РҚАО-ның ескертпесі.
Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 27-бабының 2-тармағына, "Автомобиль жолдары туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі Заңының 13-бабы 1-1-тармағының 6-1) тармақшасына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық және аудандық маңызы бар ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану тәртібі мен шарттары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыс әкімі | Д. Ахметов |
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2015 жылғы "28" сәуірдегі № 110 қаулысымен бекітілді |
Жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық және аудандық маңызы бар ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану тәртібі мен шарттары
1. Ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды жөндеу мен күтіп ұстау жөніндегі іс-шараларды ақылы жүруді ұйымдастырушының уақтылы қамтамасыз етуін көздейді.2. Ақылы жүрудің ұйымдастырушы жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық және аудандық маңызы бар ақылы автомобиль жолдары мен көпір өткелдерін тиісті пайдалану мақсатында:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес автомобиль жолдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді;
2) қысқы кезеңде ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін қардан тазартуды қамтамасыз етеді және жамылғының тайғақтығына қарсы шаралар қабылдайды;
3) көлік құралдарының үздіксіз және қауіпсіз жүріп өтуін және табиғатты қорғау заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді;
4) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес автомобиль жолдарын пайдаланушыларға жол жағдайларының себептері бойынша туындаған жол-көлік оқиғалары келтірген зиянды өтеу жөніндегі шараларды қабылдайды;
5) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес автомобиль жолдарына бөлінген белдеудің фитосанитариялық жай-күйін қамтамасыз етеді;
6) автомобиль жолдарының бойында қорғаныш екпелерін күтіп-ұстайды;
7) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органмен және төтенше жағдайлар жөнiндегi уәкiлеттi органмен бiрлесiп: қысылтаяң жағдайларда (қолайсыз ауа райы-климат жағдайлары, дүлей зілзалалар, өрт, автомобиль жолдарының көтергіштік қабiлетiнiң жойылуы), сондай-ақ жөндеу-құрылыс жұмыстары жүргiзiлген кезде тиiстi жол белгiлерiн қойып және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бұл жөнiнде жергiлiктi атқарушы органдарды және автомобиль жолдарын пайдаланушыларды хабардар ете отырып, көлiк құралдарының жол жүрiсiн шектеуге немесе тоқтатуға, автомобиль жолдарын пайдалану қағидаларының сақталуын бақылауға құқығы бар;
8) дүлей метеорологиялық құбылыстар мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларын жояды;
9) жол полициясы бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасай отырып, жол-көлік оқиғаларының есебін жүргізеді, олардың туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды талдайды, олардың алдын алу мен жою жөніндегі іс-шараларды әзірлейді;
10) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысымен бекітілген Жол жүрісі қағидаларымен белгіленген жылдамдық режимінің шеңберінде көлік құралдарының қауіпсіз жүріп өту мүмкіндігін қамтамасыз етеді;
11) жол қозғалысына қатысушыларды құтқару, жол-көлік оқиғалары, авариялар, дүлей апаттар жағдайларында оларға дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету бойынша шаралар қабылдайды;
12) жол полициясы бөлімшелеріне жол-көлік оқиғаларын тергеуге жәрдем көрсетеді, сондай-ақ егер жол-көлік оқиғасы ілеспе жол жағдайлары бойынша болса, қызметтік тексеру жүргізеді;
13) жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын (қоршаулар, жол белгілері, жолды белгілеу, бағыттайын құрылғылар, жарықтандыру желілері, бағдаршамдар, қозғалысты автоматтандырылған басқару жүйелері) орнату мен жөндеуді қамтамасыз етеді;
14) қажетті ақпараттық-коммуникациялық желілерге қосу арқылы автокөлік құралдары қозғалысының мониторингі үшін өлшеу құрылғыларын, жабдықтарды орнатуды және бағдарламалық қамтуды қамтамасыз етеді;
15) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақылы автомобиль жолдарымен жүріп өткені үшін ақы алуды қамтамасыз етеді.
3. Ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін күтіп-ұстау бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүзеге асырылады.
4. Жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен көпір өткелдерін күтіп-ұстау бойынша жұмыстарды уақтылы жүргізу мақсатында оларды визуалды тексеру күнсайын жүзеге асырылады.
5. Жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық және аудандық маңызы бар ақылы автомобиль жолдарының және көпір өткелдерінің пайдаланылуын бақылауды автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.