Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінде электр энергиясының тапшылығы мен профицитін айқындау қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2017 жылғы 20 қазандағы № 350 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 6 қарашада № 15973 болып тіркелді.

      "Электр энергетикасы туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 70-29) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінде электр энергиясының тапшылығы мен профицитін айқындау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасы және көмір өнеркәсібі департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және қосу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін ресми жариялауға мерзімдік баспа басылымдарына жіберуді;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
Қ. Бозымбаев

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2017 жылғы 20 қазандағы
№ 350 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінде электр энергиясының тапшылығы мен профицитін айқындау қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің м.а. 03.11.2023 № 386 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінде электр энергиясының тапшылығы мен профицитін айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 70-29) тармақшасына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінде (бұдан әрі – Қазақстан БЭЖ-і) электр энергиясының тапшылығы мен профицитін айқындау тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) теңгерімдеуші нарық жүйесі – электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінің сатып алуға өтінімдер және сатуға өнімдер беруіне, электр энергиясының өндіру-тұтынудың тәуліктің графигін қалыптастыруға, цифрлық майнерлер үшін электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттықтарының көлемін айқындауға, энергия өндіруші ұйымдар үшін электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттықтарының көлемін айқындауға, бекітілген тәуліктік графикке жүйелік оператормен келісілген түзетулер енгізуге, электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінің электр энергиясын өндіру-тұтынудың нақты мәндерін қалыптастыруға, электр энергиясының сағат сайынғы теңгерімсіздіктерін есептеуге, электр энергиясының көтерме сауда нарығында электр энергиясын сатып алу-сатудың сағат сайынғы бағаларын, сондай-ақ теңгерімдеуші электр энергиясын сатып алудың (сатудың) және теріс теңгерімсіздіктерді сатып алудың (сатудың) сағат сайынғы бағаларын есептеуге арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;

      2) электр энергиясының тапшылығы – Қазақстан Республикасының энергия өндіруші ұйымдарында Қазақстан Республикасының экономикасы мен тұрғындарының электр энергиясына деген қажеттілігін толық қанағаттандыру үшін жеткілікті көлемде электр энергиясын өндіру бойынша техникалық мүмкіндігінің (оның ішінде резервтегі қондырғылардың генерациялайтын қуаттарының) болмауы;

      3) электр энергиясының профициті – Қазақстан Республикасының энергия өндіруші ұйымдарында Қазақстан Республикасының экономикасы мен тұрғындарының нақты қажеттілігінен артатын көлемде электр энергиясын өндеуге техникалық мүмкіндігінің (резервтегі қондырғылардың генерациялайтын қуаттарын ескере отырып) бар болуы.

      Осы Қағидаларда қолданылатын басқа да ұғымдар Заңға сәйкес қолданылады.

2-тарау. Қазақстан БЭЖ-і электр энергиясының тапшылығы мен профицитін айқындау тәртібі

1-параграф. Қазақстан БЭЖ-і электр энергиясының алдағы айға тапшылығы мен профицитін айқындау тәртібі

      3. Жүйелік оператор резервтегі қондырғылардың генерациялайтын қуаттарын ескере отырып, осы Қағидалардың 4 және 5-тармақтарының негізінде әрбір сағатқа Қазақстан Республикасының барлық өңірлерін электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша техникалық мүмкіндікті есептеу арқылы айқындайды.

      4. Жүйелік оператор Қазақстан БЭЖ-індегі және оның бөліктеріндегі электр энергиясының болжамды тапшылығы мен профицитін мыналардың:

      1) электр станцияларында электр энергиясын өндіру бойынша технологиялық шектеулердің болуын есепке ала отырып, Қазақстан Республикасының энергия өндіруші ұйымдарының генерациялайтын жабдығын жөндеудің бекітілген графиктері;

      2) Ұлттық электр торабының электр желілік объектілерін жөндеудің бекітілген графиктері;

      3) энергиясы тапшылық өңірлерді генерацияның энергиясы артық тораптармен байланыстыратын электр жеткізу желілерінің өткізу қабілеті;

      4) Қазақстан БЭЖ-інің жекелеген бөліктері арасындағы электр байланысының болмауы;

      5) алдағы айға электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінің электр энергиясын өндіру және (немесе) тұтынудың жоспарланған сағаттық көлемі;

      6) электр энергиясын өндірудің-тұтынудың тәуліктік графигін қалыптастыру кезінде теңгерімдеуші нарық жүйесінде электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілері берген электр энергиясын сатып алуға өтінімдер мен сатуға өтінімдер негізінде айқындайды.

      Жүйелік оператор Қазақстан БЭЖ-індегі және оның бөліктеріндегі электр энергиясының болжамды тапшылығы мен профицитін Қазақстан БЭЖ-інің және оның бөліктерінің сенімді жұмысын қамтамасыз ету шарттары бойынша электр желілерінің техникалық мүмкіндігі негізінде түзетеді.

      5. Орталықтандырылған сауда нарығының операторын және электр энергиясын бірыңғай сатып алушыны (бұдан әрі – Бірыңғай сатып алушы) қоспағанда, электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілері жоспарланған айдың алдындағы әрбір айдың 20-күнінен кешіктірмей теңгерімдеуші нарық жүйесі арқылы жүйелік операторға алдағы айға электр энергиясын өндірудің және (немесе) тұтынудың жоспарланатын сағаттық көлемдерін береді.

      Электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектісі осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзімдерде ақпарат ұсынбаған жағдайда, алдағы айға электр энергиясын өндірудің және (немесе) тұтынудың жоспарланатын сағаттық көлемін жүйелік оператор осы субъектінің жоспарланатын айдың алдындағы айдағы электр энергиясын өндіру және тұтыну жөніндегі статистикалық ақпаратының негізінде есептейді.

2-параграф. Жүйелік оператордың тәуліктік график жасау кезінде электр энергиясының тапшылығы мен профицитін растау тәртібі

      6. Жүйелік оператор Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 106 бұйрығымен бекітілген Электр энергиясының көтерме сауда нарығын ұйымдастыру мен оның жұмыс істеу қағидаларының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10531 болып тіркелген) 5-тарауына сәйкес теңгерімдеуші нарық жүйесінде берілген электр энергиясын сатып алуға өтінімдер мен электр энергиясын сатуға өтінімдер негізінде электр энергиясын өндіру-тұтынудың тәуліктік графигін қалыптастырады және бекітеді.

      7. Сатып алуға өтінімдерде көрсетілген электр энергиясын сатып алу көлемі электр энергиясын сату көлемінен асатын сағаттарда электр энергиясының тапшылығы айқындалады.

      8. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде өндірілетін электр энергиясын сатып алуды жоспарлайтын Бірыңғай сатып алушы, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар және цифрлық майнерлер теңгерімдеуші нарық жүйесінде өтінімдер береді.

      Жүйелік оператор осы Қағидалардың 7-тармағының негізінде тапшылықты растау (айқындау) кезінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде өндірілетін электр энергиясын сатып алу мүмкіндігін қарайды.

      9. Жүйелік оператор Заңның 13-бабының 11-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан БЭЖ-інде немесе оның бөліктерінде электр энергиясының профициті болған жағдайда, нақты уақыт режимінде Қазақстан Республикасынан тыс жерде өндірілетін электр энергиясын сатып алуға Бірыңғай сатып алушы, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар және цифрлық майнерлердің өтінімдерін теңгерімдеуші нарық жүйесінде қабылдамайды.

      10. Жүйелік оператор импортталатын электр энергиясының мәлімделген көлемі оның тапшылығы шамасынан асып кеткен жағдайда, теңгерімдеуші нарық жүйесінде өтінімдерді нақты уақыт режимінде түзетеді.

      11. Жүйелік оператор Қазақстан Республикасынан тыс жерде өндірілетін электр энергиясын сатып алуға арналған онлайн-өтінімді растаған кезде импортталатын электр энергиясының көлемі тәуліктік графикке енгізіледі.

      12. Сатуға арналған өтінімдерде көрсетілген электр энергиясын сату көлемі электр энергиясын сатып алу көлемінен асатын сағаттарда электр энергиясының профициті айқындалады.

      13. Электр энергиясын Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге сату кезінде Бірыңғай сатып алушы жүйелік операторға өтінімді электр энергиясының теңгерімдеуші нарық жүйесі арқылы жібереді.

      Жүйелік оператор осы Қағидалардың 12-тармағының негізінде профицитті растау (айқындау) кезінде электр энергиясын Қазақстан Республикасынан тыс жерге жеткізу мүмкіндігін қарайды.

      14. Жүйелік оператор теңгерімдеуші нарық жүйесінде электр энергиясын экспорттауға Бірыңғай сатып алушының өтінімін нақты уақыт режимінде мынадай:

      1) электр энергиясының экспорттауы жоспарланған қимасында және (немесе) энергия өндіруші ұйымның шиналарынан электр энергиясын беру схемасында электр беру желілерінің өтімділік қабілеті бойынша режимдік шектеулердің болуы;

      2) Қазақстан БЭЖ-інде мөлшері экспортталатын электр энергиясының мәлімделген көлемі оның тапшылығының мөлшерінен асқан жағдайларда түзетеді.

      15. Жүйелік оператор теңгерімдеуші нарық жүйесінде электр энергиясын экспорттауға Бірыңғай сатып алушының өтінімін нақты уақыт режимінде мынадай:

      1) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге электр энергиясын жеткізуге техникалық мүмкіндіктің, оның ішінде жөндеу жұмыстары және (немесе) Қазақстан БЭЖ-і оқшауланған жұмыс режимі кезінде жоқ болуы;

      2) Қазақстан БЭЖ-і немесе оның бөліктерінде мөлшері Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге жеткізу мөлшерінен артық электр энергиясы тапшылығының бар болуы жағдайларында қабылдамайды.

      16. Жүйелік оператор Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге электр энергиясын жеткізуге онлайн-өтінімді келіскен жағдайда, экспортталатын электр энергиясының көлемдері тәуліктік графикке енгізіледі.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады