Қазақстан Республикасы әскери прокуратура органдарының әскери қызметшілеріне өз мүлкін теміржол, автомобиль және ішкі су көлігімен республикаішілік тасымалдауға жұмсалатын шығыстарды мемлекет есебінен өтеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2017 жылғы 25 тамыздағы № 91 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 27 қыркүйекте № 15770 болып тіркелді.

      2012 жылғы 16 ақпандағы "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабының 8-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берілген Қазақстан Республикасы әскери прокуратура органдарының әскери қызметшілеріне өз мүлкін теміржол, автомобиль және ішкі су көлігімен республикаішілік тасымалдауға жұмсалатын шығыстарды мемлекет есебінен өтеу қағидалары бекітілсін.

      2. Бас әскери прокуратура:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шарушылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және оған енгізу үшін жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Бас әскери прокурорға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық лауазымды тұлғаларға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры
Ж. Асанов

  Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2017 жылғы 25 тамыздағы
№ 91 бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасы әскери прокуратура органдарының әскери қызметшілеріне өз мүлкін теміржол, автомобиль және ішкі су көлігімен республикаішілік тасымалдауға жұмсалатын шығыстарды мемлекет есебінен өтеу қағидалары

      1. Осы Қазақстан Республикасы әскери прокуратура органдарының әскери қызметшілеріне өз мүлкін теміржол, автомобиль және ішкі су көлігімен республикаішілік тасымалдауға жұмсалатын шығыстарды мемлекет есебінен өтеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы әскери прокуратура органдарының әскери қызметшілеріне (бұдан әрі – әскери қызметшілер) өз мүлкін теміржол, автомобиль және ішкі су көлігімен республикаішілік тасымалдауға жұмсалатын шығыстарды мемлекет есебінен өтеу тәртібін анықтайды.

      2. Әскери қызметшілердің өз мүлкін мемлекет есебінен тасымалдауға оны лауазымға тағайындау туралы бұйрық негізінде жаңа қызмет орнына ауысуы кезінде рұқсат етіледі.

      3. Өз мүлкін тасымалдау әскери қызметшінің бұрынғы қызмет ету орнынан (тұрғылықты жерінен) жаңа қызмет орнына (жаңа тұрғылықты жеріне) дейін жүргізіледі.

      4. Теміржол, автомобиль және ішкі су көлігімен өз мүлкін тасымалдау автомобиль жолының әрбір 20 (жиырма) шақырымына бір айлық есептік көрсеткіштен аспайтын көлемде жүзеге асырылады.

      Өз мүлкін тасымалдау бойынша нақты шығыстар мен бекітілген нормалар арасындағы айырмашылық жөнелтушінің жеке қаражаты есебінен төленеді.

      5. Әскери қызметшінің өз мүлкін тасымалдау кезіндегі шығыстарды мемлекет есебінен өтеу оның баянаты (еркін нысанда) және оған келесі құжаттарды қоса тіркеу негізінде жүргізіледі:

      1) автомобильмен тасымалдау кезінде:

      фискалды чек;

      кірісті кассалық ордер;

      шот-фактура;

      атқарылған жұмыстардың актісі (еркін нысанда);

      мүлікті тасымалдау келісімі;

      тұлғаның жүк тасымалдарын жүзеге асыруға құқығын растайтын құжаттар (патенті, кәсіпкерлік қызметтің түрі туралы анықтама);

      әскери қызметшінің және оның отбасы мүшелерінің нақты ауысуы, отбасының қандай мекен-жайдан келгендігін көрсетіп, соның ішінде келу күні мен жаңа тұрғылықты жері бойынша мекен-жайы туралы кадр аппаратының анықтамасы;

      2) теміржол, су көлігімен тасымалдау кезінде:

      фискалды чек;

      шот-фактура;

      атқарылған жұмыстардың актісі;

      әскери қызметшінің және оның отбасы мүшелерінің нақты ауысуы, отбасының қандай мекен-жайдан келгендігін көрсетіп, соның ішінде келу күні мен жаңа тұрғылықты жері бойынша мекен-жайы туралы кадр аппаратының анықтамасы.

      Өз мүлкін тасымалдауға жұмсалатын шығыстарды мемлекет есебінен өтеу кезінде әскери қызметшінің баянат берген күніне "2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджеті туралы" 2015 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленген айлық есептік көрсеткіш қолданылады.

      6. Өз мүлкін республикаішілік тасымалдауға жұмсалатын шығыстарды мемлекет есебінен өтеу:

      1) қаржыландыру жоспары бойынша қаражат болған кезде – ақшалай үлесті бір уақытта төлеу арқылы;

      2) қаражат болмаған жағдайда – жеке қаржыландыру жоспарына тиісті өзгертулер енгізгеннен кейін жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады