімінің қолы қойылады.
      21. Куәлікке қойылған қол гербті мөрмен расталады.
      22. Куәліктің сол және оң жақ беттері ламинатталады.

      Төсбелгі

      23. Төсбелгі гальваникалық жолмен жұқа қабатты никель мен алтын жалатылған төменгі температуралы металл қосындыларынан жасалады.
      24. Атақтың төсбелгісі екі элементтен тұрады: кеудеге тағатын негіз және алқасы. Кеудеге тағатын негіздің іші көк түсті эмальмен құйылған, "Құрметті азаматы" деген жазуы бар. Алқада Алматы облысының (қаласының, ауданының) таңбасы бейнеленген.

      Лента

      25. Лента ұзындығы – 210 сантиметр, ені – 20 сантиметр көгілдір түсті матадан жасалған. Лентаның ортасында "Алматы облысының (қаласының, ауданының) құрметті азаматы" деген алтын түстес жіппен тігілген жазу және Алматы облысының (қаласының, ауданының) таңбасы орналасқан. Лентаның екі жақ ұшы алтын түсті шашақтармен көмкерілген.

      Ескерту. 25 тармақ жаңа редакцияда – Алматы облыстық мәслихатының 30.03.2018 № 29-155 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

4. Атақтан айыру және қалпына келтіру

      26. Атақ берiлген тұлға, атақ беру туралы қолдаухат енгізген органның ұсынысы бойынша облыстық (қалалық, аудандық) мәслихаттың шешiмiмен:
      1) үлкен қоғамдық резонанс тудыратын жағымсыз мiнез-құлық көрсеткен жағдайда;
      2) соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгеннен кейiн атағынан айырылады.
      27. Сот шешімі бойынша заңсыз сотталғандар және толық ақталғандардың Атаққа құқығы облыстық (қалалық, аудандық) мәслихаттың шешімімен қайта қалпына келтіріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады