Хромтау ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Ақтөбе облысы Хромтау аудандық мәслихатының 2016 жылғы 18 ақпандағы № 323 шешімі. Ақтөбе облысының Әділет департаментінде 2016 жылғы 14 наурызда № 4780 болып тіркелді. Күші жойылды - Ақтөбе облысы Хромтау аудандық мәслихатының 2024 жылғы 8 тамыздағы № 212 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Ақтөбе облысы Хромтау аудандық мәслихатының 08.08.2024 № 212 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 56 бабының 1 тармағының 4) тармақшасына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Хромтау аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - Ақтөбе облысы Хромтау аудандық мәслихатының 14.07.2023 № 42 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Қоса беріліп отырған Хромтау ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға таралады.

      Аудандық мәслихаттың
сессия төрағасы
Р.Исаев
      Аудандық мәслихаттың
хатшысы
Д.Молдашев
      _______________ Б.Бисенғалиева

  Хромтау аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 14 шілдедегі № 42 шешіміне қосымша

Хромтау ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - Ақтөбе облысы Хромтау аудандық мәслихатының 14.07.2023 № 42 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1–тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Хромтау ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес әзірленді (бұдан әрi – Үлгілік қағидалар) және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) әлеуметтік көмек – ЖАО мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      3) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Ақтөбе облысы Хромтау ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      4) ең төмен күнкөріс деңгейі – "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      5) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      6) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      7) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      8) уәкілетті орган – "Хромтау аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      9) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      3. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.

      4. Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" (бұдан әрі – Заң) Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген әлеуметтік көмек шаралары осы қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

2–тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмек мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      5. Мереке күндері әлеуметтік көмек бір рет ақшалай төлем түрінде келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) 9 мамыр-Жеңіс күніне орай:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 2 140 000 (екі миллион жүз қырық мың) теңге мөлшерiнде;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне 230 000 (екі жүз отыз мың) теңге мөлшерiнде;

      Заңның күші қолданылатын басқа да адамдарға 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерiнде;

      1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдарға 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерiнде;

      2) 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай:

      мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушы мүгедектігі бар адамдарға 50 000 (елу мың) теңге мөлшерiнде.

      3) 16 желтоқсан –Тәуелсіздік күніне орай:

      Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысып, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңымен белгіленген адамдарға 120 000 (жүз жиырма мың) теңге мөлшерiнде;

      6. Ай сайынғы әлеуметтік көмек табысты есепке алмағанда:

      әлеуметтік мәні бар аурулары бар азаматтарға, атап айтқанда: амбулаторлық емдеудегі онкологиялық аурулармен ауыратын және туберкулез ауруынан зардап шегетін тұлғаларға – "Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы "Хромтау аудандық ауруханасы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ұсынған тізімдеріне және адамның иммунитет тапшылығы вирусы тудыратын жұқпасы бар тұлғаларға "Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы "Облыстық ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ұсынған анықтамаларға сәйкес табысы есепке, алынбай ай сайын, бірақ жылына 6 (алты) айдан аспайтын уақытқа – 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі;

      7. Бір рет берілетін әлеуметтік көмек алушыларға мынадай негіздер бойынша беріледі:

      1) жетімдік; ата–ана қамқорлығының болмауы; жасының егде тартуына байланысты өзіне–өзі күтім жасай алмауы; бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы; пробация қызметінің есебінде болу – адамның (отбасының) ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының бір еселік мөлшерінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынып, бір рет беріледі – 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіштер мөлшерінде;

      2) көп балалы отбасыларға, аз қамтылған азаматтарға, арызы бойынша, бір рет, жан басына шаққандағы орташа табыстың біржолғы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын мөлшерін ескере отырып – 140 000 (жүз қырық мың) теңге мөлшерінде;

      3) табиғи зілзаланың немесе өрттің шыққан орны бойынша табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтардың (отбасылардың) – бір рет жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай – 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      Әлеуметтік көмек, егер жоғарыда аталған тұлғалар толық мемлекеттік қамсыздандыруында болмаған жағдайда көрсетіледі.

3–тарау. Әлеуметтік көмекті көрсету тәртібі

      8. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      9. Мерекелік күндеріне және атаулы күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі.

      10. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе қала, ауыл, ауылдық округінің әкіміне Үлгілік қағидалардың 12-тармағына сәйкес құжаттар тізбесін қоса бере отырып, өтінішті ұсынады.

      11. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының әлеуметтік көмек алу үшін өтініштерді қарау мерзімі:

      тиісті жағдайлар туындаған сәттен бастап алты айдан кеш емес.

      12. Әлеуметтiк көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Хромтау ауданының бюджетiнде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегiнде жүзеге асырылады.

4–тарау. Көрсетiлетiн әлеуметтiк көмектi тоқтату және қайтару үшiн негiздемелер

      13. Әлеуметтiк көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы Хромтау ауданының шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелерге тұруға жiберген;

      4) алушы ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      14. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.

      15. Осы Қағидалар Ақтөбе облысының Хромтау ауданында тұрақты тұратын адамдарға қолданылады.

5–тарау. Қорытынды ереже

      16. Әлеуметтiк көмек көрсету мониторингi мен есепке алуды уәкiлеттi орган "Е–собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнің дерекқорын пайдалана отырып жүргiзіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады