Сараптама актісін (сынақ хаттамасын) беру қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 7-1/19 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2015 жылы 10 наурызда № 10410 тіркелді.

      "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 46-13) тармақшасына және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 08.12.2020 № 374 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Сараптама актісін (сынақ хаттамасын) беру қағидалары бекітілсін.

      2. Ветеринария және тамақ қауіпсіздігі департаменті:

      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркеуден өтуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуына бақылау Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығының жетекшілік ететін вице – министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр А. Мамытбеков

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасы

      Инвестициялар және даму министрі

      ____________ Ә. Исекешев

      10 ақпан 2015 жылы


      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрі

      __________ Е. Досаев

      27 қаңтар 2015 жылы


  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы
министрінің
2015 жылғы 16 қаңтардағы
№ 7-1/19 бұйрығымен
бекітілген

Сараптама актісін (сынақ хаттамасын) беру қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 08.12.2020 № 374 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Сараптама актісін (сынақ хаттамасын) беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі − Заң) 8-бабы 46-13) тармақшасына, "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі − Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заң) 10-бабы 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және сараптама актісін (сынақ хаттамасын) беру тәртібін, сондай-ақ "Ветеринариялық зертханалар беретін сараптама актiлерiн (сынау хаттамаларын) беру" мемлекеттік қызметін (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) көрсету тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай жалпы ұғымдар пайдаланылады:

      1) "Е-аgriculture" агроөнеркәсіптік кешен салаларын басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі" ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ақпараттық жүйе) – сараптама актілері (сынақ хаттамалары) туралы мәліметтердің орталықтандырылған есепке алынуын қамтамасыз етуге арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсететін персоналдың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырылып реттелген жиынтығы;

      2) ветеринария саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі – аумақтық бөлімшелер) – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (облыс, республикалық маңызы бар қала, астана, аудан, облыстық маңызы бар қала) орналасқан аумақтық бөлімшелер;

      3) ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханасы - ішкі сауда объектілерінде және (немесе) басқа орындарда өткізілетін жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатқа, азық және азықтық қоспаларға ветеринариялық-санитариялық сараптаманы жүзеге асыратын заңды тұлға немесе заңды тұлғаның мамандандырылған бөлімшесі;

      4) ветеринария саласындағы маман – ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар бөлiмшелерiнің, мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдардың ветеринария мамандықтары бойынша жоғары, орта білімнен кейiнгi немесе техникалық және кәсiптiк бiлiмi бар жұмыскерi;

      5) ветеринария саласындағы уәкілетті органның ведомствосы (бұдан әрі – ведомство) – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті;

      6) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауға және қадағалауға жататын орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілер (бұдан әрі – орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілер) − жануарлар, жануарлардың жыныстық және соматикалық жасушалары, жануарлар ауруларын қоздырушылардың штамдары, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізат, ветеринариялық препараттар, азық және азықтық қоспалар, патологиялық материал немесе олардан алынатын сынамалар, судың, ауаның, топырақ қабатының, өсімдіктердің сынамалары, ветеринариялық және зоогигиеналық мақсаттағы бұйымдар мен атрибуттар, сондай-ақ оларды буып-түю және тасымалдау үшін пайдаланылатын ыдыстың барлық түрлері және осындай орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдайтын көлік құралдары;

      7) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесі болатын ақпараттық жүйе;

      8) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.

      3. Сараптама актісі (сынақ хаттамасы) диагностика немесе ветеринариялық-санитариялық сараптама нәтижелері бойынша осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша беріледі.

2-тарау. Сараптама актісін (сынақ хаттамасын) беру тәртібі

      4. Ветеринариялық зертханалардың жануарлардың ауруларын диагностикалау бойынша зерттеулер (бұдан әрі ̶ диагностикалық зерттеулер) жүргізген кезде сараптама актісін (сынақ хаттамасын) беру рәсімі осы Қағидалардың 3-тарауында көрсетілген жағдайларды қоспағанда:

      1) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың (бұдан әрі – мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар) ветеринария саласындағы мамандары ұсынған ветеринариялық ілеспе құжаттары бар сынамаларды қабылдауды;

      2) жеткізілген сынамаларды Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 7-1/393 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11618 болып тіркелген) бекітілген Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің және биологиялық материалдың сынамаларын іріктеу қағидалары (бұдан әрі − Сынамаларды іріктеу қағидалары) талаптарының сәйкестігіне талдауды және қарап тексеруді;

      3) ілеспе құжаттарда көрсетілген деректерді Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 25 ақпандағы № 16-07/114 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9342 болып тіркелген) бекітілген ветеринариялық зертханаларға келіп түскен материалдарды тiркеу журналына (бұдан әрі – Журнал) енгізуді;

      4) келіп түскен сынамаларды диагностикалық зерттеулер жүргізу үшін ветеринариялық зертханалардың тиісті бөлімдеріне жіберуді;

      5) ақпараттық жүйені пайдалана отырып, диагностикалық зерттеулер нәтижелері бойынша сараптама актісін (сынақ хаттамасын) ресімдеуді және беруді қамтиды.

      5. Ветеринариялық зертханалардың орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерге ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізгенде сараптама актісін (сынақ хаттамасын) беру рәсімі, осы Қағидалардың 3-тарауында көрсетілген жағдайларды қоспағанда:

      1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлары ұсынған сынамаларды және ілеспе ветеринариялық құжаттарды қабылдауды;

      2) жеткізілген сынамаларды Сынамаларды іріктеу қағидаларының талаптарына сәйкестігіне талдауды және тексеруді;

      3) ілеспе, ветеринариялық құжаттарда көрсетілген деректерді Журналға енгізуді;

      4) ) келіп түскен сынамаларды ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізу үшін ветеринариялық зертханалардың тиісті бөлімдеріне жіберуді;

      5) ақпараттық жүйені пайдалана отырып, ветеринариялық-санитариялық сараптама нәтижелері бойынша сараптама актісін (сынақ хаттамасын) ресімдеуді және беруді қамтиды.

      6. Ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханаларының сараптама актісін (сынақ хаттамасын) беру рәсімі:

      1) ветеринариялық ілеспе құжаттарды және жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың, азық және азықтық қоспалардың ветеринариялық ілеспе құжаттарға сәйкестігін тексеруді;

      2) ветеринариялық ілеспе құжаттарда көрсетілген деректерді Журналға енгізуді;

      3) ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізуді;

      4) ветеринариялық-санитариялық сараптама нәтижелері бойынша сараптама актісін (сынақ хаттамасын) ресімдеуді және беруді қамтиды.

      7. Серологиялық зерттеулер нәтижелері бойынша сараптама актісімен (сынақ хаттамасымен) қоса әр сынамаға зерттеу нәтижелерін белгілей отырып, "оң нәтиже", "теріс нәтиже" немесе "күмәнді" деген мөртаңба қойылып жануарлардың тізімдемесі ресімделеді.

      8. Ветеринариялық зертханалардың сараптама актісін (сынама хаттамасын) беру мерзімі диагностикалық зерттеулер және ветеринариялық-санитариялық сараптамалар жүргізіліп біткеннен кейін 1 (бір) жұмыс күнінен аспауы тиіс.

      Диагностикалық зерттеулер немесе ветеринариялық-санитариялық сараптама мынадай мерзімдерде жүргізіледі:

      серологиялық зерттеулер бойынша:

      классикалық – 5 (бес) жұмыс күні ішінде;

      иммундық-ферменттік талдау (ИФТ) – 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде (сынамалардың жиналуына қарай);

      вирусологиялық зерттеулер – 25 (жиырма бес) жұмыс күні ішінде (зерттеулер жөніндегі әдістемелерге байланысты);

      молекулалық-генетикалық зерттеулер (МГЗ) – 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде (сынамалардың жиналуына қарай);

      бактериялогиялық зерттеулер бойынша:

      микроскопия – 2 (екі) жұмыс күні ішінде;

      биологиялық сынама – 70 (жетпіс) жұмыс күні ішінде (зерттеулер жөніндегі әдістемелерге байланысты);

      паразитологиялық зерттеулер бойынша – 3 (үш) жұмыс күні ішінде;

      тамақ өнімдерінің, азық және азықтық қоспалардың қауіпсіздігі көрсеткіштерін анықтау бойынша – 8 (сегіз) жұмыс күні ішінде;

      тамақ өнімдерін міндетті және қосымша зерттеулер бойынша – 1 (бір) жұмыс күні ішінде.

      9. Ветеринариялық зертханалар сараптама актісін (сынақ хаттамасын) диагностикалық зерттеулер немесе ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізу үшін сынамаларды берген мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторға немесе ветеринария саласындағы маманға жолдайды.

      10. Сараптама актісін (сынақ хаттамасын) өндіріс объектісінің атауы, өнім түрі, сараптама актісінің (сынақ хаттамасының) жарамдылық кезеңінде сынамаларды алуды жүргізу мерзімі, алынатын сынамалардың алу көлемі, зертхананың атауы көрсетілген, өндіріс объектісі бекіткен және аумақтық бөлімше келіскен Өнімді мониторингтік зерттеу жоспары (бұдан әрі – Мониторинг жоспары) бар болғанда, жануарларды өсіруді, дайындауды (союды), сақтауды, өңдеуді және жануарларды, жануарлардан алынатын өнім мен шикізатты өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектісінен (бұдан әрі – өндіріс объектісі) салқындатылған етті, тағамдық жұмыртқаларды (бұдан әрі – өнім) әкету (экспорттау) үшін берілген сәттен бастап 1 (бір) ай ішінде пайдалануға жол беріледі.

      Сараптама актісі (сынақ хаттамасы) берілген сәттен бастап 1 (бір) ай ішінде оны пайдаланған кезде өндіріс объектісінің өніміне Мониторинг жоспарына сәйкес зертханалық зерттеу жүргізіледі.

      Мониторинг жоспары шеңберінде жүргізілген зертханалық зерттеулер нәтижесінде өнімнің зерттелетін қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша сәйкессіздігі анықталған жағдайда, сараптама актісі (сынақ хаттамасы) берілген сәттен бастап 1 (бір) ай ішінде оны одан әрі пайдалануға жол берілмейді. Мұндай жағдайда, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумақтық бөлімшелері Сынамаларды іріктеу қағидаларына сәйкес сынамаларды алуды ұйымдастырады.

      11. Ішкі сауда объектілерінде тамақ өнімін сатып алған кезде сатып алушылардың (кәсіпкерлердің) ішкі сауда объектілерінің ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханаларында сатып алынған тамақ өнімінің күнін, түрін және мөлшерін, сатып алушының (кәсіпкердің) атын, әкесінің атын (бар болса), тегін, тамақ өнімінің межелі объектісін көрсете отырып, оның қауіпсіздігін растайтын сараптама актісінің көшірмесін (сынақ хаттамасын) алуына жол беріледі. Сараптама актісінің (сынақ хаттамасының) көшірмесі ветеринариялық-санитариялық сараптаманы жүргізген және ішкі сауда объектісінің сараптама зертханасының уәкілетті адамының қолымен расталады.

3-тарау. "Ветеринариялық зертханалар беретін сараптама актiлерiн (сынақ хаттамаларын) беру" мемлекеттік қызметін көрсету тәртібі

      12. "Ветеринариялық зертханалар беретін сараптама актiлерiн (сынақ хаттамаларын) беру" мемлекеттік қызметін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің "Республикалық ветеринариялық зертхана" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен оның филиалдары, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің "Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен оның филиалы (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.

      13. Жеке немесе заңды тұлға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің орнын ауыстыру (тасу) (импорт/экспорт) кезінде, сондай-ақ Заңның 35-бабы 2-тармағының 3), 5), 6-1), 6-3) және 7) тармақшаларында көзделген іс-шараларды жүргізу кезінде аумақтық бөлімшенің кеңсесі арқылы не облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының (бұдан әрі – ЖАО) кеңсесі арқылы немесе портал арқылы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш береді.

      Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің орнын ауыстыру (тасу) (импорт/экспорт) кезінде, сондай-ақ Заңның 35-бабы 2-тармағының 3), 6-3) және 7) тармақшаларында көзделген іс-шараларды жүргізу кезінде мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерін диагностикалау немесе ветеринариялық-санитариялық сараптау үшін олардан сынамалар алуды тиісті әкімшілік аумақтық бірліктердің мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлары жүргізеді.

      Заңның 35-бабы 2-тармағының 5), 6-1) тармақшаларында көзделген іс-шараларды жүргізу кезінде диагностикалауға арналған биологиялық материалдың сынамаларын алуды тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарының ветеринария саласындағы мамандары жүргізеді.

      Жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат туралы, заңды тұлғаны тіркеу (қайта тіркеу) туралы, дара кәсіпкерді тіркеу туралы не дара кәсіпкер ретінде қызметінің басталғаны туралы мәліметтерді аумақтық бөлімшенің/ЖАО-ның қызметкерлері "электрондық үкімет" шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.

      Портал мен ақпараттық жүйелердің ақпараттық өзара іс-қимылы "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 43-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

      14. Мемлекеттік қызмет көрсету процесінің сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып, өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес "Ветеринариялық зертханалар беретін сараптама актісін (сынақ хаттамасын) беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында жазылған.

      15. Мемлекеттік қызмет көрсетілетін қызметті алушыларға Заңның 35-бабы 2-тармағының 3), 5), 6-1), 6-3) және 7) тармақшаларға сәйкес ақылы түрде көрсетіледі.

      Мемлекеттік қызметті көрсету құнын көрсетілетін қызметті беруші 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 116-бабының 1-тармағына сәйкес белгілейді.

      16. Аумақтық бөлімшенің/ЖАО-ның кеңсе қызметкері келіп түскен күні өтінішті тіркеуді жүзеге асырады және жауапты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторды/ЖАО-ның жауапты орындаушысын айқындау үшін аумақтық бөлімшенің/ЖАО-ның басшысына жібереді.

      Көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес демалыс және мереке күндері жүгінген кезде өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

      Аумақтық бөлімшенің/ЖАО-ның кеңсесінде қағаз жеткізгіштегі өтініштің көшірмесінде күні, уақыты (сағаты, минуты) көрсетілген тіркеу туралы белгі оның қабылданғанын растау болып табылады.

      Көрсетілетін қызметті алушы портал арқылы жүгінген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетінде" мемлекеттік қызметті көрсетуге арналған сұранымның қабылданғаны туралы мәртебе көрсетіледі.

      17. ЖАО-ның жауапты орындаушысы өтінішті келіп түскен күні қарайды және оны мемлекеттік ветеринариялық ұйымға жібереді.

      Мемлекеттік ветеринариялық ұйым кеңсесінің қызметкері өтінішті келіп түскен күні қабылдауды, тіркеуді жүзеге асырады және ветеринария саласындағы жауапты маманды айқындау үшін мемлекеттік ветеринариялық ұйымның басшысына жібереді.

      Жауапты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор/ мемлекеттік ветеринариялық ұйымның ветеринария саласындағы маманы 3 (үш) жұмыс күні ішінде Сынамаларды іріктеу қағидаларына сәйкес сынамаларды іріктеуді, ілеспе құжаттарды дайындауды жүргізеді және көрсетілетін қызметті берушіге зерттеуге жібереді.

      Сынамаларды іріктеп және көрсетілетін қызметті берушіге зерттеуге жібергеннен кейін жауапты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор/мемлекеттік ветеринариялық ұйымның ветеринария саласындағы маманы көрсетілетін қызметті алушыға осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша диагностикалық зерттеулер немесе ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізудің құны мен мерзімдері туралы хабарлама жібереді.

      Көрсетілетін қызметті алушы портал арқылы жүгінген кезде осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша аумақтық бөлімшенің/мемлекеттік ветеринариялық ұйымның уәкілетті адамының ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы хабарлама көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" жіберіледі.

      18. Көрсетілетін қызметті берушінің қызметкері ілеспе құжаттары бар сынамаларды қабылдайды, жеткізілген сынамалардың Сынамаларды іріктеу қағидаларының талаптарына сәйкестігіне талдауды және тексеріп-қарауды жүргізеді, ілеспе құжаттарда көрсетілген деректерді Журналға енгізеді, келіп түскен сынамаларды диагностикалық зерттеулер немесе ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізу үшін көрсетілетін қызметті берушінің тиісті бөліміне жібереді.

      Көрсетілетін қызметті беруші осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген мерзімдерде ветеринариялық-санитариялық сараптама және диагностикалық зерттеулер жүргізеді.

      Диагностикалық зерттеулер және ветеринариялық-санитариялық сараптама нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің қызметкері 1 (бір) жұмыс күні ішінде мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін – осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сараптама актісін (сынақ хаттамасын) не ақпараттық жүйені пайдалана отырып осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден уәжді бас тартуды ресімдейді.

      Серологиялық зерттеулердің нәтижелері бойынша сараптама актісімен (сынақ хаттамасымен) бірге әрбір сынама бойынша "оң", "теріс" немесе "күмәнді" мөртабан бедерлерін қоя отырып, оларды зерттеу нәтижелерінің белгісімен жануарлардың тізімдемесі ресімделеді.

      Сараптама актісі (сынақ хаттамасы) қағаз нысанда ресімделеді, оған көрсетілетін қызметті берушінің басшысы қол қояды.

      Көрсетілетін қызметті алушы портал арқылы жүгінген кезде көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" сараптама актісін (сынақ хаттамасын) алу орны, күні және уақыты туралы ақпарат не көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы мемлекеттік қызметті көрсетуден уәжді бас тарту жіберіледі.

      Көрсетілетін қызметті берушінің қызметкері мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін көрсетілетін қызметті алушыға беру үшін аумақтық бөлімшенің/ЖАО-ның кеңсесіне жолдайды.

      19. Мемлекеттiк қызметті көрсетуден бас тартуға мыналар негіз болып табылады:

      1) көрсетілетін қызметті алушы сараптама актiсiн (сынақ хаттамасын) алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) дұрыс еместігінің анықталуы;

      2) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты сараптама актiсiн (сынақ хаттамасын) алуды талап ететін қызметке немесе қызметтің жекелеген түрлеріне тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімінің болуы.

      20. Көрсетілетін қызметті беруші Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңның 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету сатысы туралы деректердің енгізілуін қамтамасыз етеді.

4-тарау. Көрсетілетін қызметті берушілердің және (немесе) олардың лауазымды адамдарының мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

      21. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым көрсетілетін қызметті беруші, ведомство басшысының атына, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға беріледі.

      22. Көрсетілетін қызметті алушының шағымын Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңның 25-бабының 2-тармағына сәйкес:

      көрсетілетін қызметті беруші, ведомство – тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде;

      мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган – тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қарауы тиіс.

      23. Көрсетілетін қызметті берушінің, ведомствоның, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның шағымды қарау мерзімі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңның 25-бабының 4-тармағына сәйкес:

      1) шағым бойынша қосымша зерделеу немесе тексеру не жергілікті жерге барып тексеру жүргізу;

      2) қосымша ақпарат алу қажет болған жағдайларда 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылады.

      Шағымды қарау мерзімі ұзартылған жағдайда, шағымдарды қарау бойынша өкілеттіктер берілген лауазымды адам шағымды қарау мерзімі ұзартылған кезден бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағым берген көрсетілетін қызметті алушыға ұзарту себептерін көрсете отырып, шағымды қарау мерзімінің ұзартылғаны туралы жазбаша нысанда (шағым қағаз жеткізгіште берілген кезде) немесе электрондық нысанда (шағым электрондық түрде берілген кезде) хабарлайды.

      24. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерімен келіспеген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңның 4-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес сотқа жүгінеді.

  Сараптама актісін (сынақ
хаттамасын) беру қағидаларына
1-қосымша
  Нысан/Форма

_______________________________________ (зерттеулер жүргізген ветеринариялық зертхананың атауы, белгілері және аккредитация жөніндегі деректер (бар болса), мекенжайы, телефондары) Беткі жағы/Лицевая сторона Сараптама актісі (сынақ хаттамасы)/Акт экспертизы (протокол испытаний) 20__ жылғы/года "____" ___________ № _____________

Жеке тұлғаның аты, әкесінің аты (бар болса), тегі не заңды тұлғаның атауы және мекенжайы/Фамилия, имя, отчество (при наличии) физического лица или наименование юридического лица и адрес


Сынама атауы, типі, маркасы, сериясы/Наименование образца, тип, марка, серия


Үлгінің сынаққа келіп түскен күні/Дата поступления образца на испытание


Үлгі алынған күн/Дата отбора образца


Дайындаушы (ел, фирма)/Изготовитель (страна, фирма)


Партия өлшемі, сынамалар мөлшері, массасы/Размер партии, количество проб, масса


Нормативтік құжаттың белгіленуі/Обозначение нормативного документа


Сынақтар жүргізілген күн/Дата проведения испытаний


Сынақтар түрі/Вид испытаний


Сырт жағы/Оборотная страница Сараптама (сынақтар) нәтижелері/Результаты экспертизы (испытаний) № __________________:

№ п/п

Зерттеулер/сынақтар атауы/ Наименование исследований/испытаний

Зерттеулер/ сынақтар әдістеріне нормативтік құжат/Нормативный документ на методы исследований/испытаний

Көрсеткіштердің нормадағы мәндері/ Нормируемые значения показателей*

Зерттеулер/сынақтар нәтижелері/ Результаты исследований/испытаний


1

2

3

4






      Қолданылған бақылау материалдары (диагностикумдар)/Примененные контрольные материалы (диагностикумы) ______________________________

      Сынақтар жүргізу шарттары/Условия проведения испытаний _________________________________________________________

      Сараптама (сынақтар) нәтижелері тек сыналған үлгілерге қатысты/Результаты экспертизы (испытаний) относятся только к испытанным образцам _________________________________________________________

      Ескертпе/Примечание:

      * сараптама актісі (сынақ хаттамасы) рәсімделгенде жануарлар ауруларына диагностикалық зерттеу жүргізілгенде толтырылмайды/при оформлении акта экспертизы (протокола испытаний) по проведенным диагностическим исследованиям болезней животных не заполняется.

      Басшы/Руководитель ________________________________________________

      (аты, әкесінің аты (бар болса), тегі/фамилия, имя, отчество (при его наличии))

      Осы сараптама актісі (сынақ хаттамасы) зерттеу/сынақ жүргізген ветеринариялық зертхананың рұқсатынсыз ішінара немесе толықтай көшіруге, көбейтуге болмайды/Настоящий акт экспертизы (протокол испытаний) не может быть полностью или частично воспроизведен или тиражирован без разрешения ветеринарной лаборатории, проводившей исследования/испытания.

  Сараптама актісін
(сынақ хаттамасын) беру
қағидаларына
2-қосымша
  Нысан
  (Кімге) _____________________
  (облыстың, республикалық
маңызы бар қаланың, астананың
жергілікті атқарушы органының
ветеринария саласындағы
қызметті жүзеге
____________________________
асыратын
бөлімшесінің/ветеринария
саласындағы уәкілетті орган
ведомствосының аумақтық
бөлімшесінің атауы)
____________________________
  ____________________________
  (кімнен)_____________________
__________________
(жеке тұлғаның аты, әкесінің
аты (бар болса), тегі, жеке
сәйкестендіру нөмірі/заңды
тұлғаның атауы, бизнес-
сәйкестендіру нөмірі)
____________________________
_________________
Мекенжайы__________________
Өтініш нөмірі: _______________

Өтініш

      _______________________________________________________________________________

      (мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектісінің атауы, түрі)

      ________________________________________________________________________________

      _________________________________________________________________ветеринариялық зертханалары ұсынатын сараптама актісін (сынақ хаттамасын) беруді сұраймын.

      Байланыс телефондары _____________________________________электрондық мекенжайы

      ________________________________________________________________________________

      Зертхана ұсынатын тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бағаларынасәйкес зертхана көрсететін қызметтерге ақы төлеуге өз келісімімді растаймын. Зертхана ұсынатын тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бағаларымен таныстым.

      Мемлекеттік көрсетілетін қызметке ақы төлеуді:

      __________________________________________________________________________

      зертханалар кассаларына қолма-қол ақша нысанында;

      __________________________________________________________________________

      екінші деңгейдегі банктер және банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы аудару жолымен қолма-қол және қолма-қол ақшасыз нысанда; шарттық міндеттемелер шеңберінде жүргізуге міндеттенемін.

      Зертхана ұсынатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) құнын төлемеген жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік туралы хабардармын.

      Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектордың немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың ветеринария саласындағы маманының ветеринариялық бақылау және қадағалау объектілерінен сынамалар алуына келісемін. Ұсынылған мәліметтердің дұрыстығын растаймын, Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес дұрыс емес мәліметтер ұсынғаным үшін жауапкершілік туралы хабардармын және заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісім беремін.

      Мемлекеттік қызмет алушының немесе оның өкілінің қолы/электрондық цифрлық қолтаңбасы

      _____________________________________

      (аты, әкесінің аты (бар болса), тегі)

      Күні

  Сараптама актісін (сынақ
хаттамасын) беру қағидаларына
3-қосымша

"Ветеринариялық зертханалар (сынау хаттамалары) беретін сараптама актiлерiн беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

1

Көрсетілетін қызметті берушінің атауы

Мемлекеттік қызметті Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің "Республикалық ветеринариялық зертхана" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны және оның филиалдары және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің "Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны және оның филиалы (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.

2

Мемлекеттік қызметті ұсыну тәсілдері (қол жеткізу арналары)

Өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру:
1) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциялары/ облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – аумақтық бөлімшелер/ЖАО);
2) www.egov.kz "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы жүзеге асырылады.

3

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі

Диагностикалық зерттеулер немесе ветеринариялық-санитариялық сараптама аяқталғаннан кейін 1 (бір) жұмыс күні ішінде.
Диагностикалық зерттеулер немесе ветеринариялық-санитариялық сараптама мынадай мерзімдерде жүргізіледі:
серологиялық зерттеулер бойынша:
классикалық – 5 (бес) жұмыс күні ішінде;
иммундық-ферменттік талдау (ИФТ) – 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде (сынамалардың жиналуына қарай);
вирусологиялық зерттеулер – 25 (жиырма бес) жұмыс күні ішінде (зерттеулер жөніндегі әдістемелерге байланысты);
молекулярлық-генетикалық зерттеулер (МГЗ) – 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде (сынамалардың жиналуына қарай);
бактериялогиялық зерттеулер бойынша:
микроскопия – 2 (екі) жұмыс күні ішінде;
биологиялық сынама – 70 (жетпіс) жұмыс күні ішінде (зерттеулер жөніндегі әдістемелерге байланысты);
паразитологиялық зерттеулер бойынша – 3 (үш) жұмыс күні ішінде;
тамақ өнімдерінің, азық және азықтық қоспалардың қауіпсіздігі көрсеткіштерін анықтау бойынша – 8 (сегіз) жұмыс күні ішінде;
тамақ өнімдерін міндетті және қосымша зерттеулер бойынша – 1 (бір) жұмыс күні ішінде.
Сынамаларды алу және оларды зерханаға зерттеуге жолдау – 3 (үш) жұмыс күні ішінде.

4

Мемлекеттік қызметті көрсету нысаны

Электрондық (ішінара автоматтандырылған) немесе қағаз түрінде.

5

Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі

Сараптама актісі (сынақ хаттамасы) не мемлекеттік қызметті көрсетуден уәжді бас тарту.
Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін ұсыну нысаны – қағаз түрінде.
Көрсетілетін қызметті алушы портал арқылы жүгінген кезде көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат нысанында сараптама актісін (сынақ хаттамасын) алу орны, күні мен уақыты туралы ақпарат жолданады.

6

Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері

Мемлекеттік қызмет жеке және заңды тұлғаларға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушылар) ақылы негізде көрсетіледі.
Мемлекеттік қызметі көрсету құнын көрсетілетін қызметі беруші 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 116-бабы 1-тармағына және "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 35-бабы 2-тармағының 3), 5), 6-1), 6-3) және 7) тармақшаларына сәйкес белгілейді және интернет-ресурста және үй-жайларда орналастырады.
Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметке екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы аудару жолымен қолма-қол және қолма-қол ақшасыз нысанда не зертханалардың кассаларына қолма-қол ақшамен немесе шарттық міндеттемелер шеңберінде ақы төлейді.
Мемлекеттік ветеринариялық бақылау және қадағалау объектілерінен диагностика немесе ветеринариялық-санитариялық сараптама үшін сынамалар алуды тегін жүзеге асырылады.

7

Жұмыс кестесі

1) көрсетілетін қызметті берушінің – 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден бастап жұманы қоса алғанда, сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен сағат 9.00-ден 17.00-ге дейін;
2) порталдың – жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы (көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, Кодекске сәйкес демалыс және мереке күндері жүгінген кезде, өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.
Жұмыс уақытының белгіленген ұзақтығынан тыс уақытта өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беруді көрсетілетін қызметті беруші жұмыс уақытының кестесіне сәйкес белгілейді.
Мемлекеттік қызмет алдын ала жазылусыз және жеделдетіп қызмет көрсетусіз кезек күту тәртібімен көрсетіледі.
Мемлекеттік қызметті көрсету орындарының мекенжайлары Министрліктің www.gov.kz интернет-ресурсында орналастырылған.

8

Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі

Аумақтық бөлімшелер/ЖАО арқылы көрсетілетін қызметті берушіге:
1) нысан бойынша өтініш;
2) жеке басын куәландыратын құжат және өкілдің өкілеттігін растайтын құжат (сәйкестендіру үшін);
порталда:
1) көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-сымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы өтініш.
Жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат туралы, заңды тұлғаны тіркеу (қайта тіркеу) туралы, дара кәсіпкерді тіркеу туралы не дара кәсіпкер ретінде қызметінің басталғаны туралы мәліметтерді аумақтық бөлімшелердің/ЖАО-ның қызметкерлері "электрондық үкімет" шлюзі арқылы мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.
Ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін құжаттарды көрсетілетін қызметті алушылардан талап етуге жол берілмейді.

9

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер

1) көрсетілетін қызметті алушының сараптама актiсiн (сынақ хаттамасын) алу үшін ұсынған құжаттарының және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) дұрыс еместігінің анықталуы;
2) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты сараптама актiсiн (сынақ хаттамасын) алуды талап ететін қызметке немесе жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімінің (үкімінің) болуы.

10

Мемлекеттік қызметті, оның ішінде электрондық нысанда және Мемлекеттік корпорация арқылы көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып қойылатын өзге де талаптар

Көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-сы болған жағдайда мемлекеттік көрсетілетін қызметті портал арқылы электрондық нысанда алуға мүмкіндігі бар.
Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету мәртебесі туралы ақпаратты қашықтықтан қол жеткізу режимінде порталдың "жеке кабинеті", сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға мүмкіндігі бар.
Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі анықтамалық қызметтердің байланыс телефондары порталда орналастырылған. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы: 1414, 8 800 080 7777.

  Сараптама актісін (сынақ
хаттамасын) беру қағидаларына
4-қосымша
  Нысан

Хабарлама

      № _______            20____жылғы "____" ____________________________

      Көрсетілетін қызметті алушы ___________________________________________________

      (аты, әкесінің аты (бар болса), тегі, жеке сәйкестендіру нөмірі/заңды тұлғаның атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі)

      Жүгінген күні 20__жылғы "___" ____________

      Сараптама атауы______________________________________________________________

      Сараптама актісін беру мерзімі __________________________________________________

      Көрсетілетін қызметтің құны: ____________________________________________________

      _____________________________________________________________________________

      (қол қоюшы қызметкердің аты, әкесінің аты (бар болса), тегі, лауазымы, ветеринария саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесінің/жергілікті атқарушы органның ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын бөлімшесінің атауы).

  Сараптама актісін
  (сынақ хаттамасын) беру
  қағидаларына
  5-қосымша
  Нысан

[Уәкілетті органның атауы ]



 

[Уәкілетті органның атауы]

Мемлекеттік қызмет көрсетуден уәжді бас тарту
Берілген күні: [берілген күні]
[Көрсетілетін қызметті алушының атауы]
Тіркеу орны:
Облыс: [Облыс]
Аудан: [Аудан]
Қала\елді мекен: [қала\елді мекен]
[жеке сәйкестендіру нөмірі/бизнес сәйкестендіру нөмірі] [БСН / ЖСН]
Мемлекеттік тіркеу күні [күні]
Бас тарту себебі: [бас тарту себебі]
[Қол қоюшының лауазымы] [Қол қоюшының аты, әкесінің аты
(бар болса), тегі]


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады