Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы инвестициялық портфельді басқарушының меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициенттерін қолдау жөнінде қолданатын шаралар туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 2 қарашадағы № 208 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 30 қарашада № 16040 болып тіркелді.

      "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Бағалы қағаздар рыногы туралы заң) 49-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 13.12.2021 № 107 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Инвестициялық портфельді басқарушының (бұдан әрі – Басқарушы) ірі қатысушысы инвестициялық портфельді басқарушының меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициенттерін қолдау жөнінде мынадай шаралар белгіленсін:

      1) ірі қатысушының сақтауы үшін міндетті Басқарушының меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициенттерін қолдау жөнінде шаралар қолданудың талаптары мен тәртібін белгілейтін ішкі құжаттарды Басқарушының заңды тұлға болып табылатын ірі қатысушысының әзірлеуі және бекітуі;

      2) "Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдар үшін пруденциялық нормативтердің түрлерін белгілеу, инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдар сақтауы міндетті пруденциялық нормативтердің мәндерін есептеу қағидаларын және әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы № 79 қаулысының (бұдан әрі – № 79 қаулы) (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17008 болып тіркелген, 2018 жылғы 12 маусымда Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) 1-тармағының 1) тармақшасының екінші абзацында белгіленген Басқарушының меншік капиталының жеткіліктілігі коэффициенттерінің қажетті мәнін тұрақты түрде қамтамасыз ету;

      3) Басқарушының меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициенттерінің № 79 қаулының 1-тармағының екінші абзацында белгіленген қажетті мәнін шұғыл қамтамасыз ету.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 14.02.2022 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Басқарушының меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициенттерінің қажетті мәнін тұрақты қамтамасыз ету шаралары:

      1) Басқарушыға қатысты белгіленген пруденциялық нормативтердің сақталуын тексеру мақсатында Басқарушының тоқсан сайынғы қаржылық есептілігіне жүргізілген талдау негізінде Басқарушының қаржылық жай-күйін тоқсан сайын бағалауды, сондай-ақ Басқарушының меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициенттерін төмендетуге әсер ететін тәуекелдерді бағалауды;

      2) Басқарушының меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициенттерінің болжамды мәндерін тоқсан сайын бағалауды;

      3) Басқарушының тәуекелдерді басқару жүйесінің жұмыс істеу тиімділігінің қамтамасыз етілуіне жыл сайын бақылауды, оның ішінде көрсетілген жүйелердің Бағалы қағаздар рыногы туралы заңының 49-1-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келуін бағалауды;

      4) осы қаулының 3-тармағында көзделген шұғыл қамтамасыз ету шараларын қолдану қажеттілігін айқындайтын рәсімдердің Басқарушыда болуын жыл сайын бақылауды;

      5) Басқарушының клиенттермен активтерді басқаруға жасалған шарттар бойынша міндеттемелерді, сондай-ақ меншікті активтерді инвестициялау саясатын сақтауын тоқсан сайын бақылауды;

      6) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7552 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 ақпандағы № 67 қаулысымен бекітілген Банктің, банк холдингінің ірі қатысушысы, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру холдингінің ірі қатысушысы, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебесін иеленуге келісім беру, оны кері қайтарып алу қағидаларына және көрсетілген келісімді алу үшін табыс етілетін құжаттарға қойылатын талаптарға сәйкес жасалған Басқарушының қаржылық жағдайының ықтимал нашарлауы жағдайында Басқарушының қайта капиталдандыру жоспарында көзделген шараларды қолдануды көздейді.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 13.12.2021 № 107 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Басқарушының меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициенттерінің қажетті мәнін шұғыл қамтамасыз ету шаралары:

      1) Басқарушының меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициенттерінің қажетті мәнін қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылдарды;

      2) Басқарушының меншікті активтері мен міндеттемелерінің құрылымын өзгерту жөніндегі іс-қимылдарды;

      3) Басқарушының ұйымдық құрылымын өзгерту жөніндегі іс-қимылдарды;

      4) Басқарушының жай акциялары бойынша дивидендтерді есептеуді және (немесе) төлеуді (таза кірісті бөлуді) тоқтата тұру жөніндегі оның акционерлері арасындағы іс-қимылдарды;

      5) инвестициялық комитеттің құрамын өзгертуді көздейді.

      Осы тармақта көзделген шұғыл қамтамасыз ету шаралары Басқарушының меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициенттері төмендеген және осы қаулының 2-тармағында көзделген тұрақты қамтамасыз ету шаралары жеткіліксіз болған жағдайда қолданылады.

      4. Басқарушының меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициенттерінің қажетті мәнін қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылдар Басқарушының ірі қатысушысының Басқарушының орналастырылатын акцияларын сатып алуынан және Басқарушының меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициенттерінің мөлшерін № 79 қаулыда белгіленген қажетті мәнге келтіру мақсатында осы акциялардың құнын төлеуден тұрады, бірақ олармен шектелмейді.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.06.2020 № 68 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Басқарушының меншікті активтері мен міндеттемелерінің құрылымын өзгерту жөніндегі іс-қимылдар:

      1) Басқарушыны кредиттік және (немесе) нарықтық тәуекелдерге итермелейтін операцияларды шектеу немесе тоқтата тұру;

      2) өтімсіз активтерді өтімді активтерге ауыстыруды қоса алғанда, Басқарушының инвестициялық портфелінің сапасын жақсарту;

      3) Басқарушының міндеттемелеріне қызмет көрсету шығыстарын қысқарту;

      4) Басқарушының әкімшілік-шаруашылық шығыстарын қысқарту түрінде жүзеге асырылады.

      6. Басқарушының ұйымдық құрылымын өзгерту жөніндегі іс-қимылдар:

      1) Басқарушының құрылымын өзгерту, оқшауланған және өзге де құрылымдық бөлімшелерін қысқарту және тарату;

      2) Басқарушы қызметкерлерінің құрамын және санын оңтайландыру, сондай-ақ Басқарушының меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициенттерінің төмендеуін туындатқан себептерді жоюға ықпал ететін өзге тәсілдер түрінде жүзеге асырылады.

      7. Мына:

      1) "Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының инвестициялық портфельді басқарушының меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициентін қолдауы жөніндегі шаралар туралы нұсқаулықты бекіту жөнінде" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 26 шілдедегі № 200 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8697 болып тіркелген, 2013 жылғы 2 қазанда "Заң газеті" газетінде № 148 (2349) жарияланған);

      2) "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қазандағы № 265 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14733 болып тіркелген, 2017 жылғы 28 ақпанда Қазақстан Республикасы нормативтік-құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) бекітілген Өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі 9-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      8. Қаржы нарығының әдіснамасы департаменті (Әбдірахманов Н.А.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және оған енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 9-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      9. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      10. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      11. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады