Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы әкімдігінің регламентін бекіту туралы

Күшін жойған

Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша аудандық әкімдігінің 2016 жылғы 3 наурыздағы № 81 қаулысы. Солтүстік Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2016 жылғы 31 наурызда N 3672 болып тіркелді. Күші жойылды – Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы әкімдігінің 2017 жылғы 10 сәуірдегі № 103 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы әкімдігінің 10.07.2017 № 103 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      "Әкімшілік рәсімдер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 2000 жылғы 27 қарашадағы 9-1-бабының 1-тармағына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 30-бабы 4-тармағына және "Облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) және аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдіктерінің үлгі регламенттерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 24 сәуірдегі № 546 қаулысына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы әкімдігінің қоса беріліп отырған регламенті бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
      Аудан әкімі Е. Иманслям

  Солтүстік Қазақстан обысы Тайынша ауданы әкімдігінің 2016 жылғы 03 наурыздағы № 81 қаулысымен бекітілген

Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы әкімдігінің регламенті

1. Жалпы ережелер

      1. Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының әкімдігі (бұдан әрі - әкімдік) Қазақстан Республикасы атқарушы органдарының бірыңғай жүйесіне кіреді, тиісті аумақтың мүдделері мен қажеттіліктеріне сай атқарушы биліктің жалпы мемлекеттік саясаттың жүзеге асыруын қамтамасыз етеді.
      2. Әкім әкімдіктің құрамын әкім орынбасарларынан, әкім аппаратының басшысынан, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың бірінші басшыларынан құрайды.
      Әкімдік мүшелерінің саны әкіммен айқындалады.
      Әкімдіктің дербес құрамын әкім айқындайды және Тайынша ауданы мәслихаты сессиясының шешімімен келіседі.
      3. Әкімдіктің қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңымен, Қазақстан Республикасының өзге-де нормативтік құқықтық актілерімен және осы Регламентпен реттеледі.
      4. Әкімдіктің ақпараттық-талдау, ұйымдастыру-құқықтық және материалдық-техникалық қызметін қамтамасыз етуді Тайынша ауданы әкімінің аппараты (бұдан әрі-аппарат) іске асырады.
      5. Әкімдіктің іс қағаздарын жүргізу және әкімдікке түсетін хат-хабарларды өңдеу аппаратқа жүктеледі және "Әкімшілік рәсімдер туралы" Қазақстан Республикасы 2000 жылғы 27 қарашадағы Заңының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес әзірленетін және аудан әкімі (бұдан әрі — әкім) бекітетін тәртіппен іске асырылады.
      5-1. Мемлекеттік органдарға жіберілетін шығыс хат-хабарлар (оның ішінде электрондық құжат форматында) елтаңбалық бланкіде мемлекеттік тілде ресімделеді (қажет болған жағдайда орыс тіліндегі нұсқасы қоса беріледі).
      6. Қала әкімінің орынбасарлары мен аппарат басшысы әкімдікке және әкімнің қарастыруына енгізілген осы Регламентпен белгіленген актілер жобалары өту тәртібінің сақталуын қамтамасыз етеді.

2. Жұмысты жоспарлау

      7. Әкімдік отырыстарында қаралатын мәселелердің тоқсан сайынғы тізбесін әкімдік мүшелері және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар (бұдан әрі-атқарушы органдар) басшыларының ұсынысы бойынша аппарат жасайды.
      Әкімдік отырыстарында қарауға жоспарланған мәселелер тізбесін әкім бекітеді.
      Бекітілген тізбе әкімдік мүшелеріне, сондай-ақ қажет болған жағдайда, атқарушы органдар басшыларына және басқа да лауазымды тұлғаларға таратылады.
      Әкім аппарат басшысы ұсынатын анықтама негізінде жоспарланған мәселені тізбеден алып тастау немесе оны қарауды басқа да мерзімге ауыстыру туралы шешім қабылдайды.

3. Әкімдік отырыстарын дайындау және өткізу тәртібі

      8. Әкімдіктің отырыстары кемінде айында бір рет өткізіледі, және оны әкім шақырады.
      9. Әкімдіктің отырыстарында әкім, ал ол болмаған жағдайда, әкімнің міндетін атқаратын орынбасары төрағалық етеді.
      10. Әкімдіктің отырыстары, әдетте, ашық болып табылады және мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде жүргізіледі.
      Қажет болған жағдайда, жекелеген мәселелер әкімдіктің жабық отырыстарында қаралуы мүмкін.
      11. Әкімдік отырысы, егер оған әкімдік мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысса, заңды саналады.
      Әкімдік отырысында мәселені қараудың нәтижелері бойынша қаулылар қабылданады.
      Қаулылар әкімдіктің қатысып отырған мүшелерінің көпшілік дауысымен қабылданады.
      12. Әкiмдіктің мәжілістерінде Қазақстан Республикасы Парламентiнiң, мәслихаттың депутаттары, қала және ауылдық округтерінің әкімдері, сондай-ақ әкім бекіткен тізбе бойынша кеңесші дауыс құқығымен орталық атқарушы органдар аумақтық бөлiмшелерiнiң басшылары және өзге лауазымды адамдар қатыса алады.
      13. Аппараттың және атқарушы органдардың әкімдік отырысында қаралуға тиісті мәселелер дайындау мынадай талаптарды сақтай отырып іске асырылады:
      әкiмдік мәжiлiсiне енгiзiлетiн анықтамаларға, талдау материалдарына, қаулылардың жобаларына құжатты енгiзетiн органның бiрiншi басшысы не оны алмастыратын адам (бұдан әрi - бiрiншi басшы) алдын ала бұрыштама қояды, оның қолы осы органның ресми көзқарасын растау болып табылады; 
      жоба мен анықтама, әдетте, аралығы екі жол арқылы басылған 5 бет мәтіннен аспауы тиiс; 
      әрбiр мәселе бойынша жобаның және анықтаманың тақырыптары бiрдей болуы тиiс; 
      әкімдік отырысына енгізілетін материалдарға, қажет болған жағдайда, қосымша ақпараттық мәліметтер қоса беріледі;
      талқыланатын мәселелер бойынша әкімдік отырысына шақырылғандардың тізімін айқындауды және нақтылауды мәселені енгізетін орган немесе аппарат жүзеге асырады. Шақырылғандардың келуін аппарат қамтамасыз етеді.
      14. Аппарат отырыстың күн тәртібінің жобасын жасайды және оны әкіммен немесе оны алмастыратын тұлғамен келісілгеннен кейін, оны және тиісті материалдарды әкімдік мүшелеріне және шақырылғандарға таратады, ал қажет жағдайда аппарат басшысы бекіткен тарату көрсеткішіне сәйкес отырысқа дейін үш күн бұрын өзге-де лауазымды тұлғаларға таратады.
      Тиісті органдар материалдарды уақытылы ұсынбаған жағдайда, аппарат басшысы бұл туралы әкімге немесе оны алмастыратын тұлғаға баяндайды. Материалдардың уақытылы ұсынылмауына жауапкершілік тиісті органдардың бірінші басшыларына жүктеледі.
      Әкімнің тапсырмасы бойынша шұғыл түрде әкімдік отырысын өткізген кезде қаралатын мәселелер жөніндегі материалдар аппаратқа ол өткізілетін күні енгізілуі мүмкін.
      15. Әкімдік отырысына қатысатын лауазымды тұлғалар, талқыланатын мәселелердің атауы және мән-жайы, талқылау кезіндегі баяндамашылар мен сөз сөйлеушілер және әкімдік мүшелері қабылдаған қаулы көрсетілетін хаттама жүргізіледі. Әдетте отырыстың стенограммасы жүргізіледі, отырыстарда қарастырылатын мәселелер электронды, ақпарат тасымалдаушыларына жазылады.
      Әкімдіктің отырысында қабылданған шешімдер, аппараттың тиісті бөлімімен отырыс аяқталған күннен бастап үш күндік мерзімде елтаңба бейнеленген бланктегі, мемлекеттік тілдегі (қажет болған жағдайда орыс тілдегі нұсқасы қоса беріледі) хаттамамен ресімделеді оған аппарат басшысы бұрыштама қояды және отырыста төрағалық етуші қол қояды.
      Әкімдік отырыстарының хаттамаларына күнтізбелік жылға реттік нөмірлер беріледі. Хаттамалар немесе оның үзінділері, оларға қол қойылған күні әкімдік мүшелеріне, ал қажет жағдайда отырыстың барысында берілген тапсырмалар берілген өзге де органдарға және лауазымды тұлғаларға жіберіледі. Тарату тізбесін аппарат басшысы бекітеді.
      Әкімдік отырыстарының хаттамалары (түпнұсқалары), сондай-ақ олардың құжаттары аппаратта сақталады.
      Әкімдік отырысының хаттамалары және олардың құжаттары уақытша сақтау мерзімдері өткеннен кейін мұрағатқа өткізіледі.

4. Әкімдік пен әкім актілерінің жобаларын дайындау және ресімдеу тәртібі

      16. Тиісті шешімді қабылдау үшін әкімдік атына жіберілетін ұсыныстар атқарушы органдармен келесі жағдайларда енгізіледі:
      1) мәселені шешу әкімдіктің құзыретіне кіретін болса;
      2) жергілікті атқарушы органдар арасында даулар пайда болса;
      17. Аппарат және жергілікті атқарушы органдар "Нормативтік құқықтық актілер туралы", "Әкімшілік рәсімдер туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына және осы Регламентке сәйкес әкімдік қаулыларының, әкім шешімдері мен өкімдерінің жобаларын (бұдан әрі — жобалар) дайындауды іске асырады.
      Мүдделі органдармен келісілген, бірінші басшылар немесе оларды алмастыратын тұлғалар қол қойған жобалар мемлекеттік және орыс тілдерде ұсынылады.
      18. Жобалардың уақытылы, сапалы әзірленуіне және әкімдікке белгіленген мерзімдерде ұсынылуына, сондай-ақ жобаның мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің бірегейлігіне оны әзірлеуді іске асырушы органның бірінші басшысы дербес жауапты болады.
      19. Жобалар міндетті түрде мыналармен келісіледі:
      1) құзыретiне орай мүдделi атқарушы органдармен, бұл ретте жобаны келiсудегi мұндай мүдделiлік қаралатын мәселелердiң мән-жайы ескеріле отырып, белгiленедi; 
      2) қаржы саласындағы тиісті атқарушы органмен - жобаның қаржылық орындылығы және қаржыландырумен қамтамасыз етiлуi мәселелерi бойынша. 
      20. Жобаны әзірлеуші жобаның көшірмелерін бір мезгілде барлық мүдделі атқарушы органдарға келісу үшін жібереді.
      Атқарушы органдарда келісу мерзімі бұл ретте бір мезгілде саналады және әкімдік пен әкім актілерінің жобалары келіп түскен және тіркелген сәтінен бастап 3 жұмыс күннен аспауы тиіс.
      Әкім, әкімнің орынбасарлары және аппарат басшысы басқа мерзімдерді белгілеу мүмкін.
      Әкімнің, әкім орынбасарларының, аппарат басшысының тапсырмалары бойынша шешімдерді неғұрлым жедел қабылдау мақсатында атқарушы органдар басшылары немесе лауазымды тұлғалар (лауазымы бойынша орынбасарларынан төмен болмауы тиіс) кеңесте (отырыста) жобаға бұрыштама қоюы мүмкін. Бұл ретте көрсетілген лауазымды тұлғалар жобаға өздерінің бұрыштама қойғандығы туралы тиісті атқарушы органның басшысына баяндайды.
      Жобаның көшірмелерін келісуге алған кезде атқарушы органдар жобаға басқа мүдделі органдардың алдын ала бұрыштама қоюларын талап етуге, сондай-ақ басқа желеулермен келісуден бас тартуға тиісті емес.
      21. Келісуші орган жобаны қараудың нәтижелері бойынша әзірлеушіге бірінші басшының не оны алмастыратын тұлғаның қолы қойылған жауаптың мынадай нұсқаларының бірін ұсынуы тиіс:
      1) жоба ескертулерсіз келісілген (жобада бұрыштама бар);
      2) жоба ескертулермен келісілген (жобадағы қоса берілуге тиіс ескертулермен бұрыштама);
      жобаны келісуден бас тартылды (дәлелді бас тарту қоса беріледі).
      22. Келісудің мерзімдері аяқталғаннан кейін жобаны әзірлеуші жобаның түпкілікті нұсқасына мүдделі органдардың барлық ұсыныстарын жинақтайды (ескертулерді жояды). Бұл ретте түпкілікті нұсқаны дайындау үдерісінде әзірлеуші өзі келіскен, атқарушы органдардың ескертулерін міндетті түрде жояды.
      Жобаны әзiрлеушi жобаны аппаратқа енгiзу кезiнде мүддесi осы жобада қозғалып отырған орган бұрыштамасының болмау себептерiн (мұндай факт болған жағдайда) түсiндiрме жазбада көрсетедi, бұл ретте, енгiзiлген материалдарға тиiстi органға келiсу үшiн енгiзiлгенiн растайтын құжаттың көшiрмесi қоса берiледi. Мұндай растау болмаған жағдайда, жоба мүдделi органға келiсуге жiберiлмеген болып есептеледi. 
      23. Әзірлеуші осы жобаны қабылдау қажеттілігін, әлеуметтік экономикалық салдарын, ол қабылданған жағдайда, оны іске асырумен байланысты болжанып отырған қаржылық шығыстар негізделген түсіндірме жазбаны, сондай-ақ бұл мәселе бойынша бұрын әкімдіктің және әкімнің қандай актілері қабылданғаны және олардың қалай орындалғаны туралы мәліметтерді міндетті түрде жобаға қоса береді.
      Егер актілер жобалары нормативтік сипатта және/немесе әлеуметтік-экономикалық мәселелерін қозғайтын болса әзірлеуші түсіндірме жазбада күтілетін нәтижелердің нақты мақсаттарын, күтілетін нәтижелердің мерзімдерін және енгізілетін ұсыныстардың болжамдалған тиімділігін көрсетуге міндетті. Әкімдік немесе әкім осы актілерді қабылдаған жағдайда әзірлеуші оларды іске асырудың қорытындысы бойынша актілерде белгіленген мерзімдерге сәйкес олардың қызметінің нәтижелері туралы қысқа есепті беруі тиіс.
      Мемлекеттік органның басшысы-жобаны әзірлеуші екі парақтан аса көлемдегі жобалардың және жобаларға қосымшалардың әр парағына алдын ала қол қоюы тиіс.
      24. Жобаны әзiрлеушi жобада бiр мезгiлде әкiмдік қаулыларын және/ немесе әкiм шешiмдерi мен өкімдерiн қабылданатын актiлерге сәйкес келтiру жөнінде нормалар көздейдi және/немесе нақты мерзiмдер белгiлей отырып, оларды сәйкес келтiру туралы тапсырманы көздейдi. 
      25. Әзiрленген (пысықталған) жоба (оған тиiстi материалдармен бiрге) жоба бойынша сараптама жүргiзу және қорытынды дайындау үшiн (бұдан әрi - сараптама) аппаратқа енгiзiледi. Аппаратта тiркеу алдында жобаның іс қағаздарын жүргiзу талаптарына сәйкестiгi тексерiледi. 
      Жобаның іс қағаздарын жүргізу талаптарына сәйкес еместiгi туралы ескертулер болған ретте, аппарат жобаны тiркеуге дейiн әзiрлеушiге қайтаруға құқылы. 
      Жоба аппаратта тiркелгеннен кейiн оның мәтiндерiнiң мемлекеттiк және орыс тiлдерiндегi түпнұсқалылығы тексерiледi және сараптамадан өтедi. Жобаға сараптама жүргізу мерзiмi жобаның аппаратта тiркелген күнінен бастап 3 жұмыс күнiнен аспауы тиiс. 
      Әкім аппараты оның мәтiндерiнiң түпнұсқалылығын тексеру, сараптама жүргiзу барысында немесе оның нәтижелерi бойынша жобаны мынадай негiздер бойынша әзiрлеушiге пысықтауға қайтаруға құқылы: 
      1) жоба мәтiндерiнiң мемлекеттiк және орыс тiлдерiндегі мәтіндердің түпнұсқалы еместiгi;
      2) оның Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келмейтiндiгi; 
      3) осы Регламенттiң талаптары бұзыла отырып ұсынылуы. 
      Басқа желеулер бойынша терiс сараптамалық қорытынды жобаны қайтару үшiн негiз бола алмайды.
      26. Жобаларды әкiмнiң орынбасарларында келiсу мiндеттердiң бөлiнуiне сәйкес жүзеге асырылады. Әкімнің орынбасарларында мазмұндық сипатта ескертулер туындаған жағдайда, олар қажет болған ретте нәтижелерi хаттамамен ресiмделетiн кеңес шақырады. Жоба аппаратта сараптамадан өткеннен кейiн аппарат басшысы ол бойынша шешiм қабылдау үшiн әкiмге не оны алмастыратын адамға баяндайды. 
      27. Әкiмдіктің қаулыларына, әкiмнiң шешiмдерi мен өкiмдерiне әкім қол қояды. Актілерге қол қойғаннан кейiн олардың түпнұсқаларына түзетулер енгiзiлмейдi. 
      28. Аппарат әкімдік қаулыларының, әкім шешiмдерi мен өкiмдерiнiң куәландырылған көшiрмелерiн аппарат басшысы бекіткен жіберілімге сәйкес таратады. 
      Әкiмдік қаулыларының, әкiм шешiмдерi мен өкiмдерiнiң түпнұсқалары аппаратта сақталады. 
      Құжаттардың уақытылы шығарылуы және жөнелтiлетiн алушыларға таратылуы үшін жауапкершiлiк аппаратқа жүктеледi.
      29. Техникалық қателерi болған ретте әкiмдік қаулыларының, әкiм шешiмдерi мен өкiмдерiнiң бұрын таратылған даналары тек аппарат басшысының рұқсатымен ғана ауыстырылуы мүмкiн. Бұл жағдайда, бастапқыда таратылған құжаттар аппаратқа қайтарылып алынуы тиiс. 
      30. Аппарат әкiмдік және әкiм қабылдаған актілердің есебiн, жүйеленуiн және бақылау даналарын жүргiзудi, оларға ағымдағы өзгерiстер мен толықтыруларды енгiзудi жүзеге асырады. 
      31. Әкімдіктің және (немесе) әкімнің жалпыға міндетті маңызы бар, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты актілері Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аумақтық органдарында мемлекеттік тіркеуге және жергілікті атқарушы органдар айқындаған газеттерде және өзге де мерзімді басылымдарда ресми жариялануға жатады. 
      32. Аппарат актілердi жариялауға жiберудi жүзеге асырады. 
      33. Мемлекеттiк құпиялардан немесе заңмен қорғалатын құпиядан тұратындарынан басқа, әкiмдік және әкiм қабылдаған нормативтiк құқықтық актілермен танысу үшiн мүдделi адамдарға рұқсат беру мiндеттi болып табылады және оны аппарат басшысы айқындайтын тәртiппен аппарат жүзеге асырады.

5. Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Үкiметiнiң, Премьер-Министрiнiң, әкiмдіктердің және облыс, аудан әкiмдерінiң актілерi мен тапсырмаларын орындауды ұйымдастыру тәртiбi

      34. Заң актілерін, Президент, Yкiмет, Премьер-Министр, әкiмдік және әкiм актілерін орындауды ұйымдастыру Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiн қол қоюға дайындау, келiсу, ұсыну және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерi мен тапсырмаларын орындауды бақылау тәртiбi туралы ереженi бекiту туралы" 1998 жылғы 2 қазандағы № 4097 Жарлығына, осы Регламентке және Қазақстан Республикасының өзге заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      35. Заң актілері, Республика Президентiнiң, Республика Yкiметiнiң, Премьер-Министрiнiң, Солтүстік Қазақстан облысы және Тайынша ауданы әкiмдіктерінің және әкiмдерiнің актілері мен тапсырмалары және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың өз құзыреттері шегіндегі өзге де тапсырмалары бақылауға алынады. 
      36. Заң актілерінің, Республика Президентiнiң, Республика Yкiметiнiң, Премьер-Министрiнiң, Солтүстік Қазақстан облысы және Тайынша ауданы әкiмдіктерінің және әкiмдерінiң актілері мен тапсырмаларының уақытылы әрі сапалы орындалуына жауапкершiлiк осылар орындауға жiберiлген атқарушы органдардың бiрiншi басшыларына жүктеледi. 
      37. Әкiмнiң және оның орынбасарларының тапсырмаларында құжаттарды орындаудың мерзiмдерi белгiленедi. Мерзiмдер орындалмаған жағдайда, құжаттың түскен күнiнен есептелетiн орындаудың бiр айлық мерзiмi, ал "шұғыл" деген белгі болған жағдайда - он күндiк мерзiм белгiленедi.
      38. Егер тапсырманың белгiленген мерзiмiнде орындалуы мүмкiн болмаса, онда тапсырманың орындалуына жауапты органның бiрiншi басшысы (не оның мiндетiн атқарушы адам) кiдiрудiң себептерi туралы хабарлауға және оны орындау мерзiмiн ұзарту туралы белгіленген тәртіппен өтiнiш беруі тиiс. Тапсырманы орындау мерзiмiн ұзартуға екi реттен артық жол берiлмейдi. 
      39. Заң актілерінің, Республика Президентiнiң, Республика Yкiметiнiң, Премьер-Министрiнiң, Солтүстік Қазақстан облысы және Тайынша ауданы әкімдіктерінің және әкiмдерінiң актілері мен тапсырмаларының орындалу мерзiмдерiн бақылау жөнiндегi қызметінің талдау-ақпараттық қамтамасыз етуді аппарат әкім айқындаған тәртіппен жүзеге асырады. 
      40. Аппарат заң актілерінің, Республика Президентiнiң, Республика Yкiметiнiң, Премьер-Министрiнiң, Солтүстік Қазақстан облысы және Тайынша ауданы әкiмдіктерінің және әкiмдерінiң актілері мен тапсырмаларының орындалу барысы туралы әкiмдi жүйелi хабардар ете отырып, әкімнің олардың орындалуын бақылау жөнiндегі қызметiн қамтамасыз етедi.
      Әкiмнiң орынбасарлары, аппарат басшысы заң актілерін, Республика Президентiнiң, Республика Yкiметiнiң, Премьер-Министрiнiң, Солтүстік Қазақстан облысы және Тайынша ауданы әкімдіктерінің және әкiмдерінiң актілері мен тапсырмаларын келісудің және орындаудың белгіленген тәртiбiнiң өрескел бұзылу фактiлерi бойынша кiнәлi лауазымды адамдарды тәртiптiк жауапкершiлiкке тарту жөнiнде ұсыныстар енгiзе алады.

6. Әкімдіктің нормативтік құқықтық қаулыларының, аудан әкімінің нормативтік құқықтық шешімдерінің құқықтық мониторингін жүргізу кезінде Тайынша ауданы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің өзара іс-қимыл жасау тәртібі

      41. Аудан әкімі аппараты басшысының бұйрығымен ағымдағы күнтізбелік жылдың 20 желтоқсаннан кешіктірмей тиісті құрылымдық бөлімшелермен өзінің уәкілетті органының құрылымдарымен бірлесіп, Нормативтік құқықтық актілердің тізіліміне енгізілген, құқықтық мониторингі жүргізілетін нормативтік құқықтық актілердің (өзгертулер және/немесе толықтырулар енгізу туралы актілердің есебінсіз) көрсетілуімен және алдағы күнтізбелік жылға ай сайынғы бөлумен нормативтік құқықтық актілер мониторингін жүргізу кестесі бекітіледі.
      Кесте іс-шаралар мен нормативтік құқықтық актілер тізіліміне енгізілген нормативтік құқықтық актілер (өзгертулер және/немесе толықтырулар енгізу туралы актілердің есебінсіз) мониторингін жүргізудің нақты мерзімдерін, сондай-ақ мониторинг жүргізілген нормативтік құқықтық актілерге мерзімді түрде қайтарылуын (әр жарты жыл сайын, бұл жартыжылдықта қабылданған актілерді қоспағанда) көздейді.
      42. Нормативтік құқықтық актілердің құқықтық мониторингі тиісті құрылымдық бөлімшесімен әзірленген және (немесе) қабылданған нормативтік құқықтық актілерге қатысты Тайынша ауданы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерімен жүргізіледі.
      Әкімдіктің нормативтік құқықтық қаулыларының, нормативтік құқықтық шешімдерінің жоғары деңгейдегі нормативтік құқықтық актілермен сәйкессіздігі анықталған жағдайда жоғары деңгейдегі жаңа нормативтік құқықтық актілер күшіне енген күнінен бастап бір ай мерзімінде Тайынша ауданы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелері өзгертулер және (немесе) толықтырулар енгізу бойынша немесе Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте оларды күші жойылған деп тану бойынша оларды қабылдайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады