Жайылымдардың, оның ішінде аридтік жайылымдардың тозуымен және шөлейттенуімен күрес жөніндегі іс-шараларды жүргізу әдістемесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2017 жылғы 27 сәуірдегі № 185 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 18 мамырда № 15128 болып тіркелді

      "Жайылымдар туралы" 2017 жылғы 20 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 5) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жайылымдардың, оның ішінде аридтік жайылымдардың тозуымен және шөлейттенуімен күрес жөніндегі іс-шараларды жүргізу әдістемесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесінің ресми жариялау және Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберілуін;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
міндетін атқарушы
Т. Рақымбеков

      КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      ______________ Б. Сұлтанов

      2017 жылғы 28 сәуір

  Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
міндетін атқарушысының
2017 жылғы 27 сәуірдегі
№ 185 бұйрығымен
бекітілген

Жайылымдардың, оның ішінде аридтік жайылымдардың тозуымен және шөлейттенуімен күрес жөніндегі іс-шараларды жүргізу әдістемесі

1-тарау. Жалпы ереже

      1. Осы Жайылымдардың, оның ішінде аридтік жайылымдардың тозуымен және шөлейттенуімен күрес жөніндегі іс-шараларды жүргізу әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) "Жайылымдар туралы" 2017 жылғы 20 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 5) тармақшасына сәйкес әзірленді және жайылымдардың, оның ішінде аридтік жайылымдардың тозуымен және шөлейттенуімен күрес жөніндегі іс-шараларды жүргізу кезінде қолданылады.

      2. Осы Әдістемеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) аридтік жайылымдар – сиретілген жартылай бұталы, сирек шөптесін өсімдіктері бар шөлді және шөлейтті аумақтарда орналасқан жайылымдар;

      2) жайылым айналымы – Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарға сәйкес жайылымдарды өнімді жай-күйде ұстап тұру үшін оларды кезең-кезеңмен және бірізді пайдалану және оларға күтім жасау жүйесі;

      3) жайылымдардағы азық түсімділігі – алаң бірлігінен азықтық массаның орташа жиналымын сипаттайтын, 1 гектар алаңнан центнермен, тоннамен есептелетін көрсеткіш;

      4) жайылымдардың тапталып бүлiнуi (жайылымдық алқаптардың пайдаланудан шығуы) – бірнеше жыл бойғы шамадан тыс жайылымдық жүктемеден шалғыны сиреген, арамшөптер басым болып, түсімділігі мен азық сапасы төмендеген жайылымдар тозуының ең соңғы сатысы;

      5) жайылымдардың тозуы – антропогендік және (немесе) табиғи әсер ету нәтежиесінде жайылымдардың табиғи-шаруашылық маңыздылығының төмендеуіне алып келетін жайылым алқаптары қасиеттерінің нашарлауы;

      6) жайылым учаскесін демалдыру – өсімдік жамылғысы қалпына келгенге дейін ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін тозған жайылым учаскелерін пайдаланбаудың қысқа мерзімді немесе ұзақ мерзімді (табиғи аймағына байланысты) кезеңі;

      7) жайылымдардардың шөлейттенуі – түрлі факторлардың әсері, оның ішінде климаттың өзгеруі және адам қызметі нәтижесінде топырақты, өсімдік пен фаунаны қоса алғанда, аумақтардың тозуы;

      8) топырақ дефляциясы – топырақтың желдік эрозиясы, топырақтың механикалық құрамынан ұсақ бөлшектерді желдің үріп әкету процесі.

      3. Жайылымдардың, оның ішінде аридтік жайылымдардың тозуымен және шөлейттенуімен күрес жөніндегі іс-шаралар мыналарды:

      1) жайылымдардың, оның ішінде аридтік жайылымдардың тозуы мен шөлейттенуі индикаторларын белгілеу жөніндегі іс-шараларды;

      2) тозған және шөлейттенген жайылымдарды, оның ішінде аридтік жайылымдарды қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды;

      3) жайылымдардың, оның ішінде аридтік жайылымдардың тозуымен және шөлейттенуімен күрес жөніндегі іс-шараларды қамтиды.

2-тарау. Жайылымдардың, оның ішінде аридтік жайылымдардың тозуы мен шөлейттенуі индикаторларын белгілеу жөніндегі іс-шаралар

      4. Тозу мен шөлейттену табиғи және антропогендік факторларға негізделген. Бұл ретте, табиғи факторлар адамның шаруашылық қызметімен туындаған процестер әрекетінің қарқындылығына әсер етеді, ал тозудың антропогендік факторлары табиғи факторлардың әрекетін күшейтеді, оған сәйкес бір фактор екінші факторды күшейтеді.

      Физикалық, биологиялық және әлеуметтік көрсеткіштерді есепке алу негізінде сапалық және сандық ақпаратты қамтитын, тозу мен шөлейттену процестерінің индикаторлары маңызды мәнге ие. Физикалық көрсеткіштерге топырақ, биологиялық көрсеткіштерге өсімдіктер мен жануарлар, ал әлеуметтік көрсеткіштерге ауылдық аудандардың тұрғындары әлеуметі жатады.

      Тозу мен шөлейттену процестері индикаторларына жайылымдардың жай-күйін мыналар бойынша зерделеу кіреді:

      1) осы Әдістемеге 1-қосымшаға сәйкес тозған және шөлейттенген жайылымдардың, оның ішінде аридтік жайылымдардың физикалық индикаторлары;

      2) осы Әдістемеге 2-қосымшаға сәйкес тозған және шөлейттенген жайылымдардың, оның ішінде аридтік жайылымдардың биологиялық индикаторлары;

      3) жайылымдар шалғынының арамшөп басуы дәрежесі:

      табиғи шалғында арамшөптердің үлесі жалпы проекциялық жамылғының 5-10 пайызы (%) немесе жерүсті массасы салмағының 15 пайызына (%) дейін болатын әлсіз арамшөп басқан;

      шалғынның проекциялық жамылғысы бойынша 10-нан 30 пайызға (%) дейін және салмағы бойынша 15-тен 40 пайызға (%) дейін болатын орташа арамшөп басқан;

      шалғынның проекциялық жамылғысы 30 пайыздан (%) көп немесе салмақ бойынша 40 пайыздан (%) жоғары болатын қатты арамшөп басқан дәрежелер бойынша жайылымдар шалғынының арамшөп басуы;

      4) жайылымдар шалғынында улы және зиянды өсімдіктердің болуы:

      әлсіз арамшөп басқан, мұнда шалғында проекциялық жамылғы немесе жерүсті массасының салмағы бойынша 5 пайызына (%) дейін улы және зиянды өсімдіктер үлесіне келеді;

      орташа арамшөп басқан, мұнда шалғында проекциялық жамылғы бойынша 5-тен 15 пайызға (%) дейінгі немесе жерүсті массасының салмағы бойынша 15 пайызы (%) улы және зиянды өсімдіктер үлесіне келеді;

      қатты арамшөп басқан, мұнда шалғында проекциялық жамылғы бойынша 15 пайыздан (%) көп немесе жерүсті массасының салмағы бойынша 30 пайызы (%) улы және зиянды өсімдіктер үлесіне келеді;

      5) жайылымның тапталу дәрежесі:

      әлсіз тапталған – шалғын табиғи өсімдіктердің жалпы проекциялық жамылғысының 25 пайызына (%) дейін сиреген;

      орташа тапталған – шалғын табиғи өсімдіктердің жалпы проекциялық жамылғысының 50 пайызына (%) дейін сиреген және бірнеше жыл бойғы шамадан тыс жайылымдық жүктеме нәтижесінде азықтың сапасы нашарлайды және түсімділік төмендейді;

      толықтай тапталған – учаскедегі барлық дерлік топырақ бетінің өсімдіктері жоқ және эрозиялық процестердің дамуы байқалады. Әдетте, мұндай жайылымдар тұрақты суаттар (құдықтар, тоғандар, апандар және тағы басқа) маңында орын алады.

      Жайылымдардың тозған және шөлейттенген учаскелерін айқындау үшін далалық бағдарлық зерттеулер жүргізудің оңтайлы мерзімдері осы Әдістемеге 3-қосымшада белгіленген.

      5. Аридтік жайылымдар үшін жайылымдық тозудың мынадай шәкілі қолданылады:

      1) тозудың бірінші сатысы – мал жаюдың болмашы жүктемесімен сипатталады (жайылым кезеңінде өсімдіктердің 65 пайызға (%) дейін желінуі), жусан жабыны басым. Ауыл шаруашылығы жануарлары жейтін жартылай бұталы өсімдіктер түрлерінің (шығыс сораңы, жатаған изен) таралымы мен сапалық жай-күйі жақсы. Эфемероидтар мен эфемерлер (қияқөлең, қоңырбас, бойдана, мортық және тағы басқа) жақсы өсіп дамыған және жауын-шашынның бөлінуі бойынша қолайлы жылдары бұталар арасындағы кеңістікті алып жатады. Мүк пен қына алып жатқан беткей алаңы 10 пайыздан (%) аспайды. Жусанды-эфемерлі типті жайылымдардың жай-күйі (тамыр жабыны) аздап әлсіреген. Топырақ бетінде өзгерістер жоқ дерлік;

      2) тозудың екінші сатысы – жартылай бұталы өсімдіктер (әсіресе, жатаған изен мен күйреуік) санының азаюымен, арпаған, шөл жауылшасы, құм ебелегі және ауыл шаруашылығы жануарлары нашар жейтін басқа да өсімдік түрлері санының өсуімен сипатталады. Мүк пен қына тозудың бұл сатысында сирек, тек жартылай бұталылардың бұталары маңында шағын шоқ-шоқ болып кездеседі. Топырақ аздап желдік эрозияға ұшыраған (әлсіз дефляция). Жануарлардың тұяғымен оңай деформацияланатын, борпылдақ беткі қабаттың қалыптасуы байқалады;

      3) тозудың үшінші сатысы – өсімдік жабынының доминанты боз жусанның сирек кездесуімен және оның тым әлсірегендігімен сипатталады. Шалғында күйреуік пен жатаған изен болмайды. Ебелек кеңінен таралған, учаскеде адыраспан пайда болады. Аталған сатыда топырақ орта дәрежеде желдік эрозияға ұшыраған (орта дефляция). Жануарларды жаю кезінде жайылымдардағы топырақ беті өте қатты қопсиды және эрозия ошағына айналады. Ұсақ топырақтың кетіп, топырақтың қаңқа бөлігінің ұлғаюынан, қабаттың шағалдылығы 0-10 сантиметр, бұл 10-20 сантиметр қабатқа қарағанда 1,3-1,5 есе жоғары;

      4) тозудың төртінші сатысы немесе жайлымдардың тапталып бүлінуі (жайылымдық алқаптардың пайдаланудан шығуы) – адыраспан жоқ немесе оның жаппай өскіндері өскен учаскелерді білдіреді. Екі жағдайда да бұл учаскелердің азықтық алқаптар ретінде құндылығы жоқ. Мұндай жайылымдардың топырақ беті желдік эрозияға қатты ұшыраған (орта дефляция), қабаттық шағалдылығы 0,1-ден 10 сантиметрге дейін, бұл 10-20 сантимер қабатқа қарағанда 2 есе жоғары.

      6. Тозған және шөлейттенген жайылымдардың, оның ішінде аридтік жайылымдардың бар екендігін және олардың орналасқан жерін жерді ғарыштан зондтау деректерінің, аэрофототүсірілім материалдарының да көмегімен анықтауға болады.

      Бұл ретте жайылымдардың жай-күйі тек осы Әдістеменің 4 және 5-тармақтарында айқындалған өлшемшарттарға сәйкес жерүсті тәсілімен (далалық зерттеп қараумен) ғана айқындалады.

3-тарау. Тозған және шөлейттенген жайылымдарды, оның ішінде аридтік жайылымдарды қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар

      7. Тозған және шөлейттенген жайылымдарды қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар аймақтарға, өсімдік пен топырақ жабынның жай-күйіне байланысты болады және мынадай тәсілдермен жүзеге асырылады:

      1) табиғи аймағына, жайылымдар типіне, тозу деңгейіне, топырақтық-климаттық жағдайына байланысты белгілі бір уақыт кезеңінен соң бастапқы жай-күйіне қайта оралатын демалыс беру арқылы тозған және шөлейттенген жайылымдарды табиғи жолмен қалпына келтіру. Мұндай қалпына келтіруге тозудың төртінші сатысындағы жайылымдар жатады.

      Мұндай тозған жайылымдар, оның ішінде аридтік жайылымдар бір шаршы метрде бұдан бұрынғы қандай да бір өсімдік қоғамдастығын құрайтын кемінде үш тірі көпжылдық өсімдік орналасқан жағдайда, қалпына келуге қабілетті болады.

      Тозған және шөлейттенген жайылымдарды қалпына келтірудің міндетті талабы алаптар демалысының бүкіл кезеңінде мал жаю мен пішен оруды толық тоқтату болып табылады.

      Тозған және аридтік жайылымдарды ұзақ уақыт (15 жылдан жоғары) пайдаланбауда (демалдыру кезеңінде) өсімдік жабыны жай-күйінің мынадай үш кезеңі болады:

      калпына келтіру кезеңі – 4-5 жыл;

      өнімділік кезеңі – 6-11 жыл;

      әлсірей бастау кезеңі – 11 жылдан соң (түсімділіктің төмендеуі).

      Түсімділіктің төмендеуінің себептері экологиялық және ценотикалық жағдайлардың (өсімдік ассоциациясы) өзгеруі, мүк жабынының пайда болуы, желінбейтін және улы өсімдіктердің көбеюі болып табылады;

      2) жайылымдардың тозуымен және шөлейттенуімен күрестің тиімді құралы болып табылатын жайылым айналымдары схемаларын пайдалана отырып, жайылымдарды қалпына келтіру.

      Өсімдік қоғамдастығының доминанттары мен қосалқы доминанттары генерациялау қабілетін жоғалта қоймаған, түрленген (түрін өзгерткен) жайылымдар тозудың үшінші сатысындағы жайылымдарға жатады. Көрсетілген жайылымдарға осы Әдістемеге 4-қосымшаға сәйкес учаскелерді маусымдар мен жайылымдардың демалуы бойынша пайдаланудың кезектілігімен төрт жылдық және үш маусымдық жайылым айналымы схемасын енгізу ұсынылады.

      Көсетілген бірізділік жағдайында түрленген жайылымдар (бірінші және екінші ротация) тамырлы өсімдіктерді біртіндеп қалпына келтіреді және осы Әдістемеге 5-қосымшаға сәйкес демалудағы жайылымдар учаскелерін қоспағанда, олар келешекте тиімді үш жылдық және үш маусымдық жайылым айналымы схемасы бойынша пайдаланылады.

      Жайылым айналымдары схемаларын пайдалану есебінен тозған және шөлейттенген жайылымдарды қалпына келтіруде нәтижелерге жетудің міндетті талабы:

      мал жаю жүктемесін барынша азайту (жайылымның жалпы көлеміне арналған жүктеменің жол берілетін нормасына сәйкес);

      шалғынды пайдаланудың орташа коэффицентін (далалық және қуаң далалық аймақ үшін – 65 пайыз (%), аридтік аймақ үшін – 60 пайызға (%) дейін) сақтау болып табылады.

      Үш маусымдық және үш жылдық жайылым айналымдары схемасы тозудың екінші сатысындағы жайылымдарға да қолданылады.

4-тарау. Жайылымдардың, оның ішінде аридтік жайылымдардың тозуымен және шөлейттенуімен күрес жөніндегі іс-шаралар

      8. Жайылымдардың, оның ішінде аридтік жайылымдардың тозуымен және шөлейттенуімен күрес жөніндегі іс-шаралар ғылыми-зерттеу институттары мен басқа да ұйымдардың жайылымдарды түбегейлі жақсарту жөніндегі ұсынымдарына сәйкес жайылымдарды түбегейлі жақсарту арқылы және (немесе) агротехникалық іс-шаралар жолымен жүзеге асырылады.

      Жайылымдарды түбегейлі жақсартуды тек зерттеп қарау нәтижелері бойынша өсімдіктері табиғи жолмен қалпына келу қабілетінен айрылған тозған жайылымдарға ғана жүргізген жөн.

      Тозған және шөлейттенген жайылымдарды, оның ішінде аридтік жайылымдарды жақсарту жөніндегі агротехникалық іс-шаралар осы Әдістемеге 6-қосымшада белгіленген.

      9. Жайылымдардың, оның ішінде аридтік жайылымдардың шөлейттенуімен және тозуымен күрес жөніндегі іс-шараларды әзірлеу мақсатында және оларды іске асыру кезінде жергілікті атқарушы органдар мүдделі мемлекеттік органдардың және басқа ұйымдардың өкілдерінен тұрақты жұмыс істейтін жұмыс комиссияларын құра алады.

      Жұмыс комиссияларының құрамы тиісті жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурсында жарияланады.

  Жайылымдардың, оның
ішінде аридтік жайылымдардың
тозуымен және шөлейттенуімен
күрес жөніндегі іс-шараларды
жүргізу әдістемесіне
1-қосымша

Тозған және шөлейттенген жайылымдардың, оның ішінде аридтік жайылымдардың физикалық индикаторлары

Көрсеткіштер

бірінші саты

екінші саты

үшінші саты

төртінші саты

Қалпына келтірілген учаскедегі көрсеткіштен 0-30 сантиметр қабатта қарашірік қорының азайюы, пайызбен (%):

cұр топырақта

5-10

11-30

31-50

50-ден жоғары

қоңыр топырақта

10-20

21-40

41-80

80-нен жоғары

Қалпына келтірілген учаскедегі көрсеткіштен 0-30 сантиметр қабатта шаршы сантиметрге грамм өлшемімен топырақтың көлемдік массасының ұлғаюы, пайызбен (%):

сұр топырақта

3

3-7

7-10

10-нан жоғары

соңыр топырақта

5

6-10

10-15

15-тен жоғары

      Ескертпе: соқпақтардың болуына қарай алқаптар былай бөлінеді:

      соқпақтардың сирек желімен, мұнда үстіңгі қабаттың 10 пайызына (%) дейін соқпақтар алып жатады;

      соқпақтардың орташа желісімен, мұнда 11-ден 30 пайызға (%) дейін соқпақтар алып жатады;

      соқпақтардың қалың желісімен, 30 және одан жоғары пайызын (%) соқпақтар алып жатады.

  Жайылымдардың, оның
ішінде аридтік жайылымдардың
тозуымен және шөлейттенуімен
күрес жөніндегі іс-шараларды
жүргізу әдістемесіне
2-қосымша

Тозған және шөлейттенген жайылымдардың, оның ішінде аридтік жайылымдардың биологиялық индикаторлары

Көрсеткіштер

бірінші саты

екінші саты

үшінші саты

төртінші саты

Жайылымдық өсімдіктердің прекциялық жамылғысы, орташа аймақтықтан пайызбен (%):

сұр топырақта

60-тан жоғары

50-40

41-30

10-нан төмен

қоңыр топырақта

80-нен жоғары

70-60

61-40

30-дан төмен

Жайылымдардың өнімділігінің төмендеуі, ауалы құрғақ массаның гектарына центнер өлшемімен, орта аймақтықтан пайызбен (%):

сұр топырақта

50-ден жоғары

70-100

100-150

200-ден төмен

қоңыр топырақта

20-дан жоғары

50-70

70-80

100-ден төмен

  Жайылымдардың, оның
ішінде аридтік жайылымдардың
тозуымен және шөлейттенуімен
күрес жөніндегі іс-шараларды
жүргізу әдістемесіне
3-қосымша

Жайылымдардың тозған және шөлейттенген учаскелерін айқындау үшін далалық бағдарлық зерттеулер жүргізудің оңтайлы мерзімдері

Облыстар атауы

Жұмыстарды жүргізу мерзімдері

Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының жазығы;
Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының оңтүстік аудандары;
эфемерлі өсімдіктер басым алаптар.

20 сәуір – 20 шілде

Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары;
Ақтөбе және Атырау облыстарының солтүстік аудандары;
Қарағанды және Павлодар облыстарының оңтүстік аудандары.

1 мамыр – 15 тамыз

Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарының таулы жайылымдары (теңіз деңгейінен 2 500 метрге жоғары).

15 мамыр – 1 қыркүйек

Солтүстік Қазақстандық;
Ақмола және Қостанай облыстарының солтүстік аудандары.

25 мамыр – 25 қыркүйек

Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының биік таулы жайылымдары.

1 шілде – 1 қыркүйек

  Жайылымдардың, оның
ішінде аридтік жайылымдардың
тозуымен және шөлейттенуімен
күрес жөніндегі іс-шараларды
жүргізу әдістемесіне
4-қосымша

Учаскелерді маусымдар мен жайылымдардың демалуы бойынша пайдаланудың кезектілігімен төрт жылдық және үш маусымдық жайылым айналымы схемасы

Жайылымдық учаскелер

пайдалану жылы

бірінші жыл

екінші жыл

үшінші жыл

төртінші жыл

бірінші

көктем

күз

демалу

жаз

екінші

жаз

көктем

күз

демалу

үшінші

демалу

жаз

көктем

күз

төртінші

күз

демалу

жаз

көктем

  Жайылымдардың, оның
ішінде аридтік жайылымдардың
тозуымен және шөлейттенуімен
күрес жөніндегі іс-шараларды
жүргізу әдістемесіне
5-қосымша

Демалудағы жайылымдар учаскелерін қоспағанда, үш жылдық және үш маусымдық жайылым айналымы схемасы

Жайылымдық учаскелер

пайдалану жылы

бірінші жыл

екінші жыл

үшінші жыл

бірінші

көктем

күз

жаз

екінші

жаз

көктем

күз

үшінші

күз

жаз

көктем

  Жайылымдардың, оның
ішінде аридтік жайылымдардың
тозуымен және шөлейттенуімен
күрес жөніндегі іс-шараларды
жүргізу әдістемесіне
6-қосымша

Тозған және шөлейттенген жайылымдарды, оның ішінде аридтік жайылымдарды жақсарту жөніндегі агротехникалық іс-шаралар

Орманды дала аймағында

р/с

Агротехникалық іс-шаралар

Жақсарту шарттары мен тәсілдері

1.

Топырақты дайындау, сантиметрмен (бұдан әрі –см)

Жалсыз сүрі жер типі бойынша;
өңдеу тереңдігі 18-20 см.

2.

Ұсынылатын дақылдар -жақсартқыштар

Жоңышқа, эспарцет, қылтанақсыз арпабас, бидайық;

3.

Себу нормасы (таза егіс), гектарға килограммен (бұдан әрі –кг/га)

Жоңышқа – 12 кг/га;
эспарцет – 70 кг/га;
қылтанақсыз арпабас – 25-30 кг/га;
бидайық – 14-16 кг/га.

4.

Тұқымды топыраққа тереңдікке енгізу

Жоңышқа – 2-3 см;
арпабас – 2-3 см;
бидайық – 2-3 см;
эспарцет – 4-5 см.

5.

Егу тәсілдері

15 см қатар аралығымен тұтас қатарлы егу, жамылғысыз, егуден соң тегістеу.

6.

Себу мерзімін сақтау

Көктем (мамырдың басы немесе маусымның соңы)

Қуаң далалық және далалық аймақтарда

1.

Топырақты дайындау

Топырақты 18-20 см тереңдікке аудара жырту немесе дискілі тырмамен (не ұқсас құралмен) 15-18 см тереңдікке өңдеу. Топырақ сүрі жер немесе ерте сүдіре жырту типі бойынша дайындалады. Жел эрозиясы қауіпі бар аумақтарда, егінді басым жел бағытына кесе көлденең орналастыра отырып, ені 50 метрден артық емес жолақты орналастыру пайдаланылады.

2.

Ұсынылатын дақылдар -жақсартқыштар

Көкшіл және (немесе) сары жоңышқа, құм эспарцеті, елек шөп тәрізді қияқ, кең масақты және тар масақты бидайық, қылтанақсыз арпабас.

3.

Себу нормасы (таза егіс)

Жоңышқа – 8-10 кг/га;
эспарцет – 40-45 кг/га;
бидайық – 10-12 кг/га;
қияқ – 7-10 кг/га;
қылтанақсыз арпабас – 12-14 кг/га.

4.

Тұқымды топыраққа тереңдікке енгізу

Жоңышқа – 2-3 см;
қияқ – 2-3 см;
арпабас – 2-3 см;
бидайық – 2-3 см;
эспарцет – 4-5 см.

5.

Егу тәсілдері

15 см қатар аралығымен тұтас қатарлы егу, егуден соң тегістеу. Қияқты 30-45 см қатар аралығымен себуге болады.

6.

Себу мерзімін сақтау

Ерте–көктемде, мүмкіндігінше алғашқы дала жұмысы басталғанда.

Сортаң топырақтарда

1.

Топырақты дайындау

Қалдықты және аз натрийлі топырақтар үшін сүрі жер типі бойынша 35 см дейінгі тереңдікте жалсыз өңдеуді қолдана отырып, 20-25 см тереңдікте аудара жырту ұсынылады. Жоғары және орташа натрийлі сортаң жерлер үшін, РСН-1,5, РСН-2,9 соқалармен 30-35 см тереңдікте аудармай жырту ұсынылады.

2.

Ұсынылатын дақылдар -жақсартқыштар

Түйежоңышқа, қияқ, шұбарбуданды жоңышқа, бидайық, көгілжім бидайық, алдын ала дақыл ретінде күздік қара бидайды қолдану.

3.

Себу нормасы (таза егіс)

Сортаң топырақта көпжылдық (екі жылдық) шөптерді себу нормасы аймақтық топырақпен салыстырғанда 25 пайызға (%) ұлғайтылады:
Жоңышқа – 12,5 кг/га;
түйежоңышқа – 12,5 кг/га;
қияқ – 12,5 кг/га;
бидайық –15,0 кг/га;
көгілжім бидайық – 17,5 кг/га;
күздік қара бидай – 80-100 кг/га.

4.

Тұқымды топыраққа тереңдікке енгізу

Түйежоңышқа – 2-3 см;
қияқ – 2-3 см;
шұбарбуданды жоңышқа – 2-3 см;
бидайық – 2-3 см;
көгілжім бидайық – 2-3 см;
күздік қара бидай – 5 см.

5.

Егу тәсілдері

15 см қатар аралығымен тұтас қатарлы егу, қияқты 30-45 см қатар аралығымен себу.

6.

Себу мерзімін сақтау

Ерте – көктемде мүмкіндігінше алғашқы дала жұмысы басталғанда. Күздік қара бидай қыркүйектің бірінші он күндігінде.

Гектарына 40 тонна есебімен топырақтың негізгі өңделуіне органикалық тыңайтқыштар енгізу ұсынылады

Топырақтың ауыр механикалық құрамымен аридтік жайылымдарда

1.

Топырақты дайындау

Бір мезгілде тегістеумен сүрі жер немесе сүдігер қағидаты бойынша 20-22 см тереңдікке қопсыта өңдеу.

2.

Ұсынылатын дақылдар - жақсартқыштар

Изен, күйреуік, қарашоқ, теріскен, жусан, сексеуіл, шоған, Палецкий және Рихтер шеркезі

3.

Себу нормасы (таза егіс)

Изен – 15 кг/га;
күйреуік – 8 кг/га;
қарашоқ – 6 кг/га;
теріскен – 20 кг/га;
сексеуіл – 10 кг/га;
шоған – 10 кг/га;
шеркез – 12 кг/га;
жусан – 4 кг/га.
Себу жарамды алаңға 100 пайыз (%) есебімен жүргізіледі және барлық жоғарыда тізбеленген өсімдіктерге қолданылады.

4.

Тұқымды тереңдікке топыраққа енгізу, см

Изен, күйреуік, қарашоқ, сексеуіл, шоған, шеркез, жусан 0,5-1,5 см. Тұқымды жабу егісті шығыршықты тегістегішпен тегістегеннен кейін жүргізіледі.

5.

Егу тәсілдері

15-30 см қатар аралығымен тұтас қатарлы егу. Ірі бұталар – қатар аралығы 60 см дейін. Себу арнайы ССТ-3 және (немесе) СТЗ-3,6 дәнсепкішімен жүргізіледі.

6.

Себу мерзімін сақтау

Қараша – қаңтар.

Топырақтың жеңіл механикалық құрамымен (құмды) аридтік жайылымдарда

1.

Топырақты дайындау

10-12 см тереңдікте топырақтың үстіңгі қабатын қопсыту, өңделетін алқаптың ені 5-6 см

2.

Ұсынылатын дақылдар -жақсартқыштар

Изен, күйреуік, теріскен, жусан, сексеуіл, шоған, Палецкий және Рихтер шеркезі

3.

Себу нормасы (таза егіс)

Изен – 15 кг/га;
күйреуік – 8 кг/га;
теріскен – 20 кг/га;
сексеуіл – 10 кг/га;
шоған – 10 кг/га;
шеркез – 12 кг/га;
жусан – 4 кг/га.
Себу жарамды алаңға 100 пайыз (%) есебімен жүргізіледі және барлық жоғарыда тізбеленген өсімдіктерге қолданылады.

4.

Тұқымды топыраққа тереңдікке енгізу

Изен, күйреуік, қарашоқ, сексеуіл, шоған, шеркез, жусан 0,5-1,5 см. Тұқымды жабу егісті шығыршықты тегістегішпен тегістегеннен кейін жүргізіледі.

5.

Егу тәсілдері

15-30 см қатар аралығымен тұтас қатарлы егу. Ірі бұталар – қатар аралығы 60 см дейін. Себу арнайы ССТ-3 және (немесе) СТЗ-3,6 дәнсепкішімен жүргізіледі.

6.

Себу мерзімін сақтау

Қараша – қаңтар.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады