Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің әскери, арнаулы оқу орындарында немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарында оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2017 жылғы 27 қыркүйектегі № 85 қе бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 20 қазанда № 15917 болып тіркелді.

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 29.04.2024 № 65/қе (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 12-тармағының алтыншы бөлігіне, "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабы 10-тармағының он бірінші бөлігіне және Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 1 сәуірдегі № 2922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi туралы ереже 15-тармағының 249-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 29.04.2024 № 65/қе (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің әскери, арнаулы оқу орындарында немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарында оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеу қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 29.04.2024 № 65/қе (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін электрондық құжат және қағаз жеткізгіш нысанында, қазақ және орыс тілдерінде, ресми түрде жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директорына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің
Төрағасы
К. Мәсімов

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік
комитеті Төрағасының
2017 жылғы 27 қыркүйектегі
№ 85 қе бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің әскери, арнаулы оқу орындарында немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарында оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеу қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 29.04.2024 № 65/қе (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарының (бұдан әрі – ҰҚО) қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің әскери, арнаулы оқу орындарында (бұдан әрі – ӘАОО) немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарында оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – АрМО туралы Заң) 10-бабы 12-тармағының алтыншы бөлігіне, "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Әскери қызмет туралы Заң) 26-бабы 10-тармағының он бірінші бөлігіне және Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 1 сәуірдегі № 2922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi туралы ереже 15-тармағының 249-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және ҰҚО қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің ӘАОО немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарында оқуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеу тәртібін айқындайды.

      2. ҰҚО қызметкерлері мен әскери қызметшілері тамақтандыруды қамтамасыз ету, стипендия төлеу және ӘАОО-да оқу кезінде жол жүруге жұмсалған шығыстарға сәйкес бюджеттік қаражатты АрМО туралы Заңы 10-бабының 12 мен 13-тармақтарында және Әскери қызмет туралы Заңы 26-бабының 10-тармағында қарастырылған жағдайларда мемлекетке өтейді.

      Шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарында ҰҚО қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің оқытуға кететін шығыстар сомасы келісімшартта жəне (немесе) шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарымен білім беру қызметтерін көрсетуге жасалған шарттарда (келісімшарттарда) айқындалады.

2-тарау. Оқуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеу тәртібі

      3. ӘАОО-ның кадр бөлімшесі қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімшелерімен бірлесіп ӘАОО немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарында қызметкерге, әскери қызметшіге оқытуға жұмсалған нақты шығыстардың жиынтық есебі жыл сайын әр оқу курсын бітіргеннен кейін немесе ӘАОО-дан шығарып жіберілгеннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде Қағидаларға қосымшаға сәйкес қағаз жеткізгіште дайындалады және ӘАОО бастығы бекітеді.

      Оқу кезеңінде әр қызметкер мен әскери қызметшіге жиынтық есеп олардың жеке ісіне қоса тігіледі.

      4. ӘАОО-да оқытуға жұмсалған нақты шығыстар сомасы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен, ал шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарында оқу курсы аяқталу немесе шығарып жіберу күніне – Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің курсын қайта қаржыландыру мөлшерлемесі бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен есептеледі.

      5. Қызметкердің, әскери қызметшінің соңғы қызмет (оқу) орны бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (бұдан әрі – ҰҚК) ведомстволарының, құрылымдық бөлімшелерінің, аумақтық және өзге де органдарының кадр бөлімшесі:

      қызметтен (оқудан) шығарылғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде бөлімше басшысының атына мемлекетке ӘАОО-да немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарында оқыту үшін қызметкерге, әскери қызметшіге жұмсалған бюджеттік қаражатты өтеу қажеттігі туралы баянат ұсынады;

      мемлекетке өтелуі тиіс қарыздың есебін алған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде пошта байланысы немесе ұялы байланыстың абоненттік құрылғысына хабарлама жіберу арқылы қызметкерге, әскери қызметшіге оны күнтізбелік 30 күн ішінде өз еркімен өтеу туралы хабарлама береді.

      Ерікті түрде өтеу үшін ұсынылған берешекті күнтізбелік 30 күн өткеннен кейін өтемеген жағдайда, сотқа беру үшін заң бөлімшесіне ӘАОО тізіміне енгізу және одан шығару (босату) туралы бұйрықтан үзіндіні, қарыз есебі, қызмет өткеру туралы келісімшарттың, жеке куәліктің, қарызы туралы хабарламаның көшірмелерін қоса ұсына отырып, баянат жолдайды.

      6. ҰҚК ведомстволары, құрылымдық бөлімшелері, аумақтық және өзге де органдарының қаржы бөлімшесі оқитындарды ӘАОО немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарында оқытуға жұмсалған нақты шығыстардың жиынтық есебінің негізінде кадр бөлімшесінен баянат түскеннен кейін бес жұмыс күні ішінде қызметтен шығарылған қызметкерге, әскери қызметшіге мемлекет шығысын өтеуге қатысты есеп жасап, оны кадр бөлімшесіне береді.

      7. Оқуға жұмсалған шығыстарды өтеу жөніндегі талап қою жұмысын жұмыстан шығарылған немесе қызметкердің, әскери қызметшінің соңғы қызмет (оқу) орнына байланысты Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасымен белгіленген тәртіппен ҰҚК ведомстволары, құрылымдық бөлімшелері, аумақтық және өзге де органдарының заң бөлімшесі жүзеге асырады.

      8. ӘАОО немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарында қызметкерді, әскери қызметшіні оқытуға жұмсалған шығыстарды өтеуден түсетін ақша республикалық бюджеттің кірісіне аударылуға жатады.

  Қазақстан Республикасының
ұлттық қауіпсіздік
органдарының қызметкерлері
мен әскери қызметшілерінің
әскери, арнаулы оқу
орындарында немесе шет
мемлекеттердің білім беру
ұйымдарында оқытуға
жұмсалған бюджет қаражатын
мемлекетке өтеу қағидаларына
қосымша

      (нысан)

  Бекітемін
___________________________
(лауазымы)
____________________________
(әскери (арнаулы) атағы, тегі,
аты, әкесінің аты
(ол болған жағдайда)
20 ___ ж. "__"__________

Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерін, әскери қызметшісін

      ____________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда)

      ______________білім беру бағдарламасы бойынша 20__ жылғы "__" ____ бастап 20__

      жылғы "__" _____ оқу жылы (жылдары) оқыту кезеңінде оқытуға

      жұмсалған нақты шығыстардың

      жиынтық есебі

р/с №

Шығыстардың атауы

Шығындардың сомасы (теңге)

1

Стипендия


2

Жол жүру


3

Тамақтандыруды қамтамасыз ету


4*

Қазақстан Республикасы мен оқытатын ел арасында жасалған шарт сомасына барабар ақша (оқыған кезең үшін)



Оқытуға жұмсалған нақты шығындар қорытындысы


      Ескертпе:

      * – шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарынан шығарып жіберілген ҰҚО әскери қызметшілеріне қолданылмайды.

      Қызметкердің, әскери қызметшінің

      соңғы қызмет (оқу) орны бойынша

      кадр бөлімшісінің бастығы

      м.о.____________________________________________________________

      (әскери (арнаулы) атағы, қолы, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда)

      20__ж. "__" ___________

      Қызметкердің, әскери қызметшінің

      соңғы қызмет (оқу) орны бойынша

      материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімшісінің бастығы

      м.о.____________________________________________________________

      (әскери (арнаулы) атағы, қолы, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда)

      20__ж. "__" ___________

      Қызметкердің, әскери қызметшінің

      соңғы қызмет (оқу) орны бойынша

      қаржы бөлімшісінің бастығы

      м.о.____________________________________________________________

      (әскери (арнаулы) атағы, қолы, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда)

      20__ж. "__" ___________


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады