"Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 295 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2021 жылғы 21 маусымдағы № 65 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 26 маусымда № 23187 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 295 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15630 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентінде:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламенті (бұдан әрі – Үлгі регламент) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 39-3-бабының 3-1-тармағына сәйкес әзірленді.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Жиналыс жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелер бойынша өткізіледі:

      бағдарламалық құжаттардың, жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларының жобаларын талқылау және қарау;

      аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ (бұдан әрі – ауылдық округ) бюджетінің жобасын және бюджеттің атқарылуы туралы есепті келісу;

      ауылдық округтің коммуналдық меншігін (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін) басқару жөніндегі ауылдық округ әкімі аппаратының шешімдерін келісу;

      бюджеттің атқарылуын мониторингтеу мақсатында жиналысқа қатысушылар қатарынан жергілікті қоғамдастық комиссиясын құру;

      ауылдық округ бюджетінің атқарылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау;

      ауылдық округтің коммуналдық мүлкін иеліктен шығаруды келісу;

      жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын талқылау;

      ауылдық округ әкіміне кандидат ретінде тіркеу үшін тиісті аудандық (қалалық) сайлау комиссиясына одан әрі енгізу үшін аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің ауылдық округ әкімі лауазымына ұсынған кандидатураларын келісу;

      ауылдық округ әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастамашылық жасау;

      жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақтарда орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау жөнінде ұсыныстар енгізу;

      жергілікті қоғамдастықтың басқа да ағымдағы мәселелері.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Заңның 39-3-бабы 3-тармағының 4-3) тармақшасында көзделген, жергілікті қоғамдастық жиналысының шақырылу уақыты, орны туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының мүшелері жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей хабардар етілетін жағдайды қоспағанда, жиналыстың шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы жиналыстың мүшелері жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен хабардар етіледі.

      Әкім аппараты жиналыстың мүшелеріне және әкімге жиналыстың қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды жиналысқа шақырғанға дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында ұсынады.".

      12 және 13-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Жиналыс өз өкілеттігі шеңберінде шақырылымға қатысып отырған жиналыс мүшелерінің көпшілік даусымен шешімдер қабылдайды.

      Дауыстар тең болған жағдайда жиналыстың төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.

      Жиналыстың шешімі хаттамамен ресімделеді, онда:

      1) жиналыстың өткізілген күні мен орны;

      2) жиналыс мүшелерінің саны және тізімі;

      3) өзге де қатысушылардың саны және тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) көрсетілген тізім;

      4) жиналыс төрағасы мен хатшысының тегі, аты, ккесінің аты (бар болса);

      5) күн тәртібі, сөйлеген сөздердің қысқаша мазмұны және қабылданған шешімдер көрсетіледі.

      Хаттамаға жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және хаттамада ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімі қамтылған жағдайларды қоспағанда, екі жұмыс күні ішінде ауылдық округ әкіміне беріледі.

      Ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы шешімі бар жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасына жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және бес жұмыс күні ішінде ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) тиісті мәслихатының қарауына беріледі.

      13. Жиналыс қабылдаған шешімдерді ауылдық округ әкімі бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарайды.

      Әкімдер жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімімен келіспейтіндігін білдіруге құқылы, бұл Үлгі регламенттің 2-тарауында көзделген тәртіппен осындай келіспеушілік тудырған мәселелерді қайта талқылау арқылы шешіледі.

      Ауылдық округ әкімінің келіспеушілігін тудырған мәселелерді шешу мүмкін болмаған жағдайда, мәселені жоғары тұрған әкім тиісті аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатының отырысында алдын ала талқылаудан соң шешеді.".

      2. Өңірлерді талдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
А. Иргалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады