"Атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру бойынша нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2010 жылғы 28 желтоқсандағы № 88 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2016 жылғы 4 мамырдағы № 91 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 10 маусымда № 13780 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2018 жылғы 2 мамырдағы № 60 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Бас Прокурорының 02.05.2018 № 60 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын прокурорлық қадағалаудың тиімділігін арттыру мақсатында, "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 4-1)-тармақшасын басшылыққа алып,БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру бойынша нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2010 жылғы 28 желтоқсандағы № 88 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6737 тіркелген, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге орталық мемлекеттік органдарының актілері жинағында жарияланған, 2011 жыл, № 7) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықта 3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықта:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне (бұдан әрі - АПК), Қазақстан Республикасының "Прокуратура туралы", "Атқарушылық іс жургізу және сот орындаушыларының" (әрі қарай - Заң) заңдарына және басқа да заңнамалық актілерге сәйкес әзірленген және азаматтық, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер, қылмыстық істердің мүліктік өндіріп алу бөлігі бойынша, сондай-ақ Заңның 9-бабында көзделген өзге де атқарушылық құжаттар бойынша атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыруды және жүзеге асыруды реттейді.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру барысында прокуратура органдары қызметінің басым бағыттары:

      атқарушылық іс жүргізуде денсаулық жағдайына немесе жасына байланысты өзін дербес қорғай алмайтын жеке тұлғалардың конституциялық құқықтары мен мүдделерінің сақталуын;

      атқарушылық іс жүргізуде мемлекет мүдделерінің сақталуын қадағалау болып табылады.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Прокурорлар мынадай жағдайларда азаматтық процеске қатысады және істер бойынша қорытынды береді:

      прокурордың арызы бойынша шығарылған сот актісі негізінде қозғалған атқарушылық іс жүргізу жөніндегі атқарушылық әрекеттерге немесе оның талаптарын мәжбүрлеп орындау туралы прокурор қаулысына дау айтылғанда;

      атқарушылық іс жүргізудің бір тарапы денсаулық жағдайына немесе жасына байланысты өзінің құқықтары мен заңды мүддесін дербес қорғай алмайтын жеке тұлға немесе мемлекеттік мекеме болғанда;

      өндіріп алушымен немесе борышкермен, сонымен қатар үшінші тұлғалармен атқарушылық іс жүргізу органдарының және олардың лауазымды тұлғаларының актілері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айтылғанда;

      мемлекеттің пайдасына өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізу бойынша жеке сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айтылғанда.

      Прокурордың бастамасымен қозғалған іс бойынша қорытынды беру талап етілмейді, қабылданған сот актілерімен келіспеген жағдайда прокурор апелляциялық, кассациялық шағымдар беруге құқылы.

      Азаматтық іс жүргізудің барлық сатыларында аталған істерге қатысқан прокурорлар өздерінің ұстанымын қатаң заң талаптарына, істің материалдарына сәйкес анықтайды, оны заңдылық, барлығының заң және сот алдында теңдігі принциптерін басшылыққа ала отырып дәйекті қорғайды.

      Қатысушы прокурор істің материалдарымен танысу нәтижелерін жоғары тұрған прокурорға немесе оның орынбасарына алдын-ала баяндайды, соңғылар іс бойынша қорытындыны бекітеді.

      Прокурордың қорытындысы жазбаша түрде дайындалады және онда мыналар көрсетіледі: істің атауы; тараптар; мәлімделген талаптардың мәні; талапкер мен жауапкер сілтеме жасайтын мән-жайлар; прокурордың тараптар ұсынған дәлелдер бойынша олардың қатыстылығы, жол берілетіндігі, растығы және жеткіліктілігі тұрғысынан пікірі; қолданылуға жататын материалдық және іс жүргізу құқығының нормалары; мәлімделген талаптардың мәні, сот шығындарын бөлу бойынша прокурордың тұжырымы.

      Азаматтық істің материалдарына қоса тіркеу үшін бірінші сатыдағы сотқа іске қатысқан прокурордың жазбаша түрде мазмұндалған және қолы қойылған қорытындысының тек уәждеу және қарар бөліктері беріледі.

      Сонымен қатар аппеляциялық және кассациялық тәртіппен қарауға жататын іс бойынша қорытындыда мынадай мәліметтер көрсетіледі: судья (баяндамашы, алқа құрамы), қайта қарауға жататын сот актілерінің мазмұны, соттың ұстанымы; қатысқан прокурорлар және қорытындылардың қысқаша мазмұны; шағым (өтінішхат) иесінің дәлелдері; істі зерделеу нәтижелері; шағымның (өтінішхаттың) мәні бойынша тұжырымдар.

      Мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары, жеке және заңды тұлғалар тарапынан заңдылықты бұзушылық анықталған жағдайда прокурор сот алдында жеке ұйғарым шығару туралы өтініш жасайды, бұл бойынша қосымша тексеру жүргізуге шаралар қабылдауға және кінәлі тұлғаларды заңда белгіленген жауаптылыққа тарту мәселесін шешу үшін және заң бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою мақсатында жазбаша немесе электронды құжат түрінде жоғары тұрған прокурордың назарына жеткізеді.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Апелляциялық тәртіпте прокурорлар атқарушылық іс жүргізу қатысушыларының, сондай-ақ үшінші тұлғалардың даулары бойынша шығарылған азаматтық істер бойынша заңға сәйкес келмейтін сот актілеріне наразылық білдіреді.

      Осындай істер бойынша апелляциялық наразылық АПК-нің 427-бабының бірінші бөлігінде белгіленген күшін жоюға немесе сот шешімін өзгертуге негіздер болған жағдайда ғана келтіріледі және АПК-нің 404-бабының талабына жауап беруі керек.

      Осындай істер бойынша апелляциялық наразылықты сот негізсіз қанағаттандырусыз қалдырған жағдайда, сонымен қатар істерді қарау кезінде соттар материалдық және іс жүргізу құқығының нормаларын едәуір бұзған жағдайда прокурор жоғарғы тұрған прокурорға АПК-нің 440, 441 баптарының талаптарына сай келетін жоғары тұрған сот сатысына наразылық келтіру және істі талап ету туралы ұсыныс енгізеді. Ұсынысқа қадағалау, атқарушылық іс жүргізу (олар болған жағдайда) және іс бойынша шығарылған барлық сот актілерінің, келтірілген наразылықтардың көшірмелері қоса тіркеледі.";

      8-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Арыз атқарушылық іс жүргізуді, ал қажет болған жағдайда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы азаматтық, қылмыстық істі талап ете отырып шешіледі. Атқарушылық іс жүргізулер прокуратураға түскен сәттен бастап үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде зерделенеді, содан кейін қайтаруға жатады.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Атқарушылық әрекеттер жасаудың толық болмауына, атқарушылық іс жүргізу бойынша орындау мерзімдерінің бұзылуына байланысты бұзушылықтарды жою мақсатында прокурор "Прокуратура туралы" Заңның 22-бабы тәртібінде аумақтық бөлімнің басшысы - аға сот орындаушысына, мемлекеттік сот орындаушысына немесе жеке сот орындаушысына жазбаша нұсқау береді. Нұсқауда прокурор белгіленген мерзімде атқарушылық іс жүргізу тараптарының, үшінші тұлғалар мен мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған нақты атқарушылық әрекеттер жүргізуді талап етеді.

      Атқарушылық іс жүргізу тараптарының, үшінші тұлғалардың және мемлекеттің құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін айқын заң бұзушылықтарды жою мақсатында прокурор "Прокуратура туралы" Заңның 24-бабы тәртібінде аумақтық әділет органына, аумақтық бөлімнің басшысы - аға сот орындаушысына, мемлекеттік сот орындаушысына немесе жеке сот орындаушысына заң бұзушылықты жою туралы ұйғарым енгізеді. Ұйғарымда бұзылған заң нормаларына нұсқаулар және бұзушылықтарды жою шаралары туралы нақты ұсыныстар қамтылуы тиіс.

      Мемлекеттік немесе жеке сот орындаушысы өрескел, жүйелі түрде заң бұзушылықтарға жол берген кезде прокурор "Прокуратура туралы" Заңның 25-бабы тәртібінде аумақтық әділет органына немесе аумақтық бөлімнің басшысы - аға сот орындаушысына, жеке сот орындаушылары аумақтық палатасының басшысына, сәйкесінше, заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыным енгізеді.

      Мемлекеттік сот орындаушысы, атқарушылық іс жүргізу органының өзге лауазымды тұлғасы немесе жеке сот орындаушысы тарапынан айқын және өрескел заң бұзушылықтар анықталған жағдайда прокурор өз құзыреті шегінде кінәлі тұлғаны тәртіптік немесе заңдарда көзделген өзге де жауаптылыққа тартуға бағытталған прокурорлық ықпал ету шараларын қабылдайды.

      Сот орындаушысы заңсыз қаулы шығарған жағдайда прокурор "Прокуратура туралы" Заңның 19-бабы тәртібінде аумақтық сот орындаушылары бөлімінің басшысына, жеке сот орындаушысына оның күшін жою туралы талап қойып, наразылық енгізеді. Атқарушылық іс жүргізуді заңсыз тоқтата тұрған жағдайда наразылықта сонымен қатар оны дереу қайта бастау және атқару құжатын орындауға шаралар қабылдау туралы мәселе қойылады.

      Қалалық, аудандық және оларға теңестірілген әскери және басқа да мамандандырылған прокуратураларда заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдарға, заң бұзушылықтарды жою туралы ұсынымға бірінші басшы немесе оның орнын басатын тұлға, облыстық және оларға теңестірілген прокуратураларда облыс прокуроры немесе оның орынбасарлары қол қояды. Жазбаша нұсқауға, оның ішінде аудан, қала прокурорының және оған теңестірілген әскери және басқа да мамандандырылған прокурордың орынбасары қол қоюы мүмкін.

      Прокурор "Прокуратура туралы" Заңда көзделген басқа да прокурорлық қадағалау актілерін енгізуі мүмкін.

      Прокурорлық қадағалау актілерін орындау оны енгізген прокурордың бақылауында тұрады.

      Тексеріс барысында адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне зиян келтіруі немесе халықтың тіршілік әрекетін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың, мекемелер мен кәсіпорындардың жұмыс істеуіне кедергі келтіруі мүмкін бұзушылықтар анықталған кезде Заңның 25-бабына сәйкес прокурор өз қаулысымен жеке сот орындаушысының іс жүргізуінен атқару құжатын алып қоюға және оны мемлекеттік сот орындаушысына беруге құқылы. Қабылданған шара туралы аудандардың, қалалардың прокурорлары мен оларға теңестірілген әскери және басқа да прокурорлар облыстардың, Алматы, Астана қалаларының прокуроры мен оған теңестірілген прокурорды дереу хабардар етеді, олар оның заңдылығы мен негізділігін тексеруді қамтамасыз етеді.";

      11-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Облыс, Алматы, Астана қалаларының прокурорлары кемінде жылына бір рет атқарушылық құжаттардың орындалуы бойынша уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері және олардың атқарушылық әрекеттерді жасауға уәкілеті бар лауазымды тұлғаларының және жеке сот орындаушыларының әрекетінде атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманың сақталуын тексереді. Тексерудің қорытындылары туралы ақпарат Бас прокуратураға тексеру жүргізілгеннен кейінгі айдың 7 күніне дейін тапсырылады.";

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Департамент атқарушылық іс жүргізуге қатысушылардың өтініштерін қарау, кассациялық наразылықтар келтіру туралы өтінішхаттарды қарау, САОД, Республикалық жеке сот орындаушылары палатасының (бұдан әрі – Республикалық палата), жекелеген негіздер бойынша мемлекеттік меншікке айналдырылған (түскен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жұмыстарын ұйымдастыру жөніндегі уәкілетті органның қызметін тексеру, атқарушылық іс жүргізудегі заңдылықтың жай-күйін талдау арқылы атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалауды жүзеге асырады.";

      14-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының қарауына тағайындалған азаматтық істерді зерттеудің нәтижелері бойынша департаменттің прокурорлары, Бас Прокурордың жетекшілік ететін орынбасары бекітетін дәлелді қорытындылар жасайды. Қорытынды осы Нұсқаулықтың 6-тармағында көзделген талаптарға сәйкес жасалады.";

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Департамент мерзімді түрде: САОД, Республикалық палатаның, жекелеген негіздер бойынша мемлекеттік меншікке айналдырылған (түскен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жұмыстарын ұйымдастыру жөніндегі уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелерінің қызметін тексереді; мемлекет кірісіне ақшалай және басқа да өндіріп алу туралы атқару құжаттарын орындау кезінде заңдылықтың жай-күйін, сондай-ақ прокурорлардың талап қоюлары бойынша шығарылған сот актілерін орындау кезінде заңдылықтың жай-күйін қорытады.";

      2. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Соттарда мемлекет мүддесіне өкілдік ету департаменті осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануын қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Қаржы, ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау департаменті осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықпен Қазақстан Республикасының прокуратура органдары, ведомстволары мен мекемелерінің барлық қызметкерлері мен жұмыскерлері таныстырылсын.

      5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      6. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Бас Прокуроры

Ж. Асанов


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады