Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Заңының 37-бабына, Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шiлдедегi "Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы" Заңының 3-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы әкімдігінің "Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің кейбір мәселелері туралы" 2015 жылғы 10 қыркүйектегі № 186 (2015 жылғы 26 қазанда "Әділет" Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3398 болып тіркелген) қаулысына келесі өзгеріс енгізілсін:
қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу Қағидасы осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда мазмұндалсын.
2. Осы қаулының орындалуын бақылау Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
3. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу қағидасы
Осы Қағида қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу тәртібін айқындайды.
1. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу мәселелерін Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу жөніндегі аудандық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) қарастырады.
2. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысатын азаматтарды көтермелеу туралы ұсынымды Комиссияға қарастыруға "Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігі Солтүстiк Қазақстан облысының полиция департаментiнің Тимирязев ауданының полиция бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Тимирязев ауданының ПБ) енгізеді.
3. Комиссия қабылдайтын шешім көтермелеу үшін негіз болып табылады.
4. Комиссия көтермелеу түрлерін, соның ішінде ақшалай сыйақы мөлшерін, көтермеленушiнiң қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесін ескере отыра, белгілейді.
5. Ақшалай сыйақыны төлеу және құнды сыйлықты алу үшін Комиссия қабылдайтын шешімге сәйкес, қосымша Тимирязев ауданының ПБ бастығының бұйрығы шығарылады.
6. Тимирязев ауданының ПБ ақшалай сыйақыны төлеуді және құнды сыйлықты алуды облыстық бюджет қаражаты есебінен жүргізеді.
7. Көтермелеулерді төлеуге қаражат облыстық бюджетте, "Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті" мемлекеттік мекемесінің 252 003 "Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу" бюджеттік бағдарламасымен көзделеді.
8. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін азаматтарға Тимирязев ауданы әкімінің Құрмет грамотасын, ақшалай сыйақыны, құнды сыйлықты беруді Тимирязев ауданының ПБ салтанатты жағдайда жүзеге асырады.