Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 29 шілдедегі № 66 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 25 тамызда № 14158 болып тіркелді.

      "Пошта туралы" 2016 жылғы 9 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидалар бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Байланыс департаменті (В. Ярошенко):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ тіркелген бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің интернет-ресурсында жариялауды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Ақпарат және коммуникациялар


министрі

Д.Абаев


  Қазақстан Республикасы
Ақпарат және коммуникациялар
министрінің
2016 жылғы 29 шілдедегі
№ 66 бұйрығына
қосымша

Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 10.12.2020 № 462/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидалар (бұдан әрі – Қағидалар) "Пошта туралы" (бұдан әрі – Заң) Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру тәртібін белгілейді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 06.10.2022 № 376/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) пошта индексi – пошта жөнелтілімiн немесе пошталық ақша аударымын жiберудi жылдамдату мақсатында жылжымайтын мүлік объектiлерiне оларды әкiмшілік-аумақтық сәйкестендіру және жүйелендіру үшін берiлетiн, мекенжайдың шартты цифрлық және әріптік белгiленуі;

      2) Ұлттық пошта операторы – Заңда көзделген міндеттемелер жүктелген, акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, пошта саласындағы уәкілетті орган айқындайтын пошта операторы;

      3) пошта саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – Қазақстан Республикасының аумағында өз құзыретi шегiнде пошта байланысы саласында мемлекеттiк саясатты, мемлекеттік бақылауды, үйлестіруді және реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      4) пошта операторы – Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген, пошта қызметі саласында көрсетілетін қызметтерді ұсынатын жеке немесе заңды тұлға.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 06.10.2022 № 376/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 10.12.2020 № 462/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Қазақстан Республикасының аумағында пошта индекстерінің бірыңғай базасын жүргізуді Ұлттық пошта операторы осы Қағидағаларға сәйкес жүзеге асырады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 10.12.2020 № 462/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Пошта индексі әрбір жылжымайтын мүлік объектісіне: көп пәтерлі тұрғын ғимаратқа, жеке тұрғын үйге, тұрғын емес ғимаратқа (құрылысқа) беріледі.

      Пошта индексі Қазақстан Республикасы аумағындағы жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан жерін сәйкестендіруге мүмкіндік беретін, жылжымайтын мүлік объектісінің бірегей және қайталанбайтын белгіленуі болып табылады.

      5. Пошта индексі жеті таңбадан тұрады және ол былайша көрінеді:

      1 (бірінші) таңба (латын әріпі) – облыс және (немесе) республикалық маңызы бар қала және астана коды;

      2 (екінші) және 3 (үшінші) таңба (араб цифрлары) – облыс және (немесе) республикалық маңызы бар қала және астана ауданының коды;

      4 (төртінші) таңба (латын әріпі), 5 (бесінші) таңба (араб цифры), 6 (алтыншы) таңба (латын әріпі), 7 (жетінші) таңба (араб цифры) – жылжымайтын мүлік объектісінің коды.

      6. Пошта индекстері барлық түрдегі пошта жөнелтілімдерінде, алушының мекенжайында да, жіберушінің мекенжайында да көрсетілуге тиіс.

      Пошта индекстерінде қысқартылған атаулар, шартты әріптер, цифрлар немесе қандай да бір таңбалар болмауы керек. Бұл ретте, осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес жазу тәртібі сақталуға тиіс.

      7. Ұлттық пошта операторы орналасқан жерінің мекенжайы бар және "Мекенжай тіркелімі" ақпараттық жүйесіне енгізілген әрбір жылжымайтын мүлік объектісіне пошта индексін береді.

      Қазақстан Республикасының аумағында пошта индекстерінің бірыңғай базасын жүргізуді Ұлттық пошта операторы осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырады.

      8. Пошта индекстері жөніндегі деректер базасын өзектендіру мақсатында Ұлттық пошта операторы өзінің ақпараттық жүйесін "Мекенжай тіркелімі" ақпараттық жүйесімен интеграциялайды.

      9. Ұлттық пошта операторы мәліметтер сұратады және алады не "Мекенжай тіркелімі" ақпараттық жүйесіне қолжетімділік алады. "Мекенжай тіркелімі" ақпараттық жүйесіне қол жеткізу Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 29 наурыздағы № 123 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16777 болып тіркелген) бекітілген "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 10.12.2020 № 462/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Ұлттық пошта операторы пошта индекстерінің бірыңғай базасының ақпараттық жүйесі жұмысының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ пошта индекстерінің бірыңғай базасына кіруді бақылауды жүзеге асырады.

      11. Ұлттық пошта операторы және пошта операторлары пошта жөнелтілімдерін жіберуді жүзеге асыру үшін пошта қызметінде пошта индекстерін пайдаланады.

      Ұлттық пошта операторы жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының пошта индекстерінің бірыңғай базасына кіру мүмкіндігін уәкілетті органның интернет-ресурсында және меншікті https://api.post.kz веб-сайтында пошта индекстерін орналастыру арқылы ақысыз негізде ұсынады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 06.10.2022 № 376/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. Ұлттық пошта операторы жергілікті атқарушы органдарға әрбір жылжымайтын мүлік объектісіне берілген пошта индекстері туралы ақпаратты жібереді немесе жергілікті атқарушы органдарға Интернет желісі арқылы әрбір жылжымайтын мүлік объектісіне берілген пошта индекстері туралы анықтамалық мәліметті базаға ашық кіру мүмкіндігін ұсынады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады