"Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 8) тармақшасына және "Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының үлгі ережесін бекіту туралы" 2012 жылғы 29 қазандағы № 410 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, Талғар ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Талғар ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекеменің Ережесі осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. "Талғар ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекеменің басшысы Арынбаев Марат Жаманқұлұлына осы қаулыны әділет органдарында мемлекеттік тіркелгеннен кейін ресми және мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған интернет-ресурста және аудан әкімдігінің интернет-ресурсында жариялау жүктелсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары Жұмағұлов Талғат Жапашұлына жүктелсін.
4. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Аудан әкімі | Р. Садықова |
Талғар ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 23 қарашадағы № 11-1457 қаулысымен бекітілген қосымша |
"Талғар ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже
1. Жалпы ережелер
1. "Талғар ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемес (бұдан әрі – Бөлім) ветеринария саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.2. Бөлімнің ведомстволары жоқ.
3.,Бөлім өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Бөлім мемлекеттік мекем ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
5. Бөлім азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
6. Бөлімге егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
7. Бөлім өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Бөлім басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Бөлім құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индекс 041600, Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Талғар ауданы, Талғар қаласы, Қонаев даңғылы, № 65.
10. Мемлекеттік органның толық атауы - "Талғар ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі.
11. Осы Ереже бөлімнің құрылтай құжаты болып табылады.
12. Бөлімнің қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
13. Бөлімге кәсіпкерлік субъектілерімен Бөлімнің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Бөлімге заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.
2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері
14. Бөлімнің миссиясы: ветеринария саласындағы мемлекеттiк саясатты жүзеге асыру.15. Міндеттері:
1) жануарларды аурулардан қорғау және емдеу;
2) халықтың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау;
3) ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
4)Талғар ауданының аумағын басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының әкелiнуi мен таралуынан қорғау;
5) жеке және заңды тұлғалар ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыруы кезiнде қоршаған ортаны ластаудың алдын алу және оны жою.
16. Функциялары:
1) облыстың жергiлiктi өкiлдi органына бекiту үшін жануарларды асырау қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын, жануарларды асыраудың санитариялық аймақтарының шекараларын белгiлеу жөнiнде ұсыныстар енгізу;
2) қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды ұйымдастыру;
3) ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға сәйкес мал қорымын (биотермиялық шұңқырларды) салуды ұйымдастыру және оларды күтіп-ұстауды қамтамасыз ету;
4) мүдделі тұлғаларға өткізіліп жатқан ветеринариялық іс-шаралар туралы ақпарат беруді ұйымдастыру және қамтамасыз ету;
5) ветеринария мәселелері бойынша халықтың арасында ағарту жұмыстарын ұйымдастыру;
6) жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерін, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарды пайдалануға қабылдайтын мемлекеттік комиссияларды ұйымдастыру;
7) жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығын қауіп төндіретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты алып қоймай залалсыздандыру (зарарсыздандыру) және қайта өңдеу;
8) жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін, алып қоймай залалсыздандырылған (зарарсыздандырылған) және қайта өңделген жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың құнын иелеріне өтеу;
9) ауданның аумағында жануарлардың жұқпалы аурулары пайда болған жағдайда, тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынуы бойынша карантинді немесе шектеу iс-шараларын белгілеу туралы шешімдер қабылдау;
10) ауданның аумағында жануарлардың жұқпалы ауруларының ошақтарын жою жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар кешені жүргізілгеннен кейін тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынуы бойынша шектеу іс-шараларын немесе карантинді тоқтату туралы шешімдер қабылдау;
11) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне ветеринариялық-санитариялық қорытынды беруге құқығы бар мемлекеттік ветеринариялық дәрігерлер тізімін бекіту;
12) Алматы облысы Талғар ауданының аумағында жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын сақтауын мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
13) эпизоотия ошақтары пайда болған жағдайда оларды зерттеп-қарауды жүргізу;
14) эпизоотологиялық зерттеп-қарау актісін беру;
15) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуы тұрғысынан мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды:
ішкі сауда объектілерінде;
жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерінде, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарда (импортпен және экспортпен байланыстыларды қоспағанда);
ветеринариялық препараттар өндіруді қоспағанда, ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын адамдарда;
экспортын (импортын) және транзитін қоспағанда, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдау (орнын ауыстыру), тиеу, түсіру кезінде;
экспортты (импортты) және транзитті қоспағанда, жануарлар ауруларының қоздырушыларын тарататын факторлар болуы мүмкін көлік құралдарының барлық түрлерінде, ыдыстың, буып-түю материалдарының барлыќ түрлері бойынша;
тасымалдау (орнын ауыстыру) маршруттары өтетін, мал айдалатын жолдарда, маршруттарда, мал жайылымдары мен суаттардың аумақтарында;
экспортты (импортты) және транзитті қоспағанда, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді өсіретін, сақтайтын, өңдейтін, өткізетін немесе пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың аумақтарында, өндірістік үй-жайларында және қызметіне жүзеге асыру;
16) мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды), орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді күтіп-ұстауға, өсіруге, пайдалануға, өндіруге, дайындауға (союға), сақтауға, қайта өңдеу мен өткізуге байланысты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерін орналастыру, салу, реконструкциялау және пайдалануға беру кезінде, сондай-ақ оларды тасымалдау (орнын ауыстыру) кезінде зоогигиеналық және ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптардың сақталуына мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
17) жеке және заңды тұлғаларға қатысты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау актісін жасау;
18) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында жануарлардың энзоотиялық аурулары бойынша ветеринариялық іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру;
19) уәкілетті орган бекітетін тізбе бойынша жануарлардың аса қауіпті ауруларының, сондай-ақ жануарлардың басқа да ауруларының профилактикасы, биологиялық материал сынамаларын алу және оларды диагностикалау үшін жеткізу бойынша ветеринариялық іс-шаралардың жүргізілуін ұйымдастыру;
20) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорды жүргізу бойынша іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру;
21) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізу үшін бұйымдарға (құралдарға) және атрибуттарға қажеттілікті айқындау және облыстың жергілікті атқарушы органына ақпарат беру;
22) ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жинақтау, талдау және оларды облыстың жергілікті атқарушы органына ұсыну;
23) облыстың жергілікті атқарушы органына жануарлардың жұқпалы және жұқпалы емес ауруларының профилактикасы бойынша ветеринариялық іс-шаралар жөнінде ұсыныстар енгізу;
24) облыстың жергілікті атқарушы органына профилактикасы мен диагностикасы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың энзоотиялық ауруларының тізбесі жөнінде ұсыныстар енгізу;
25) бюджет қаражаты есебінен сатып алынған ветеринариялық препараттарды сақтауды ұйымдастыру;
26) облыстың жергілікті атқарушы органына Алматы облысы Талғар ауданының аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар туралы ұсыныстар енгізу;
27) ауру жануарларды санитариялық союды ұйымдастыру;
28) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жеке және заңды тұлғалардан ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламалар қабылдау, сондай-ақ рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу;
29) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
17. Құқықтары мен міндеттері:
1) мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан өз қызметіне қажетті ақпаратты сұрату және алу;
2) өзінің құзыреті шегінде шешімдер қабылдау;
3) жоғары тұрған органдардың тапсырмаларын орындау;
4) Бөлімнің құзыретіне жататын қала әкімінің, әкімдігінің нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын дайындау;
5) Бөлімнің мүдделерін барлық құзыретті, мемлекеттік, әкімшілік органдарда, мекемелерде, ұйымдарда, сондай-ақ сот және құқық қорғау органдарында білдіру;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде басқа да құқықтарды және міндеттерді жүзеге асыру.
3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру
18. Бөлімге басшылықты Бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.19. Бөлімнің бірінші басшысын Талғар ауданының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
20. Бөлімнің бірінші басшысының орынбасары бар.
21. Бөлімнің бірінші басшысының өкілеттігі:
1) Бөлім қызметкерлерінің міндеттері мен өкiлеттiктерiн өз құзыреті шегінде анықтайды;
2) Бөлім қызметкерлерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және босатады;
3) Бөлім қызметкерлерін заңнамада белгіленген тәртіппен ынталандырады және тәртіптік жазалар қолданады;
4) өз құзыреті шегінде Бөлім қызметкерлері, Бөлімнің қарамағындағы ұйымдары орындауға міндетті бұйрықтар, нұсқаулықтар шығарады;
5) мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарда өз құзыреті шегінде Бөлімнің мүддесін білдіреді;
6) Бөлімде сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етеді, сол үшін жеке жауапкершілік алуды белгілейді;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Бөлімнің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
4. Мемлекеттік органның мүлкі
22. Бөлімнің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.Бөлімнің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
23. Бөлімге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Бөлім, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
25. Бөлімді қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.Бөлімнің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:
Талғар ауданы әкімдігінің "Талғар ауданының ветеринариялық станциясы" шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны.