Шығыс Қазақстан облысының орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2015 жылғы 1 сәуірдегі № 81 қаулысы. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 5 мамырда № 3924 болып тіркелді. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2023 жылғы 26 қаңтардағы № 19 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 26.01.2023 № 19 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
       РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 27-бабының 2-тармағына, "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 6-бабы 2-тармағының 24-6) тармақшасына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Шығыс Қазақстан облысының орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі Д. Ахметов

  Шығыс Қазақстан
облысы әкімдігінің
2015 жылғы "1" сәуірдегі
№ 81 қаулысымен бекітілді

Шығыс Қазақстан облысының орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 27.02.2017 № 48 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Шығыс Қазақстан облысының орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Шығыс Қазақстан облысының орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметті (бұдан әрі – Психологиялық қызмет) ұйымдастыру және жұмыс істеуін жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Психологиялық қызмет жұмысы Қазақстан Республикасының Конституциясы, "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңы, сондай-ақ осы Қағидалар шеңберінде жүзеге асырылады.

      3. Психологиялық қызметтің құрылымы білім беру ұйымдарының тұрпатына, түріне және қажеттілігіне қарай айқындалады.

2. Психологиялық қызметтің мақсаттары мен міндеттері

      4. Психологиялық қызметтің мақсаты – білім алушылардың психикалық және психологиялық денсаулығын сақтауға ықпал ету, білім беру ұйымында жағымды әлеуметтік-психологиялық жағдай жасау және оқу-тәрбие беру үрдісіне қатысушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету.

      5. Психологиялық қызметтің міндеттері:

      1) білім алушылардың тұлғалық және зияткерлік дамуына жәрдемдесу, өзін-өзі тәрбиелеу және өзін-өзі дамыту қабілетін қалыптастыру;

      2) білім алушыларға жылдам дамып келе жатқан ақпараттық қоғам жағдайында олардың табысты әлеуметтенуіне психологиялық көмек көрсету;

      3) әрбір білім алушымен оның тұлғасын психологиялық-педагогикалық зерделеу негізінде жеке тіл табысуды қамтуға жәрдемдеу;

      4) білім алушылардың психологиялық диагностикасын жүргізу және шығармашылық әлеуетін дамыту;

      5) білім алушылардың психологиялық қиыншылықтары мен проблемаларын шешу жөнінде психикалық түзеу жұмысын жүзеге асыру;

      6) білім алушылардың психикалық денсаулығын сақтауда жәрдемдесу;

      7) психологиялық-педагогикалық проблемаларды шешуде және оқу-тәрбие жұмысының қолайлы әдістерін таңдауда ата-аналар (немесе оларды ауыстыратын тұлғаларға) мен педагогтарға консультативтік көмек көрсету;

      8) өзіне-өзі қол жұмсау және оған әрекет етудің алдын алу мақсатында өзіне-өзі қол жұмсауға бейім кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ олардың ата-аналарына (немесе оларды ауыстыратын тұлғаларға) психологиялық көмек көрсету.

3. Психологиялық қызмет жұмысының негізгі бағыттары мен мазмұны

      6. Психологиялық қызмет өз жұмысын келесі бағыттар бойынша жүзеге асырады: психикалық-диагностикалық, консультациялық, ағартушылық-профилактикалық, түзеу-дамыту.

      7. Психикалық-диагностикалық бағыт:

      1) психикалық дамуын анықтау мақсатында білім алушылардың психологиялық диагностикасын;

      2) оларды бейімдеу, дамыту және әлеуметтендіру мақсатында білім алушыларды кешенді психологиялық тексеруді;

      3) білім алушылардың қабілеттері, қызығушылықтары және бейімділіктерінің психологиялық диагностикасын;

      4) психологиялық диагностика қорытындысы бойынша қорытындылар мен ұсынымдарды дайындауды қамтиды.

      8. Консультативтік бағыт:

      1) білім алушыларға, ата-аналар (немесе оларды ауыстыратын тұлғалар) мен педагогтарға олардың сұраныстары бойынша консультация жүргізуді;

      2) білім алушыларға, ата-аналар (немесе оларды ауыстыратын тұлғалар) мен педагогтарға жеке тұлғалық, кәсіптік өзін-өзі айқындау және айналасындағылармен өзара қарым-қатынастағы проблемалар бойынша жеке консультация жүргізуді;

      3) түңілу, жанжал, қатты эмоционалдық күйзеліс жағдайында жүрген білім алушыларға психологиялық көмек көрсетуді;

      4) тұлғааралық және топаралық жанжалдарды шешуде татуластырушы жұмысын ұйымдастыруды қамтиды.

      9. Ағартушылық-профилактикалық бағыт:

      1) білім алушылардың және педагогтардың кәсіптік өсуіне, өзін-өзі айқындауына жәрдемдесуді;

      2) білім алушылардың мінезінің бейімсіздігінің алдын алуды;

      3) әдістемелік бірлестіктер, педагогикалық кеңес және медициналық-психологиялық-педагогикалық консилиумдар жұмысына жәрдемдесуді;

      4) педагог-психологтың функционалдық міндеттерінің, кәсіптік құзыреттілігінің шеңберінен шығатын және бір топ мамандардың қатысуын талап ететін проблемаларды шешу жөнінде сабақтас-кәсіби мамандармен (дәрігерлермен, дефектологтармен, логопедтермен, тифлопедагогтармен және басқалармен) өзара іс-қимылды жүзеге асыруды.

      10. Түзету-дамытушылық бағыт:

      1) психологиялық-педагогикалық тренингтерді өткізуді;

      2) білім алушылардың, педагогтардың тұлғалық, зияткерлік, эмоционалдық-жігерлік, шығармашылық дамуын үйлестіру жөнінде психикалық түзеу және дамыту сабақтарын ұйымдастыруды;

      3) тұлғааралық қарым-қатынастарды, мінез-құлықтық ауытқушылықтарды түзеуді қамтиды.

      11. Психологиялық қызметтің жұмысын білім беру саласындағы уәкілетті орган үйлестіреді.

      12. Психологиялық қызметтің жұмысы педагог және медицина, соның ішінде денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлерімен, қорғаншылық және қамқоршылық органдарымен, ата-аналар қауымымен өзара әрекеттестікте жүзеге асырылады.

      13. Психологиялық қызмет педагог-психологтардың әдістемелік бірлестігімен, психологиялық орталықтармен, кафедралармен және практикалық психологтар қауымдастықтарымен және білім бөлімдерінің әдістемелік кабинеттерімен өзара іс-қимыл жасайды.

      14. Психологиялық қызметтің педагог-психологы өз қызметінде:

      1) осы Қағидаларды басшылыққа алады;

      2) өзінің кәсіптік құзыреттілігі және біліктілік талаптары шеңберінде шешім қабылдайды;

      3) жалпы психология, педагогикалық психология мен жалпы педагогика, жеке тұлға психологиясы және дифференциалды психология, балалар және жас ерекшелік психологиясы, әлеуметтік психология, медициналық психология, психикалық диагностика, психологиялық консультация беру және әлеуметтік, практикалық және жас ерекшелік психологиясы саласындағы психологиялық ғылымның жаңа жетістіктерінен білімі болады;

      4) диагностикалық, дамыту, әлеуметтік-психологиялық, психикалық түзеу және консультативтік-профилактикалық жұмыстың ғылыми негізделген әдістемелерін қолданады;

      5) белсенді оқыту, қарым-қатынастың әлеуметтік-психологиялық тренинг әдістерін, жеке және топтық консультация жүргізудің, білім алушылардың қалыпты дамуының диагностикасымен түзеудің заманауи әдістерін қолданады;

      6) оқытудың барлық кезеңінде білім алушылардың жеке-психологиялық ерекшелектерінің психологиялық диагностикасын жоспарлайды;

      7) білім алушылар тұлғасының қалыптасуындағы және дамуындағы бұзылуды анықтайды;

      8) білім алушыларға педагогтарға, ата-аналарға (немесе оларды ауыстыратын тұлғаларға) тұлғалық, кәсіптік және басқа мәселелерді шешуде психологиялық көмек және қолдау көрсетеді;

      9) түңілу, жанжал, қатты эмоционалдық күйзеліс жағдайында жүрген педагогтарға, білім алушыларға психологиялық көмек және қолдау көрсетуді жүзеге асырады;

      10) білім алушылардың бейәлеуметтік іс-әрекеттерінің алдын алады және оларды уақтылы түзеуді жүзеге асырады;

      11) өзінің кәсіптік құзыреттілігін және біліктілігін арттырады;

      12) білім беру ұйымының әлеуметтік саласын үйлестіруге мүмкіндік жасайды және әлеуметтік бейімсіздіктің туындауын профилактикалау жөнінде алдын ала сақтандыру шараларын жүзеге асырады;

      13) зерттеу жұмыстарының материалдары бойынша психологиялық-педагогикалық тұжырымдар жасайды;

      14) дамыту және түзеу бағдарламаларын жоспарлауға және әзірлеуге қатысады;

      15) білім алушылардың, педагог қызметкерлермен ата-аналардың (немесе оларды ауыстыратын тұлғаларға) психологиялық мәдениетін қалыптастырады;

      16) білім алушылармен, ата-аналармен (немесе оларды ауыстыратын тұлғаларға) және педагогтармен психикалық-диагностикалық, консультативтік, ағартушылық-профилактикалық, түзеу-дамыту және әлеуметтік-диспетчерлік жұмыстың түрлері мен әдістерін таңдайды;

      17) оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру жөніндегі құжаттамамен, білім алушылардың, педагогтардың жеке істерімен танысады;

      18) түзеу және дамыту бағдарламаларын және психологиялық жұмыстың жаңа әдістемелерін жасауды талқылауға қатысады;

      19) жоғары оқу орындарының психология кафедраларымен және практикалық психологтар қауымдастықтарымен байланыс жасайды;

      20) Психологиялық қызметтің жұмысын жақсарту мәселелері бойынша білім беру органдарына ұсыныстармен шығады;

      21) педагогикалық және әдістемелік Кеңес, пәндік кафедралардың және медициналық-психологиялық-педагогикалық консилиум жұмысына қатысады.

      15. Психологиялық қызметтің педагог-психологы – тиісті мамандық бойынша жоғары білімі бар маман.

      16. Психологиялық қызметтің педагог-психологы:

      1) психологиялық диагностикалау нәтижелерінің нақтылығын, пайдаланылатын диагностикалық және түзеу әдістерінің бара барлығын, ұсынымдармен тұжырымдардың негізділігін, психологиялық ақпараттың құпиялылығын;

      2) Психологиялық қызметтің есепке алу-есеп беру құжаттамасының жүргізілуін және сақталуын;

      3) кәсіби психологиялық этиканың сақталуын қамтамасыз етеді.

4. Психологиялық қызметтің жұмыс істеу құжаттамасы

      17. Психологиялық қызметте мынадай құжаттамалар болуы қажет:

      1) осы қағидалар;

      2) педагог-психологтың перспективалық жұмыс жоспары;

      3) Психологиялық қызметтің жұмыс түрлерін (психикалық-диагностикалық, консультациялық, ағартушылық-профилактикалық, түзету-дамытушылық) есепке алуды тіркеу журналы;

      4) психологиялық диагностикалау бағдарламалары, психологиялық тренингтері, дамыту және түзету жұмыстары;

      5) білім алушылардың психологиялық дамуының жеке карталары, топтық психологиялық портреттері;

      6) психологиялық сабақтардың, тренингтердің және психологиялық жұмыстың басқа да нысандарының әдістемелік әзірлемелері;

      7) Психологиялық қызметтің жұмысы туралы талдамалық есептері (жартыжылдыққа, оқу жылына);

      8) психикалық-диагностикалық әдістеме тізбелері мен мәліметтер қоры;

      9) психологиялық зерттеудің қорытындылары, нәтижелері.

5. Қорытынды ереже

      18. Психологиялық қызмет жұмысын орта білім беру ұйымының басшысы қамтамасыз етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады