"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі бақару туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 1-тармағының 12-3) тармақшасына сәйкес Қазалы аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қоса берілген Қазалы ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ереже бекітілсін.2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Аудандық мәслихаттың | Аудандық мәслихат |
ХХХХІХ сессиясының төрағасы: | хатшысы: |
Ғ. Әліш | Т. Бөріқұлақов |
Қазалы аудандық мәслихатының 2015 жылғы 23 қыркүйектегі № 349 шешімімен бекітілген |
"Қазалы ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы" ереже
1. Жалпы ереже
1. "Қазалы ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы" ереже (бұдан әрі - ереже) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленді.
2. Құрмет грамотасымен наградтау бойынша талаптар
2. Қазалы ауданының Құрмет грамотасымен (бұдан әрі – Құрмет грамотасы) өз қызмет саласында кем дегенде 5 жыл еңбек өтілі бар экономикадағы, әлеуметтік саладағы, ғылым мен мәдениеттегі, білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау және заңдылықты нығайту, қызмет көрсету салаларындағы, жастарға тәрбие беру жұмыстарындағы, дене шынықтыру мен спорттағы, әскери және қоғамдық, мемлекеттік және өзін-өзі басқару қызметтерін дамытудағы елеулі жетістіктері, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты және мәдени байланысты нығайтудағы табысты жұмыстары, қайырымдылық қызметі және аудандағы белсенді еңбегі мен қоғамдық-саяси қызметі үшін және өзге де сіңірген еңбектерін ардақтау белгісі ретінде аудан азаматтары, сондай-ақ шетел азаматтары наградатталуы мүмкін.
3. Құрмет грамотасы:
1) үміткерді ұсыну сәтінде заңнамамен белгіленген тәртіпте соттылық мерзімі өтелмеген немесе алынбаған;
2) сот арқылы іс-әрекетке қабілетсіз немесе іс-әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған;
3) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық іс-әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылған;
4) үміткерді ұсыну сәтінде заңнамамен белгіленген тәртіпте әкімшілік жазасы өтелмеген немесе алынбаған азаматтар наградталмайды.
4. Құрмет грамотасымен қайталап наградтау жүргізілмейді.
3. Құрмет грамотасымен наградтау тәртібі
5. Құрмет грамотасына ұсынылған әрбір азаматқа наградтау парағы толтырылады. Наградтау парағында наградталатын азаматты сипаттайтын мәліметтер, сол саладағы және сол ұжымдағы жалпы еңбек ету өтілі, оның нақты сіңірген қызметі, жұмысының сапасы мен тиімділігі туралы мәліметтері, оның нәтижелері баяндалады, бұған дейін алған марапаттарының көшірмелері тіркелуі тиіс.
6. Наградтау парағына кәсіпорын, ұйым және мекеме басшысы қол қояды және дұрыс енгізілген мәліметтер үшін жеке жауапкершілікте болады. Наградтау парағы кәсіпорындардың, ұйымдар мен мекемелердің мөрімен бекітіледі.
7. Құрмет грамотасымен наградтау туралы өз кандидатураларын өз бетімен ұсынған азаматтардан келіп түскен материалдар қаралмайды.
8. Құрмет грамотасымен наградтау бойынша ұсыныстарды алдын ала қарау және әзірлеу үшін мәслихаттың өкілеттілік мерзіміне наградтау жөніндегі комиссия құрылады (одан әрі - комиссия).
9. Комиссия отырысы айына 2 рет өткізіледі және аудан әкімінің, мәслихат хатшысының атына наградтау жөнінде жіберілген ұсыныстар наградтау күніне дейін 10 күн бұрын қабылданады.
10. Құрмет грамотасымен наградтауға ұсыныстарды еңбек, шығармашылық ұжымдар, ауданның өкілді және атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктердің атынан олардың басшылары (тиісті ұйым басшысының қолы қойылып және мөрі басылған) ұсынады.
11. Комиссия шешімі комиссия құрамының жартысынан астамы қатысқан жағдайда заңды болып саналады.
12. Комиссия отырысына комиссия құрамына кірмейтін және дауыс беру құқығы жоқ мәслихаттың депутаттары қатыса алады.
13. Комиссия отырысқа қатысып отырған комиссия мүшелерінің көпшілігінің ашық түрде дауыс беруі арқылы шешім қабылдайды.
14. Комиссия өзі қараған ұсыныстың қорытындысы туралы кандидатураны ұсынған органға хабарлайды және тиісті хаттама толтырады.
15. Комиссияның оң қорытындысына сәйкес аудан әкімі мен аудандық мәслихат хатшысының (немесе олардың міндеттерін атқарушының) бірлескен өкімі арқылы Құрмет грамотасымен наградтау туралы шешім қабылданады.
Шұғыл жағдайларда аудан әкімі мен аудандық мәслихат хатшысы Құрмет грамотасымен наградтау туралы шешімді Комиссияның қорытындысыз да қабылдай алады.
Құрмет грамотасын тапсыру салтанатты түрде жүргізіледі. Құрмет грамотасын аудан әкімі немесе аудандық мәслихат хатшысы немесе олардың тапсырысы бойынша өзге тұлға тапсырады.
Қазалы ауданының Құрмет грамотасымен наградтау мәселелері бойынша құжаттама жүргізуді және есепке алуды "Қазалы ауданы әкімінің аппараты" коммуналдық мемлекеттік мекемесі жүзеге асырады.
Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қызылорда облысы Қазалы аудандық мәслихатының 07.09.2022 № 267 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).16. Құрмет грамотасы келесі сипаттамада болуы қажет:
1) Құрмет грамотасы мұқабадан және ішіне салынатын қағаздан тұрады;
2) мұқаба түрлі - түсті қалың қағаздан жасалып, ішіне ақ қағазбен тоқыма бау желімделген;
3) мұқабаның биіктігінің төрттен біріндей деңгейде ортасына қарай Қазақстан Республикасының Елтаңбасы орналасқан;
4) ортадан сәл төменірек: "Қазалы ауданының Құрмет грамотасы" - деген сөз жазылған;
5) оның бірінші бетінде Елтаңба салынған, ал ішкі беттері алтын түстес ұлттық өрнекпен бейнеленген;
6) ішкі бетіндегі жазулар қазақ және орыс тілдерінде жазылады.