"Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Алматы облысы Іле ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 12 қазандағы № 9-505 қаулысы. Алматы облысы Әділет департаментінде 2015 жылы 17 қарашада № 3557 болып тіркелді. Күші жойылды - Алматы облысы Іле ауданы әкімдігінің 2021 жылғы 19 қаңтардағы № 15 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы облысы Іле ауданы әкімдігінің 19.01.2021 № 15 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 8) тармақшасына және "Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының үлгі ережесін бекіту туралы" 2012 жылғы 29 қазандағы № 410 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, аудан әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесі осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.
      2. "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің басшысы Қожахметов Серікбай Бакенұлына осы қаулыны әділет органдарында мемлекеттік тіркелгеннен кейін ресми және мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған интернет-ресурста және аудан әкімдігінің интернет-ресурсында жариялау жүктелсін.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары Мендебаев Кеңесбек Нүсіпқұлұлына жүктелсін.
      4. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудан әкімі Қ.Медеуов

  Іле аудан әкімдігінің 2015 жылғы "12" 10 № 9-505 қаулысымен бекітілген қосымша

"Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже

1. Жалпы ережелер

      1. "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі ветеринария саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
      2. "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ведомстволары жоқ.
      3., "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      5. "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      6. "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесіне егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      7. "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      8. "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индекс 040700, Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр кенті, Батталханов көшесі, № 8 үй.
      10. Мемлекеттік органның толық атауы – "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі.
      11. Осы Ереже "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің құрылтай құжаты болып табылады.
      12. "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
      13. "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесіне кәсіпкерлік субъектілерімен "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесіне заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің миссиясы: ветеринария саласында мемлекеттiк саясатты жүзеге асыру.
      15. Міндеттері:
      1) жануарларды аурулардан қорғау және емдеу;
      2) халықтың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау;
      3) ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
      4) Іле ауданының аумағын басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының әкелiнуi мен таралуынан қорғау;
      5) жеке және заңды тұлғалар ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыруы кезiнде қоршаған ортаны ластаудың алдын алу және оны жою.
      16. Функциялары:
      1) қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды ұйымдастыру;
      2) мүдделі тұлғаларға өткізіліп жатқан ветеринариялық іс-шаралар туралы ақпарат беруді ұйымдастыру және қамтамасыз ету;
      3) ветеринария мәселелері бойынша халықтың арасында ағарту жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу; 
      4) жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты алып қоймай залалсыздандыру (зарарсыздандыру) және қайта өңдеу;
      5) жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін, алып қоймай залалсыздандырылған (зарарсыздандырылған) және қайта өңделген жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың құнын иелеріне өтеу;
      6) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне ветеринариялық-санитариялық қорытынды беруге құқығы бар
      мемлекеттік ветеринариялық дәрігерлер тізімін бекіту;
      7) Іле ауданының шегінде жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын сақтауын мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
      8) эпизоотия ошақтары пайда болған жағдайда оларды зерттеп-қарауды жүргізу;
      9) эпизоотологиялық зерттеп-қарау актісін беру;
      10) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуы тұрғысынан мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды:
      ішкі сауда объектілерінде;
      жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерінде, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарда (импортпен және экспортпен байланыстыларды қоспағанда);
      ветеринариялық препараттар өндіруді қоспағанда, ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын адамдарда;
      экспортын (импортын) және транзитін қоспағанда, Іле ауданының шегінде орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдау (орнын ауыстыру), тиеу, түсіру кезінде;
      экспортты (импортты) және транзитті қоспағанда, жануарлар ауруларының қоздырушыларын тарататын факторлар болуы мүмкін көлік құралдарының барлық түрлерінде, ыдыстың, буып-түю материалдарының барлық түрлері бойынша;
      тасымалдау (орнын ауыстыру) маршруттары өтетін, мал айдалатын жолдарда, маршруттарда, мал жайылымдары мен суаттардың аумақтарында;
      экспортты (импортты) және транзитті қоспағанда, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді өсіретін, сақтайтын, өңдейтін, өткізетін немесе пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың аумақтарында, өндірістік үй-жайларында және қызметіне жүзеге асыру;
      11) мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды), орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді күтіп-ұстауға, өсіруге, пайдалануға, өндіруге, дайындауға (союға), сақтауға, қайта өңдеу мен өткізуге байланысты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерін орналастыру, салу, реконструкциялау және пайдалануға беру кезінде, сондай-ақ оларды тасымалдау (орнын ауыстыру) кезінде зоогигиеналық және ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптардың сақталуына мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
      12) жеке және заңды тұлғаларға қатысты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау актісін жасау;
      13) Іле ауданының аумағында жануарлардың энзоотиялық аурулары бойынша ветеринариялық іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру;
      14) уәкілетті орган бекітетін тізбе бойынша жануарлардың аса қауіпті ауруларының, сондай-ақ жануарлардың басқа да ауруларының профилактикасы, биологиялық материал сынамаларын алу және оларды диагностикалау үшін жеткізу бойынша ветеринариялық іс-шаралардың жүргізілуін ұйымдастыру;
      15) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорды жүргізу бойынша іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру;
      16) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізу үшін бұйымдарға (құралдарға) және атрибуттарға қажеттілікті айқындау және облыстың жергілікті атқарушы органына ақпарат беру;
      17) ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жинақтау, талдау және оларды облыстың жергілікті атқарушы органына ұсыну;
      18) облыстың жергілікті атқарушы органына жануарлардың жұқпалы және жұқпалы емес ауруларының профилактикасы бойынша ветеринариялық іс-шаралар жөнінде ұсыныстар енгізу; 
      19) облыстың жергілікті атқарушы органына профилактикасы мен диагностикасы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың энзоотиялық ауруларының тізбесі жөнінде ұсыныстар енгізу; 
      20) ветеринариялық препараттардың республикалық қорын қоспағанда, бюджет қаражаты есебінен сатып алынған ветеринариялық препараттарды сақтауды ұйымдастыру; 
      21) ауру жануарларды санитариялық союды ұйымдастыру;
      22) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жеке және заңды тұлғалардан ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламалар қабылдау, сондай-ақ рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу;
      23) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
      17. Құқықтары мен міндеттері:
      1) "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің құзыретіне кіретін мәселелерді шешу бойынша аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың қарауына ұсыныстар енгізу;
      2) мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан өз қызметіне қажетті ақпаратты заңнамада белгіленген тәртіппен сұрату және алу;
      3) жедел басқару құқығындағы мүліктерді пайдалануды жүзеге асыру;
      4) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін уақытылы және сапалы қарау;
      5) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру.

3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру

      18. "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі басшылықты "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесіне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
      19. "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің бірінші басшысын Іле ауданының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      20. "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің бірінші басшысының орынбасары бар.
      21. "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің бірінші басшысының өкілеттігі:
      1) "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және босатады;
      2) "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің міндеттері мен өкiлеттiктерiн өз құзыреті шегінде айқындайды;
      3) "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерін заңнамада белгіленген тәртіппен ынталандырады және тәртіптік жазалар қолданады;
      4) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады;
      5) мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарда өз құзыреті шегінде "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің мүддесін білдіреді;
      6) "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етеді, сол үшін жеке жауапкершілік алуды белгілейді;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      22. "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
      "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      23. "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесіне бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
      24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      25. "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      "Іле ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің тізбесі:
      "Іле ауданы Әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы ветеринариялық пунктері бар "Ветеринарлық станциясы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады