Коммерциялық көрсетілетін қызметтер статистикасы бойынша көрсеткіштерді қалыптастыру әдістемесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының м.а. 2016 жылғы 9 ақпандағы № 32 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 5 наурызда № 13408 болып тіркелді.

      "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңының 12-бабының 5) тармақшасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 30 қыркүйектегі № 33 бұйрығымен бекітілген, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9779 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті туралы ереженің 13-тармағы 2) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Коммерциялық көрсетілетін қызметтер статистикасы бойынша көрсеткіштерді қалыптастыру әдістемесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Қызмет көрсету және энергетика статистикасы басқармасы Заң басқармасымен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Қызмет көрсету және энергетика статистикасы басқармасы осы бұйрықты жұмыс бабында басшылыққа алу және пайдалану үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің құрылымдық бөлімшелеріне және аумақтық органдарына жеткізсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының орынбасарына (Ж.Ә. Жарқынбаев) жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Төрағаның


міндетін атқарушы

Б. Иманәлиев


  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Статистика комитеті төрағасының
міндетін атқарушының
2016 жылғы 9 ақпандағы
№ 32 бұйрығымен бекітілді

Коммерциялық көрсетілетін қызметтер статистикасы бойынша
көрсеткіштерді қалыптастыру әдістемесі
1. Жалпы ережелер

      1. Коммерциялық көрсетілетін қызметтер статистикасы бойынша көрсеткіштерді қалыптастыру әдістемесі (бұдан әрі - Әдістеме) халықаралық стандарттарға сәйкес қалыптастырылатын және "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы заңына сәйкес бекітілетін статистикалық әдіснамаға жатады.

      2. Әдістеме жалпымемлекеттік сатистикалық байқау өткізу кезінде коммерциялық көрсетілетін қызмет саласы кәсіпорындарының қызметі туралы статистикалық мәліметтерді (ақпараттар) алудың негізгі аспектілерін және әдістерін айқындайды.

      3. Осы Әдістеменің мақсаты халықаралық деңгейде олардың салыстырымдылығын қамтамасыз ету үшін коммерциялық көрсетілетін қызметтер статистикасы бойынша статистикалық көрсеткіштер жүйесін қалыптастыру.

      4. Осы Әдістеме Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті және оның аумақтық статистика органдарының қызметкерлерінің статистикалық қызметте қолдануына арналған.

      5. Осы Әдістемеде мынадай анықтамалары пайдаланылады:

      1) коммерциялық көрсетілетін қызмет статистикасы - коммерциялық көрсетілетін қызмет статистикасы нарығының заңдылығын және даму үрдісін, оның инфрақұрылымының сипаттамасын және өңірлік ерекшеліктерін көрсететін статистика саласы;

      2) көрсетілетін қызмет - адамның немесе тұтастай қоғамның кез келген қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған, тұтынушылардың тапсырысы бойынша өндірушілер жүзеге асыратын және осы қызметтерді тұтынатын бірліктердің жай-күйінің өзгеруіне әкелетін қызмет;

      3) көрсетілген қызметтер көлемі - кәсіпорындарға, мекемелерге халыққа қызмет көрсеткені үшін төлемдерден түскен қаражаттар бөлінісінде көрсетілген қызметтер құны болып табылады;

      4) қызметтің қайталама түрі - негізгіден басқа, үшінші тұлға үшін тауарларды (қызмет көрсетулерді) өткізу мақсатында жүзеге асырылатын қызмет түрі;

      5) қызметтің негізгі түрі - қосылған құны кәсіпорын жүзеге асыратын кез келген қызмет түрінің қосылған құнынан, асып кететін қызмет түрі;

      6) нарықтық емес көрсетілетін қызметтер - институционалды бірліктерге немесе қоғамға тұтастай тегін немесе экономикалық мәні болып табылмайтын (мысалы, мемлекетпен, ұлттық қорғаныспен, міндетті әлеуметтік қамсыздандырумен ұсынылатын) баға бойынша ұсынылатын қызметтер;

      7) нарықтық көрсетілетін қызметтер – мемлекеттік бюджет, ерікті жарна, немесе мемлекеттік бағдарламалар есебінен емес, өндірушінің өнімдерді өткізу есебінен шығындарының барлығын немесе едәуір бөлігін жабатын қызметтер;

      8) тұтыну бағасының индексі - бұл халықтың жеке тұтынуы үшін сатып алған, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бекітілген тізіміне бағалардың орташа деңгейінің уақыты бойынша өзгерісін сипаттайтын жалпы қабылданған инфляция көрсеткіші.

2. Коммерциялық көрсетілетін қызмет статистикасын
қалыптастыру

      6. Коммерциялық көрсетілген қызмет статистикасында коммерциялық көрсетілген қызметтердің барлық түрлері бойынша көрсеткіштер қалыптастырылады.

      7. Коммерциялық көрсетілетін қызмет статистикасы бойынша деректерді қалыптастыру үшін ақпараттық база:

      1) коммерциялық көрсетілген қызметтердің көлемі бойынша алғашқы статистикалық деректер;

      2) әкімшілік деректері.

      8. Коммерциялық көрсетілетін қызметтер статистикасы Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінің қызмет түрлерін (бұдан әрі – ЭҚЖЖ) қамтиды.

      9. Көрсетілген қызметтердің статистикалық жіктеуіші (бұдан әрі - КҚСЖ) қаржылық көрсетілген қызмет статистикасы түрлері бойынша қалыптастыру үшін статистикалық құрал болып табылады.

      10. Коммерциялық көрсетілген қызмет көлемі көрсетілген қызмет шығындарын оларды төлеу уақытында емес, өндіріске кірген уақытындағы шығындар бойынша қамтиды:

      1) көліктік-дайындау шығындарын есепке алу негізгі материалдары шикізат бағасы;

      2) материалдар мен жартылай фабрикаттар бағасы;

      3) көрсетілетін қызметтер өндірісі үшін қолданылатын жанармайды сатып алуға жұмсалған шығындар, сондай-ақ барлық сатып алынатын энергияның барлық түрлерінің құны (электр, отын, ауа қысымы және басқалар);

      4) табиғи шикізатты пайдалануға байланысты жұмсалатын шығындар (түбіне жіберілетін ағаш сүрегі үшін төлемнің, су шаруашылығы жүйесінен алынатын су үшін төлемнің бөлігінде);

      5) тараптық субъектілермен орындалған өндірістік сипаттағы жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер құны;

      6) есепті кезең үшін меншік құқығындағы, жедел басқару субъектісіне тиесілі негізгі қаражаттың барлық түрлері бойынша амортизациялық аударымдардың, ұзақ мерзімді жалға алынатын негізгі қаражаттың сомасы;

      7) жалақыға бөлінген шығындар;

      8) шығындар: салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, іссапарлық, өкілдік шығыстар және қайырымдылық көмек;

      9) консультативтік, зерттеулер жүргізу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жарнама бойынша сияқты тараптық ұйымдар көрсеткен қызметтердің, банктердің көрсетілетін қызметтерінің құны;

      10) ағымдағы жөндеу, коммуналдық көрсетілетін қызметтер және басқалары.

      11. Холдингтік компаниялардың коммерциялық көрсетілген қызмет көлеміне стратегиялық басқаруы үшін еншілес кәсіпорындар төлеген сыйақы кіреді.

      12. Көрсетілген қызметтердің көлемінде:

      1) ғимараттар және имараттардың құрылысына немесе күрделі жөндеуіне жұмсалған шығыстар;

      2) машиналар мен жабдықтарды олардың пайдалану мерзімін арттыру және өнімділігін жоғарылату мақсатында жаңғыртуға және жөндеуге арналған шығыстар (мұндай шығыстар негізгі капиталдың жалпы қорланымы ретінде түсіндіріледі);

      3) орналасқан жері шекарадан тысқары еншілес кәсіпорындардан түсетін табыстар;

      4) тапсырыс бойынша және үшінші тұлғалардың (кәсіпорындардың) есебінен төлемдер;

      5) әдеттегіден тыс және негізгі қызметке сай келмейтін табыстар (мысалға, бағамның өзгеруі, дивиденттер кезінде);

      6) кәсіпорынның меншікті қаражатына сатудан, меншікті қаражаттардың резервтерін реформалаудан түскен табыстар қамтылмайды.

      13. Мынадай көздердің есебінен қаржыландырылатын субъектілердің ұсынатын қызметтері:

      1) мемлекеттік бюджет қаражаты:

      а) республикалық бюджет;

      б) жергілікті бюджет;

      2) кәсіпорындар қаражаты;

      3) халық қаражаты (алынған көрсетілген қызметтері үшін төлем есебінде).

3. Коммерциялық көрсетілетін қызметтер саласының жалпы шығарылымын қалыптастыру

      14. Коммерциялық көрсетілетін қызмет саласының жалпы шығарылымы бақыланбайтын экономика саласында қалыптастырылатын көлемі есебімен меншік нысанына және жұмыс істейтіндердің санына қарамастан кәсіпорындар, сондай-ақ дара кәсіпкерлер жататын барлық көрсетілетін қызметтерді өндірушілер көрсеткен нарықтық және нарықтық емес көрсетілетін қызметтердің құны болып табылады.

      Жалпы өнімнің құрамына:

      1) жалпымемлекеттік статистикалық байқаулардың жиынтық деректері негізінде қалыптастырылатын қызметтің жалпы көлемі;

      2) бақыланбайтын экономика (бұдан әрі – БЭ) саласында қалыптастырылатын қызметтің көлемі жатады.

      Өнімнің алынған жалпы шығарылымының негізінде көрсетілетін қызмет түрлерінің әрбір тобы бойынша жасырын және бейресми қызметтің көлемін анықтау үшін одан әрі қолданылатын бақыланбайтын экономикаға жете есептеу коэффиценті есептеледі.

      Көрсетілетін қызмет саласы өнімдерінің жалпы шығарылымы КҚСЖ бойынша жіктелген қызмет түрлері бойынша ескерілген кәсіпорындар мен дара кәсіпкерлер өнімдерінің шығарылымын және қызмет түрлері бойынша есептелген БЭ саласында көрсетілген қызмет шығарылымын қосындылау арқылы есептеледі:

       Vs = Vc + Vic + Vue , (1)

       мұндағы

       Vs – көрсетілетін қызмет көлемі бойынша жалпы шығарылым;

       Vc – шағын, орта және ірі кәсіпорындардың көрсетілетін қызметтерінің көлемі;

       Vic – дара кәсіпкерлердің көрсетілетін қызметтерінің көлемі;

       Vue – бақыланбайтын экономика бойынша көрсетілетін қызметтердің көлемін бағалау.

       Кәсіпорындардың көрсетілетін қызметтерінің көлеміне есеп берген кәсіпорындардың көрсетілетін қызметтерінің көлемі және есеп бермеген кәсіпорындардың көлемі бойынша бағалау (статистикалық себептері бойынша бақыланбайтын экономика), сондай-ақ жасырын көрсетілетін қызмет көлемі бойынша жете есептеу жатады.

       Шағын, орта, ірі кәсіпорындар және дара кәсіпкерлердің көрсетілетін қызметтерінің көлемі жалпымемлекеттік статистикалық байқаудың қорытындылары бойынша қалыптастырылады.

       15. Есеп бермеген, көрсетілетін қызмет саласы кәсіпорындарының көлемін есептеу рәсімі келесі формуламен анықталады:

       Y = Xij * Uij , (2)

       мұндағы

       Y – жете есептеу көлемі;

       I – қызмет түрінің индикаторы;

       J – кәсіпорын өлшемінің индикаторы;

       X – 1 кәсіпорынға арналған агрегаттың орташа шамасы;

       U – есеп бермеген кәсіпорындардың саны.

       16. Кәсіпорындардың есептік деректерді азайту көлемін анықтауы үшін есепте көрсетілген деректердің сенімділік дәрежесі белгіленеді.

       Сенімділік дәрежесі іріктеліп алынған кәсіпорындар шеңбері бойынша көрсетілетін қызметтің нақты көлеміне, есепте көрсетілген қызмет көлемінің арақатынасымен анықталады:

       S = Vr / Va х 100, (3)

       мұндағы

      Vr – есептік деректер бойынша көрсетілетін қызмет көлемі,

      Va – іріктеліп алынған кәсіпорындар шеңбері бойынша көрсетілетін қызметтің нақты көлемі.

      Деректердің сенімділік дәрежесін анықтау үшін көрсетілетін қызмет көлемінің көрсеткішімен тікелей немесе жанама байланысты қолда бар барлық статистикалық ақпаратқа талдау жүргізіледі. Көрсеткіштерді салыстыру үшін кәсіпорындардың жалпы санына қызметтің әрбір түрінің үлесі бойынша кем дегенде 5 пайыз, қызметтің жалпы көлемінен қызметтің әрбір түрінің қызметінің көлемі бойынша кем дегенде 30 пайыз дейінгі кәсіпорындар іріктеліп алынады.

      Талдаудың мынадай бағыттары қолданылады:

      1) бір қызметкерге есептелген салыстырмалы көрсеткіштер: қызмет көлемі, орташа айлық жалақы, пайда, шығындар, шығындарға қатынас бойынша пайдасы салыстырылады. Осы көрсеткіштерді салыстырғанда серпінде жұмыс істейтіндер саны өзгермесе, қызмет көлемі азайып, ал жалақының көбейгені анықталса, онда қызмет көлемі азайтып көрсетілген;

      2) бір қызметкерге орташа айлық жалақы есебінде қызмет көлемі туралы деректер (жұмыс істейтін саны және көрсетілетін қызметтің құрылымына қарағанда ұқсас кәсіпорындар) салыстырылады. Егер бір кәсіпорын қызметкерлерінің жалақы деңгейі басқа кәсіпорынға қарағанда жоғары болса, ал бір қызметкерге есептегенде қызмет көлемі кем болса, қызмет көлемі деректерін төмендету орын алған.

      Талдаудың нәтижелерінің негізінде таңдап алынған кәсіпорындар шеңбері бойынша көрсетілген (Va) қызметтің нақты көлемі есептеледі.

      Салыстыру үшін таңдап алынған кәсіпорындар бойынша есептерде таңдап алынған кәсіпорындар көрсеткен қызмет көлемі туралы деректер (Vr) және анықталған кірістелмеген табыстың сомасы анықталады. Табыс ретінде кәсіпорынның есебіндегі (U) деректерге төмендетілген шама қолданылады.

      Таңдап алынған кәсіпорындар шеңбері бойынша қызметтің нақты көлемі белгілі бір уақыт мерзімінде анықталады:

       Va = Vr + U (4)

       Одан әрі қызметтің әрбір түрі бойынша статистикалық деректердің сенімділігі (S), ал оның негізінде кәсіпорындар өздерінің есептеріндегі деректердің азайту көлеміне көрсетілген қызмет көлеміне жете есептеу коэффиценті (Кu) анықталады.

       Кәсіпорындардың өздерінің есептеріндегі деректердің азайту көлеміне жете есептеу коэффиценті мынадай формула арқылы есептеледі:

       Кu = 100 / S (5)

       Жасырын (төмендетілген) көрсетілетін қызмет көлемін бағалау есеп берген жалпы барлық кәсіпорындар бойынша келесі формула арқылы жүргізіледі:

       Vu = Vr х (Кu – 1), (6)

       мұндағы

       Vr – есеп берген кәсіпорындар бойынша қызмет көлемі;

      Кu – есептерінде деректерді төмендеткен кәсіпорындарда жете есептеу коэффициенті.

4. Коммерциялық көрсетілетін қызметтің нақты
көлем индексінің есебі

      17. Көрсетілетін қызмет көлемінің серпіні көрсетілген қызметтің нақты көлем индекстерін есептеу (тұрақты бағада) арқылы өлшенеді.

      Көрсетілетін қызметтің нақты көлем индексі бағаның өзгеруі әсерін алып тастаған кезде көлемнің өзгеруін көрсетеді.

      Көрсетілетін қызметтің нақты көлем индексінің есебі үшін жалпы да, жекелеген де түрлер бойынша тұрақты бағада есепті және базистік кезеңдер көлемі яғни базистік кезең ретінде қабылданған сол кезең бағасында тұрақты бағада салыстырылады:

       Iv = (V1 / Ip х 100) / Vr х 100, (7)

       мұндағы

       Iv – көрсетілген қызметтің нақты көлем индексі;

       V1, Vr – есеп беру және базистік кезеңдегі ағымдағы бағаларда көрсетілетін қызмет көлемінің бағалары;

       Ip – базистік кезеңмен салыстырғанда есептік кезеңдегі көрсетілетін қызмет үшін тұтыну бағаларының индексі.

       Тұтыну бағаларының индекстерін (бұдан әрі - ТБИ) әзірлеу жүргізілмейтін қызметтің жекелеген түрлері бойынша нақты көлемі индексін есептеу ақылы қызметтер бойынша ТБИ пайдалану арқылы жүргізіледі.

       Баға факторының тек көрсетілетін қызмет құнына әсері қарастырылады.

       Нақты көлемі индексі көрсетілетін қызметтің әртүрі бойынша жеке есептеледі. Бұл ретте, қызмет түрлерін нақтылау ЭҚЖЖ кодтарының екі таңбасы (58, 59, 60, 62, 63, 68 – 75, 77, 78, 80 – 82, 84, 90 – 93, 95, 96) бойынша жүргізіледі.

       Түрлері бойынша көрсетілетін қызметтің нақты көлем индексін есептеу алгоритмі:

       1) көрсетілетін қызметтің нақты бір түрі бойынша көрсетілетін қызметтің нақты көлем индексін ТБИ қолдану арқылы анықтау:

       Iva = (V1a / Ip х 100) / Vra х 100, (8)

       мұндағы

       V1a, Vra – қызметтің нақты түрі бойынша ағымдағы бағалардағы есепті және базистік кезеңдер үшін көрсетілетін қызмет көлемдерінің құндық көлемі;

       2) белгілі бір қызмет түрі бойынша көрсетілетін қызметтің өлшенген нақты көлем индексін анықтау:

       Is1=(Iva х Da)/100, (9)

       мұндағы

       Is1 – белгілі бір қызмет түрі бойынша көрсетілетін қызметтің өлшенген нақты көлем индексі;

       Iva – белгілі бір қызмет түрі бойынша нақты көлем индексі;

       Da – базистік кезеңдегі көрсетілетін қызметтің жалпы көлеміндегі белгілі бір қызмет түрінің үлесі;

       3) көрсетілетін қызметтің өлшенген нақты көлем индексін әрбір қызмет түрі бойынша көрсетілетін қызметтің өлшенген нақты көлем индекстерін қосындылау арқылы анықтау:

       Ivt = Is1+ Is2 + …+ Ici. (10).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады