"Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарындағы дайындық бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 554 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 18 шілдедегі № 456 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 2 қыркүйекте № 14203 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:
      1. «Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарындағы дайындық бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 554 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7406 болып тіркелген, «Егемен Қазақстан» газетінің 2012 жылғы 21 сәуірдегі № 172-177 (27251) санында жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын: «Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы»;
      Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.
      2. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті (Г. Көбенова) заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде және мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялау үшін электрондық тасымалдағышта елтаңбалы мөрмен куәландырылған қағаз данасын қоса бере отырып жолдауды;
      3) тіркелген осы бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мөрімен расталған және осы бұйрыққа қол қоюға уәкілетті адамның электрондық цифлық қолтаңбасымен куәландырылған баспа және электрондық түрдегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жолдауды;
      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
      5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында қарастырылған іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Э.А. Суханбердиеваға жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Білім және ғылым министрі                  Е. Сағадиев

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Денсаулық сақтау және әлеуметтік
      даму министрі
      _________________ Т. Дүйсенова
      «___» _________ 2016 жыл

Қазақстан Республикасы   
Білім және ғылым министрінің
2016 жылғы 18 шілдедегі   
№ 456 бұйрығына қосымша   

Қазақстан Республикасы   
Білім және ғылым министрінің
2015 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 554 бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының дайындық
бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру қағидалары

1-Тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы қағидалар «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табымайтын ұлты қазақ адамдардың және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдардың жалпы білім және тілдік дайындығының деңгейін арттыру, Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына (бұдан әрі - ЖОО) түсу үшін жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдері қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
      2. Дайындық бөлімі тыңдаушыларының контингентін қалыптастыру мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру, сондай-ақ азаматтардың өз қаражаты есебінен оқудың төлемақысын төлеу арқылы жүзеге асырылады.

2-Тарау. Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарындағы
дайындық бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру тәртібі

      3. ЖОО-лардың дайындық бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру тәртібі ЖОО-лардың дайындық бөлімдерінің тыңдаушыларын қабылдауды және оқытуды қамтиды.
      4. Жалпы білім дайындығының деңгейін арттыру үшін Қазақстан Республикасы азаматтарын ақылы негізде ЖОО-лардың дайындық бөлімдеріне қабылдауды ЖОО-лар дербес жүзеге асырады.
      5. Шетелдіктердің және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдардың жалпы білім дайындығының деңгейін арттыру үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша ЖОО-лардың дайындық бөлімдеріне қабылдау конкурстық негізде кешенді тестілеу нәтижесі бойынша жүзеге асырылады.
      6. Қазақстан Республикасы азаматтарының тілдік дайындығының деңгейін арттыру үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша ЖОО-лардың дайындық бөлімдеріне қабылдау конкурстық негізде кешенді тестілеу нәтижесі бойынша жүзеге асырылады.
      7. ЖОО-лардың дайындық бөлімдеріне түсу үшін Қазақстан Республикасының азаматтары ЖОО-лардың қабылдау комиссияларына мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) еркін түрде жазылған қабылдау туралы өтініш;
      2) орта (жалпы орта), бастапқы кәсіптік (техникалық және кәсіптік), орта кәсіптік (орта білімнен кейінгі) білімі туралы құжаттың түпнұсқасы және оған қосымша;
      3) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      4) 3х4 көлеміндегі 6 фотосурет;
      5) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен (бұдан әрі – № 907 бұйрық) бекітілген 086-У нысанындағы медициналық анықтама.
      8. ЖОО-лардың дайындық бөлімдеріне түсу үшін шетелдіктер мен Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адам және Қазақстан Республикасының тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) еркін түрде жазылған қабылдау туралы өтініш;
      2) білім туралы құжаттың және оған қосымшаның мемлекеттік және/немесе орыс тіліндегі нотариалды расталған (немесе Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелерінде куәландырылған) аудармасы;
      3) білім туралы құжат иесінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      4) 3х4 көлеміндегі 6 фотосурет;
      5) № 907 бұйрықпен бекітілген 086-У нысанындағы медициналық анықтама.
      9. Адамдарды оқуға қабылданғаннан кейін Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5135 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 10 қаңтардағы № 8 бұйрығымен бекітілген Білім туралы құжаттарды тану және нострификациялау қағидаларына сәйкес шетелдік білім беру ұйымдары берген білім туралы құжат нострификация рәсімінен өтеді.
      10. Кешенді тестілеуге қатысу үшін өтініштерді қабылдауды 1 шілде мен 10 тамыз аралығында ЖОО-ның қабылдау комиссиялары жүргізеді.
      11. Кешенді тестілеу 15-20 тамыз аралығында өткізіледі.
      12. Кешенді тестілеуге келген талапкер жеке куәлігін (төлқұжатын) көрсетуі тиіс.
      13. «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 2-тармағына сәйкес егер білімді бірінші рет алатын болса, адамдар мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша тегін оқытылады.
      14. Жалпы білім беретін дайындық деңгейін арттыру бойынша оқыту үшін кешенді тестілеу екі пән бойынша өткізіледі: «Қазақ тілі» немесе «Орыс тілі» (оқу тілі) және «Математика».
      15. Қазақ және орыс тілдерін білмейтін шетелдіктерді кешенді тестілеу ағылшын тілінде жүзеге асырылады, қазақ немесе орыс тілдерін білетіндер үшін тестілеу меңгеру тілінде жүзеге асырылады.
      16. Тілдік дайындыққа оқуға қабылдау үшін Қазақстан Республикасы азаматтарына кешенді тестілеу екі пән бойынша: «Ағылшын тілі» және бағыты бойынша пәннен өткізіледі.
      17. Әр пән бойынша тест тапсырмаларының саны - 25. Әрбір тест тапсырмасына берілген дұрыс жауап бір балмен бағаланады. Кешенді тестілеудің ұзақтығы - 1 сағат 30 минут.
      Түсу емтихандарының нәтижелері өткізілген күні хабарланады.
      Кешенді тестілеу нәтижесінде жиналған балдар саны тең болған жағдайда аттестаттағы орташа балы анағұрлым жоғары үміткерге басымдық беріледі.
      18. Тестілеуді қайта тапсыруға жол берілмейді.
      19. Тестілеу нәтижелерімен келіспеген азамат әр ЖОО-да құралатын апелляциялық комиссияға өтініш бере алады.
      20. Кешенді тестілеу нәтижелерін құрамы білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін ЖОО-ның дайындық бөлімдеріне тыңдаушыларды қабылдау бойынша Комиссия қарайды.
      Комиссия білім беру саласындағы уәкілетті органның, басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың, ведомстволар мен қоғамдық ұйымдардың қызметкерлерінен құрылады.
      21. ЖОО-ның дайындық бөлімдеріне тыңдаушыларды қабылдау туралы Комиссия шешімі білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен бекітіледі және конкурстық іріктеуден өткен шетелдіктердің, Қазақстан Республикасы азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдардың назарына ЖОО-мен жеткізіледі.
      22. Дайындық бөлімдерің тыңдаушылары қатарына қабылдауды ЖОО-ның қабылдау комиссиялары 20-25 қыркүйек аралығында өткізеді.
      23. ЖОО-лар тыңдаушыларды оқуға қабылдаған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесін білім беру саласындағы уәкілетті органға ұсынады.
      24. Дайындық бөлімдерінде оқу күндізгі оқу нысаны бойынша жүзеге асырылады. Сабақ 1 қазаннан басталады. Оқыту мерзімі 9 айды құрайды.
      Оқуды аяқтағаннан кейін тыңдаушыларға оқуды аяқтағаны туралы анықтама (еркін нысандағы) беріледі.
      25. ЖОО-ға түсу үшін дайындық бөлімдерінің тыңдаушылары оқу аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 қаңтардағы № 111 қаулысымен бекітілген Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына сәйкес Кешенді тестілеу тапсырады.
      26. ЖОО дайындық бөлімдерінің тыңдаушыларын оқудан шығаруға:
      1) тыңдаушының өз еркімен оқудан шығу туралы өтініші;
      2) ЖОО-ның ішкі тәртібін бұзуы негіз болып табылады.
      Тыңдаушыны ЖОО-дан шығару ректордың бұйрығымен ресімделеді, көшірмесі оқудан шыққан күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде білім беру саласындағы уәкілетті органға жіберіледі.
      27. ЖОО-лар жыл сайын 15 шілдеден кешіктірмей білім беру саласындағы уәкілетті органға дайындық бөлімдерінің жұмысы туралы қорытынды есеп береді.
      28. ЖОО-лар дайындық бөлімдері тыңдаушыларының статистикалық және паспорттық есебін жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады