Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттік басқару және өзiн-өзi басқару туралы", және 2016 жылғы 6 сәуірдегі "Халықты жұмыспен қамту туралы" Заңдарын басшылыққа ала отырып, аудан әкiмдiгi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды және ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын жастар қатарындағы азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарының жалпы санының бес пайызы мөлшерінде жұмыс орындарына квота белгіленсін.
2. "Бөкей ордасы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
3. Аудан әкімі аппаратының басшысы (Е. Айтқалиев) осы қаулының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде және бұқаралық ақпарат құралдарында оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
4. Аудан әкімдігінің "Қылмыстық-атқару инспекциясы пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар үшін, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар үшін және интернаттық ұйымдарды бітіруші кәмелетке толмағандар үшін жұмыс орындарына квота белгілеу туралы" 2013 жылғы 30 қаңтардағы № 23 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3182 тіркелген, 2013 жылғы 2 наурыздағы "Орда жұлдызы" газетінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкiмiнiң орынбасары Л. Қайырғалиеваға жүктелсiн.
6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Бөкей ордасы ауданы әкімі | Н. Рахымжанов |