"Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қызылорда облыстық әкімдігінің 2015 жылғы 04 ақпандағы № 842 қаулысы. Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 06 ақпанда № 4860 болып тіркелді. Күші жойылды - Қызылорда облысы әкімдігінің 2016 жылғы 19 мамырдағы № 461 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облысы әкімдігінің 19.05.2016 № 461 қаулысымен (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес Қызылорда облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса берілген "Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі бекітілсін.
      2. "Қызылорда облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережесін бекіту туралы" Қызылорда облысы әкімдігінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 761 қаулысының күші жойылды деп танылсын (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 4792 нөмірімен тіркелген, 2014 жылғы 15 қарашада "Сыр бойы", "Кызылординские вести" газеттерінде жарияланған).
      3. "Қызылорда облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Н.Н. Әлібаевқа жүктелсін.
      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
 

      Қызылорда облысының әкімі

Қ. Көшербаев

   


Қызылорда облысы әкімдігінің
2015 жылғы "4" ақпандағы
№ 842 қаулысымен бекітілген

"Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. "Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалау функцияларын жүзеге асыруға Қызылорда облысы әкімдігі уәкілеттік берген Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
      2. Басқарманың құрылтайшысы Қызылорда облысының әкімдігі болып табылады. Басқармаға қатысты коммуналдық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын "Қызылорда облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі жүзеге асырады.
      3. Басқарма өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ, осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Басқарма мемлекеттiк мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттiк тiлде өз атауы бар мөрi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
      6. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкiлеттiк берiлген болса, мемлекеттiң атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      7. Басқарма өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актiлермен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.
      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимитi қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекiтiледi.
      9. Заңды тұлғаның тұрған жері: Қазақстан Республикасы, Қызылорда облысы, 120000, Қызылорда қаласы, Скатков көшесі 96.
      10. Мемлекеттік органның толық атауы - "Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы" мемлекеттік мекемесі.
      11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
      12. Басқарманың қызметін қаржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.
      13. Басқармаға кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Басқарманың функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Басқармаға заңнамалық актiлермен кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда осындай қызметтен алынған кiрiстер мемлекеттік бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.
 

2. Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. Басқарманың миссиясы: сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру.
      15. Негізгі міндеттері: Қызылорда облысының аумағында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында қарастырылған өзге де міндеттерді атқарады.
      16. Функциялары:
      1) сәулет, қала құрылысы, құрылыс, құрылыс индустриясының өндірістік базасын дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
      2) салынып жатқан (салынуы белгіленген) объектілердің мониторингі және салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізіліп) жатқан объектілер мен кешендердің сапасын бақылау;
      3) объектілер құрылысының сапасына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыру, осы объектілерде сәулет-қала құрылысы тәртібін бұзушыларға "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінде белгіленген әкімшілік ықпал ету шараларын қолдану;
      4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы лицензиялауды жүзеге асыру;
      5) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы белгіленген заңнама нормаларын, мемлекеттік нормативтік талаптарды, шарттар мен шектеулерді жол берілген бұзушылықтар мен ауытқуларға байланысты бұзушыларға көзделген заңнамалық шараларды қолдану туралы шешімдер қабылдау;
      6) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сараптама жұмыстарын және инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру құқығына сарапшыларды аттестаттау;
      7) жобалау құжаттамасының сапасына қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
      8) тексеру "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы  Заңына сәйкес жүзеге асырылады;
      9) жойылмайтын бұзушылықтарға жол берген, не жол берілген бұзушылықтарды белгіленген нормативтік мерзімде жоймаған заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты заңнамада белгіленген шараларды қолдану жүктеледі;
      10) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
      17. Құқықтары мен міндеттері:
      1) Басқарма өзіне жүктелген міндеттерді және өзінің функцияларын жүзеге асыру барысында заңнамада бекітілген тәртіппен:
      мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажетті ақпараттар мен материалдарды сұрауға және алуға;
      құзіретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар өткізуге;
      қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де құқықтарды атқаруға құқылы.
      2) Басқарма:
      заңды және негізделген шешімдер қабылдауға;
      қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауды қамтамасыз етуге;
      қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де міндеттерді іске асыруға міндетті.
 

3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру

      18. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
      19. Басқарманың бірінші басшысын облыс әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      20. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасары болады.
      21. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:
      1) өз қызметін жүзеге асыру кезінде облыс әкімі мен жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасарына есеп береді;
      2) өз құзіреті шегінде барлық мемлекеттiк органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманы бiлдiредi;
      3) Қызылорда облысының бас мемлекеттік құрылыс инспекторы болып табылады;
      4) еңбек қатынастары мәселелері өз құзыретіне жататын Басқарма қызметкерлерін заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      5) стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың әзірленуін қамтамасыз етеді;
      6) еңбек қатынастары мәселелері өз құзыретіне жататын Басқарма қызметкерлеріне заңнамада белгіленген тәртіппен жаза қолданады және көтермелеу шараларын қабылдайды;
      7) бұйрықтарға қол қояды;
      8) Басқарма атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
      9) шарттар жасасады;
      10) сенімхаттар береді;
      11) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға дербес жауапты болады;
      12) Басқарманың жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
      13) облыс әкімдігі мен әкімінің актiлерi мен тапсырмаларын орындайды;
      14) Басқарманың құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;
      15) құзыретi шегiнде нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеудi ұйымдастырады;
      16) қызметтік этика нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді;
      17) гендерлік теңдік саясатын жүзеге асырады;
      18) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау кестесін бекітеді;
      19) Қазақстан Республикасы заңнамасымен көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
      22. Бірінші басшы өз орынбасарының өкілеттігін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.
      23. Басқарманың жұмыс режимі:
      1) Басқарма дүйсенбі және жұма аралығында аптасына 5 (бес) күн жұмыс істейді;
      2) Басқарманың жұмыс уақыты жергілікті уақыт бойынша сағат 09.00-де басталып, сағат 19.00-де аяқталады. Сағат 13.00-ден сағат 15.00-ге дейін үзіліс;
      3) Басқарма сенбі және жексенбі күндері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген мереке күндері жұмыс істемейді.
      24. Басқарма мен облыс әкімдігі арасындағы, Басқарманың әкімшілігі мен оның еңбек ұжымы арасындағы өзара қарым-қатынастар қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.
 

4. Басқарманың мүлкі

      25. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ, өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      26. Басқармаға бекітілген мүлік облыстық коммуналдық мүлікке жатады.
      27. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
 

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      28. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Басқарма таратылған жағдайда оның мүлкiн пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады