Ауыл шаруашылық статистикалық тіркелімін жүргізу және өзектендіру бойынша әдістемені бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің Төрағасының 2016 жылғы 2 желтоқсандағы № 295 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 26 желтоқсанда № 14581 болып тіркелді.

      "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 5) тармақшасына және 23-бабының 2 және 6-тармақтарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 5 қазандағы № 427 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі туралы ереженің 17-тармағы 4) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы Басшысының 04.08.2021 № 12 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Ауыл шаруашылық статистикалық тіркелімін жүргізу және өзектендіру бойынша әдістеме бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Статистикалық тіркелімдер және жіктелімдер басқармасы Заң басқармасымен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;

      3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықтың көшірмелерін қағаз және электрондық түрде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Статистикалық тіркелімдер және жіктелімдер басқармасы осы бұйрықты жұмыс бабында басшылыққа алу және пайдалану үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің құрылымдық бөлімшелеріне және аумақтық органдарына жеткізсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының орынбасарына (А.С. Батанов) жүктелсін.

      5. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Ұлттық экономика


министрлігі Статистика


комитетінің төрағасы

Н. Айдапкелов


  Қазақстан республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Статистика комитеті
төрағасының
2016 жылғы 2 желтоқсандағы
№ 295 бұйрығымен
бекітілген

Ауыл шаруашылығы статистикалық тіркелімін жүргізу және өзектілендіру бойынша әдістеме

      Ескерту. Әдістеме жаңа редакцияда - ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы Басшысының 04.08.2021 № 12 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Ауыл шаруашылығы статистикалық тіркелімін жүргізу және өзектілендіру бойынша әдістеме (бұдан әрі – Әдістеме) халықаралық стандарттарға сәйкес қалыптастырылатын және "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 5) тармақшасына және 23-бабының 2 және 6-тармақтарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 5 қазандағы № 427 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі туралы ереженің 17-тармағы 4) тармақшасына сәйкес бекітілетін статистикалық әдіснамаға жатады.

      2. Осы Әдістеменің мақсаты "Ауыл шаруашылығы статистикалық тіркелімі" ақпараттық жүйесін (бұдан әрі – АШТ) жүргізуді және уақтылы өзектілендіруді қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге жалпымемлекеттік статистикалық байқауды жүргізуде АШТ-дан зерттелетін бірліктер тізімін қалыптастыру және қолдану болып табылады.

      3. Осы Әдістемені мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері алғашқы статистикалық деректерді, әкімшілік деректер мен ауыл шаруашылығы санағының деректерін жинау, өңдеу кезінде қолданады.

      4. Осы Әдістеме АШТ құрылымын және мазмұнын сипаттауды, сондай-ақ оны жүргізу және есепке алу бірліктерінің тіркелімдік мәліметтерін өзектілендірудің, бірлік атрибуттарын өзектілендірудің, каталогтарды түзудің негізгі процестерін сипаттауды қамтиды.

      5. Осы Әдістемеде Заңда айқындалған мәндердегі ұғымдар, сондай-ақ мынадай анықтамалар қолданылады:

      1) ауыл шаруашылығы кәсіпорны – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен, сақтаумен және қайта өңдеумен айналысатын, ауыл шаруашылығы саласында қызмет көрсететін заңды тұлға немесе оның құрылымдық бөлімшесі;

      2) статистикалық бірлік – статистикалық мақсаттарда қолдану үшін құқықтық бірлік негізінде жасалған абстрактілік бірлік;

      3) "кәсіпорын" статистикалық бірлігі – бұл өзінің қызметін бір немесе бірнеше жерде коммерциялық немесе коммерциялық емес негізде жүзеге асыратын құқықтық бірліктердің аздаған комбинациясы;

      4) құрылымдық бірлік – әділет органдары мен салық органдарында тіркелмеген және статистика үшін мүдделі заңды тұлғаның немесе дара кәсіпкердің немесе шаруа немесе фермер қожалығының бөлігі, жер, егістік алаңдары, ауыл шаруашылығы жануарларының мал басы;

      5) негізгі қызмет түрі – бұл кәсіпорын жүзеге асыратын, қосылған құн салығы кез келген басқа қызмет түрінің қосылған құнынан асып түсетін қызмет түрі;

      6) қосалқы қызмет түрі – бұл негізгіден басқа үшінші тұлға үшін өнімді өндіру мақсатында жүзеге асырылатын қызмет түрі;

      7) электрондық шаруашылық бойынша есепке алуды жүргізуге арналған бағдарламалық қамтамасыз етілім (бұдан әрі – ЭШБЕА БҚ) – кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкіміне шаруашылық бойынша есепке алу деректерін енгізу, түзету және сақтауды жүзеге асыруға, сондай-ақ енгізілген ақпарат негізінде агрегатталған деректерді қалыптастыруға мүмкіндік беретін қолданбалы бағдарламалық қамтамасыз етілім.

2-тарау. АШТ туралы жалпы мәліметтер

      6. АШТ төмендегідей субъектілердің ұйымдастырылған және жүйеленген тізбесінен:

      1) ауыл шаруашылығы кәсіпорындарынан;

      2) ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен, сақтаумен және қайта өңдеумен айналысатын, ауыл шаруашылығы саласында қызмет көрсететін шаруа немесе фермер қожалықтарынан қоса алғанда дара кәсіпкерлік субъектілерінен (бұдан әрі – дара кәсіпкерлік субъектілері);

      3) үй шаруашылықтарынан;

      4) ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді жүзеге асыратын бақ және саяжай кооперативтерінен тұрады.

      7. АШТ негізінде:

      1) ауыл шаруашылығы өндірушілері бойынша жалпымемлекеттік статистикалық байқауларға дайындық және өткізу, бланкілерге қажеттілікті есептеу, іріктеме дизайны, бас жиынтықты анықтау, деректердің қайта есептелуін болдырмау үшін үйлестіру, зерттеу нәтижелерін бағалау, жүктемені есептеу, зерттеу үшін іріктеу сызбасын оңтайландыру;

      2) ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын және дара кәсіпкерлік субъектілерін құру және тарату (есептен шығару) туралы ақпаратты қамтитын бірліктер жиынтығын және ауыл шаруашылығы саласындағы қысқа мерзімді ауытқуларды сипаттайтын қолжетімді көрсеткіштерді демографиялық талдау;

      3) әкімшілік дереккөздерден әкімшілік деректерді жинау, бұл жалпымемлекеттік статистикалық байқауларды, сондай-ақ ауыл шаруашылығында статистикалық көрсеткіштерді қалыптастыру үшін негіз болып табылады;

      4) деректерді тарату, ол субъектілердің, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің жағдайын және даму серпінін сипаттайтын көрсеткіштердің көп санын қалыптастыруға мүмкіндік береді;

      5) жеке сұраулардың көп көлемін қалыптастыру жүзеге асырылады.

1-параграф. АШТ жүргізуді ұйымдастыру

      8. Аумақтық статистика бөлімшелерінде АШТ-ны жүргізуді статистикалық тіркелімдерді жүргізу жөніндегі құрылымдық бөлімше, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы құрылыстары және имараттар бойынша экономикалық көрсеткішерді енгізу, бақылау, талдау бөлігінде – аграрлық сектор статистикасы басқармасы жүзеге асырады.

      АШТ сүйемелдеуді "Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақпараттық-есептеу орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – АЕО РМК) жүзеге асырады.

      9. Аумақтық статистика бөлімшелерінің мамандары:

      1) АШТ-ны өзектілендіруге арналған деректерді (ЭШБЕА БҚ–дан кесінділер, ауылшарушылық мал басы, құрылыстар және имараттар, егістік алаңдары, ауыл шаруашылығы жерлері бойынша әкімшілік дереккөздерден қалалардың үй шаруашылықтарының агрегатталған деректері, сондай-ақ бақ және саяжай серіктестіктерінен (кооперативтерінен) агрегатталған деректер) жинауды;

      2) жылына екі рет шаруашылық бойынша есепке алу негізінде АШТ-ны өзектілендіруді;

      3) шаруашылық бойынша есепке алу негізінде алынған деректерді мониторингілеуді;

      4) басқа да қолжетімді дереккөздердің, респонденттер толтырған статистикалық нысандардың, әкімшілік дереккөздерден, ауыл шаруашылығы санағы деректерінен және экономикалық көрсеткіштерді өзгерту бойынша респонденттердің өтініштерінен алынған мәліметтердің негізінде АШТ өзектілендіруді жүзеге асырады.

      10. АШТ-ны жүргізу сапасын қамтамасыз ету бойынша жауапты құрылымдық бөлімше уәкілетті орган ведомствосының статистикалық тіркелімдерді жүргізу бойынша құрылымдық бөлімшесі болып табылады, ол:

      1) АШТ-ның жүргізілуіне мониторинг жүргізеді;

      2) әкімшілік дереккөздермен өзара іс-қимылды және АШТ-да әкімшілік деректердің интеграциясын ұйымдастырады;

      3) республикалық деңгейде АШТ өзектілендіруді жүргізеді;

      4) іріктемелі статистикалық байқаулар бойынша іріктеме дизайнын қалыптастыру үшін бас жиынтықты қалыптастырады;

      5) АЕО РМК үшін АШТ-ны жетілдіру, пысықтау бойынша өтінімдерді, міндеттердің қойылуын қалыптастырады;

      6) ай сайынғы кесінділерді қалыптастырады;

      7) зерттеулерге арналған каталогтарды қалыптастырады.

      11. Орталық және өңірлік деңгейлерде орындалатын АШТ-ны жүргізу бойынша жұмыс сызбасы осы Әдістемеге 1-қосымшада келтірілген.

2-параграф. АШТ-ны есепке алу бірліктері

      12. АШТ Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, дара кәсіпкерлік субъектілері, ауылдық жерлердегі үй шаруашылықтары және бақ саяжай кооперативтері бойынша біріктірілген деректер (ауылшаруашылық алқаптары) бойынша әкімшілік (тіркелімдік және жіктелімдік мәліметтері) және экономикалық (өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы құрылыстары мен имараттары, ауыл шаруашылық техникасы бойынша деректер) ақпаратты қамтиды.

      13. АШТ әкімшілік дереккөздерден тиісті әкімшілік деректер, ағымдағы статистика және ауыл шаруашылығы санағының деректері бар болған жағдайда қалалық жерлерде орналасқан үй шаруашылықтары дара кәсіпкерлік субъектілері және бақ саяжай кооперативтері бойынша біріктірілген деректер (ауылшаруашылық алқаптары) бойынша әкімшілік және экономикалық ақпаратты қамтиды.

      14. АШТ-да статистикалық мақсаттарда "кәсіпорын", "жергілікті бірлік" және "үй шаруашылығы" статистикалық бірліктері пайдаланылады.

      "Кәсіпорын" және "жергілікті бірлік" статистикалық бірліктері ауыл шаруашылығы кәсіпорындары және дара кәсіпкерлік субъектілері бойынша құқықтық бірліктер негізінде Статистикалық бизнес-тіркелімде (бұдан әрі – СБТ) қалыптастырылады. "Жергілікті бірлік" статистикалық бірлігі – кәсіпорын орналасқан жерден тыс орналасқан кәсіпорынға немесе кәсіпорын бөлігіне (цех, зауыт, дүкен, бюро, шахта) сәйкес келеді.

      15. "Үй шаруашылығы" статистикалық бірлігі статистикалық мақсатта пайдалану үшін мекенжайдың тіркеу кодының (бұдан әрі – МТК) негізінде құрылады.

      "Үй шаруашылығы" статистикалық бірлігінің статистикалық коды 17 символдан тұратын бірегей комбинацияны білдіреді, әрбір үй шаруашылығы автоматты түрде қалыптасады және екі бөлімнен тұрады:

      1) бірінші бөлім – 1 "D" әрпінен тұрады;

      2) екінші бөлім – МТК 16 саннан тұрады.

      "Үй шаруашылығы" статистикалық бірлігі бір рет құрылады және үй шаруашылығының жұмыс істеп тұрған барлық кезеңінде қолданылады. Үй шаруашылығының иесі ауысқан жағдайда "үй шаруашылығы" статистикалық бірлігінің статистикалық коды өзгермейді, бұл ретте үй шаруашылығы иесінің өзгерістерді енгізген күні тіркеледі және сақталады.

3-параграф. АШТ мазмұны және құрылымы

      16. АШТ төрт блоктан тұрады, оларда есепке алу бірліктерінің немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің типтері бойынша ақпарат қамтылады:

      1) ауыл шаруашылығы кәсіпорындары;

      2) дара кәсіпкерлік субъектілері;

      3) үй шаруашылықтары;

      4) бақ және саяжай кооперативтері.

      17. Әрбір блоктың құрылымы келесі үш бөлімге бөлінеді:

      1) әкімшілік (сәйкестендіру коды, кәсіпорынның, дара кәсіпкерлік субъектісінің, бақ және саяжай кооперативінің атауы, үй шаруашылығы иесінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), мекенжайы);

      2) жіктелімдік (статистикалық жіктелім кодтары);

      3) экономикалық (есепке алу бірлігінің негізгі құралдарын сипаттайтын көрсеткіштер – жердің, егістік жерлердің, түрлері бойынша малдардың, ауыл шаруашылығы техникасының, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға және малдарды ұстауға арналған құрылыстардың және имараттардың болуы).

      18. АШТ әкімшілік және жіктелімдік атрибуттары редакцияланбайтын болып табылады және СБТ қамтылған атрибуттарға сәйкес келеді.

      19. Жіктелімдік бөлім:

      ӘАОЖ - Әкімшілік-аумақтық объектілер жіктеуіші;

      ЭҚЖЖ – Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші;

      ҰҚНЖ – шаруашылық жүргізудің ұйымдық–құқықтық нысандарының жіктеуіші;

      КМЖ – Қызметкерлердің саны бойынша заңды тұлғалардың, филиалдар мен өкілдіктердің, сондай-ақ дара кәсіпкерлік субъектілерінің өлшемділігі жіктеуіші;

      МНЖ – Меншік нысандары мен түрлерінің жіктеуіші;

      АКА – Ахуалдық код анықтамалығы;

      ЭСЖ – Экономика секторларының жіктеуіші;

      ҚСБТА – Құқықтық және статисикалық бірлік типтерінің анықтамалығы кодтарын қамтиды.

      20. АШТ-да экономикалық көрсеткіштер келесі анықтамалықтар кодтарына:

      АШӨСЖ – Ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің (көрсетілген қызметтердің) анықтамалығына;

      АШМӨЖ – Ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің (көрсетілген қызметтердің) анықтамалығына кірмейтін, мал шаруашылығы өнімдерінің анықтамалығына;

      СКА – Статистикалық көрсеткіштер анықтамалығына;

      ӨТТА – Өнім түрлері топтамаларының анықтамалығына;

      НҚА – Негізгі қорлар анықтамалығына сәйкес келеді.

      21. АШТ негізінде шығыс деректерді қалыптастыру үшін ай сайынғы кесінді қалыптастырылады. Ай сайынғы кесіндіге АШТ деректер қорының есепті айдың соңындағы жағдай бойынша есепті айдың соңғы күнтізбелік күнінде қалыптасатын құқықтық бірліктер бойынша жіктелімдік атрибуттардың және экономикалық көрсеткіштердің белгілі бір саны бар ықшамдалған көшірмесі (АШТ негізінде жиынтық кестелерді қалыптастыру үшін қолданылады) жатады.

3-тарау. АШТ деректерін өзектілендіру

      22. АШТ-ны өзектілендіру келесі дереккөздердің негізінде:

      1) әкімшілік деректер;

      2) ресми статистикалық ақпарат;

      3) ауыл шаруашылығы санағы;

      4) басқа статистикалық тіркелімдер (СБТ, Тұрғын үй қоры статистикалық тіркелімі, Халықтың статистикалық тіркелімі) негізінде жүзеге асырылады.

1-параграф. Ағымдағы статистикалық деректерді қалыптастыру негізінде АШТ деректерін өзектілендіру

      23. АШТ-да деректерді өзектілендіру есепке алу бірлігінің тізбесі бойынша олардың жіктеуіштік және экономикалық атрибуттары бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді құрайды.

      24. СБТ негізінде автоматты режимде есепке алу бірліктерін өзектілендірудің келесі түрлері жүргізіледі:

      1) жаңадан құрылған ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, дара кәсіпкерлік субъектілері енгізіледі;

      2) орналасқан орнын (ӘАОК кодының өзгерістері) ауыстыру бойынша өзгерістер енгізіледі;

      3) жіктелімдік мәліметтер бойынша: ахуалдық код бойынша, кәсіпорынның мөлшерлілігі бойынша, тізімдік саны бойынша өзгерістер енгізіледі;

      4) негізгі (немесе қосалқы) қызмет түрін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге өзгерткен ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, дара кәсіпкерлік субъектілері қосылады;

      5) негізгі (немесе қосалқы) қызмет түрін басқа қызмет түріне өзгерткен ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, дара кәсіпкерлік субъектілері алынып тасталады;

      6) таратылған ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, дара кәсіпкерлік субъектілері автоматты режимде және үй шаруашылықтары мүлдем жоқ елді мекендер алып тасталады;

      7) ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, дара кәсіпкерлік субъектілеріні ң бірігу, олардың бірнеше шағын шаруа немесе фермер қожалықтарына (бұдан әрі – ШФҚ) бөліну немесе едәуір ірі бір ШФҚ немесе серіктестікке бірігу; немесе өндірістік кооперативтің бірнеше серіктестіктерге қайта тіркелу жағдайлары тіркеледі.

      25. Мал және құс басы бойынша экономикалық көрсеткіштерді ағымдағы өзектілендіру мынадай үлгіде:

      1) ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, дара кәсіпкерлік субъектілері бойынша АШТ мал шаруашылығы бойынша алғашқы статистикалық деректер қоймасынан (бұдан әрі – АСДҚ) жыл сайын республикалық деңгейде, 5 сәуірден кешіктірмей ақпаратты бағдарламалық әдіспен импорттау арқылы;

      2) дара кәсіпкерлік субъектілері және ауылдық жердегі үй шаруашылықтары бойынша – шаруашылық бойынша есепке алу деректерінен жылына екі рет, есепті кезеңнен кейінгі 10-күнінен кешіктірмей;

      3) ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, дара кәсіпкерлік субъектілері бойынша, сондай-ақ қалалық жердегі үй шаруашылықтары бойынша – ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – АШЖ) деректері (ірі қара мал, қойлар, ешкілер, жылқылар, түйелер, шошқалар) бойынша күн сайын жүзеге асырылады.

      26. Егістік алқаптары бойынша экономикалық көрсеткіштерді ағымдағы өзектілендіру ауыл шаруашылығы дақылдары бөлінісінде жыл сайын мынадай үлгіде:

      ауыл шаруашылық кәсіпорындары бойынша – АСДҚ-дан республикалық деңгейде, 15 маусымнан кешіктірмей;

      дара кәсіпкерлік субъектілері бойынша, сондай-ақ ауылдық жердегі үй шаруашылықтары бойынша – шаруашылық бойынша есепке алу деректерінен есепті кезеңнен кейінгі 10-күнінен кешіктірмей;

      дара кәсіпкерлік субъектілері бойынша және қалалық жердегі үй шаруашылықтары бойынша – әкімшілік дереккөздерден есепті кезеңнен кейінгі 10-күнінен кешіктірмей ақпарат алу арқылы жүзеге асырылады.

      27. Жер типтері бойынша экономикалық көрсеткіштердің ағымдағы өзектендірілуі мынадай үлгіде:

      ауыл шаруашылық кәсіпорындары бойынша – тоқсан сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-ші күнінен кешіктірмей, ауыл шаруашылық жер алқабының жалпы алаңы бойынша республикалық деңгейде әкімшілік дереккөздер ақпараты негізінде;

      дара кәсіпкерлік субъектілері бойынша, сондай-ақ ауылдық жердегі үй шаруашылықтары бойынша – жыл сайын есепті кезеңнен кейінгі 10-күнінен кешіктірмей жердің барлық типтері бойынша шаруашылық бойынша есепке алу деректерінің негізінде;

      дара кәсіпкерлік субъектілері бойынша, сондай-ақ қалалық жердегі үй шаруашылықтары бойынша – жыл сайын есепті кезеңнен кейінгі 10-күнінен кешіктірмей ауыл шаруашылық жер алқабының (соның ішінде егістіктер, көпжылдық дақылдар, тыңайған жерлер, жайылымдар, пішендіктер) алаңы бойынша әкімшілік дереккөздер ақпаратының негізінде;

      бақ және саяжай кооперативтері бойынша – жыл сайын есепті кезеңнен кейінгі 10-күнінен кешіктірмей ауыл шаруашылық жер алқабының жалпы алаңы бойынша әкімшілік дереккөздер ақпараты негізінде жүзеге асырылады.

      28. Ауыл шаруашылық кәсіпорындары бойынша ауыл шаруашылық құрылыстары мен имараттардың болуы туралы мәліметтерді өзектілендіру АСДҚ-дан республикалық деңгейде, 31 мамырдан кешіктірмей ақпарат алу арқылы жүзеге асырылады.

      Дара кәсіпкерлік субъектілерінің және үй шаруашылықтарын жылына бір рет ауыл шаруашылық өнімдерін сақтауға және мал ұстауға арналған ауыл шаруашылық құрылыстары, гүлдер мен көкөністер өсіруге арналған жылыжайлардың болуы туралы мәліметтерді өзектілендіру әр шаруашылық бойынша есепке алу деректерінің негізінде де жүргізіледі.

      Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге арналған ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарының болуы туралы мәліметтерді өзектілендіру әкімшілік дереккөздер деректерінің негізінде де жүргізіледі.

      29. АШТ-дағы деректерді өзектілендіру кезінде көрсеткіштің (атрибуттың) өзектілендіру көзі және деректерді түзету күні автоматты түрде қойылады. Субъектілер бойынша "е-Статистика" интеграцияланған ақпараттық жүйесі АШТ өзектілендіру бойынша жұмыс сызбасы осы Әдістемеге 2-қосымшада келтірілген.

2-параграф. Ауыл шаруашылығы санағының деректері негізінде АШТ деректерін өзектілендіру

      30. Ауыл шаруашылығы санағының деректері негізінде автоматты режимде АШТ –дағы деректерді өзектілендіру жүзеге асырылады.

      31. Ауыл шаруашылығы санағының барлық объектілері (ауыл шруашылығы кәсіпорындары, дара кәсіпкерлік субъектілері, үй шаруашылықтары, бақ және саяжай кооперативтері) бойынша өзектілендіру бизнес - сәйкестендіру нөмірлерін және жеке сәйкестендіру нөмірлерін қолдану арқылы жүзеге асырылады.

      32. Ауыл шаруашылығы санағының негізінде АШТ-да бар субъектілер бойынша тиісті экономикалық көрсеткіштерді өзектілендіру жүргізіледі.

  Ауыл шаруашылығы
статистикалық тіркелімін
жүргізу және өзектілендіру
бойынша әдістемеге
1-қосымша

Орталық және өңірлік деңгейлерде орындалатын АШТ-ны жүргізу бойынша жұмыстар сызбасы



  Ауыл шаруашылығы
статистикалық тіркелімін
жүргізу және өзектілендіру
бойынша әдістемеге
2-қосымша

Субъектілер бойынша "е-Статистика" интеграцияланған ақпараттық жүйесі АШТ өзектілендіру бойынша жұмыстар сызбасы



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады