Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті Төрағасының 07.09.2020 № 35 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұйрық 01.01.2017 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
"Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңының 12-бабының 5) тармақшасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 кыркүйектегі № 1011 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ереженің 17-тармағының 258) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Кәсіпорындардың негізгі экономикалық қызмет түрін анықтау әдістемесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Статистикалық тіркелімдер және жіктелімдер басқармасы Заң басқармасымен бірлесіп, заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) тіркелген бұйрықты алған күннен бастап он күнтізбелік күні ішінде баспа және электронды түрде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің интернет-ресурстарында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Статистикалық тіркелімдер және жіктелімдер басқармасы осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мүдделі құрылымдық бөлімшелеріне және аумақтық органдарына жұмыс бабында басшылыққа алу және пайдалану үшін жеткізсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының орынбасарына (А.С. Батанов) жүктелсін.
5. Осы бұйрық 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
Қазақстан Республикасы | |
Ұлттық экономика министрлігі | |
Статистика комитетінің төрағасы | Н. Айдапкелов |
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының 2016 жылғы 30 қыркүйек № 225 бұйрығымен бекітілді |
Кәсіпорындардың негізгі экономикалық қызмет түрін анықтау әдістемесі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Кәсіпорындардың негізгі экономикалық қызмет түрін анықтау әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) халықаралық стандарттарға сәйкес қалыптастырылатын және "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңына сәйкес бекітілетін статистикалық әдіснамаға жатады.
2. Осы Әдістеме тіркелімдерді жүргізу, есеп беретін кәсіпорындар каталогын құру және статистикалық деректерді жинау кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің және оның аумақтық органдарының пайдалануына арналған.
3. Осы Әдістемеде мынадай анықтамалар қолданылады:
1) көмекші қызмет түрі – объект тұтынуына арналған қысқа мерзімді сипаттағы тауарлармен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ете отырып, объектінің негізгі қызмет түрлерін қолдау үшін жүзеге асырылатын қызмет түрі (тасымалдау, сақтау, сатып алу, өткізуді дамыту, тазалау, жөндеу және қызмет көрсету, күзет және т.б.);
2) қызмет түрі – қызмет түрі жіктелімінің ең ірілендірілген санаттарын сипаттайтын өнімдердің (тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің) біртекті жинағын құру үдерісі;
3) қосалқы қызмет түрі – үшінші тұлғалар үшін өнімді өндіру мақсатында жүзеге асырылатын негізгіден басқа қызмет түрі;
4) қызметтің негізгі түрі – кәсіпорын жүзеге асыратын қызметтің кез келген басқа түріне қосылған құн салығынан асатын қызмет түрі;
5) қызмет түрін басқа орындаушыға беру – тапсырыс беруші өндірістік үдерістің жекелеген кезеңдерін немесе барлық өндірістік үдерісті жүзеге асыру, жұмыс күшін жалдау бойынша қызметті ұсыну немесе көмекші функцияларды қамтамасыз ету сияқты жұмыстарды атқаруды мердігерге тапсыратын қатынастар;
6) мердігер (қосалқы мердігер) – өндірістік үдерістің жекелеген кезеңдерін немесе барлық өндірістік үдерісті жүзеге асыру, жұмыс күшін жалдау бойынша қызметті ұсыну немесе көмекші функцияларды қамтамасыз ету сияқты жұмыстарды тапсырыс берушімен шарттық қатынас негізінде белгілі бір міндеттерді атқаратын кәсіпорын.
7) тапсырыс беруші – өндірістік үдерістің жекелеген кезеңдерін немесе барлық өндірістік үрдісті жүзеге асыру, жұмыс күшін жалдау бойынша қызметті ұсыну немесе көмекші функцияларды қамтамасыз ету сияқты соңғы белгілі бір міндеттерді орындау мақсатында басқа кәсіпорынмен (мердігермен) шарттық қатынасты жасасатын кәсіпорын.
2-тарау. Экономикалық қызмет түрлерін анықтау критерийлері
4. Экономикалық қызмет ресурстар (жабдықтар, жұмыс күші, өндірістік технологиялар, ақпараттық жүйелер немесе шикізат) біріккен жағдайда орын алады, ол әртүрлі тауарлар мен көрсетілетін қызметтер құруға ықпал етеді.
Экономикалық қызметтің негізгі сипаттамалары ресурстарды (тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер) пайдалану, нақты өндірістік үдеріс және түпкілікті өнімді шығару болып табылады.
5. Экономикалық қызметтің сипаты негізінде Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне (ЭҚЖЖ) сәйкес кәсіпорын жіктелімі жүргізіледі.
6. Кәсіпорынның негізгі қызмет түрін анықтаудың өлшемшарты қосылған құны болып табылады (белгілі бір уақыт аралығында сатылған өнімнің және сол уақытта кәсіпорын қызметі және оған басқа кәсіпорындар ұсынған еңбекке арналған нәрселерді және қызметтерді сатып алу (жөңдеу, маркетинг, сервис және т.б) арасындағы айырмашылық).
Кәсіпорынның негізгі қызмет түрін анықтау үшін оның қызмет түрлерінің тізімі құрастырылады. Қосалқы қызмет түрі тізімге кіреді, көмекші қызмет түрі кірмейді.
7. Көмекші қызмет түрлері кәсіпорынның негізгі және қосалқы қызметтерін жүзеге асыруға ықпал етеді. Қосалқы қызмет түрлеріне бухгалтерлік есеп, тасымалдау, сақтау, сатып алу, өткізуді ынталандыру, жөндеу және техникалық қызмет көрсету, өзі жеке тұтынуы үшін жүзеге асыратын тауарларды және өзге де өнімдерді орау жатады.
Келесі шарттарға сәйкес келетін қызмет түрін көмекші қызмет түрі ретінде қарастырылады:
1) тек нақты қарастырылған кәсіпорынға қызмет көрсетеді, яғни оның нәтижесінде өндірілген тауарлар немесе ұсынылатын қызметтер нарыққа өткізілмейді;
2) бастапқы материалдар (шикі заттар) кәсіпорын шығындарының бір бөлігін құрайды;
3) өнім (әдетте, көрсетілетін қызметтер кей кезде, тауарлар) кәсіпорынның түпкілікті өнімінің бөлшегі болып табылмайды және жалпы негізгі капиталды қалыптастыруға қатыспайды;
4) бірдей масштабтағы ұқсас қызметтер басқа тақылеттес кәсіпорындарда жүзеге асырылады.
8. Кәсіпорынның негізгі қызмет түрін анықтау кезінде кәсіпорын жүзеге асыратын әрбір қызмет түрі қосылған құнның қай бөлігін құрайтындығы есептеледі. Қызмет түрінің жіктелімі алмастырушы критерийлер көмегімен де жүзеге асырылады:
1) өнім негізіндегі алмастырушы критерийлер:
әрбір қызмет түрімен байланысты, тауарлар мен көрсетілетін қызметтер түріндегі кәсіпорынның жалпы өнім көлемі;
қызмет түрлері аясында өткізілетін өнім топтарының сатылым көлемі немесе тауар айналымы.
2) бастапқы материал негізіндегі алмастырушы критерийлер:
әртүрлі қызмет түрі аясындағы (немесе өзіне жұмыс істейтіндер табысы бойынша) жұмысшылар мен қызметшілер жалақысы;
кәсіпорын ішінде әрбір экономикалық қызмет түрімен айналысатындар саны;
кәсіпорын ішінде әрбір экономикалық қызмет түрлері аясындағы қызметкерлердің жұмыспен өтелген уақыты.
Алмастырушы критерийлер қосылған құнды есептеу мүмкін болмаған жағдайда қолданылады. Алмастырушы критерийлерді қолдану қызметтің негізгі түрін анықтау үшін пайдаланылатын әдістерді өзгертпейді, себебі олар қосылған құнның жедел жақындатылған мән болып табылады.
9. Төменде келтірілген қызмет түрлері:
1) капиталды қалыптастыруға (мысалы, меншікті капиталды құрылысты жүзеге асыру, бағдарламалық қамтамасыз ету өндірісі) ықпал ететін тауарлар мен көрсетілетін қызметтер өндірісі;
2) едәуір бөлігі нарықта сатуға арналған өнім өндіру, тіпті, егер оның белгілі бір үлесі негізгі және қосалқы қызмет түрлерінің қажеттіліктері үшін тұтынылған жағдайда да;
3) негізгі немесе қосалқы қызмет түрлері өнімінің құраушы бөліктеріне айналатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтер өндірісі (мысалы, кәсіпорын цехының оның өнімін орауға арналған қорап өндіруі);
4) кәсіпорынның құрамына кіретін электр станциясында немесе кокс зауытында энергия құрамына өздері кіретін кәсіпорынды қоспағанда, олардың барлық өнімдері қажеттіліктерді жауып отырған жағдайда өндіру;
5) қайта өңдеусіз қайта сату мақсатында тауарлар сатып алу;
6) егер ғылыми-зерттеу жұмыстары тек ағымдағы өндірістік үдеріс үшін ұсынылатын қызметтер болып табылмаса көмекші қызмет түрлері ретінде қарастырылмайды.
10. Кәсіпорынның қосалқы және көмекші қызмет түрлерінің арасындағы айырмашылық келесі мысалдардан көрінеді:
1) кәсіпорынның жүгін немесе қызметкерлерін өз есебінен тасымалдау көмекші қызмет түрі болып табылады. Тасымалдауды бөгде кәсіпорындардан да тапсырыс алатын кәсіпорын құрамындағы көлік бірлігі жүзеге асырса, онда оның қызметінің түрі қосалқы болып табылады;
2) өзінің өнімін өткізу көмекші қызмет түрі болып табылады. Құрамында тұтынушыларға өнімді тікелей өткізуді жүзеге асыратын бөлшек сауда дүкені бар кәсіпорынның қызмет түрі қосалқы қызмет ретінде жіктеледі.
11. Кәсіпорын екі қызмет түрін жүзеге асырған жағдайда қосылған құнның 50%-дан астамын құрайтын қызмет түрі негізгі қызмет түрі болып табылады.
12. Екіден көп қызмет түрін жүзеге асыратын, олардың бірде біреуі қосылған құнның 50%-дан астамын құрамайтын кәсіпорын жіктелімі "жоғарыдан төмен" әдісінің көмегімен кезең-кезеңмен жүргізіледі.
3-тарау. Кәсіпорынның негізгі қызмет түрін "жоғарыдан төмен" әдісімен анықтау
13. "Жоғарыдан төмен" әдісі иерархиялық қағидатқа негізделген. Сәйкесінше ең жоғарғы деңгейді және бұдан әрі ең төменгі жіктелімді анықтау келесі түрде жүргізіледі:
1) қосылған құн үлесі айтарлықтай болып табылатын секцияны анықтау;
2) осы секцияның ішіндегі қосылған құн үлесі айтарлықтай болып табылатын бөлімді анықтау;
3) осы бөлімнің ішіндегі қосылған құн үлесі айтарлықтай болып табылатын топты анықтау;
4) осы топтың ішіндегі қосылған құн үлесі айтарлықтай болып табылатын класты анықтау.
14. Көп бағдарлы кәсіпорынның негізгі қызмет түрін анықтауға арналған бастапқы сәт оның қызмет түрлерінің тізбесін құру болып табылады. Бұл ретте түрге ЭҚЖЖ кодына сәйкес белгілі бір класс беріледі және қосылған құнның үлесі (немесе қосылған құн орнына қабылданған басқа көрсеткіш) осы Әдістемеге көп бейінді кәсіпорынның негізгі қызмет түрін анықтау мысалы 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қойылады.
15. Қосылған құн үлесі едәуір көп қызмет түрі сатылап қосу арқылы анықталады. Кәсіпорынның негізгі қызмет түрі 28.93 "Тамақ өнімдерін, сусындарды және темекі өнімдерін өндіруге және қайта өңдеуге арналған жабдықты өндіру" класына сәйкес келетін, осы Әдістемеге 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сатылап қосу арқылы қосылған құн үлесі едәуір көп қызмет түрі анықтау мысалы келтірген.
16. Үдемелі жіктелім әдісін пайдаланған кезде кәсіпорын көтерме сауда саласының кластар деңгейіндегі қосалқы құнның ең үлкен үлесіне қарай 46.61 "Ауыл шаруашылығы техникасын, жабдықтарды және олардың қосалқы бөлшектерін көтерме саудада сату" класына жатқызу дұрыс болмайды. Нәтижесінде қосылған құн үлесі 52 пайыз деңгейіндегі өңдеу өнеркәсібіне келетін кәсіпорын өңдеу өнеркәсібінен тыс қалатын еді.
Көрнекірек болу үшін осы Әдістемеге 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша кәсіпорынның негізгі қызмет түрін "жоғарыдан төмен" әдісімен анықтау мысалы сызбамен келтірілген.
4-тарау. Қызмет түрлерінің көлденең және тік интеграциясы
17. Кәсіпорын көп бағдарлы қызметті жүзеге асырған кезде қызмет түрлері интеграциясының келесі жағдайларын бөліп көрсетеді: көлденең және тік.
1) қызмет түрлерінің көлденең интеграциясы – кәсіпорын өндірістің сол бір ғана факторын пайдаланған кезде қызметтің бірнеше түрін бір мезетте жүзеге асыруы. Кәсіпорынның әрбір қызмет түрі бір-біріне тәуелсіз (бір кәсіпорын жүзеге асыратын жөндеу және бөлшек сауда);
2) қызмет түрлерінің тік интеграциясы – бір ғана кәсіпорын ішінде өндірістің әртүрлі кезеңдерін кезең-кезеңмен жүзеге асыру және бұл жағдайда бір кезеңдегі өндіріс келесі кезең үшін өндіріс құралы ретінде қызмет етеді (ағаш бөренесін ағаш аралау жұмысымен байланыстыру, топырақ қазуды кірпіш өндірісімен байланыстыру немесе тоқыма фабрикасындағы киім өндірісі).
18. Көлденең немесе тік интеграциялық кәсіпорын жіктелімі жалпы қосылған құнды құруда едәуір көп үлесін қосатын қызмет түрі "жоғары төмен" әдісі негізінде жүзеге асырылады. Етке арналған құс өсірумен айналысатын, содан кейін ауыл шаруашылығы құстарының етін және ет өнімдерін өндіретін (тік интеграция) кәсіпорын қосылған құнға едәуір көп үлесін қосатын қызмет түріне байланысты жіктеледі.
5-тарау. Белгілі бір қызмет түрлерінің жіктелім ережесі
1-параграф. Сыйақыға немесе шарт негізінде атқарылатын қызмет түрлері және қызмет түрлерін басқа орындаушыға беру
19. Кәсіпорын өз атынан тауар сататын немесе қызмет көрсететін, бірақ нақты өндіріс, өнеркәсіптегі физикалық трансформация үдерісі жартылай немесе толығымен нақты шарттық қатынас шеңберінде басқа кәсіпорын жүзеге асыратын жағдайда туындайды (өнеркәсіптік өндірістің жекелеген кезеңдері, жұмыс күшін жалдау бойынша қызметтер ұсыну, көмекші функцияларды қамтамасыз ету).
Өзінің қызметін сыйақыға немесе шарттық негізде жүзеге асыратын кәсіпорындар сол тауарлар немесе көрсетілген қызметтерді өз есебінен өндіретін кәсіпорын сияқты ЭҚЖЖ жіктеуіші класына жатады.
20. Өндірістік үдерістің жекелеген кезеңдерін атқаруды мердігерге тапсыратын тапсырыс берушіні өндірістік үдерістің барлығын толығымен өзі жүзеге асырғандай жіктеледі. Бұл қағида өндірістік үдерістің көмекші функцияларын ғана емес (бухгалтерлік есеп, есептеу қызметтері), сондай-ақ өндірістік үдерістің негізгі кезеңдерін (жекелеген тетіктерді өндіру) сыртқы мердігерге беруде қолданылады. Мердігер сол тауарларды немесе көрсетілетін қызметтерді өз есебінен өндіретін кәсіпорынмен бірге жіктеледі.
21. Мердігерге барлық өндірістік үдерісті орындауды тапсыратын және негізгі бастапқы материалдар (киім дайындауға арналған маталар мен түймелер, жиһаз дайындауға арналған ағаш және металл жабдықтар) жататын тапсырыс беруші және түпкілікті өнім С "Өңдеу өнеркәсібі" секциясында, нақтырақ барлық өндірістік үдерісті қамтитын класта жіктеледі. Мердігер сол тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өз есебінен өндіретін кәсіпорындармен бірге жіктеледі.
22. Мердігерге барлық өндірістік үдерісті орындауды тапсыратын және негізгі бастапқы материалдар тиесілі емес тапсырыс беруші тек толық емес осы қызмет түрін жүзеге асырған кезде G "Көтерме және бөлшек сауда; автомобильдерді және мотоциклдерді жөндеу" секциясында жіктеледі. Басқа қызмет түрін жүзеге асыратын тапсырыс беруші қосылған құн қағидаты бойынша G немесе басқа секцияларда жіктеледі. Мердігер сол тауарларды өз есебінен өндіретін кәсіпорындармен бірге жіктеледі.
23. Құрылыс жұмыстарын мердігерге беру кезінде тапсырыс беруші мен мердігер F "Құрылыс" секциясында, тиісінше тапсырыс беруші – 41.10 "Құрылыс жобаларын әзірлеу" класында, мердігер 41.20 "Тұрғын үй және тұрғын емес ғимараттардың құрылысы" класында жіктеледі.
24. Тауарлар өндірудің немесе қызметтер ұсынудың барлық үдерісін немесе оның бөлігін жүзеге асыратын белгілі бір көмекші функцияларды (бухгалтерлік есеп, компьютерлік қызметтер) мердігерге беретін тапсырыс берушіге негізгі өндіріс үдерісін білдіретін ЭҚЖЖ коды беріледі. Мердігер өзі жүзеге асыратын қызмет түріне тиесілі нақты класқа (мысалы, 62.02 "Ақпараттық технологиялар саласындағы консультациялық қызметтер", 69.2 "Бухгалтерлік есепке алу және аудит саласындағы қызмет; салық салу бойынша кеңес беру" класына) жатады.
25. Жұмыс күшін жалдау қызметтерін уақытша негізде басқа орындаушыға беру кезінде тапсырыс беруші нақты жүзеге асырылатын қызмет (мысалы, өңдеу өнеркәсібі саласында) бойынша жіктеледі. Мердігер 78.20 "Уақытша жұмысқа орналастыру жөніндегі агенттіктердің қызметі" класында жіктеледі.
Жұмыс күшін жалға алу бойынша көрсетілетін қызметтер функцияларын тұрақты негізде басқа орындаушыға беру кезінде тапсырыс беруші нақты жүзеге асыратын қызмет (мысалы, өңдеу өнеркәсібі саласында) бойынша жіктеледі. Мердігер 78.30 "Персоналмен жұмыс жөніндегі өзге де ұйымдардың қызметі" класында жіктеледі.
26. Қызмет көрсету бойынша қызмет бөлігін басқа орындаушыға беретін тапсырыс беруші қызмет ұсынудың барлық үдерісін орындаушы ретінде жіктеледі. Мердігер өзі жүзеге асыратын қызметтер ұсыну бөлігінде жіктеледі.
Қызметтер ұсыну бойынша барлық қызметтерді беру туралы басқа орындаушымен қосымша шарт жасалған жағдайда тапсырыс беруші де, мердігер де қызметтер ұсынудың барлық үдерісін орындаушылар ретінде жіктеледі.
27. Тұқымдар, өсімдіктер (көшеттер, өскіндер, бұтақтар), жүзім шыбығын қоса жеміс ағаштары немесе мал табыны және ауыл шаруашылығының түпкілікті өнімі тиесілі, бірақ өндірісті жүзеге асыруды мердігерге беретін тапсырыс беруші 01 "Өсімдік және мал шаруашылығы, аңшылық және осы салаларда қызметтер ұсыну" бөлімінде, өнімінің барлық өндірістік үдерісті қамтитын нақты сол класында жіктеледі. Мердігер 01.6 "Ауыл шаруашылығы саласындағы қосалқы қызмет түрлері (ауылшаруашылық дақылдарын өсіру және мал басын өсіру)" тобының тиісті тобында жіктеледі.
28. Ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін жүзеге асыруды басқа орындаушыға тапсыратын және тұқымдар, өсімдіктер (көшеттер, өскіндер, бұтақтар) немесе жүзім шыбығын қоса жеміс ағаштары немесе мал табыны жоқ тапсырыс беруші тек осы қызмет түрін жүзеге асырған жағдайда G "Көтерме және бөлшек сауда; автомобильдерді және мотоциклдерді жөндеу" (қызмет түріне және нақты сатылатын тауарға байланысты) секциясында жіктеледі, Басқа қызмет түрін жүзеге асыратын тапсырыс беруші қосылған құн қағидаты бойынша G секциясында немесе басқа секцияларда жіктеледі. Мердігер сол тауарларды өз есебінен өндіретін кәсіпорындармен бірге жіктеледі.
29. Орман ағаштары және орман шаруашылығының түпкілікті өнімі тиесілі, бірақ мердігерлерге орман шаруашылығы өнімін өндіруді жүзеге асыруды тапсыратын тапсырыс беруші 02 "Орман шаруашылығы және ағаш дайындау" бөлімінің барлық өндірістік үрдісті қамтитын нақты сыныбында жіктеледі. Мердігер 02.40 "Орман шаруашылығы саласында (орман шаруашылығы және ағаш дайындау) қызмет көрсету" класында жіктеледі.
30. Орман шаруашылығы өнімін өндіруді жүзеге асыруды басқа орындаушыға тапсыратын және орман ағаштары жоқ тапсырыс беруші G "Көтерме және бөлшек сауда; автомобильдерді және мотоциклдерді жөндеу" (қызмет түріне және нақты сатылатын тауарға байланысты) жіктеледі, егер тек осы қызметті жүзеге асырса. Басқа қызмет түрін жүзеге асыратын тапсырыс беруші қосылған құн қағидаты бойынша G секциясында немесе басқа секцияларда жіктеледі. Мердігер сол тауарларды өз есебінен өндіретін кәсіпорынмен бірге жіктеледі.
31. Балыққа және түпкілікті өнім тиесілі, бірақ аквадақыл өнімін өндіруді мердігерге тапсыратын тапсырыс беруші 03.2 "Аквадақыл" тобында барлық өндірістік үдерісті қамтитын нақты класында жіктеледі. Мердігер 03.2 "Аквадақыл" тобының тиісті класында жіктеледі.
32. Аквадақыл өнімін өндіруді жүзеге асыруды басқа орындаушыларға тапсыратын және балық тиесілі емес тапсырыс беруші G "Көтерме және бөлшек сауда; автомобильдерді және мотоциклдерді жөндеу" (қызмет түріне және нақты сатылатын тауарға байланысты) жіктеледі, егер тек осы қызметті жүзеге асырса. Басқа қызмет түрін жүзеге асыратын тапсырыс беруші қосылған құн қағидаты бойынша G секциясында немесе басқа секцияларда жіктеледі. Мердігер сол тауарларды өз есебінен өндіретін кәсіпорындармен бірге жіктеледі.
33. Энергия көздері (мұнай, көмір, газ, ағаш, ауыл шаруашылығы қалдықтары) және түпкілікті өнім тиесілі, бірақ энергетикалық өнімді өндіруді жүзеге асыруды мердігерге тапсыратын тапсырыс беруші D "Электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптау" секциясында барлық өндірістік үдерісті қамтитын нақты класында жіктеледі. Мердігер D "Электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптау" секциясының тиісті класында жіктеледі.
34. Энергия көздері (мұнай, газ, ағаш, ауыл шаруашылығы қалдықтары) энергетикалық өнімді өндіруді жүзеге асыруды басқа орындаушыларға тапсыратын және тиесілі емес тапсырыс беруші тек осы қызмет түрін жүзеге асыру кезінде D "Электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптау" секциясының 35.14 "Электр энергиясын тұтынушыға сату", 35.23 "Газ тәрізді отынды құбырлар арқылы сату" кластарында жіктеледі. Басқа да қызмет түрін жүзеге асыратын тапсырыс беруші қосылған құн қағидаты бойынша жіктеледі. Мердігер сол тауарларды өз есебінен өндіретін кәсіпорынмен бірге жіктеледі.
2-параграф. Пайдалану орнында жабдықты орнату бойынша жұмыстар
35. Негізгі қызмет түрі ғимаратты пайдалануға қажетті құрылыс конструкциялары мен жабдықтарын орнату немесе монтаждау болып табылатын кәсіпорын F "Құрылыс" секциясының 43 "Мамандандырылған құрылыс жұмыстары" бөлімінде жіктеледі.
Құрылыс үдерісіне қажеттілерден басқа жабдықтар мен машиналарды орнату 33.2 "Өнеркәсіптік техника мен жабдықты жөндеу" класында жіктеледі.
3-параграф. Жөндеу және техникалық қызмет көрсету
36. Жөндеу және техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын кәсіпорындар жабдықтың типіне байланысты келесі санаттардың бірінде жіктеледі:
33.1 "Дайын металл өнімдерін, машиналар мен жабдықты жөндеу" тобы;
43 "Мамандандырылған құрылыс жұмыстары" бөлімі;
45.2 "Көлік құралдарына техникалық қызметтер және жөндеу" тобы;
95 "Компьютерлерді, тұрмыстық бұйымдар мен жеке тұтынатын заттарды жөңдеу" бөлімі.
37. Ұшақтарға, локомотивтер мен кемелерге техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын кәсіпорындар оларды өндіретін кәсіпорындар сияқты бір класта жіктеледі.
6-тарау. Жекелеген секцияларға арналған жіктелімнің арнайы ережелері
1-параграф. А "Ауыл, орман және балық шаруашылығы" секциясы
38. Ауыл шаруашылығында қосылған құнды бөлуде қиындықтар жиі туындайды (мысалы, кәсіпорын жүзім және сонымен бір мезетте шарап өндіреді немесе күнбағысты өсіреді және күнбағыс майын өндіреді). Қосылған құнды алмастыру критерийі "жұмыспен өтелген сағат саны" болып табылады.
2-параграф. G "Көтерме және бөлшек сауда, автомобильдерді және мотоциклдерді жөндеу" секциясы
39. G секциясында автомобильдер мен мотоциклдер саудасын қоспағанда, көтерме және бөлшек сауда бөлініп көрсетіледі.
"Автомобильдер мен мотоциклдер саудасын қоспағанда көтерме сауда" бөлімінде 46.1 "Сыйақы үшін немесе шарт негізінде көтерме саудада сату" тобы және 46.2–46.9 – "Мамандандырылған немесе мамандандырылмаған көтерме сауда" топтарының агрегатталған топтамасына бөлініп көрсетіледі. Қосылған құн негізінде кәсіпорынға осы екі санаттың қайсысына жататындығы анықталады. Егер кәсіпорын 46.2–46.9 топтамаға кірсе, онда сауда "мамандандырылған" немесе "мамандандырылмаған" болып табылатындығын анықтап алған жөн. Бұдан әрі топтардан кластарға "жоғарыдан төмен" әдісімен таңдау жүреді.
Көтерме сауда сызбасы (46-бөлім) сызба түрінде осы Әдістемеге 4-қосымшаға сәйкес нысан үлгісінде көрсетілген.
40. Негізгі қызмет түрі "бөлшек сауда" болып табылатын кәсіпорындар сауда орнының (сауда нүктесінің) типі бойынша жіктеледі және екі топқа бөлінеді:
дүкендегі бөлшек сауда – ЭҚЖЖ 47.1–47.7 топтары;
дүкеннен тыс бөлшек сауда – ЭҚЖЖ 47.8–47.9 топтары
Бөлшек сауда сызбасы (47-бөлім) осы Әдістемеге 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша көрсетілген.
Қосылған құн негізінде кәсіпорынның осы екі санаттың қайсысына жататындығын анықтайды. Егер кәсіпорын "Дүкендегі бөлшек сауда" (47.1–47.7) агрегатталған топтамасына кірсе, онда бұл "мамандандырылмаған" немесе "мамандандырылған" сауда болып табылатындығы анықталады. Бұдан әрі таңдау "жоғарыдан төмен" әдісімен топтардан кластарға жүреді.
41. Көтерме және бөлшек саудада "мамандандырылған" мен "мамандандырылмағанның" арасындағы айырмашылық класс үлесі қосылған құнның 5%-ынан бастап (бірақ 50%-кем) құралатын сатылған тауарлар жатқызылған кластар санына байланысты:
1) егер өткізілген тауарлар ЭҚЖЖ-ның сол бір класына жататын болса, онда жіктелім ЭҚЖЖ кластарына арналған түсіндірмелерге сәйкес жүзеге асырылады. Тек қана сусын сататын кәсіпорын онда толығымен 47.25 "Мамандандырылған дүкендерде сусындарды бөлшек саудада сату" класында жіктеледі;
2) егер сатылатын тауарлар ЭҚЖЖ-ның әртүрлі класында жататын болса, заттарды қамтитын болса, қосымша құн үлесін анықтау (немесе қосылған құн орнына қабылданған басқа көрсеткішке) қатынасы бойынша үлесі 50% құрайтын класс немесе осы Әдістемеге 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша анықталады.
Косметикалық тауарлар мен гигиена заттарымен бөлшек сауда бойынша кәсіпорындардың қосылған құнының үлесі 55%-ды құрайды. Кәсіпорын 47.75 класында жіктеледі;
3) егер сатылатын тауарлар ЭҚЖЖ-ның бірнеше класына тиесілі болса және бұл ретте кластардың бірде-біреуі қосылған құнның 50%-ын немесе одан көбін құрамаса, онда қосылған құнның үлесі 5%-дан көп кластарды қамтитын тізбесі құрастырылады. Кәсіпорын жіктелімі ЭҚЖЖ кластар санына байланысты болады.
Егер сатылатын тауарлар көтерме сауданың (46.2–46.7 топтары) немесе бөлшек сауданың (47.2–47.7 топтары) төрт класына жататын болса, онда кәсіпорын мамандандырылған саудаға жатады. Қосылған құн негізінде "жоғарыдан төмен" әдісін қолданып, негізгі қызмет түрін анықтау жеткілікті.
Егер сатылатын тауарлар көтерме сауданың (46.2–46.7 топтары) немесе бөлшек сауданың (47.2–47.7 топтары) бес класына жататын болса, онда кәсіпорын мамандандырылмаған саудаға жатады. Бөлшек сауда жағдайында кәсіпорын 47.1 "Мамандандырылмаған дүкендердегі бөлшек сауда" тобына жатқызылады.
Сусындар мен темекі өнімдерін қоса алғанда тамақ өнімдерінің үлесі қосылған құнның кем дегенде 35%-ын құраса, кәсіпорын ЭҚЖЖ-ның 47.11–класына, ал қалған жағдайларда 47.19 класына жатқызылатын болады.
42. Жіктелімнің осы ерекше ережелері бөлшек саудамен айналысатын кәсіпорындар үшін негізгі болып табылады. Егер кәсіпорын бөлшек сауда саласындағы осы қызметтен басқа, сондай-ақ қызмет ұсыну немесе тауарлар өндіруден тұратын қосалқы қызмет түрін жүзеге асырса, онда тиісті класта кәсіпорынды жіктеу дүкендерде бөлшек саудамен айналысатын кәсіпорындар жіктеуіші осы Әдістемеге 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ғана бөлшек сауда саласындағы экономикалық қызмет түрлерінің арақатынасымен ғана анықталатын болады.
43. Электрондық сауданы жүзеге асыратын кәсіпорындарды жіктеу ережесі өзгеріссіз қалады. Олар өздерінің негізгі қызмет түрлері жататын салалар бойынша жіктеледі. Бұл ережеде бөлшек сауда саласында сатуды тек Интернет арқылы жүзеге асыратын кәсіпорындар 47.91 "Почта бойынша тапсырыстар орындайтын фирмалар арқылы және Интернет арқылы бөлшек саудада сату" класына жатады.
3-параграф. К "Қаржы және сақтандыру қызметі" және М "Кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет" секциялары
44. К секциясындағы 64.20 "Холдингтік компаниялар қызметі" және 64.30 "Тресттер, қорлар және басқа осындай қаржы объектілері" кластары экономикалық қызмет түрлерін жіктеудің дәстүрлі ережелеріне сәйкес келмейді. Осы екі класта жіктелетін кәсіпорындар тауар сатудан ешқандай да табыс алмайды және персоналды (заңды өкілдері ретіндегі екі-үш адамнан басқа) жалдамайды.
Кәсіпорынды осы екі кластың біреуіне жатқызған кезде М секциясының 70.10 "Бас компаниялар қызметі" және 70.22 "Коммерциялық қызмет және басқару мәселелері бойынша кеңес беру" кластары да назарға алынады.
45. Қызмет түрлерінің бірнешеуін жүзеге асыратын кәсіпорынның негізгі қызмет түрін анықтау үшін 64.20, 64.30, 70.10, 70.22 кластары бойынша қосылған құнды негізге алған жеткілікті. Капиталдан түскен табыстар қосылған құнды құрамайды, сондықтан оларды назарға алу қажет емес.
Кәсіпорындардың негізгі экономикалық қызмет түрлерін анықтау әдістемесіне 1-қосымша |
Көп бейінді кәсіпорынның негізгі қызмет түрін анықтау мысалы
Секция | Бөлім | Топ | Класс | Класс атауы | Қосылған құн үлесі, % |
C | 25 | 25.9 | 25.91 | Металл бөшкелер және ұқсас сыйымдылықтар жасау | 10 |
28 | 28.1 | 28.11 | Авиациялық, автокөліктік және мотоцикл қозғалтқыштарынан басқа, қозғалтқыштарды және турбиналарды жасау | 6 | |
28.2 | 28.24 | Қол электр құралдарын жасау | 5 | ||
28.9 | 28.93 | Тамақ өнімдерін, сусындарды және темекі өнімдерін өндіруге және қайта өңдеуге арналған жабдықты өндіру | 23 | ||
28.95 | Қағазды және қатырма қағазды дайындауға арналған техниканы жасау | 8 | |||
G | 46 | 46.1 | 46.14 | Машиналарды, жабдықтарды, өнеркәсіптік жабдықтарды, теңіз және әуе кемелерін сату жөніндегі агенттердің қызметі | 7 |
46.6 | 46.61 | Ауыл шаруашылығы техникасын, жабдықтарды және олардың қосалқы бөлшектерін көтерме саудада сату | 28 | ||
М | 71 | 71.1 | 71.12 | Инженерлік ізденістер саласындағы қызмет және осы салаларда техникалық кеңес беруді ұсыну | 13 |
Кәсіпорындардың негізгі экономикалық қызмет түрлерін анықтау әдістемесіне 2-қосымша |
Қосылған құн үлесі едәуір көп қызмет түрін анықтау үшін қызмет түрлерін сатылап қосу мысалы
1-кезең. Секциясын анықтау
Атауы | Қосылған құн үлесі, % | |
С секциясы | Өңдеу өнеркәсібі | 52 |
G секциясы | Көтерме және бөлшек сауда; автомобильдерді және мотоциклдерді жөндеу | 35 |
М секциясы | Кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет | 13 |
2-кезең. Бөлімді анықтау (С секциясы шеңберінде)
25-бөлім | Машиналар мен жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдарын жасау | 10 |
28-бөлім | Басқа санаттарға кіргізілмеген машиналар мен жабдықтар жасау | 42 |
3-кезең. Топты анықтау (28-бөлім шеңберінде)
28.1-топ | Жалпы мақсатқа арналған машиналар жасау | 6 |
28.2-топ | Жалпы мақсатқа арналған өзге де техникаларды жасау | 5 |
28.9-топ | Арнайы мақсатқа арналған техниканың өзге де түрлерін шығару | 31 |
4-кезең. Класты анықтау (28.9 топ шеңберінде)
28.93-класс | Тамақ өнімдерін, сусындарды және темекі өнімдерін өндіруге және қайта өңдеуге арналған жабдықты өндіру | 23 |
28.95-класс | Қағазды және қатырма қағазды дайындауға арналған техниканы жасау | 8 |
Кәсіпорындардың негізгі экономикалық қызмет түрлерін анықтау әдістемесіне 3-қосымша |
Кәсіпорынның негізгі қызмет түрін "жоғарыдан төмен" әдісімен анықтау мысалы
Кәсіпорындардың негізгі экономикалық қызмет түрлерін анықтау әдістемесіне 4-қосымша |
Көтерме сауда сызбасы (46-бөлім)
Кәсіпорындардың негізгі экономикалық қызмет түрлерін анықтау әдістемесіне 5-қосымша |
Бөлшек сауда сызбасы (47-бөлім)
Кәсіпорындардың негізгі экономикалық қызмет түрлерін анықтау әдістемесіне 6-қосымша |
Қосымша құн үлесін анықтау
Сынып | Сыныптың атауы | Қосылған құнның үлесі, % |
47.21 | Мамандандырылған дүкендерде жемістер мен көкөністерді бөлшек саудада сату | 6 |
47.24 | Мамандандырылған дүкендерде нан-тоқаш өнімдері, ұннан жасалған және қантты кондитерлік бұйымдарды бөлшек саудада сату | 14 |
47.25 | Мамандандырылған дүкендерде сусындарды бөлшек саудада сату | 10 |
47.51 | Мамандандырылған дүкендерде тоқыма бұйымдарын бөлшек саудада сату | 15 |
47.75 | Мамандандырылған дүкендерде косметикалық тауарларды және гигиена заттарын бөлшек саудада сату | 55 |
Кәсіпорындардың негізгі экономикалық қызмет түрлерін анықтау әдістемесіне 7-қосымша |