Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің кейбір мәселелері туралы

Жаңартылған

Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық әкімдігінің 2015 жылғы 10 қыркүйектегі № 186 қаулысы. Солтүстік Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 7 қазанда N 3398 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 31-бабы 2-тармағына, "Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы" Қазақстан Республикасы 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңының 3-бабы 2-тармағы 3) тармақшасына сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен мөлшерлері қосымшаға сәйкес айқындалсын.

      2. Қоса беріліп отырған Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу қағидасы бекітілсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы әкімінің орынбасары Л.Қ. Ілебаевқа жүктелсін.

      4. Осы қаулы оны алғаш ресми жариялаған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Аудан әкімі

Е. Базарханов

      КЕЛІСІЛДІ

      "Солтүстік Қазақстан облысы

      Ішкі істер департаменті

      Тимирязев ауданының

      ішкі істер бөлімі"

      мемлекеттік мекемесінің

      бастығы

      Е.Ж. Есләмбеков

      2015 жыл 10 қыркүйек


Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 10 қыркүйектегі № 186 қаулысына қосымша

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен мөлшерлері

      1. Аудан әкімінің Құрмет грамотасы.

      2. 10 еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшердегі ақшалай сыйақы.

      3. Бағасы 10 еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын құнды сыйлық.

  Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 10 қыркүйектегі № 186 қаулысымен бекітілген

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу қағидасы

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы əкімдігінің 31.07.2019 № 147 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Осы Қағида қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу тәртібін айқындайды.

      1. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу мәселелерін Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу жөніндегі аудандық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) қарастырады.

      2. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысатын азаматтарды көтермелеу туралы ұсынымды Комиссияға қарастыруға "Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігі Солтүстiк Қазақстан облысының полиция департаментiнің Тимирязев ауданының полиция бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Тимирязев ауданының ПБ) енгізеді.

      3. Комиссия қабылдайтын шешім көтермелеу үшін негіз болып табылады.

      4. Комиссия көтермелеу түрлерін, соның ішінде ақшалай сыйақы мөлшерін, көтермеленушiнiң қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесін ескере отыра, белгілейді.

      5. Ақшалай сыйақыны төлеу және құнды сыйлықты алу үшін Комиссия қабылдайтын шешімге сәйкес, қосымша Тимирязев ауданының ПБ бастығының бұйрығы шығарылады.

      6. Тимирязев ауданының ПБ ақшалай сыйақыны төлеуді және құнды сыйлықты алуды облыстық бюджет қаражаты есебінен жүргізеді.

      7. Көтермелеулерді төлеуге қаражат облыстық бюджетте, "Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті" мемлекеттік мекемесінің 252 003 "Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу" бюджеттік бағдарламасымен көзделеді.

      8. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін азаматтарға Тимирязев ауданы әкімінің Құрмет грамотасын, ақшалай сыйақыны, құнды сыйлықты беруді Тимирязев ауданының ПБ салтанатты жағдайда жүзеге асырады.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады