"Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі Заңының 26-бабына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның мәслихаты ШЕШТІ:
1. "Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" Ғабит Мүсірепов атындағы аудан мәслихатының 2015 жылғы 30 қазандағы № 38-7 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу тізілімінде № 3487 болып тіркелді, "Әділет" Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды) Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындауың қағидаларына (бұдан әрі - Қағидалар) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
Қағидалардың 2-тармағы келесі редакцияда жазылсын:
"2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайлар туындауына байланысты көрсетілетін әлеуметтік көмек үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарастыру бойынша аудан әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;
4) әлеуметтік бейімдеу жөніндегі шаралар - "Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі Заңының 21-бабында айқындалған мүгедектерді әлеуметтік оңалту шаралары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен көрсетілетін өзге де мемлекеттік қолдау шаралары түрінде әлеуметтік орта жағдайларына бейімделуі мақсатында ұсынылатын шаралар;
5) әлеуметтік келісімшарт – жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының жұмыссыз, өз бетінше жұмыспен айналысушы және табысы аз азаматтары қатарындағы жеке тұлға мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасындағы, тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын келісім;
6) ең төмен күнкөріс деңгейі – облыстағы статистика органдарымен есептелген мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;
7) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары – өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз және табысы аз халықтың қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандарды, мемлекет Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асыратын мемлекеттік қолдау шаралары;
8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
9) отбасыға көмектің жеке жоспары (бұдан әрі – жеке жоспар) – уәкілетті орган өтініш берушімен және (немесе) оның отбасы мүшелерімен бірлесіп жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және (немесе) отбасы мүшелерін әлеуметтік бейімдеу жөнінде құрған іс-шаралар жоспары;
10) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
11) отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты – "Өрлеу" жобасына қатысуға отбасының атынан әрекет ететін жұмысқа қабілетті жеке тұлға мен тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындаушы уәкілетті орган арасындағы келісім;
12) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
13) уәкілетті орган – "Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
14) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін ауылдық округ әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
15) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.";
Қағидалардың 36-тармағы келесі редакцияда жазылсын:
"36. Осы Қағидалардың 9-10-қосымшаларына сәйкес әлеуметтік келісімшарт негізіндегі шартталған әлеуметтік көмекке құқық айқындалғаннан кейін уәкілетті орган өтініш берушіні және (немесе) оның отбасы мүшелерін отбасыға көмектің жеке жоспарын (бұдан әрі – жеке жоспар) әзірлеу және отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшартын жасау үшін шақырады.
Бұл ретте, бір жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 38-тармағында көзделген жағдайларды және 1, 2-топ мүгедектерін, оқушыларды, студенттерді, тыңдаушыларды, курсанттарды және күндізгі оқу нысанындағы магистранттарды қоспағанда, өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар санатына жатқызылған өтініш берушілер "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі Заңына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларына қатысуға жұмыспен қамту орталығына жіберіледі не жергілікті бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларына жолдама беріледі.
Қағидалардың 1-қосымшасы осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
Қағидалардың 3-қосымшасы осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
Келесі мазмұндағы 15-1 тармақпен толықтырылсын:
"15-1. Әлеуметтік көмек осы Қағидалардың 3-қосымшасының 20) тармақшасында көрсетілген негіздеме бойынша кірістер есебінсіз, жүрген жол құны мөлшерінде қажетінше көрсетіледі.".
2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Атаулы күндерінің, мереке күндерінің, алушылар санаттарының тізбесі, сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсетудің еселігі және мөлшері
Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу және адамның (отбасының) материалдық-тұрмыстық жағдайына тексеру жүргізуге арналған негіздемелердің түпкілікті тізбесі
1) жетiмдiк;2) ата-ана қамқорлығының болмауы;
3) кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалуы, оның iшiнде девианттық мiнез-құлық;
4) кәмелетке толмағандардың ерекше тәртіпте ұстайтын білім беру ұйымдарында болуы;
5) туғанынан үш жасқа дейiнгi балалардың ерте психофизикалық дамуы мүмкiндiктерiнiң шектелуi;
6) дене және (немесе) ақыл-ой мүмкiндiктерiне байланысты ағза функцияларының тұрақты бұзылуы;
7) әлеуметтік маңызы бар аурулардың және айналасындағыларға қауiп төндiретiн аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінiң шектелуі;
8) жасының егде тартуына байланысты, ауруы және (немесе) мүгедектiгi салдарынан өзiне-өзi күтiм жасай алмау;
9) әлеуметтiк бейiмсiздiкке және әлеуметтiк депривацияға әкеп соқтырған қатыгез қарым-қатынас;
10) баспанасыздық (белгiлi бiр тұрғылықты жерi жоқ адамдар);
11) бас бостандығынан айыру орындарынан босау;
12) қылмыстық-атқару инспекциясының пробация қызметінде есепте тұру;
13) табиғи зілзала немесе өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне залал келтіру, немесе әлеуметтік мәні бар аурулары (қатерлі ісіктің пайда болуы, туберкулездің ауыр түрі, мүгедек балалар) болған жағдайда өз еркімен емделу;
14) Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның мәслихаты белгілеген жан басына шаққандағы орташа табыс мөлшері 1,0 өмір сүру минимумынан аспайтын болуы;
15) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектердің және кепілдіктері мен жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдардың тіс протездеуге мұқтаждығы;
16) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерінің және кепілдіктері мен жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген Қазақстан Республикасының санаторий мен профилакторийлерінде санаторлық-курорттық емделуге мұқтаждығы;
17) Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерінің коммуналдық қызметтерді төлеу және отын сатып алу үшін шығынның орнын толтыруға мұқтаждығы;
18) туберкулездің белсенді түрімен ауыратын тұлғалардың тоқсан сайынғы мұқтаждығы;
19) еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің (адамның) отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарт жасаған кезінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысқан жағдайда, 60 пайыз ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;
20) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерінің және оларға теңестірілгендердің, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілгендердің өзге де санаттарының, сондай-ақ Семей ядролық полигоны аймағындан зардап шеккендердің Қазақстан Республикасының аумағында теміржол (плацкарт вагон), жолаушылар тасымалдайтын автомобиль көлігінің (таксиден басқа) бір түрімен жөнелту бекетінен госпитальдау орнына дейін және кері жол жүруге мұқтаждығы.