"Атырау облысы Құрманғазы аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі" мемлекеттік мекемеcінің Ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Атырау облысы Құрманғазы аудандық әкімдігінің 2015 жылғы 19 мамырдағы № 247 қаулысы. Атырау облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 22 мамырда № 3211 болып тіркелді. Күші жойылды - Атырау облысы Құрманғазы аудандық әкімдігінің 2016 жылғы 8 шілдедегі № 276 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Атырау облысы Құрманғазы аудандық әкімдігінің 08.07.2016 № 276 қаулысымен.
      Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексінің 42-бабына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 31, 37-баптарына, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 18-бабына, "Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының үлгі ережесін бекіту туралы" 2012 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына, "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 25 тамыздағы Жарлығына сәйкес, Құрманғазы ауданы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
       Қоса беріліп отырған "Атырау облысы Құрманғазы аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесі бекітілсін.
       Осы қаулының орындалуына бақылау жасау "Құрманғазы ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің басшысы Н. Қалиевқа жүктелсін.
       Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Аудан әкімі А. Баракатов

  Құрманғазы ауданы әкімдігінің 2015 жылғы "19" мамырдағы № 247 қаулысымен бекітілген

1. Жалпы ережелер

      1. "Атырау облысы Құрманғазы аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі" мемлекеттік мекемесі - (бұдан әрі - Бөлім) Құрманғазы ауданы бойынша біріңғай мемлекеттік саясатты жүргізу, мәдениет және тілдерді дамыту салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
      2. Бөлімінің ведомстволары жоқ.
      3. Бөлім өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік-құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Бөлім ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      5. Бөлім азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      6. Бөлім егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      7. Бөлім өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Бөлім басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      8. Бөлімнің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, индексі 060400, Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Ганюшкин ауылы, С. Көшекбаев көшесі № 25 үй.
      10. Мемлекеттік органның толық атауы - "Атырау облысы Құрманғазы аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі" мемлекеттік мекемесі.
      11. Осы Ереже Бөлімнің құрылтай құжаты болып табылады.
      12. Бөлімнің қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
      13. Бөлімге кәсіпкерлік субъектілерімен Бөлімнің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Бөлімге заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер жергілікті бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. Миссиясы: біріңғай мемлекеттік саясатты жүргізіп, мәдениет және тілдерді дамыту салаларында басшылықты жүзеге асырады.
      15. Міндеттері:
      1) қоғамдық–саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, мемлекеттік егемендікті нығайту, қоғамдық үдерістерді демократияландыру және қоғамды біріктіру;
      2) өңірде мемлекеттік басқару жергілікті органдармен мемлекеттік ішкі саясаттың Қазақстан Республикасы қолданыстағы заңнамасына сәйкес Бөлім құзырына жататын мәселелері бойынша орындалуын жүзеге асыруды қамтамасыз ету;
      3) мәдениет саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;
      4) ауданда мемлекеттің тіл саясатын жүзеге асыру;
      5) заңдылықтармен өзіне жүктелген басқа да міндеттер.
      16. Функциялары:
      1) қоғамдағы демократиялық институттарды нығайтуға қатысу, Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясының, Ел басының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауының негізгі басымдықтарын түсіндіру мен насихаттау;
      2) ішкі саясат, қоғамдық–саяси саласының мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы заңнамаларын, мемлекеттік ішкі саясатты түсіндіру мен насихаттау жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу және жүзеге асыру бойынша жұмысты үйлестіру;
      3) ішкі саясат саласындағы концептуалды негіздер мен тәжірбиелі ұсыныстарды, сондай-ақ азаматтық ұқсастықты қалыптастыру, Қазақстанды дамытудың ұзақ мерзімді басымдықтары негізінде ұсыныстарды өндіру;
      4) өңірде болып жатқан қоғамдық–саяси процестер мен олардың даму барысын жан-жақты және обьективті зерделеу, қорытындылау және талдау;
      5) мемлекеттік ақпараттық саясатты өңірлік деңгейде жүзеге асыру, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің мемлекеттік тапсырысты орындау, оны өткізу бойынша үйлестіру, бұқаралық ақпарат баспа және электронды құралдардың мониторингін жүзеге асыру;
      6) өңірде қоғамдық-саяси жағдайды болжауға бағытталған әлеуметтану және саясаттану зерттеулерін жүргізу;
      7) діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
      8) ақпарат құралдары мониторингін жүргізу;
      9) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңның орындалуы жөнінде жұмысты ұйымдастыру;
      10) бос уақыт өткізу бірлестігі, жастар мен балалар ұйымдарының жұмысын үйлестіру және өзара іс-әрекеттерді жүзеге асыру;
      11) ауданда жастар саясатының жүзеге асырылуына бақылауды іске асыру;
      12) саяси партиялар, ұлттық мәдени бірлестіктермен, діни және басқа да, қоғамдық ұйымдармен байланыстарды жүзеге асыру;
      13) театр, музыка және кино өнері, кітапхана және мұражай ісі, мәдени-демалыс қызмет саласында ауданның мемлекеттік мәдениет ұйымдарын құрады, сондай-ақ олардың қызметін қолдауды және үйлестіруді жүзеге асырады;
      14) жергілікті маңызы бар тарих, материалдық және рухани мәдениет ескерткіштерін есепке алу, қорғау және пайдалану жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
      15) ауданның сауықтық мәдени-бұқаралық іс-шараларын, сондай-ақ әуесқой шығармашылық бірлестіктер арасында байқаулар, фестивальдер және конкурстар өткізуді жүзеге асырады;
      16) ауданның мемлекеттік мәдениет ұйымдарын аттестаттаудан өткізеді;
      17) өз құзыреті шегінде мәдениет саласындағы коммуналдық меншікті басқаруды жүзеге асырады;
      18) ауданның мәдени мақсаттағы объектілерінің құрылысы, реконструкциясы және жөнделуі бойынша тапсырысшы болады;
      19) мемлекеттік мәдениет ұйымдарын қолдайды және материалдық-техникалық қамтамасыз етуде жәрдем көрсетеді;
      20) мемлекеттік тілді және басқа тілдерді дамытуға бағытталған аудандық деңгейдегі іс-шараларды жүргізеді;
      21) облыстардың атқарушы органдарына ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің атауы және олардың атауларын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын өзгерту туралы ұсыныстар енгізеді;
      22) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      17. Құқықтары мен міндеттері:
      1) ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту жүйесін дамыту мәселесі бойынша жоба әзірлеп, оны белгіленген тәртіппен жоғарғы органдарға ұсынуға;
      2) мемлекеттік органдардан өзге де ұйымдардан, лауазымды тұлғалардан және азаматтардан өз құзыреті шеңберінде қажетті ақпараттар сұрауға және алуға;
      3) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға;
      4) жалпы мемлекеттік ішкі және сыртқы саясатқа, оның ішінде қаржылық және инвестициялық саясатқа сай келмейтін шешімдердің қабылдануына жол бермеуге;
      5) бірыңғай еңбек нарығын, капиталды қалыптастыруға, тауарлар мен қызметтерді еркін алмасуға, Қазақстан Республикасының бірыңғай мәдени және ақпараттық кеңістігінің қалыптасуы мен дамуына кедергі келтіретін шешімдердің қабылдануына жол бермеуге;
      6) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Қазақстан Республикасының мүдделерін сақтауға;
      7) қызметтің қоғамдық маңызы бар салаларында белгіленген жалпы мемлекеттік стандарттарды сақтауға;
      8) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалық актілеріне сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыруға;
      9) Аудан әкімдігінің алдында өз қызметінің нәтижелері туралы есеп беруге міндетті.

3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру

      18. Бөлімге басшылықты Бөлімге жүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
      19. Бөлімнің бірінші басшысын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес Құрманғазы ауданының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      20. Бөлімнің бірінші басшысының өкілеттігі:
      1) Бөлiмінiң мемлекеттік қызметшілерінің міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
      2) Бөлімде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қабылдануына дербес жауапты болады;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Бөлімнің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Бөлімнің қызметкерлеріне көтермелеу, материалдық көмек көрсету мәселелерін шешеді және тәртіптік жаза қолданады;
      5) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда бөлімнің мүдесін білдіреді;
      6) өз құзыреті шегінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Бөлімнің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

4. Мемлекеттік органның мүлкi

      21. Бөлімнің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болу мүмкін.
      Бөлім мүлкi оған меншік иесі берген мүлiк, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      22. Бөлімге бекiтiлген мүлiк коммуналдық меншiкке жатады.
      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Бөлімнің өзiне бекiтiлген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Бөлімді қайта құру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады