"Концессиялық жобаларды жоспарлаудың және іске асырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 22 желтоқсандағы № 157 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 24 ақпандағы № 99 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 24 ақпанда № 13222 болып тіркелді

      «Концессиялар туралы» 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 9-бабының 7-5)-тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. «Концессиялық жобаларды жоспарлаудың және іске асырудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 22 желтоқсандағы № 157 бұйрығына («Әділет» ақпараттық құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 20 ақпанда жарияланған, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10122 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізу қағидасында:
      18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «18. Конкурстық өтінім конкурсқа қатысуға үміткер әлеуетті концессионердің конкурстық құжаттамада көзделген талаптар мен шарттарға сәйкес концессиялық жобаны іске асыруды жүзеге асыруға келісімін білдіру нысаны болып табылады.
      Үздік концессиялық өтінім деп танылған концессиялық өтінімді нақтылау келіссөздер жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
      Келіссөздер барысында конкурстың шарттарына, сондай-ақ концессиялық өтінімнің бастапқы параметрлері мен сипаттамаларына өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
      Концессия нысанасы, концессия мерзімі және концессия объектісінің техникалық параметрлері конкурстың шарты деп түсініледі.
      Конкурсқа қатысушының атауы, конкурстық құжаттамада белгіленген конкурсқа қатысу өтінімінің нысаны, конкурстық өтінімді қамтамасыз ету мөлшері концессиялық өтінімнің бастапқы параметрлері мен сипаттамалары деп түсініледі.».
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Бюджеттік инвестициялар және мемлекеттік–жекешелік әріптестікті дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
      3) осы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде баспа және электрондық түрде мемлекеттік және орыс тілдерінде бір данада Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрі                  Е. Досаев

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Қаржы министрі
      __________ Б. Сұлтанов
      2016 жылғы 24 ақпан

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады