Бөрлі ауданында жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу тәртібін қосымша реттеу туралы

Күшін жойған

Батыс Қазақстан облысы Бөрлі аудандық мәслихатының 2016 жылғы 21 сәуірдегі № 2-3 шешімі. Батыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2016 жылғы 12 мамырда № 4398 болып тіркелді. Күші жойылды - Батыс Қазақстан облысы Бөрлі аудандық мәслихатының 2020 жылғы 13 ақпандағы № 47-5 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Батыс Қазақстан облысы Бөрлі аудандық мәслихатының 13.02.2020 № 47-5 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 наурыздағы "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу тәртібі туралы" Заңына сәйкес Бөрлі аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда Батыс Қазақстан облысы Бөрлі аудандық мәслихатының 25.08.2016 № 7-10 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      1. Қосымшаға сәйкес Бөрлі ауданында жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткізу тәртібі қосымша реттелсін.
      2. Аудандық мәслихат аппаратының басшысы (Б. Б. Мукашева) осы шешімнің әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде және бұқаралық ақпарат құралдарында оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрайымы Н. А. Шиганакова
      Мәслихат хатшысы А. А. Куликешев

  Бөрлі аудандық мәслихатының
2016 жылғы 21 сәуірдегі
№ 2-3 шешіміне
қосымша

Бөрлі ауданында жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен
демонстрациялар өткізу бойынша қосымша реттелген тәртібі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткізу бойынша қосымша реттелген тәртібі "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 наурыздағы Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленіп, Бөрлі ауданында жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу тәртібін қосымша реттейді.
      Ескерту. 1 тармақ жаңа редакцияда - Батыс Қазақстан облысы Бөрлі аудандық мәслихатының 25.08.2016 № 7-10 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      2. Заңдарда жиналыстар, митингілер, шерулер және демонстрациялар деп аталатын қоғамдық, топтық және жеке мүдделер мен қарсылық білдірудің нысандары ретінде, сонымен қатар қоғамдық орындарда аштық жариялауды, киіз үйлер, шатырлар, өзге де құрылыстар тұрғызуды және пикет қоюды түсіну керек.

2. Жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар
өткізу тәртібін қосымша реттеу

      3. Бөрлі ауданының әкімдігіне (одан әрі – Әкімдік) жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткізу туралы өтініш беріледі.
      4. Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткізу туралы өтініш, оны өткізу белгіленген мерзімінен кемінде он күн бұрын жазбаша нысанда беріледі. Өтініште шараның мақсаты, нысаны, өткізілетін орны немесе қозғалыс маршруттары, оның басталатын және аяқталатын уақыты, қатысушылардың ықтимал саны, уәкілдердің (ұйымдастырушылардың) және қоғамдық тәртіптің сақталуына жауапты тұлғалардың тегі, аты, әкесінің аты, олардың тұратын және жұмыс істейтін (оқитын) жері, өтініштің берілген күні көрсетіледі. Өтініштің берілген мерзімі Әкімдікте тіркелген күннен бастап есептеледі.
      5. Әкімдік өтінішті қарайды және өтініште көрсетілген шараның өткізілетін уақытынан кемінде бес күн бұрын уәкілдерге (ұйымдастырушыларға) қабылдаған шешім туралы хабарлайды.
      6. Жиналыс, митинг, шеру, пикет және демонстрация өткізу туралы өтініш беру кезінде осы тәртіптің 4-тармағының талаптары орындалмаған жағдайда (яғни – рәсімдік талаптар), ол жиналыстар, митингтер, шерулер, пикеттер және демонстрацияларды өткізуден бас тартуға негіз бола алмайды.
      Мұндай жағдайда Әкімдікпен жол берілген кемшілікті жаңа өтініш беру жолымен жоюды ұсына отырып, түсіндіру мазмұнындағы ресми жауап қайтарады. Жаңа өтінішті қарау мерзімі оның келіп түскен күнінен бастап есептеледі.
      7. Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрациялар өткізу кезінде уәкілдер (ұйымдастырушылар), сондай-ақ басқа да қатысушылар қоғамдық тәртіпті сақтауға міндетті.
      8. Шараларға ұйымдастырушылар мен оларға қатысушылардың:
      1) көліктің және жаяу жүргіншілердің қозғалысына бөгет жасауына;
      2) елді мекендегі инфрақұрылым объектілерінің үздіксіз жұмыс істеуіне кедергі келтіруіне;
      3) Әкімдіктің келісімінсіз киіз үйлер, шатырлар өзге де уақытша құрылыстар тұрғызуына;
      4) жасыл желектер, шағын сәулет нысандарына залал келтіруіне;
      5) заңды тұлғалардың жеке меншіктеріне және азаматтарға материалдық шығын келтіретін, адамдардың денсаулығы мен өміріне қарсы қолданылатын, сондай-ақ басқа да арнайы дайындалған немесе бейімделген заттар, суық, ату және басқа да қарулардың болуына;
      6) алкогольдік ішімдік ішкен және есірткі қабылдаған жағдайда митингке, шеруге, пикетке немесе демонстрацияға қатысуға;
      7) қоғамдық тәртіпті бұзуға, қылмыс жасауға, нәсілдік, ұлттық, әлеуметтік араздықты, діни төзімсіздікті, тектік астамшылықты қоздыру, республиканың конституциялық құрылысын күш қолданып құлату, аумақтық тұтастығына қол сұғуға бағытталған транспаранттарды, ұрандар және басқа да материалдарды (визуалды, аудио/видео) қолдануға, сондай-ақ көпшілік алдында сөз сөйлеуге;
      8) алкогольдік ішімдіктер ішуге, есірткі заттарды қолдануға, психотропты заттарды, соған ұқсас заттарды және прекурсорларды пайдалануға;
      9) шараны өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуші мемлекеттік органдар өкілдерінің қызметіне кез келген нысанда араласуына тыйым салынады.
      9. Бөрлі ауданында митингтер мен жиналыстарды өткізу орындары Ақсай қаласы, Абай даңғылының соңы (сахна маңы), Железнодорожная көшесі, 139, орталық стадионы белгіленсін.
      10. Бөрлі ауданында шеру және демонстрация өткізетін орындарының келесі маршруттары белгіленсін:
      Ақсай қаласындағы Абай даңғылынан бастап Сырым Датұлы көшесіне дейінгі аралықтағы Железнодорожная көшесі;
      Ақсай қаласындағы Абай даңғылында орналасқан сахнадан бастап Железнодорожная көшесіне дейінгі аралықтағы Абай даңғылы бойынша.
      11. Әкімдікпен белгіленген жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу орындары видео бақылау камераларымен, орындықтармен, жарықпен және күл-қоқыс салатын жәшіктермен жабдықталады.
      12. Пикеттер өтініште көрсетілген мақсаттарға сәйкес, белгілі уақытта, келісілген орында жүргізілуі тиіс.
      13. Пикеттің басқа (митинг, жиналыс, шеру, демонстрация) формадағы жалғасуына, басқа форматта өзгеруіне Әкімдігінен белгіленген тәртіпке сәйкес рұқсат алуы қажет.
      14. Әкімдік бір уақытта, бір күнде және бір орында кемінде 3 жекелеген пикет өткізуге рұқсат етуі мүмкін.
      Әртүрлі жекелеген пикеттердің қатысушылары бір-бірінен 50 метрден кем емес қашықтықта тұруы керек.

3. Жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды
өткізу бойынша қосымша реттелген тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік

      15. Жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткізудің белгіленген тәртібін бұзған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап береді.
      Жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды өткізу кезінде оларға қатысушылардың азаматтарға, қоғамдық бірлестіктерге, мемлекетке келтірген материалдық залалы үшін заңда белгіленген тәртіп бойынша өтем жасалуға тиіс.
      Жиналыс, митинг, шеру, пикет, демонстрация өткізілетін жерде қоғамдық тәртіпті сақтау, үй-жайлар беру, санитарлық тазарту, жарық беру және радиоландыру жөніндегі туындаған барлық қосымша шығындарды оларды ұйымдастырушылар өтейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады