Банкке, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалына клиенттерді тарту, банк, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалы талаптарына сәйкес келуін тексеруді жүзеге асыру, клиенттердің құжаттарын банкке, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалына беру жөніндегі қызметтерді көрсету қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 30 қарашадағы № 288 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 11 қаңтарда № 14659 болып тіркелді.

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 17.02.2021 № 34 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Банкке, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалына клиенттерді тарту, банк, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалы талаптарына сәйкес келуін тексеруді жүзеге асыру, клиенттердің құжаттарын банкке, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалына беру жөніндегі қызметтерді көрсету қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 17.02.2021 № 34 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Қаржы нарығының әдіснамасы департаменті (Әбдірахманов Н.А.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2016 жылғы 30 қарашадағы
№ 288 қаулысымен
бекітілген

Банкке, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалына клиенттерді тарту, банк, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалы талаптарына сәйкес келуін тексеруді жүзеге асыру, клиенттердің құжаттарын банкке, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалына беру жөніндегі қызметтерді көрсету қағидалары

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 17.02.2021 № 34 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Банкке, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалына клиенттерді тарту, банк, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалы талаптарына сәйкес келуін тексеруді жүзеге асыру, клиенттердің құжаттарын банкке, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалына беру жөніндегі қызметтерді көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Банктер туралы заң) сәйкес әзірленді және банкке, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалына (бұдан әрі – банк) клиенттерді тарту, банк талаптарына сәйкес келуін тексеруді жүзеге асыру, клиенттердің құжаттарын банкке беру жөнінде банк пен банкке қызмет көрсететін тұлғаның арасында жасалған шарт (келісім) негізінде банкке қызмет көрсететін тұлға қызметінің тәртібін белгілейді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 17.02.2021 № 34 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) банк қызметтері – банктердің Банктер туралы заңның 30-бабы 2-тармағының 1), 2), 8), 15) және 16) тармақшаларында көзделген банк операцияларын жүзеге асыруы;

      2) банк қызметін көрсету туралы шарт – банк пен клиенттің арасында жасалатын шарт, оған сәйкес, егер банк қызметін көрсету туралы шартта өзгеше көзделмесе, банк клиенттің тапсырмасы бойынша банк қызметтерін көрсетуге міндеттенеді, ал клиент осы қызметтердің ақысын төлеуге міндеттенеді;

      3) клиент – банк қызметтерінің тұтынушысы болып табылатын не банк қызметтерін пайдалануға ниет білдірген жеке немесе заңды тұлға;

      4) мүдделер қақтығысы – уәкілетті тұлғаның мүдделілігі клиенттің банктің банк қызметін алуына қатысты шешіміне ықпал ететін ахуал;

      5) өтініш – шартта (келісімде) көзделген банк қызметін алуға арналған клиенттің банкке жазбаша өтініші, оның нысаны банктің ішкі құжаттарында белгіленеді;

      6) уәкілетті орган – қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі мемлекеттік орган;

      7) уәкілетті тұлға – жасалған шарт (келісім) негізінде банкке қызмет көрсететін жеке немесе заңды тұлға;

      8) шарт (келісім) – банк пен уәкілетті тұлғаның арасында жазбаша нысанда жасалатын шарт (келісім), оған сәйкес уәкілетті тұлға клиенттерді тарту, клиент құжаттарының банк талаптарына сәйкес келуін тексеруді жүзеге асыру және клиенттердің құжаттарын банкке беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге міндеттенеді.

2-тарау. Уәкілетті тұлға қызметінің жалпы талаптары

      3. Уәкілетті тұлға банк жасауды үшінші тұлғаларға сеніп тапсыру құқығынсыз өкілеттік берген іс-қимылдар жасайды.

      4. Уәкілетті тұлға банкке қызметтерді шарт (келісім) негізінде көрсетеді.

      5. Шартта (келісімде) мынадай мәліметтер қамтылады:

      1) шарттың (келісімнің) жасалған күні, нөмірі, орны;

      2) банктің атауы;

      3) уәкілетті тұлғаның атауы;

      4) шарттың (келісімнің) мәні;

      5) тараптардың құқықтары мен міндеттері;

      6) уәкілетті тұлғаның клиенттерді тарту, клиент құжаттарының банк талаптарына сәйкес келуін тексеруді жүзеге асыру және клиенттердің құжаттарын банкке беру жөніндегі қызметтерді көсету тәртібі;

      7) банктің уәкілетті тұлғаға банк қызметтерін көрсеткені үшін мөлшерлемелер мен тарифтер туралы, сондай-ақ олардың өзгеруі туралы ақпаратты ұсыну тәртібі;

      8) банктің клиенттің банк қызметтерімен танысуы үшін қажетті құжаттарды және ақпаратты ұсыну тәртібі;

      9) клиенттің өтініштерін және құжаттарын есепке алуды жүргізу тәртібі;

      10) клиенттер өтініштерінің және құжаттарының сақталуын қамтамасыз ету тәртібі;

      11) уәкілетті тұлғаның мүдделер қақтығысын болдырмауы бойынша тараптардың өзара іс-қимыл тәртібі;

      12) уәкілетті тұлғаның клиенттің дербес деректеріне жататын мәліметтердің сақталуын қамтамасыз ету тәртібі;

      13) тараптардың жауапкершілігі (оның ішінде уәкілетті тұлғаның заңсыз іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін банктің жауапкершілігі);

      14) уәкілетті тұлғаның комиссиялық сыйақысының мөлшері (ол төленген жағдайда);

      15) шарттың (келісімнің) қолданылу мерзімі;

      16) шартқа (келісімге) өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу тәртібі;

      17) шартты (келісімді) бұзу тәртібі;

      18) тараптардың келісуі бойынша шарттың (келісімнің) өзге де талаптары

      19) тараптардың деректемелері.

      6. Шарттың (келісімнің) қолданыста болу мерзімі ішінде уәкілетті тұлға белгілі бір банктің мүдделер қақтығысына апаратын өнімдеріне қатысты ұсынымдар бермейді.

      7. Уәкілетті тұлға өзімен шарт (келісім) жасасқан банктерге банктердің банк қызметтері туралы жаңартылған ақпаратқа оны клиенттердің көріп, танысуы үшін қолжетімді жерде орналастыру арқылы тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

3-тарау. Уәкілетті тұлғаның банкке клиенттердің тарту бойынша қызмет көрсету тәртібі

      8. Уәкілетті тұлға банкке клиенттерді тарту бойынша қызметтерді мыналар болған кезде көрсетеді:

      1) клиенттің уәкілетті тұлға арқылы банк қызметтерін алуға, оның ішінде уәкілетті органның банк қызметін көрсету туралы шартты және клиенттің құжаттарын алуға және клиентке және (немесе) банкке беруге өкілеттіктерін растайтын жазбаша келісімі;

      2) клиенттің дербес деректерді жинауға және өңдеуге жазбаша келісімі (жеке тұлғалар үшін) болғанда жүзеге асырылады.

      9. Уәкілетті тұлға клиенттерді тарту шеңберінде:

      1) клиентке шарт (келісім) жасасқан банктер туралы ақпарат береді, оның ішінде ақпаратты интернет-ресурсында немесе уәкілетті тұлғаның үй-жайларында орналастыру арқылы;

      2) клиентке клиент сұратып отырған банк қызметі немесе банк қызметін көрсету туралы шарт бойынша ақпаратты және барлық қажетті құжатты береді;

      3) өтінішті толтыруды және оны электрондық түрде клиенттің қажетті құжаттарын қоса бере отырып, банкке жіберуді қамтамасыз етеді;

      4) сұратылатын банк қызметін көрсетуге банктің оң шешімін алған кезде, клиенттің банктің қажетті құжаттарын тиісінше толтыруын және оған қол қоюын қамтамасыз етеді;

      5) клиенттің бірінші талап етуі бойынша оған танысу үшін банктің Банктер туралы заңның 31-бабында көзделген және банктің директорлар кеңесі бекітетін банк операцияларын жүргізудің жалпы талаптары туралы қағидаларын береді;

      6) клиенттен алынған құжаттарды, оның ішінде Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттарды шартта (келісімде) көзделген тәртіппен және мерзімде банкке уақтылы беруді қамтамасыз етеді;

      7) шарт (келісім) бойынша қызмет көрсету шеңберінде ол алған ақпараттың конфиденциалдылығын қамтамасыз етеді;

      8) шартта (келісімде) көзделген өзге де іс-қимылдарды жүзеге асырады.

      10. Клиент оған банк қызметтерін көрсету туралы өтініш жасаған кезде уәкілетті тұлға:

      1) банк пен клиент арасында банк қызметін көрсету туралы шарт жасалғанға дейін клиентке мыналарды:

      мөлшерлемелер және банк қызметін көрсету үшін тарифтер, өтініш бойынша шешім қабылдау мерзімдері туралы ақпаратты;

      банк қызметін көрсету талаптары туралы ақпаратты және банк қызметін көрсету туралы шарт жасау үшін қажетті құжаттардың ішкі қағидаларға сәйкес банк белгілейтін тізбесін;

      банк қызметін көрсету туралы шарт бойынша міндеттемелер орындалмаған жағдайда клиенттің жауапкершілігі және ықтимал тәуекелдері туралы ақпаратты;

      клиентте туындаған мәселелер бойынша консультацияларды;

      клиенттің қалауы бойынша – банк қызметін көрсету туралы тиісті шарттың үлгі нысанының көшірмесін береді;

      2) банк қызметін көрсету туралы шартқа банк және клиент қол қойғанға дейін оның талаптарымен танысу үшін клиентке қажетті уақыт береді;

      3) клиентті көрсетілетін банк қызметі бойынша даулы жағдайлар туындаған кезде оның банкке, банк омбудсманына (ипотекалық қарыздар бойынша), уәкілетті органға немесе сотқа жүгіну құқығы туралы хабардар етеді. Бұл мақсатта клиентке банктің, банк омбудсманының және уәкілетті органның орналасқан жері, пошталық, электрондық мекенжайлары және интернет-ресурстары туралы ақпарат беріледі.

      Осы тармақтың 1) тармақшасының екінші және үшінші абзацтарында көзделген ақпарат клиентке уәкілетті тұлға шарт (келісім) жасасқан әрбір банк бойынша беріледі.

      11. Уәкілетті тұлға банк пен клиент арасында банк қарызы шарты жасалғанға дейін, Қағидалардың 10-тармағының 1) тармақшасында көзделген мәліметтер мен құжаттардан бөлек клиентке банк қарыздары бойынша ауызша нысанда мынадай ақпарат ұсынады:

      1) банктік қарызды беру мерзімі;

      2) банктік қарыздың шекті сомасы және валютасы;

      3) сыйақы мөлшерлемесінің түрі: белгіленген немесе өзгермелі, егер сыйақы мөлшерлемесі өзгермелі болып табылған жағдайда есеп айырысу тәртібі;

      4) сыйақы мөлшерлемесінің жылдық пайыздағы мөлшері және оның клиент өтініш жасаған күнгі дәйекті, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептелген мөлшері (нақты құны);

      5) банктің пайдасына банктік қарызды алуға және қызмет көрсетуге (өтеуге) байланысты комиссиялардың, тарифтердің және өзге де шығыстардың тізбесі және мөлшері;

      6) заңды тұлға болып табылатын клиентпен жасалған банктік қарыз шарты талаптарының Банктер туралы заңда көзделген ықтимал біржақты өзгертілуі жағдайлары;

      7) банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындамаған жағдайда клиенттің жауапкершілігі және тәуекелдері;

      8) қарызды қамтамасыз ету туралы шарттың тарапы болып табылатын кепіл берушінің, кепілгердің, кепілдеме берушінің және өзге де адамның жауапкершілігі.

      Осы тармақта көзделген ақпарат клиентке уәкілетті тұлға шарт (келісім) жасасқан әрбір банк бойынша беріледі.

      Банк қызметтерінің қалған түрлері бойынша Қағидалардың 10-тармағының 1) тармақшасында көзделмеген қосымша ақпаратты ұсыну қажеттілігі шартта (келісімде) айқындалады.

      12. Қосымша сұрақтар болған жағдайда, клиент түсініктеме алу үшін банкке өтініш жасайды.

4-тарау. Уәкілетті тұлғаның банк талаптарына сәйкес келуді тексеру тәртібі

      13. Банк шартқа (келісімге) сәйкес уәкілетті тұлғаны клиент ұсынған құжаттардың банк талаптарына сәйкестігін тексеру (бұдан әрі – тексеру) жүргізу үшін қажетті ақпаратпен және құжаттармен қамтамасыз етеді.

      14. Шарт (келісім) жасасқан банк уәкілетті тұлғаға операцияларды жүргізудің жалпы талаптары туралы қағидаларды, сондай-ақ оларға енгізілетін өзгерістер туралы ақпаратты ұсынады.

      15. Уәкілетті тұлға шартта (келісімде) белгіленген тәртіппен және мерзімде, клиент банктік қызмет көрсету туралы шарт жасасқанға дейін клиенттің құжаттарын тексереді.

      Тексеру үшін уәкілетті тұлға клиенттен банктің ішкі қағидаларына сәйкес банк қызметі бойынша құжаттар топтамасын сұратады.

      16. Уәкілетті тұлға клиентті (оның өкілін) сәйкестендіруді және жеке тұлға болып табылатын клиент, не заңды тұлға болып табылатын клиенттің өкілі ұсынатын оның жеке басын куәландыратын құжаттың негізінде олардың ұсынылатын құжатқа сәйкестігін анықтау арқылы жүзеге асырады.

      Егер клиенттің атынан оның өкілі іс-әрекет жасаған жағдайда, уәкілетті тұлға клиент өкілінің тиісті өкілеттіктерінің болуын тексеруді жүргізеді.

      17. Клиент уәкілетті тұлғаға тексеру үшін ұсыну күніне жарамды болған құжаттарды ұсынады. Қолдану мерзімі өткен құжаттар қарауға қабылданбайды және тиісті тексеру үшін пайдаланылмайды.

      18. Егер тексеру нәтижесінде уәкілетті тұлға құжаттардың банктің ішкі қағидаларының талаптарына сәйкес келмеуін анықтаса, уәкілетті тұлға клиентке бас тарту себептерін көрсете отырып, құжаттарды қабылдаудан бас тартады.

5-тарау. Уәкілетті тұлғаның клиенттердің құжаттарын банкке беру тәртібі

      19. Уәкілетті тұлғаның құжаттарды қабылдауы және беруі және олардың қабылданғанын және берілгенін растау мынадай талаптарды сақтай отырып, шартта (келісімде) көзделген мерзімдерде және тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) уәкілетті тұлға клиентке банкке құжаттардың берілгені туралы шартта (келісімде) көзделген мерзімде электрондық байланыс құралдары арқылы хабарлайды;

      2) құжаттар топтамасы банкке пошта байланысы немесе қолма-қол табыс ету арқылы шартта (келісімде) белгіленген мерзімдерде жіберілуге тиіс.

      20. Уәкілетті тұлға клиенттердің өтініштерін есепке алуды жүргізеді.

      21. Уәкілетті тұлға есепті айдан кейінгі айдың 15-нен (он бесінен) кешіктірмей банкке мынадай ақпарат жібереді:

      1) құжаттары банкке өткізілген клиенттердің саны;

      2) құжаттары уәкілетті тұлғаның қарауында жатқан клиенттердің саны.

      22. Уәкілетті тұлға клиенттің өтініштерін банктің деректерімен салыстырып тексеруді мынадай мәліметтер қамтылатын салыстырып тексеру актісін жасау арқылы жүзеге асырады:

      1) салыстырып тексеру актісін жасау күні және салыстырып тексеру жүзеге асырылатын кезең;

      2) банкпен банк қызметтерін көрсету туралы шарттар жасасқан клиенттердің саны бойынша, құжаттарын банк кері қайтарған клиенттердің саны бойынша және құжаттары банктің қарауында жатқан клиенттердің саны жөніндегі ақпарат бойынша уәкілетті тұлға есепті кезеңде банкке құжаттарын берген жеке және заңды тұлғалар клиенттерінің саны.

      23. Уәкілетті тұлға салыстырып тексеру актісін 2 (екі) данада айына 1 (бір) рет жасайды және есепті айдан кейінгі айдың 15 (он бесінен) кешіктірмей банкке келісуге жібереді. Келісу нәтижесі бойынша тараптар салыстырып тексеру актісіне есепті айдың 20 (жиырмасынан) кешіктірмей қол қояды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады