"Қазақстан Республикасы Президентінің "Байқоңыр" кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қызылорда облыстық әкімдігінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 857 қаулысы. Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 19 наурызда № 4920 болып тіркелді. Күші жойылды - Қызылорда облысы әкімдігінің 2016 жылғы 19 мамырдағы № 461 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облысы әкімдігінің 19.05.2016 № 461 қаулысымен (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңына сәйкес Қызылорда облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      Қоса берілген "Қазақстан Республикасы Президентінің "Байқоңыр" кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже бекітілсін.
      "Қызылорда облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
      Осы қаулының орындалуын бақылау Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Н.Н. Годуноваға жүктелсін.
      Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
      Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев

  Қызылорда облысы әкімдігінің
2015 жылғы "27" ақпандағы
№857 қаулысымен
бекітілген

"Қазақстан Республикасы Президентінің "Байқоңыр" кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. "Қазақстан Республикасы Президентінің "Байқоңыр" кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) Қазақстан Республикасы Президентінің "Байқоңыр" кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз етуге Қызылорда облысының әкімдігі уәкiлеттiк берген Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органы болып табылады.
      2. Басқарманың құрылтайшысы Қызылорда облысының әкімдігі болып табылады. Басқармаға қатысты коммуналдық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын "Қызылорда облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі жүзеге асырады.
      3. Басқарма өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Басқарма мемлекеттiк мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттiк тiлде өз атауы бар мөрi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
      6. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкiлеттiк берiлген болса, мемлекеттiң атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      7. Басқарма өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актiлермен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.
      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимитi қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекiтiледi.
      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индекс 468320, Қазақстан Республикасы, Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласы, Абай даңғылы 16.      
      10. Мемлекеттiк органның толық атауы - "Қазақстан Республикасы Президентінің "Байқоңыр" кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасы" мемлекеттiк мекемесi.
      11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
      12. Басқарманың қызметiн қаржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.
      13. Басқармаға кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Басқарманың функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Басқармаға заңнамалық актiлермен кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда осындай қызметтен алынған кiрiстер мемлекеттік бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.

2. Басқарманың миссиясы, негiзгi мiндеттерi, функциялары, құқықтары мен мiндеттерi

      14. Басқарманың миссиясы: Қазақстан Республикасының заңдық құзыретiн және Байқоңыр қаласының аумағында тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтарын сақтауға байланысты қазақстандық-ресейлiк уағдаластықтарында айқындалған мәселелер бойынша "Байқоңыр" кешенiнде мемлекеттiк саясатты жүзеге асыру және Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы органдарының барлық аумақтық бөлiмшелерiнiң келiсiп жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету.
      15. Негізгі мiндеттерi:
      1) Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын мемлекеттiң iшкi және сыртқы саясатының негiзгi ережелерін "Байқоңыр" кешенiнде орналасқан қазақстандық мемлекеттiк билiк органдарының iске асыруы жөнiндегi жұмысты жүргізу;
      2) "Байқоңыр" кешенiнде ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, сондай-ақ, өңiрдегi саяси, әлеуметтiк және экономикалық жағдай туралы аналитикалық материалдар әзірлеу.
      16. Функциялары:
      1) "Байқоңыр" кешенінің үйлестіру кеңесімен, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының мемлекеттік органдарымен, мемлекеттік мекемелерімен, ұйымдарымен және лауазымды адамдарымен, сондай-ақ, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысымен, өз қызметін "Байқоңыр" кешенінде жүзеге асыратын басқа да мемлекеттердің органдарымен және ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау;
      2) Қазақстан Республикасы Президентінің "Байқоңыр" кешеніндегі арнаулы өкілінің (бұдан әрі-Арнаулы өкіл) қызметін жүзеге асыру үшін "Байқоңыр" кешенiнде тұратын әрi жұмыс iстейтiн Қазақстан Республикасы азаматтарының мүдделерiнде "Байқоңыр" кешенi инфрақұрылымының жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасында өзара түсiнiстiктi нығайту, ынтымақтастықты дамыту, "Байқоңыр" кешенi жөнiндегi Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы халықаралық шарттық-құқықтық базаның мониторингiн жүргiзу бойынша қажетті материалдардың әзірленуін қамтамасыз ету;
      3) азаматтар мен ұйымдардың Конституцияның, Қазақстан Республикасы заңдарының, Қазақстан Республикасы Президентi актiлерiнiң, халықаралық шарттардың және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң нормаларын орындауына жәрдемдесу;
      4) олардың қызметiне жалпы үйлестiрудi қамтамасыз ету мақсатында "Байқоңыр" кешенiнде жұмыс iстейтiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен мекемелерiмен өзара іс-қимыл жасау;
      5) "Байқоңыр" кешеніндегі қазақстандық мемлекеттік органдардың, мекемелердің және мемлекеттік қатысу үлесі бар ұйымдардың "Байқоңыр" кешенінде Қазақстан Республикасы заңдық құзыретінің және Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі қызметінің мониторингін қамтамасыз ету;
      6) қоғамдық пiкiрдi зерделеу, өңiрдегi саяси және әлеуметтiк-экономикалық ахуалдың дамуына болжам жасау;
      7) "Байқоңыр" кешенiнде тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн олардың өтiнiштерiн қарау;
      8) мемлекеттiк органдардың Байқоңыр қаласы әкiмшiлiгiмен, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мен қоғамдық және дiни бiрлестiктермен өзара iс-қимыл жасауын ұйымдастыру;
      9) "Байқоңыр" кешенінің мәселелері бойынша Арнаулы өкілге ұсыныстар әзірлеу;
      10) мемлекеттік бағдарламалар мен Байқоңыр қаласын, Төретам және Ақай елді мекендерін әлеуметтік-экономикалық дамыту жобаларының іске асырылуын жалпы үйлестіру мен бақылауды жүзеге асыруды қамтамасыз ету;
      11) орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың "Байқоңыр" кешенінде Қазақстан Республикасы заңдық құзыретінің және Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтарының сақталу мәселелерін қозғайтын шешімдерінің жобаларын келісуді қамтамасыз ету.
      17. Құқықтары мен мiндеттерi:
      1) Басқарма өзiне жүктелген мiндеттердi іске асыру және өзiнiң функцияларын жүзеге асыру үшін заңнамада бекiтiлген тәртiппен:
      мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан заңнамада бекiтiлген тәртiппен қажеттi ақпараттар мен материалдарды сұрауға және алуға;
      өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар өткізуге;
      қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де құқықтарды атқаруға құқылы.
      2) Басқарма:
      заңды және негiзделген шешiмдер қабылдауға;
      қабылданған шешiмдердiң орындалуына бақылауды қамтамасыз етуге;
      қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де міндеттерді іске асыруға міндетті.

3. Басқарманың қызметiн ұйымдастыру

      18. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бiрiншi басшы жүзеге асырады.
      19. Басқарманың бiрiншi басшысын облыс әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      20. Басқарманың бiрiншi басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасары болады.
      21. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:
      1) өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде облыс әкімі мен жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасарына есеп береді;
      2) өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттiк органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманы бiлдiредi;
      3) еңбек қатынастары мәселелері өз құзыретіне жататын Басқарма қызметкерлерін заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      4) стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың әзірленуін қамтамасыз етеді;
      5) еңбек қатынастары мәселелері өз құзыретіне жататын Басқарма қызметкерлеріне заңнамада белгіленген тәртіппен тәртіптік жаза қолданады және көтермелеу шараларын қабылдайды;
      6) бұйрықтарға қол қояды;
      7) Басқарма атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
      8) шарттар жасасады;
      9) сенімхаттар береді;
      10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға дербес жауапты болады;
      11) Басқарманың жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
      12) облыс әкімдігі мен әкімінің актiлерi мен тапсырмаларын орындайды;
      13) Басқарманың құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;
      14) өз құзыретi шегiнде нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеудi ұйымдастырады;
      15) қызметтік этика нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді;
      16) гендерлік теңдік саясатын жүзеге асырады;
      17) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау кестесін бекітеді;
      18) Қазақстан Республикасы заңнамасымен көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
      22. Бiрiншi басшы өз орынбасарының өкiлеттiктерiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгiлейдi.
      23. Басқарманың жұмыс режимі:
      1) Басқарма дүйсенбі және жұма аралығында аптасына 5 (бес) күн жұмыс істейді;
      2) Басқарманың жұмыс уақыты жергілікті уақыт бойынша сағат 09.00 - ден сағат 19.00-ге дейін. Сағат 13.00-ден сағат 15.00-ге дейін үзіліс;
      3) Басқарма сенбі және жексенбі күндері, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген мереке күндері жұмыс істемейді.
      24. Басқарма мен облыс әкімдігі арасындағы, Басқарманың әкімшілігі мен оның еңбек ұжымы арасындағы өзара қарым-қатынастар қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.

4. Басқарманың мүлкi

      25. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болуы мүмкiн.
      Басқарманың мүлкi оған меншiк иесi берген мүлiк, сондай-ақ, өз қызметi нәтижесiнде сатып алынған мүлiк (ақшалай кiрiстердi коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен қалыптастырылады.
      26. Басқармаға бекiтiлген мүлiк облыстық коммуналдық мүлікке жатады.
      27. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзiне бекiтiлген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзiне бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      28. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Басқарма таратылған жағдайда оның мүлкiн пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады