Кентау қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қалалық мәслихатының 2016 жылғы 19 шілдедегі № 31 шешімі. Оңтүстік Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2016 жылғы 5 тамызда № 3823 болып тіркелді. Күші жойылды - Түркістан облысы Кентау қалалық мәслихатының 2020 жылғы 16 маусымдағы № 361 шешiмiмен

      Ескерту. Күші жойылды - Түркістан облысы Кентау қалалық мәслихатының 16.06.2020 № 361 шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілсін).

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 56 бабының 1 тармағының 4) тармақшасына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қантардағы Қазақстан Республикасының Заңының 6 бабының 2-3 тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудін, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Кентау қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған Кентау қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы бекітілсін.

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қалалық мәслихат
      сессиясының төрағасы К.Сырлыбаев
      Қалалық мәслихат хатшысы Т.Балабиев

  Кентау қалалық мәслихатының
2016 жылғы 19 шілдедегі
№ 31 шешімімен бекітілген

Кентау қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы

      1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы (бұдан әрі – қағида) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 21 мамырдағы №504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Әлеуметтік көмек Кентау қаласының тиісті әкімшілік-аумақтық бірлігінде тұрақты тұратын мұқтаж азаматтарға көрсетіледі.

1. Жалпы ережелер

      3. Осы қағидада қолданылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;

      3) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша облыстық маңызы бар қала әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      4) ең төмен күнкөріс деңгейі – облыстардағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы статистикалық органдар есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      5) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      6) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      7) орталық атқарушы орган – халықты әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік орган;

      8) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      9) уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын облыстық маңызы бар қаладағы халықты әлеуметтік қорғау саласындағы атқарушы органы;

      10) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;

      11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгерістер енгізілді - Түркістан облысы Кентау қалалық мәслихатының 14.02.2020 № 341 шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейінгі күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      4. Осы қағиданың мақсаты үшін әлеуметтік көмек ретінде Кентау қаласы әкімдігінің мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек түсініледі.

      5. "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы" 1995 жылғы 28 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 20 бабында және "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы қағидада көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      6. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.

      7. Әлеуметтік көмек мынадай мереке күндеріне көрсетіледі:

      1) 8 наурыз (Халықаралық әйелдер күнi) – "Алтын алқамен", "Күмiс алқамен" марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға, біржолғы 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) 21-23 наурызда (Наурыз мейрамы) – Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына, атап айтқанда:

      бейбіт уақытта әскери қызметін өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің отбасыларына, біржолғы 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) 1-2 қаңтар (Жаңа жыл) – қамқорлықтағы мүгедек балаларға, біржолғы 3 айлық есептік көрсеткіш мөлешрінде;

      4) 7 мамыр (Отан қорғаушылар күні) - бұрынғы КСР Одағы үкімет органдарының шешімдеріне сәйкес басқа мемлекеттің аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысқан – Совет Армиясының, Әскери-Теңіз флотының, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілеріне, бұрынғы КСР Одағы Ішкі істер министрлігінің қатардағы және басқарушы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшілерді қоса есептегенде); жаттығу жиындарына шақырылып, ұрыс қимылдары жүріп жатқан кезде Ауғанстанға жіберілген әскери міндеттілерге; ұрыс қимылдары жүріп жатқан осы елге жүк жеткізу үшін Ауғанстанға жіберілген автомобиль батальондарының әскери қызметшілеріне; бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшін ұшулар жасаған ұшу құрамының әскери қызметшілеріне; Ауғанстандағы кеңес әскери құрамына қызмет көрсеткен жараланған, контузия алған немесе зақымданған, яки ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдерімен наградталған жұмысшылар мен қызметшілерге, біржолғы 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-індегі апаттың, сондай-ақ азаматтық немесе әскери мақсаттағы обьектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен жаттығуларға тікелей қатысқан адамдарға, біржолғы 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Чернобыль АЭС–індегі апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы обьектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық қаруды сынаудың салдарынан мүгедек болған адамдар, сондай-ақ ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуы себебінен генетикалық жағынан мүгедек болып қалған олардың балаларына, біржолғы 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан үлесі үшін жыл сайынғы біржолғы материалдық көмекті:

      Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын күрес жүргізгендерге - 1000 000 теңгеден;

      Ұлы Отан соғыстарында майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілеріне,партизандары мен астыртын күрес жүргізгендерге,сондай-ақ Ұлы Отан соғыстары кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары жүргізіл- ген аудандарда, майдан маңындағы темір жол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен аэродромдардың құрылыстарында жаралануы, контузия алуы, жарақат алуы немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болып қалған әрі зейнетақымен қамсыздандыру бойынша әскери қызметшілерге теңестірілген тиісті санаттағы жұмысшылар мен қызметшілерге – 300 000 теңге;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде қорғанысына қатысу майдандағы армия бөлімдерінің әскери қызметшілері үшін белгіленген жеңілдік шарттарымен зейнетақы тағайындау үшін 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек сіңірген жылдарына есептелетін қалаларда қызмет өткерген, бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының әскери қызметшілеріне,сондай-ақ басшы және қатардағы құрамының адамдарына - 100 000 теңге;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кірген әскери бөлімдерде,штабтар мен мекемелерде штаттық қызмет атқарған Кеңес Армиясының,Әскери-Теңіз Флотының,бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік әскерлері мен органдарының ерікті жалдамалы құрамының адамдарына не тиісті кезеңдерде қорғанысына қатысу майдандағы армия бөлімдерінің әскери қызметшілері үшін белгіленген жеңілдік шарттарымен зейнетақы тағайындау үшін 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек сіңірген жылдарына есептелетін қалаларда болған адамдарға - 100 000 теңге;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кірген әскери бөлімдердің, штабтар мен мекемелердің құрамында полк баласы (тәрбиеленушісі) және юнга ретінде болған адамдарға -100 000 теңге;

      Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында шет елдердің аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар мен басқа антифашистік құралымдар құрамында фашистік Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға - 100 000 теңге;

      Бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариаты, Байланыс халық комиссариаты арнайы құралымдарының,кәсіпшілік және көлік кемелерінің жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтеру құрамының, Балық өнеркәсібі халық комиссариатының ,теңіз және өзен флотының, Солтүстік теңіз жолдары бас басқармасының ұшу-көтеру құрамының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшілер жағдайына ауыстырылған және ұрыс майдандарының тылдағы шептері, флоттардың оперативтік аймақтары шегінде майдандағы армия мен флот мүдделеріне орай міндеттер атқарған қызметкерлеріне, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезінде басқа мемлекеттердің порттарында еркінен айрылған көлік флоты кемелері экипаждарының мүшелеріне – 100 000 теңге;

      Бұрынғы КСР Одағын қорғау кезінде жаралануына, контузия алуына, жарақат алуы немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болып қалған әскери қызметшілерге – 100 000 теңге;

      Қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, жарақат алуы салдарынан не майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болып қалған бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 100 000 теңге;

      Ленинград қаласын қоршау кезеңінде қаланың кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен, "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен марапатталған азаматтарға – 60 000 теңге;

      екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердің, гетто және басқа да еріксіз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына – 60 000 теңге;

      1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украин КСР-і, Беларусь КСР-і, Литва КСР-і, Латвия КСР-і, Эстон КСР-і аумақтарында әрекет еткен халықты қорғаушы, жауды жоюшы батальондардың, взводтар мен жасақтардың жауынгерлері мен командалық құрамы қатарында болған, осы батальондарда, взводтар мен жасақтарда қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы немесе жарақат алуы салдарынан мүгедек болып қалған адамдарға – 60 000 теңге;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында қайтыс болған (хабар-ошарсыз кеткен) әскери қызметшілердің, партизандардың, астыртын күрес жүргізгендердің ата-аналарына, қайтадан некеге тұрмаған әйелдеріне (күйеулеріне) – 60 000 теңге;

      қайтыс болған Ұлы Отан соғысы мүгедектерінің басқа некеге тұрмаған әйелдеріне (күйеулеріне) – 30 000 теңге;

      Қайтыс болған Ұлы Отан соғысына қатысушылардың, партизандардың, астыртын күрес жүргізгендердің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен және "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен марапатталған, жалпы аурудың, еңбек жарақатының және басқа себептердің (құқыққа қарсы әрекеттерді қоспағанда) нәтижесінде мүгедек деп танылған азаматтардың басқа некеге тұрмаған әйелдеріне (күйеулеріне) – 30 000 теңге;

      Бұрынғы КСР Одағын қорғау кезінде жаралануы, контузия алуы, жарақат алуы салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болып қалған әскери қызметшілердің басқа некеге тұрмаған әйелдеріне (күйеулеріне) – 30 000 теңге;

      Қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, жарақат алуы салдарынан не майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болып қалған бұрынғы КСР Одағы мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамы адамдарының басқа некеге тұрмаған әйелдеріне (күйеулеріне) – 30 000 теңге;

      Украин КСР-і, Беларусь КСР-і, Литва КСР-і, Латвия КСР-і, Эстон КСР-і аумақтарында әрекет еткен халықты қорғаушы, жауды жоюшы батальондардың, взводтар мен жасақтардың жауынгерлері мен командалық құрамы қатарында болған, осы батальондарда, взводтар мен жасақтарда қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы немесе жарақат алуы салдарынан мүгедек болып қалған адамдардың басқа некеге тұрмаған әйелдеріне (күйеулеріне) – 30 000 теңге;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған адамдарға, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда 1941 жылғы 22 маусымнан бастап 1945 жылғы 9 мамырға дейін кемінде алты ай еңбек еткен (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталмаған адамдарға – 30 000 теңге;

      1988-1989 жылдардағы Чернобыль АЭС – індегі апаттың зардаптарын жоюға қатысқан, оқшалау аймағынан Қазақстан Республикасына қоныс аудартқан (өз еркімен көшкен) адамдар қоныс аудартқан күні анасының құрсағындағы балаларды қоса алғанда, біржолғы 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ұсынылады.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгерістер енгізілді - Түркістан облысы Кентау қалалық мәслихатының 14.02.2020 № 341 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейінгі күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.04.2020 № 357 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешiмдерімен.

      8. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Түркістан облысы әкімдігі бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.

      Арнайы және учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережелерді орталық атқарушы орган бекітеді.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - Түркістан облысы Кентау қалалық мәслихатының 14.02.2020 № 341 шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейінгі күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау
және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      9. Әлеуметтік көмек мынадай санаттағы азаматтарға ұсынылады:

      1) 80 жастан асқан жалғызілікті қарт азаматтарға, ай сайын бір айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;

      2) жеке оңалту бағдарламасы бойынша мүгедектерге қол арбамен қамтамасыз етуге;

      серуендеуге арналған қоларбаға, біржолғы 65 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;

      бөлмеге арналған қоларбаға, біржолғы 55 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;

      ересектерге арналған белсенді қоларбасына, біржолғы 310 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;

      мүгедек балаларға, біржолғы 60 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;

      жас өспірімдерге арналған қоларбаға біржолғы 60 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;

      3) адамның имун тапшылығының вирусы жұқтыру немесе жұқтырылған имун тапшылығының синдром ауруы медицина қызметкерлерінің және тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің кінәсінан болған олардың өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды өтеуге өтемақы, ай сайын 23,4 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;

      4) үйде оқып және тәрбиеленіп жатқан мүгедек балаларға, ай сайын бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) әлеуметтік маңызы бар туберкулез ауруына шалдыққан адамдарға және созылмалы бүйрек жетімсіздігі ауруына шалдыққан мұқтаж азаматтарға, ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      6) басылымдарға жазылу үшін - Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне біржолғы 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған адамдарға, біржолғы 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      7) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген адамдарға, мүгедектерге санаторлы курорттық емделуге жолдама алу үшін біржолғы 47 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;

      8) өмірлік қиын жағдайға ұшыраған азаматтарға бір жолғы 700 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - Түркістан облысы Кентау қалалық мәслихатының 14.02.2020 № 341 шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейінгі күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      10. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмектің мөлшері Түркістан облысы әкімдігінің келісімі бойынша бірыңғай мөлшерде белгіленеді.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - Түркістан облысы Кентау қалалық мәслихатының 14.02.2020 № 341 шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейінгі күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      11. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      12. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша Кентау қаласы әкімдігі бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.

      13. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе ауылдық округтің әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттарды:

      1) жеке басын куәландыратын құжатты;

      2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты;

      3) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларға (одан әрі – Үлгілік қағидалар) 1-қосымшаға сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтерді;

      4) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;

      5) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты ұсынады.

      14. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      15. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган немесе ауылдық округтің әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.

      16. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларға 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе ауылдық округ әкіміне жібереді.

      Ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.

      17. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.

      18. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда уәкілетті орган тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылдайды.

      19. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      20. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.

      21. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Осы қағиданың 17 және 18-тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе ауылдық округтің әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      22. Уәкілетті орган шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.

      23. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін аудандық мәслихат белгілеген шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.

      24. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Кентау қаласы бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      25. Жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күн көріс деңгейінен төмен аз қамтамасыз етілген отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшері айына отбасының әрбір мүшесіне ең төменгі күн көріс деңгейінің шамасын құрайды.

      Әлеуметтік көмек ай сайын немесе 3 айға бір рет төленеді. Әлеуметтік көмектің бір жолғы төлемі комиссия мен келісім бойынша жүргізіледі және тек қана әлеуметтік келісім-шарт бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты іс-шараларға, жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға (үймалын, құсын сатып алуға және т.б.), жеке кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға (алдыңғы қарыздарды өтеуге арналған шығындардан басқа) пайдаланылады.

      Ескерту. Қағида 25-тармақпен толықтырылды - Түркістан облысы Кентау қалалық мәслихатының 14.02.2020 № 341 шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейінгі күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      26. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;

      4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      27. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      28. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-Собес" және "Әлеуметтік көмек" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады