"Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды айқындау әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының міндетін атқарушының 2016 жылғы 19 қаңтардағы № 11 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі статистика комитеті төрағасының 2016 жылғы 12 тамыздағы № 162 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 29 қыркүйекте № 14266 болып тіркелді

      "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңының 12-бабының 5) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 кыркүйектегі № 1011 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ереженің 17-тармағының 258) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. "Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды айқындау әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының міндетін атқарушының 2016 жылғы 19 қаңтардағы № 11 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13215 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 4 наурызда жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      бұйрықтың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын: "Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санын, олардың орташа айлық табыстарының деңгейiн және жұмыссыз халықтың санын анықтау әдістемесін бекіту туралы";
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Қоса беріліп отырған Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санын, олардың орташа айлық табыстарының деңгейiн және жұмыссыз халықтың санын анықтау әдістемесі бекітілсін.";
      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды айқындау әдістемесі осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Еңбек және тұрмыс деңгейі статистикасы басқармасы Заң басқармасымен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуді;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Еңбек және тұрмыс деңгейі статистикасы басқармасы осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің аумақтық органдарына жұмыс бабында басшылыққа алу және пайдалану үшін жеткізсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының орынбасарына (Қ.К. Орынханов) жүктелсін.
      5. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
 

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Статистика комитетінің төрағасы

Н. Айдапкелов

      "КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрі
__________Т.Б. Дүйсенова
2016 жылғы 20 қыркүйек




Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Статистика комитеті төрағасының
2016 жылғы 12 тамыздағы
№ 162 бұйрығына қосымша
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Статистика комитеті төрағасының
міндетін атқарушының
2016 жылғы 19 қаңтардағы
№ 11 бұйрығымен бекітілген

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санын, олардың орташа айлық табыстарының деңгейiн және жұмыссыз халықтың санын анықтау әдістемесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санын, олардың орташа айлық табыстарының деңгейiн және жұмыссыз халықтың санын анықтау әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңына сәйкес қалыптастырылатын статистикалық әдіснамаға жатады.
      2. Әдістеме еңбек нарығындағы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және жұмыссыз халықтың статистикалық көрсеткіштерін өлшеу үшін негізгі аспектілер мен әдістерді және экономикалық қызмет түрлері бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты есепке алу тәртібін айқындайды.
      3. Осы Әдістемені Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті және оның аумақтық органдары жұмыс күшіне зерттеу жүргізу кезінде қолданылатын еңбек нарығы көрсеткіштерін әдіснамалық қамтамасыз ету және олардың нәтижелерін жалпылау үшін және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысында, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын талдау үшін қолданады.
      4. Әдістеме өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды және жұмыссыздарды анықтаудың халықаралық стандарттарының және өлшемшарттарының негізінде әзірленді.
      5. Әдістемеде Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексінде"Мемлекеттік статистика туралы" 2010 жылғы 19 наурыздағы, "Халықты жұмыспен қамту туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі, "Халықты жұмыспен қамту туралы" 2015 жылғы 19 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңдарында айқындалған ұғымдар, сонымен қатар Еңбек Статистиктерінің Халықаралық Конференциясында қабылданған ұғымдар және Халықаралық Еңбек Ұйымының ұсынымдары қолданылады.
 

2-тарау. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз халықтың санын анықтау

      6. Еңбек нарығын сипаттайтын көрсеткіштер бойынша ақпарат жинау Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының 2014 жылғы 8 желтоқсандағы № 71 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10125 болып тіркелген) "Халықтың жұмыспен қамтылуын іріктеп зерттеу сауалнамасы" (код 1232102, индексі Т-001, кезеңділігі айлық), (бұдан әрі – статистикалық нысан) жалпымемлекеттік статистикалық байқаудың бекітілген статистикалық нысанын пайдаланумен халыққа іріктемелі зерттеу жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
      7. Халыққа пікіртерім жүргізу интервьюерлердің үй шаруашылықтарына тікелей барып, сұхбат жүргізу әдісімен жүзеге асырылады. Статистикалық нысан іріктемеге түскен әрбір жеке үй шаруашылығына толтырылады.
      8. Нақты адамды жұмыспен қамтылған немесе жұмыссыз халыққа жатқызу статистикалық нысанға сәйкес және респонденттердің жауаптарына сүйене отырып анықталады, халық жұмыс күші құрамына қатысу мәртебесі бойынша жұмыспен қамтылғандар немесе жұмыссыздар және жұмыс күші құрамына кірмейтін адамдарға жіктеледі.
      9. Жұмыспен қамтылған адамдар Жұмыспен қамтылғандар мәртебесінің халықаралық жіктелімінің негізінде жалдамалы қызметкерлер және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар болып бөлінеді.
      10. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты қызметтегі жағдайы бойынша бөлу статистикалық нысанға респонденттердің берген жауаптарына сүйене отырып жүзеге асырылады:
      жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланушы жұмыс берушілер;
      жұмыспен жеке айналысатындар (табыс алу үшін жеке қосалқы шаруашылықта жұмыспен қамтылғандарды қоса алғанда);
      отбасылық кәсіпорындардың (шаруашылықтардың) еңбекақы төленбейтін жұмыскерлері;
      өндірістік кооператив мүшелері.
      11. Жеке негізде жұмыспен қамтылған адамдарды анықтау статистикалық нысанға сәйкес жүзеге асырылады:
      жеке негізде жұмыспен қамтылғандар (тіркелген және жұмыс істейтін) (бұдан әрі - ТЖЖЖҚ);
      жеке негізде жұмыспен қамтылғандар (тіркелген санынан жұмыс істемейтіндер және тіркелмегендер) (бұдан әрі - ТЖТЖЖҚ).
      12. Жеке қосалқы шаруашылығында өндіретін өнімді пайдаланатын жұмыспен қамтылған халық келесі топтар бөлінеді:
      тек өз тұтынуымыз үшін;
      ішінара тұтыну үшін, айырбастау (сату) үшін;
      айырбас (сату) үшін.
      13. Бұл ажырату өз жеке қосалқы шаруашылығында жұмыс істейтін және өнімді тек өз тұтынуы үшін, ішінара тұтыну үшін, айырбастау (сату) үшін өндіретін адамдарды, сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылығында өнімді айырбас (сату) үшін өндіретін адамдарды анықтауға және ажыратуға мүмкіндік береді.
      14. Жеке қосалқы шаруашылықта жұмыспен қамтылғандарға жеке аулада, үй іргесіндегі учаскеде, саяжайда (бақшада) жұмыспен қамтылған адамдар жатады.
      15. ТЖЖЖ, ТЖТЖЖҚ, жеке қосалқы шаруашылығында өнімді ішінара тұтыну үшін, айырбастау (сату) үшін өндірумен айналысатындар, жеке қосалқы шаруашылығында өнімді айырбас (сату) үшін өндірумен айналысатындар, өндірістік кооператив мүшелері, отбасылық кәсіпорындардың (шаруашылықтардың) еңбекақы төленбейтін жұмыскерлері саны орташа айлық табыстары деңгейiн есепке алумен:
      орташа айлық табыстары деңгейі ең төменгі күнкөріс деңгейiнiң шамасынан төмен (бұдан әрі – ЕТКД);
      орташа айлық табыстары деңгейі ЕТКД жоғары болып екі топқа бөлінеді.
      16. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар келесі топтарға бөлінеді:
      нәтижелі жұмыспен қамтылғандар;
      нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар.
      17. Нәтижелі жұмыспен қамтылғандар тобына өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардың келесі санаттары кіреді:
      жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланушы жұмыс берушілер – орташа айлық табыстары деңгейіне тәуелсіз;
      орташа айлық табыстары деңгейі ЕТКД жоғары өндірістік кооператив мүшелері, ТЖЖЖ, жеке қосалқы шаруашылығында өнімді ішінара тұтыну үшін, айырбастау (сату) үшін өндірумен айналысатындар, жеке қосалқы шаруашылығында өнімді айырбас (сату) үшін өндірумен айналысатын жұмыспен қамтылғандар.
      18. Нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар тобына өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардың келесі санаттары:
      орташа айлық табыстары деңгейіне тәуелсіз ТЖТЖЖҚ, отбасылық кәсіпорындардың (шаруашылықтардың) еңбекақы төленбейтін жұмыскерлері;
      орташа айлық табыстарының деңгейі ЕТКД төмен өндірістік кооператив мүшелері, ТЖЖЖ, жеке қосалқы шаруашылығында өнімді ішінара тұтыну үшін, айырбастау (сату) үшін өндірумен айналысатындар, жеке қосалқы шаруашылығында өнімді айырбас (сату) үшін өндірумен айналысатын жұмыспен қамтылғандар кіреді.
      19. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық бойынша ресми статистикалық ақпарат статистикалық нысанға сәйкес көрсетілген санаттарды есепке ала отырып, келесі топтар бойынша қалыптастырылады:
      тұрғылықты жердің типі бойынша;
      өңірлер бойынша;
      жынысы бойынша;
      жас топтары бойынша;
      білім деңгейі бойынша;
      жұмыспен қамтылу мәртебесі бойынша;
      жұмыспен қамтылу топтары бойынша;
      экономикалық қызмет түрлері бойынша (Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінің секциялары бойынша);
      табыс тобына тиістілігі.
      20. Жұмыссыздарға жұмысы жоқ, жұмыс іздеу үстіндегі және жұмысқа кірісуге дайын адамдар жатқызылады.
      21. Жеке қосалқы шаруашылықта өнімді тек өз тұтынуы үшін өндірумен айналысатын адамдар, оқушылар, студенттер, зейнеткерлер, мүгедектер егер олар жұмыс іздеумен айналысып және жұмысқа кірісуге дайын болса жұмыссыздарға жатады.
      22. Жеке қосалқы шаруашылықта өнімді тек өз тұтынуы үшін өндірумен айналысатын адамдар егер олар жұмыс іздеумен айналыспаса немесе жұмысқа кірісуге дайын болмаса жұмыс күші құрамына кірмейтін адамдар ретінде есепке алынады.
      23. Жұмыссыздық ұзақтығы жұмыс іздеу уақытымен анықталады.
      24. Жұмыссыз халық бойынша ресми статистикалық ақпарат келесі негізгі топтар бойынша қалыптастырылады:
      тұрғылықты жердің типі бойынша;
      өңірлер бойынша;
      жынысы бойынша;
      жас топтары бойынша;
      білім деңгейі бойынша;
      жұмыспен қамтылмау себептері бойынша;
      жұмыспен қамтылмау ұзақтығы бойынша.
 

3-тарау. Табыс тобына тиістілігі бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты бөлу

      25. Табыс тобына тиістілігі бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың санын бөлу статистикалық нысанға сәйкес анықталады.
      26. Табыстың құрамында респонденттермен алынған еңбекақы, өзін-өзі жұмыспен қамтылудан (сондай-ақ кәсіпкерлік қызметтен) түскен табыс, әлеуметтік төлемдер, пайыздар, дивиденділер және өзге де жеке меншіктен түскен табыстар, өзге де ақшалай түсімдер (туыстары мен таныстарынан материалдық көмек, алименттер), сондай-ақ үй шаруашылығында өндірілген және тұтынылған тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді бағалау құны түріндегі табыстар ескерілген.
      27. Зерттелетін айда респонденттер алған табыс келесі интервалдарға бөлінеді:
      1) 0 теңге (табыстың жоқ болуы);
      2) 1 теңгеден 1 ЕТКД теңгеге дейін;
      3) 1 ЕТКД- ден 2 ЕТКД- ге дейін;
      4) 2 ЕТКД -ден 60 000 теңгеге дейін;
      5) 60 001-ден 80 000 теңгеге дейін;
      6) 80 001-ден 100 000 теңгеге дейін;
      7) 100 001-ден 150 000 теңгеге дейін;
      8) 150 001-ден 200 000 теңгеге дейін;
      9) 200 001-ден 250 000 теңгеге дейін;
      10) 250 001-ден 300 000 теңгеге дейін;
      11) 300 001-ден 400 000 теңгеге дейін;
      12) 400 001-ден 500 000 теңгеге дейін;
      13) 500 000 теңгеден жоғары.
      28. Ұсынылған интервалдық топтамаға сәйкес орташа айлық табыстың деңгейі бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың санын бөлу туралы ресми статистикалық ақпарат тоқсан сайын:
      тұратын жерінің типін;
      өңірін;
      жұмыспен қамтылу мәртебесін;
      негізгі экономикалық қызмет түрлерін (Жалпы экономикалық қызмет түрлері жіктеуішінің секцияларына сәйкес) ескере отырып қалыптастырылады.
      29. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардың келесі санаттары анықталды:
      жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланушы жұмыс берушілер;
      ТЖЖЖ;
      ТЖТЖЖҚ;
      жеке қосалқы шаруашылығында өнімді ішінара тұтыну үшін, айырбастау (сату) үшін өндірумен айналысатындар;
      жеке қосалқы шаруашылығында өнімді айырбас (сату) үшін өндірумен айналысатындар;
      өндірістік кооператив мүшелері;
      отбасылық кәсіпорындардың (шаруашылықтардың) еңбекақы төленбейтін жұмыскерлері.
 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады