Қарғалы ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Ақтөбе облысы Қарғалы аудандық мәслихатының 2016 жылғы 02 наурыздағы № 404 шешімі. Ақтөбе облысының Әділет департаментінде 2016 жылғы 29 наурызда № 4826 болып тіркелді. Күші жойылды - Ақтөбе облысы Қарғалы аудандық мәслихатының 2023 жылғы 29 желтоқсандағы № 123 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Ақтөбе облысы Қарғалы аудандық мәслихатының 29.12.2023 № 123 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 56 бабына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабына жәнеҚазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Қарғалы аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - Ақтөбе облысы Қарғалы аудандық мәслихатының 24.12.2020 № 533 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Қоса беріліп отырған Қарғалы ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидалары бекітілсін.

      2..Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2016 жылғы 1 қаңтарынан бастап туындаған қатынастарға таралады.

      Аудандық мәслихат
сессиясының төрайымы
Л.Ильчевская
      Аудандық мәслихат хатшысының
міндетін атқарушы
И. Кунакбаев
      __________А.Әмірғалиев

  Қарғалы аудандық мәслихатының 2016 жылғы 2 наурыздағы № 404 шешімімен бекітілді

Қарғалы ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - Ақтөбе облысы Қарғалы аудандық мәслихатының 25.05.2023 № 30 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1–тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қарғалы ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес әзірленді (бұдан әрi – Үлгілік қағидалар) және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай–ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, жылжымайтын мүлікке құқықтарды оның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) ең төмен күнкөріс деңгейі – "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      6) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      7) уәкілетті орган – "Қарғалы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      8) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті ауылдық округ әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;

      9) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы орган (бұдан әрі – ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай–ақ мереке күндеріне ақшалай нысанда көрсететін көмек түсініледі.

      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі.

      5. "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16 бабында және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында және 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

2–тарау. Әлеуметтік көмек көрсету, алушылардың тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі.

      6. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек бір рет ақшалай төлем түрінде келесі азаматтарға көрсетіледі:

      1) 9 мамыр – Жеңіс күніне орай:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне – 2 140 000 (екі миллион жүз қырық мың) теңге мөлшерiнде;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне 230 000 (екі жүз отыз мың) теңге мөлшерiнде;

      "Ардагерлер туралы" Заңының күші қолданылатын басқа да тұлғаларға, 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерiнде;

      еңбек ардагерлеріне 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерiнде;

      2) 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай:

      мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушы мүгедектігі бар адамдарға – 50 000 (елу мың) теңге мөлшерiнде;

      3) Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай:

      Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңымен белгіленген Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысқан тұлғаларға 120 000 (жүз жиырма мың) теңге мөлшерiнде.

      7. Өмірлік қиын жағдайға тап болған алушыларға әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі:

      1) мынадай негіздер бойынша өмірлік қиын жағдайда деп танылған адамдарға (отбасыларға):

      жетімдік; ата–ана қамқорлығының болмауы; кәмелетке толмағандардың қараусыздығы қадағалаусыз қалуы, оның ішінде девиантты мінез–құлық; баспанасыздық (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар); жасының егде тартуына байланысты, бұрынғы ауруы және (немесе) мүгедектігі салдарынан өзіне–өзі күтім жасай алмауы; әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға алып келген қатыгездікпен қарау; бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы; пробация қызметінің есебінде болу – адамның (отбасының) ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының бір еселік мөлшерінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынып, бір рет беріледі – 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіштер мөлшерінде;

      2) әлеуметтік мәні бар аурулары бар азаматтар, атап айтқанда: амбулаторлық емдеудегі онкологиялық аурулармен ауыратын және туберкулез ауруынан зардап шегетін тұлғалар – "Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы "Қарғалы аудандық ауруханасы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ұсынған тізімдеріне және адамның иммунитет тапшылығы вирусы тудыратын жұқпасы бар тұлғалар "Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы "Облыстық ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны ұсынған анықтамаларға сәйкес, табысы есепке алынбай, ай сайын, бірақ жылына 6 (алты) айдан аспайтын уақытқа – 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) көп балалы отбасыларға, аз қамтылған азаматтарға, арызы бойынша, бір рет, жан басына шаққандағы орташа табыстың біржолғы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын мөлшерін ескере отырып – 140 000 (жүз қырық мың) мөлшерінде;

      4) табиғи зілзаланың немесе өрттің шыққан орны бойынша табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға) – бір рет жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алмағанда – 200 000 (екі жүз мың) теңге мөлшерінде.

      8. Өмірлік қиын жағдайлардағы азаматтарға, егер жолыққан сәттің алдындағы тоқсанда отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы Ақтөбе облысы бойынша төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінен бір еседен аспаса әлеуметтік көмек көрсетіледі (кірісі есептелмей әлеуметтік көмек көрсетілетін Ұлы Отан соғысының ардагерлерін қоспағанда).

      Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде азаматтардың мұқтаждар санаттарының қатарына жатқызу үшін негіздемелер:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;

      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;

      3) жан басына шаққандағы орташа табыстың, өмірлік қиын жағдай туындауына байланысты біржолғы әлеуметтік көмек тағайындау барысында ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір еселік мөлшерінен аспауы болып табылады.

      9. Табиғи зілзала немесе өрт салдарынан өмірлік қиын жағдайлар туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініштерді қарау мерзімі:

      өмірлік қиын жағдайлар туындаған сәттен бастап алты айдан кеш емес.

      10. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

3-тарау. Әлеуметтік көмекті көрсету тәртібі

      11. Мерекелік күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей, уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша, ЖАО бекіткен тізімдері бойынша көрсетіледі.

      12. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе ауылдық округтің әкіміне өтінішке қоса келесідей құжаттарды тапсырады:

      1) жеке басын куәландыратын құжат;

      2) адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер;

      3) өмірде қиын жағдайдың туындағанын растайтын акті және/немесе құжат.

      Адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамастан тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтер ұсынылмайды.

      13. Осы Қағидалардың 6 тармағында көрсетілген тұлғаларға біржолғы әлеуметтік көмек алушылардың өтініштері талап етілмей көрсетіледі.

      14. Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары ұсынылады, содан кейін құжаттардың төлнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      15. Отбасында екі немесе одан да көп адамдардың ай сайынғы коммуналдық қызметтерді алуға құқығы болған жағдайда әлеуметтік көмек төлемі отбасы мүшелерінің таңдауы бойынша тек біреуіне ғана көрсетіледі.

      16. Өмiрлiк қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтiк көмек көрсетуге өтiнiш келiп түскен кезде уәкiлеттi орган немесе ауылдық округтің әкiмi бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргiзу үшiн учаскелiк комиссияға жiбередi.

      17. Учаскелiк комиссия құжаттарды алған күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде өтiнiш берушiге тексеру жүргiзедi, оның нәтижелерi бойынша Үлгілік қағидалардағы 2, 3 қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы актi жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтiк көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкiлеттi органға немесе ауылдық округ әкiмiне жiбередi.

      Ауылдық округ әкiмi учаскелiк комиссияның актiсi мен қорытындысын алған күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде оларды қоса берiлген құжаттармен уәкілетті органға жiбередi.

      18. Әлеуметтiк көмек көрсету үшiн құжаттар жетiспеген жағдайда уәкілетті орган әлеуметтiк көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшiн қажеттi мәлiметтердi тиiстi органдардан сұратады.

      19. Өтiнiш берушiнiң қажеттi құжаттарды олардың бүлiнуiне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкiндiгi болмаған жағдайда уәкілетті орган тиiстi мәлiметтердi қамтитын өзге уәкiлеттi органдар мен ұйымдардың деректерi негiзiнде әлеуметтiк көмек тағайындау туралы шешiм қабылдайды.

      20. Уәкiлеттi орган учаскелiк комиссиядан немесе ауылдық округ әкiмiнен құжаттар келiп түскен күннен бастап бiр жұмыс күнi iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеудi жүргiзедi және құжаттардың толық пакетiн арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      21. Арнайы комиссия құжаттар келiп түскен күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтiк көмектiң мөлшерiн көрсетедi.

      22. Уәкiлеттi орган өтiнiш берушiнiң әлеуметтiк көмек алуға қажетті құжаттарын тiркеген күннен бастап сегiз жұмыс күнi iшiнде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытындысының негiзiнде әлеуметтiк көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.

      Осы Қағидалардың 18 және 19 тармақтарында көрсетiлген жағдайларда уәкiлеттi орган өтiнiш берушiден немесе ауылдық округтiң әкiмiнен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күнi iшiнде әлеуметтiк көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.

      23. Уәкілетті орган шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда - негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.

      24. Әлеуметтiк көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтiнiш берушi ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған;

      2) өтiнiш берушi адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргiзуден бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтiк көмек көрсету үшiн Қарғалы аудандық мәслихаты белгiлеген шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.

      25. Әлеуметтiк көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Қарғалы ауданның бюджетiнде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегiнде жүзеге асырылады.

4-тарау. Көрсетiлетiн әлеуметтiк көмектi тоқтату және қайтару үшiн негiздемелер

      26. Әлеуметтiк көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы Қарғалы ауданының шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелерге тұруға жiберген;

      4) алушы ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтiк көмектi төлеу көрсетiлген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      27. Дәйексіз мәліметтерді келтіріп заңсыз әлеуметтік көмек тағайындауға әкелгені анықталған жағдайда, әлеуметтік көмек төлеу тағайындалған тұлғаға (отбасына) белгіленген кезеңге тоқтатылады.

      28. Артық төленген сомалар ерiктi қайтаруға жатады, бас тартқан жағдайда – сот арқылы.

5-тарау. Қорытынды ереже

      29. Әлеуметтiк көмек көрсету мониторингi мен есепке алуды уәкiлеттi орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнiң немесе "Әлеуметтік көмек" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнiң дерекқорын пайдалана отырып жүргiзіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады