Ақтау қаласында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрацияларды өткізу тәртібін қосымша реттеу туралы

Күшін жойған

Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 2016 жылғы 17 мамырдағы № 2/17 шешімі. Маңғыстау облысы Әділет департаментінде 2016 жылғы 05 шілдеде № 3077 болып тіркелді. Күші жойылды-Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 2020 жылғы 10 шілдедегі № 33/382 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 10.07.2020 № 33/382 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" және 1995 жылғы 17 наурыздағы "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы" Заңдарына сәйкес Ақтау қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Ақтау қаласында бейбіт жиналыстар, митингілер және пикеттер өткізу орны болып төртінші және бесінші шағынаудандар арасындағы Тарас Шевченконың ескерткіші жанында орналасқан саябақ анықталсын.

      2. Бейбіт шерулер және демонстрациялар өткізудің арнайы бағыты болып бесінші, алтыншы, жетінші және сегізінші шағынаудандар қиылысынан бастап "Ақбота" паркіне дейінгі № 3 автожолдың бөлігі белгіленсін.

      3. Қосымшаға сәйкес Ақтау қаласында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрацияларды өткізу тәртібі қосымша реттелсін.

      4. Ақтау қалалық мәслихатының аппарат басшысы (Д. Телегенова) осы шешім Маңғыстау облысының әділет департаментінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін, оның "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде және бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.

      5. Осы шешімнің орындалуын бақылау қалалық мәслихаттың әлеуметтік мәселелері және заңдылық пен құқық тәртібі мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін (Ы.Көшербай).

      6. Осы шешім Маңғыстау облысының әділет департаментінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрайымы Ж. Үмбетова
      Қалалық мәслихат хатшысы М. Молдағұлов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      "Ақтау қалалық ішкі саясат бөлімі"

      мемлекеттік мекемесінің басшысы

      Б. Кенжалиев

      "30" маусым 2016 жыл

  Ақтау қалалық мәслихатының
  2016 жылғы 17 мамырдағы №2/17
  шешіміне қосымша

Ақтау қаласында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрацияларды өткізудің қосымша тәртібі Жалпы ережелер

      1. Ақтау қаласында бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды өткізудің осы тәртібі (бұдан әрі - Тәртіп) Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы" Қазақстан Республикасы Заңына (бұдан әрі - Заң), бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттер және демонстрацияларды ұйымдастыру және өткізу тәртібін реттейтін басқа да нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленді.

      2. Бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ретінде Ақтау қаласының аумағында белгіленген орында немесе арнайы бағдар бойынша, белгіленген күні және уақыт аралығында Ақтау қаласының жергілікті атқарушы органынан – "Ақтау қалалық ішкі саясат бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Бөлім) алған жазбаша рұқсаты бойынша Қазақстан Республикасы азаматының немесе азаматтарының қоғамдық, топтық немесе жеке мүдделерін, және наразылық білдіруге бағытталған іс-әрекеттері болып танылады.

      3. Бейбіт жиналыстар мен митингілер үшін арнайы орындар, ал шерулер мен демонстрациялар үшін – арнайы бағдарлар көзделеді.

      Пикеттер және аштық жариялау үшін арнайы орындар белгіленбейді.

      Арнайы орындарды белгілейтін Бөлім аталған аумақтарды сәйкесінше жабдықтауы қажет, яғни жиналыстар мен митингілерді өткізу мақсатында қолдану үшін бейімдеуі керек (орындықтар, алаңшалар, қоқыс жәшіктері, жарықтандыру және тағы басқа).

      Арнайы орындарды ішкі істер органдарының жедел басқару орталығы бейнебақылау камераларымен немесе объективті себептер бойынша жедел басқару орталығы камераларын орнату мүмкін болмаған жағдайда тиісті іс-шараларды өткізу уақытына жылжымалы бейнебақылау кешендерімен жабдықтауы керек.

      Бөлімнің аталған аумақтардың тұрақты түрде жиналуын, тазалауын қамтамасыз етеді.

      4. Бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды өткізу қағидаттары:

      1) заңдылығы – Қазақстан Республикасы Конституциясын, Заңды, осы Тәртіптің және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінің талаптарын сақтау;

      2) бейбіт жиналыстарға, митингілерге, шерулерге, пикеттерге және демонстрацияларға қатысудың еріктілігі.

Бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды өткізу мәселелері бойынша Бөлімнің іс-әрекеті

      5. Бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды өткізу туралы өтінішті беру кезінде Заңының 3 бабының талаптарын бұзу бас тартуға негіз бола алмайды. Мұндай жағдайда Бөлімнің уәкілетті өкілінің қолы қойылған, кемшілікті жаңа өтініш беру арқылы жою туралы ұсынысымен түсіндірме сипатындағы ресми жауап беріледі. Жаңа өтінішті қарастыру мерзімі ол түскен уақыттан бастап есептеледі.

      Әртүрлі мекен-жайдан мерзімі бір-біріне сәйкес келетін, бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрацияларды өткізу туралы өтініштер түскен жағдайда, Бөліммен бұрынырақ түскен өтініш қаралады, ал қалғандарына іс-шараны өткізу күнін қайта қарастыру туралы түсіндірме сипатындағы жауап беріледі.

      6. Белгіленген Тәртіппен берілген бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрацияларды өткізу туралы барлық өтініштер бойынша Бөліммен оларды қарау аясында ұйымдастырушыларға көтеріліп отырған мәселелерді талқылау және қарастыру үшін баламалы алаңдарды ұсынады. Көрсетілген ұсынысты, сондай-ақ ұйымдастырушылардың келісуі немесе қабылдаудан бас тартуы Бөлімнің өкілдерімен тіркелуі керек.

      7. Ұйымдастырушылармен бейбіт жиналыстар мен митингілерді өткізу үшін белгіленбеген орын сұралған жағдайда, өтініш берушілерге шараны арнайы белгіленген орында өткізу жөнінде ұсыныспен бірге жауап беріледі.

      8. Бөлім елдегі айтулы күндер мен оқиғаларды ұйымдастыру және өткізу қажеттілігі үшін, қоғамдық қауіпсіздікті, басқа да тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ көліктің, инфрақұрылым нысандарының қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында, бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды өткізуден бас тартуы мүмкін.

      9. Бөлімнің бас тарту туралы шешімі дәлелді болуға, Заң мен осы Тәртіптің нормаларымен қатар, ұйымдастырушылардың сол және өзге де нормалар мен талаптардың сақталмауы көрсетілген нақты дәйектерге негізделу керек.

      Бұдан басқа, бас тартылған жағдайда, ұйымдастырушыларға дереу барлық дайындық іс-шараларын тоқтату бойынша және ықтимал қатысушыларды тиісті хабарландыру бойынша шаралар қабылдауы керек екендігі жазбаша түсіндірілу қажет.

      Сондай-ақ, рұқсат етілмеген шараларды ұйымдастырғаны және өткізгені үшін Заңмен белгіленген жауапкершілік туралы түсіндірме берілуі қажет.

      10. Ұйымдастырушылар тоқтату жөніндегі дайындық шараларды өздігінен қабылдамаған жағдайда, Бөлім рұқсат етуден бас тартылған ақпаратты санкцияланбаған шараға қатысқаны үшін жауапкершілікке тартылатындығы туралы ескертумен өзінің ресми интернет-ресурстарына, сондай-ақ ұйымдастырушылар заңсыз шараға шақыру, шақырту орналастырған немесе орналастырып жатқан мүмкіндігінше басқа да ресурстарға орналастырады.

Бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды өткізудегі ұйымдастырушылардың әрекеттері

      11. Бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды ұйымдастыруға:

      1) Бөлімге бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды өткізу туралы өтініш береді.

      Өтініште:

      іс-шараның мақсаты;

      іс-шараның нысаны;

      іс-шараны өткізу орны (орындары), қатысушылардың қозғалыс бағдары;

      іс-шараның басталуы және аяқталуының күні мен уақыты;

      қатысушылардың болжамды саны;

      ұйымдастырушының қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, медициналық

      көмекті ұйымдастыру нысаны мен әдістері, дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды қолдану ниеті;

      іс-шараны ұйымдастырушының тегі, аты, әкесінің аты немесе атауы, оның

      тұратын жері не қазіргі уақытта тұрған жері немесе тұрған орны туралы мәлімет және телефон нөмірі;

      - іс-шараны уәкілет етуші ұйымдастырушының іс-шараны ұйымдастыру және өткізу бойынша билік ету функцияларын орындауға іс-шараға уәкілеттік берілген тұлғалардың тегі, аты, әкесінің аты;

      іс-шараны өткізу туралы хабарландыруды беру күні көрсетіледі;

      2) Бөлімнің көтеріліп отырған мәселелерді талқылау немесе қарау үшін баламалы алаңдар туралы ұсынысын қарау;

      3) көрнекі насихат құралдарын дайындау және тарату;

      4) шараны ұйымдастыру және өткізу мақсатында жасалатын Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін басқа да әрекеттер жатады.

      12. Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған бір немесе бірнеше азаматы бейбіт жиналыстардың, митингілердің, шерулердің, пикеттердің және демонстрациялардың ұйымдастырушысы бола алады.

      Мыналар ұйымдастырушы бола алмайды:

      1) сот шешімімен әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған тұлға, сондай-ақ соттың үкімімен бас бостандығынан айыру орындарындағы тұлға;

      2) заңмен белгіленген тәртіппен әрекеті тоқтатылған немесе тыйым салынған немесе таратылған саяси партия, басқа да қоғамдық және діни бірлестік, олардың аймақтық бөлімдері мен басқа да құрылымдық бөлімшелері.

      13. Ұйымдастырушылардың:

      1) шараны өткізу туралы өтініште көрсетілген немесе Бөлімнің келісу нәтижесінде өзгертілген орындар мен арнайы бағдарда және уақытта бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды өткізуге;

      2) Бөлімнен рұқсат алған жағдайда шараның мақсатын қолдау үшін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, үндеу парағын тарату, плакат, транспарант, ұран дайындау және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де нысандарда алдын ала насихат жүргізуге;

      3) іс-шараны ұйымдастыру және өткізу бойынша шараның жекеленген қатысушыларына билік ету функцияларын орындау уәкілеттігін беруге;

      4) ерікті қайырымдылықты жинауды, қарарларға, талаптарға және азаматтардың басқа да өтініштеріне қол жинауды ұйымдастыруға;

      5) жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізуге азаматтардың құқығын бұзатын мемлекеттік билік органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, лауазымды тұлғалардың шешіміне және әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдануға құқығы бар.

      14. Ұйымдастырушы:

      1) бөлімнің Заңмен белгіленген тәртіппен көпшілік іс-шараны өткізу туралы өтініш береді;

      2) бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер пикеттер және демонстрациялар өткізу туралы өтініште көрсетілген немесе Бөліммен келісу нәтижесінде өзгертілген шараны өткізу шарттарының сақталуын қамтамасыз етеді;

      3) шараға қатысушылардан қоғамдық тәртіпті және шараны өткізу регламентін сақтауды талап етеді. Акцияны ұйымдастырушының заңды талаптарын орындамаған тұлғалар аталған іс-шараны өткізу орнынан кетіріледі;

      4) шараны өткізу кезінде өз құзыретінің шегінде қоғамдық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, ал Заңда көзделген жағдайда Бөлімнің уәкілетті өкілімен және ішкі істер органдарының уәкілетті өкілдерімен бірлесіп, олардың барлық заңды талаптарын орындай отырып, осы әрекетті орындайды;

      5) қатысушылар құқыққа қайшы әрекеттерді жасаған жағдайда шараны тоқтата тұрады немесе оны тоқтатады;

      6) шараны өткізу орнында жасыл желектің, кіші сәулет нысандарының, ғимараттардың, құрылыстардың, жабдықтардың және басқа да мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді;

      7) шараның қатысушыларына Бөлімнің уәкілетті өкілінің акцияны тоқтата тұру немесе тоқтату туралы талабын мәлімет үшін жеткізеді;

      8) шараны ұйымдастырушысының айрықша белгісі болады. Оған өкілеттік берген тұлғаның да айрықша белгісі болады;

      9) шараға алкогольдік және есірткілік масаң күйіндегі тұлғалардың қатысуына жол берілмейді;

      10) бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды өткізу барысында қоғамдық тәртіпті бұзуға, қылмыс жасауға шақыратын, сондай-ақ кімді болса да кемсітуге бағытталған транспаранттарды, ұрандарды, өзге де материалдарды (көрнекі, аудио/бейне), көпшілік алдында сөз сөйлеулерді дайындауға және/немесе қолданбайды.

      15. Көпшілік іс-шараға қатысушылардың:

      1) шараның мақсаттарына сәйкес шешімдерді талқылауға және қабылдауға, өзге де ұжымдық әрекеттерге қатысуға;

      2) көпшілік іс-шараны өткізу кезінде түрлі белгілер мен ұжымдық және жеке пікірді білдірудің өзге де құралдарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасымен тыйым салынбаған насихат құралдарын қолдануға;

      3) қарарлар қабылдап, талаптар мен азаматтардың басқа да өтініштерін мемлекеттік билік органдарына және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, қоғамдық және діни бірлестіктерге, халықаралық және өзге де органдар мен ұйымдарға жолдауға құқығы бар.

      Көпшілік іс-шараны өткізу кезінде оның қатысушылары:

      1) бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды өткізуді, ол өкілеттік берген тұлғалардың, Бөлімнің уәкілетті өкілінің және ішкі істер органдары қызметкерлерінің барлық заңды талаптарын орындайды;

      2) қоғамдық тәртіпті және шараны өткізудің регламентін сақтайды.

Бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды өткізуді тоқтату

      16. Бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды тоқтату негіздері:

      1) азаматтардың өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне нақты қауіп төндіру;

      2) шараға қатысушылардың құқыққа қарсы әрекеттерді жасауы және іс-шараны ұйымдастырушының бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды өткізу Тәртібіне қатысты Заң талаптарын қасақана бұзуы, соның ішінде алкогольді ішімдіктерді ішу, есірткі және оларға ұқсас заттарды, прекурсорларды қолдану, сондай-ақ кімді болса да кемсітуге бағытталған транспаранттарды, ұрандарды, басқа да материалдарды (көрнекі, аудио/бейне), көпшілік алдында сөз сөйлеулерді, қылмыс жасауға, қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған шақыртуларды қолдану болып табылады.

      17. Бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды тоқтату тәртібі:

      1) шараны тоқтату туралы шешім қабылданған жағдайда Бөлімнің уәкілетті өкілі:

      - шараны тоқтатудың себебін негіздеп, іс-шараны ұйымдастырушыға нұсқау береді және 24 сағаттың ішінде аталған нұсқауды жазбаша ресімдеп іс-шараны ұйымдастырушыға тапсырады;

      - іс-шараны тоқтата тұру туралы нұсқауды орындау үшін уақыт белгілейді;

      - іс-шараны ұйымдастырушы тоқтату туралы нұсқауды орындамаған жағдайда, тікелей іс-шараға қатысушыларға жүгініп, іс-шараны тоқтату туралы нұсқауды орындау үшін қосымша уақыт белгілейді;

      2) іс-шараны тоқтату туралы нұсқауды орындамаған жағдайда, ішкі істер органдарының қызметкерлері бұл ретте Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әрекет ете отырып, іс-шараны тоқтату бойынша қажетті шараларды қабылдайды.

      Іс-шараны тоқтату бойынша көрсетілген тәртіп жаппай тәртіпсіздік, бүлік шығару, өрт салу және шұғыл әрекеттерді қажет ететін басқа да жағдайларда қолданылмайды. Мұндай жағдайда іс-шараны тоқтату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Іс-шара қатысушыларының ішкі істер органдары қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамауы немесе іс-шараның жекелеген қатысушыларының оларға бағынбауы (қарсылық көрсетуі) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.

      18. Бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды өткізу шарттарын қамтамасыз ету:

      1) іс-шараны ұйымдастырушы, лауазымды тұлғалар және басқа да азаматтардың іс-шараға қатысушылардың қоғамдық тәртіпті және іс-шараны өткізу регламентін бұзбайтын әдіспен өзінің пікірін білдіруіне кедергі келтірмейді;

      2) іс-шараны өткізуге себеп болған мәселелер жолданған мемлекеттік билік органдары осы мәселелердің мәні бойынша қарайды, ол бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қажетті шешім қабылдайды, қабылданған шешім туралы іс-шараның ұйымдастырушысына хабарлайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады