Астана қаласы мәслихатының 2015 жылғы 23 желтоқсандағы № 447/62-V "Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету қағидалары туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Астана қаласы мәслихатының 2017 жылғы 20 шілдедегі № 168/21-VI шешімі. Астана қаласының Әділет департаментінде 2017 жылғы 31 тамызда № 1126 болып тіркелді. Күші жойылды - Астана қаласы мәслихатының 2022 жылғы 30 қыркүйектегі № 240/32-VII шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Астана қаласы мәслихатының 30.09.2022 № 240/32-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қантардағы, "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шілдедегі заңдарына сәйкес Астана қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. "Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету қағидалары туралы" Астана қаласы мәслихатының 2015 жылғы 23 желтоқсандағы №447/62-V (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1000 болып тіркелген, 2016 жылдың 9 ақпанда "Астана ақшамы", "Вечерняя Астана" газеттерінде жарияланған) шешіміне мынадай өзгерістер енгізілсін:

      Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету қағидалары осы шешімнің 1 қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      "Қалаға бейімделген ит" бағдарламасы бойынша сынақтар нормативі осы шешімнің 2 қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Астана қаласы мәслихаты
сессиясының төрағасы
М. Тулеутаев
      Астана қаласы мәслихаты
хатшысының міндетін атқарушы
С. Жүнісов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      "Қазақстан Республикасы Ішкі істер
министрлігі Астана қаласының Ішкі істер
департаменті" (ІІД) мемлекеттік
мекемесінің бастығы
А. Әубәкіров
      "Астана қаласының Ауыл
шаруашылығы басқармасы" (АШБ)
мемлекеттік мекемесінің басшысы
А. Досанов
      Астана қаласы пәтер иелерінің
кооперативі "Бәйтерек" (ПИК)
ассоциациясының төрағасы
М. Кинжибаев

  Астана қаласы мәслихатының
2017 жылғы 20 шілдедегі
№ 168/21-VI шешіміне
1-қосымша

Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстау
және серуендету қағидалары 1. Жалпы ережелер

      1. Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету қағидалары (бұдан әрі – Қағида) "Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы" 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексіне (бұдан әрі – ӘҚБК) және Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы, "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шілдедегі заңдарына сәйкес әзірленді.

      2. Қағида Астана қаласындағы иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету тәртібін реттейді.

      3. Қағида барлық иттер мен мысықтардың иелеріне, меншік нысанына қарамастан (адамдарды құтқару жөніндегі, сондай-ақ қылмысқа қарсы күрес және қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі жұмысты атқаратын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің кәсіпорындарынан, ұйымдарынан және мекемелерінен басқа) заңды және жеке тұлғаларға, иттері мен мысықтарын серуендетуге шығаратын барлық адамдарға (бұдан әрі – иелері) қолданылады.

      4. Иелерінің ерекше жауапкершілігін талап ететін иттер ретінде Қағидада иттердің мынадай түрлері көрсетілген:

      1) америкалық питбультерьер;

      2) америкалық стаффордширлық терьер;

      3) бультерьер;

      4) стаффордширлық бультерьер;

      5) ротвейлер;

      6) жоғарыда аталғандардың будандастырылған түрлері.

      5. Қағидада мынадай ұғымдар қолданылады:

      1) иттер мен мысықтар – иелері тұрғын үйінде, басқа да жайлар немесе аумақтарда ұстайтын үй жануарлары;

      2) ветеринарлық емхана – ветеринарлық емдеу-сауықтыру қызметімен және ауру жануарларға ветеринарлық көмек көрсетумен айналысатын ұйым;

      3) ветеринарлық паспорт – жануарларды есепке алу, өсімін және эпизоотиялық жағдайды бақылау мақсатында: жануардың иесі, түрі, жынысы, тұқымы, жануардың чипінің нөмірі не таңбасының нөмірі (егер мұндайлар бар болса), жануардың түсі мен туған күні, сондай-ақ жануарға жасалған екпелер көрсетілетін халықаралық үлгідегі құжат;

      4) қараусыз қалған жануарлар – иесін анықтау мүмкін емес иттер мен мысықтар; иесінен қашып кеткен және иесінің немесе жауапты тұлғаның тарапынан қараусыз қалған жануарлар;

      5) қысқа мойын жіп – ұзындығы 1,5 (бір жарым) метрден аспайтын мойын жіп;

      6) ұзындығы бақыланатын мойын жіп – иесіне кез келген уақытта жануарды бақылауда ұстауға мүмкіндік беретін регламенттелмеген ұзындықтағы мойын жіп (брезент мойын жіп, орама-мойын жіп, синтетикалық мойын жіп және т.б.);

      7) иттер мен мысықтарды серуенге шығару – жануарлардың табиғи физикалық және физиологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін тұрғын жайдан немесе басқа орын-жайдан тыс жерде, не ұсталатын аумақта, иесінің жанында мойын жіппен (иелерінің ерекше жауапкершілігін талап ететін иттерге - мойын жіп және тұмылдырықпен) серуендеуі;

      8) иттерді еркін серуенге шығару – жануардың табиғи физикалық және физиологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін иттерді серуендетуге арналған алаңда немесе иттерге арналған жаттықтыру алаңында иесінің жанында мойын жіпсіз және тұмылдырықсыз (иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттерден басқа) жүруі;

      9) иттерді серуендетуге арналған алаң – Қазақстан Республикасының қолданыстағы құрылыс стандарттарына сәйкес жобаланған, иттерді еркін серуендету үшін арнайы бөлінген оқшауланған көгалдандырылған аумақ;

      10) иттерге арналған жаттықтыру алаңы – Қазақстан Республикасының қолданыстағы құрылыс стандарттарына сәйкес жобаланған, иттерді жаттықтыру үшін арнайы бөлінген қоршалған аумақ;

      11) құзыретті орган – тиісті салада қызмет атқаратын мемлекеттік орган;

      12) мамандандырылған ұйым – жануарларға жұқпалы ауруларға қарсы екпе жүргізуді жүзеге асыратын және қаңғыбас жануарларды аулаумен айналысатын жергiлiктi атқарушы орган құрған ұйым;

      13) тіркеуші орган – мамандандырылған ұйым, ветеринарлық емханалар;

      14) "Қалаға бейімделген ит" (ҚБИ) бағдарламасы бойынша сынақтар нормативі – қала жағдайларында иттерді серуенге шығару кезінде әлеуметтік және басқа да дағдыларды үйретуге бағытталған, иттер үшін әзірленген, бойсұну курсы.

2. Иттер мен мысықтарды тіркеу тәртібі

      6. Астана қаласының аумағында тұратын барлық иттер мен мысықтар иттер мен мысықтардың бірыңғай бірдейлендіру базасына міндетті тіркеуге жатады.

      7. Тіркеу мамандандырылған ұйымда немесе ветеринарлық емханаларда жүргізіледі.

      8. Тіркеуші орган тіркелген үй жануарлары мен олардың иелері туралы ақпаратты иттер мен мысықтардың бірыңғай бірдейлендіру базасына енгізеді.

      9. Иттерді және/немесе мысықтарды тіркеу кезінде иесіне ветеринарлық паспорт беріледі; егер тіркеу кезінде жануардың ветеринарлық паспорты болса, жаңа ветеринарлық паспорт беру рәсімі міндетті болып табылмайды.

      10. Тіркеу кезінде жануар иесінің төлемі есебінен тіркеуші органмен жануарға сәйкестендіру микрочипі енгізіледі немесе жануарда белгі немесе чип болмаса, таңба ретінде денеге нөмір (белгі) басылады. Чип енгізу және/немесе белгі салу рәсімдері ұсынымдық сипатқа ие.

      11. Иттерді және/немесе мысықтарды тіркеу немесе қайта тіркеу кезінде иелері мынадай:

      1) иесінің жеке басын куәландыратын құжатта қамтылған ақпарат;

      2) иесінің жеке сәйкестендіру нөмірі;

      3) иесінің нақты тұрғылықты мекен-жайы;

      4) иесінің байланыс нөмірі;

      5) жануардың лақап аты, жынысы, туылған күні, түсі, тұқымы;

      6) қажет болғанда, егер мұндай бар болса, жануардың шығу тегінің нөмірі туралы ақпаратты ұсынады.

      12. Иттің және/немесе мысықтың иесі тіркеуші органға Астана қаласының жануарларды бірыңғай бірдейлендіру базасынан тіркеуден шығару үшін немесе қайта тіркеу үшін жануардың әкетілуі (сатылу, жоғалу, көшу, басқа бір адамға тапсырылу) туралы хабарлауға міндетті.

      13. Тіркеу рәсімін және чип енгізу рәсімін мамандандырылған ұйым және ветеринарлық тіркеу куәлігін алған ветеринарлық емханалар жүргізеді.

      14. Үй жануарын жансыздандыру (эвтаназия) кезінде немесе өліп қалған жағдайда ветеринарлық паспорт бұрын жануар тіркелген ұйымға тапсыруға жатады.

3. Иттер мен мысықтарды ұстау

      15. Иттерді және/немесе мысықтарды сатып алуға немесе сатуға, оларды басқа адамға беруге, сондай-ақ қала ішінде көліктің барлық түрлерімен тасымалдауға үй жануарының ветеринарлық паспорты болған кезде ғана рұқсат етіледі; жануар вакцинациялауға жол берілетін жасқа жеткен жағдайда (иттер мен мысықтар үшін – 3 (үш) ай), иттерді және/немесе мысықтарды сатып алуға немесе сатуға, оларды басқа адамға беруге, сондай-ақ қала ішінде көліктің барлық түрлерімен тасымалдауға паспортта құтыруға қарсы вакцинацияланған күнінің белгісі болған кезде ғана рұқсат етіледі.

      16. Азаматтарға, кәсіпорындарға, мекемелер мен ұйымдарға тиесілі иттер және/немесе мысықтар үш айлық жасынан бастап, тұқымына қарамастан, міндетті түрде құтыруға қарсы вакцинациялауға жатады.

      17. Жасына сәйкес құтыруға қарсы вакцинациялаудан өтпеген үш айлық жастан үлкен иттер мен мысықтарды ұстауға тыйым салынады.

      18. Эпизоотиялық көрсеткіштер бойынша азаматтарға, кәсіпорындарға, мекемелер мен ұйымдарға тиесілі иттер және/немесе мысықтар үш айлық жастан бастап жұқпалы ауруларға қарсы вакцинациялауға жатады.

      19. Иттер мен мысықтарға кем дегенде тоқсанына бір рет тері паразиттері мен гельминттерге қарсы профилактикалық өңдеу жүргізу ұсынылған.

      20. Жануарларды қаладан шығарғанда немесе қалаға басқа өңірлерден әкелген жағдайда иттердің және/немесе мысықтардың иелерінде төмендегі талаптарды сақтай отырып, жануардың ветеринарлық паспорты, вакцинацияланған күндері көрсетілген жануардың денсаулығы туралы анықтама болуы тиіс:

      қалаға әкелінетін жануар жасына сәйкес әкелген кезге дейін кем дегенде күнтізбелік 30 (отыз) күн бұрын вакцинациялануы тиіс;

      қаладан шығарылатын жануар жасына сәйкес шығарылған кезге дейін кем дегенде 12 (он екі) ай бұрын вакцинациялануы тиіс;

      егер вакцинация жұмысын жүргізудің ең төменгі жасына (иттер мен мысықтар үшін – үй айлық мерзім) жетпеген иттер және/немесе мысықтар әкелінсе немесе шығарылса, паспортта вакцинация туралы белгі қоймай жануарды қаладан шығаруға немесе басқа қаладан әкелуге жол беріледі.

      21. Иттің иесі ретінде 18 жасқа толған тұлға болуы мүмкін; иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін тұқымдағы иттің иесі ретінде 21 жасқа толған тұлға болуы мүмкін.

      22. Ортақ тұратын (жатақханаларда) және/немесе пайдаланатын жерлерде санитарлық-гигиеналық, зоогигиеналық талаптарды және осы Қағиданың мынадай шарттары бұзылған жағдайда иттерді және/немесе мысықтарды ұстауға тыйым салынады:

      итті және/немесе мысықты бірнеше отбасыдан тұратын тұрғын үй-жайларда, тек өзіне тиесілі тұрғын алаңында ұстауға (жатақханадағы көршілердің жазбаша келісімімен);

      итті кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелер, азаматтардың саябақ шаруашылықтары мен коммерциялық емес саяжайлар бірлестіктері аумағында, демалыс орындарында байлаулы түрде (бұл ретте ит тамақ пен суға еркін қол жеткізе алуы тиіс, байлау жануардың табиғи қажеттіліктеріне кедергі келтірмеуі тиіс) немесе жабық темір торда (вольерде) ұстауға болады.

      23. Көп пәтерлі тұрғын үйлерде иттерге және/немесе мысықтарға арналған паналау және ұстау орындарын ұйымдастыруға жол берілмейді.

      24. Ұстауға рұқсат етілмейді:

      1) иттерді және/немесе мысықтарды көпшілік пайдаланатын орындарда (баспалдақ алаңдарында, жертөлелерде, шатырларда, шектес қылтималарда немесе лоджияларда және басқа да көпшілік пайдаланатын қосалқы үй-жайларда) ұстауға;

      2) иттерді және/немесе мысықтарды үй ауласының маңында ұстауға (жеке тұрғын үйлердің аумағынан басқа);

      3) жатақханалардың асүйлері мен дәліздерінде.

      25. Қонақ үйлерде, қонақ үй әкімшілігінің келісімі бойынша және ветеринарлық-санитарлық ережелерді сақтаған жағдайда иелері итімен және/немесе мысығымен бірге тұрақтауға тыйым салынбайды.

      26. Иттер қашып кетуіне, адамдарға немесе басқа жануарларға шабуына және/немесе тістеуіне жол берілмейтін аумақта болуы тиіс.

      27. Аумақта иттің бар екендігі жөнінде кіреберісте көлемі кемінде 20х30 сантиметр болатын, иттің суреті бар "Ит күзетеді! Охраняется собакой!" деген ескерту тақтайшасы қойылуы шарт.

      28. Иттерді және мысықтарды балалар мен жасөспірімдерге арналған мекемелерде, жазғы және қысқы сауықтыру орталықтарында (санаторийлер, демалыс үйлері, пансионаттар) құзырлы органның рұқсатымен ұстауға болады.

      29. Иттер мен мысықтардың қатысуымен өткізілетін жарыстар, көрмелер және тағы басқа көпшілік шаралар жергілікті атқарушы органның келісуімен өткізіледі.

      30. Иттер мен мысықтарды олардың терілері мен еттерін сату, өңдеу және тұтыну үшін одан әрі пайдалану мақсатында аулауға жол берілмейді.

      31. Астана қаласының аумағында иттердің төбелесін ұйымдастыруға және өткізуге, жануарларға қарсы қатыгез әрекеттер жасауға мүмкіншілік беретін басқа да іс-шараларды өткізуге жол берілмейді (қызметтегі, күзетке арналған иттердің жұмыс қабілеттілігін тексеру мақсатында, иттердің жарақат алмауын ескеретін, дұрыс тұқымдық сұрыптауға арналған арнайы ережелер бойынша тексерулерден басқа).

      32. Пәтер иелерінің кооперативтері:

      1) жертөлелерді, шатырларды және басқа да қосалқы үй-жайлардың кіреберістерін қараусыз жануарлардың кіріп кетуіне жол бермейтін тұрғын үй қорынын техникалық пайдалану ережелері мен нормаларына сәйкес ұсталуын қамтамасыз етеді;

      2) жануарларды аулаумен айналысатын ұйымдарға өзінің аумағында жүрген қараусыз иттер мен мысықтар туралы хабарлайды;

      3) мамандандырылған ұйымның қызметкерлеріне эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізуге көмек көрсетеді;

      4) тиісті органдарға Қағида талаптарының бұзылу фактілері туралы хабарлайды.

4. Иттер мен мысықтарды серуенге шығару тәртібі

      33. Кез келген тұқымдағы иттердің иелеріне иттің әлеуметтік бейімделу деңгейін және оның қалалық жағдайда стреске төзімділігін айқындау мақсатында "Қалаға бейімделген ит" бағдарламасы бойынша сынақ нормативіне (2 қосымша) сәйкес сынақтан өткізуі ұсынылады.

      34. Сынақтар аяқталған соң кинологиялық ұйым иттің иесіне жоғарыда аталған сынақтардан өткендігін растайтын құжат береді, онда:

      1) құжат нөмірі

      2) иесінің дербес деректері

      3) иесінің мекен жайы

      4) иттің лақап аты

      5) иттің жынысы

      6) сынақтың өткізген күні

      7) құжат берген күні

      8) құжат берген ұйымның атауы көрсетіледі.

      35. Иттерді және/немесе мысықтарды серуенге шығарған кезде иелері мына талаптарды сақтауы қажет:

      1) кез келген тұқымдағы иттерді (иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін ит тұқымдарын қоспағанда) тыйым салынған таңбамен белгіленбеген орындарда тұмылдырықсыз ұзындығы бақыланатын мойын жіппен серуендетуге рұқсат етіледі, бұл ретте жануар иесі өзімен бірге тұмылдырық алып жүруі тиіс, оны қажет болған кезде итке дереу кигізуі қажет;

      2) тұмылдырықты итке дер кезінде кигізу және жағдайға қарай мойын жіптің қажетті ұзындығын реттеу үшін иттің иесі жауапты болады;

      3) иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттерді серуенге шығаруға тыйым салынған таңбамен белгіленбеген орындарда қысқа мойын жіппен және тұмылдырықпен серуенге шығаруға рұқсат етіледі;

      4) қала аумағында иттердің еркін серуендеуі еркін серуендеу үшін арнайы бөлінген жерлерде (иттерді еркін серуендетуге арналған алаңдарда не жаттықтыру алаңдарында) рұқсат етіледі;

      5) иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттерді қала аумағында еркін серуендетуге тыйым салынған; иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттерді еркін серуендеуге арналған алаңдарда не иттерге арналған жаттықтыру алаңдарында ғана тұмылдырықпен еркін серуендетуге жол беріледі;

      6) қызметтік тапсырмаларды орындайтын иттерге қала аумағында еркін серуендеуге арналған алаңдардан немесе иттерге арналған жаттықтыру алаңдарынан тыс жерлерде еркін серуендеуге рұқсат берілген;

      7) иттің иесі не оны серуенге шығаруды жүзеге асыратын тұлға жануарды айналасындағыларға тынышсыздық және кедергі келтірмей, өзімен бірге нәжістерді жинауға арналған ыдысын ала отырып, серуендетеді;

      8) иттің иесі не оны серуенге шығаруды жүзеге асыратын тұлға, көшеден өткен кезде немесе магистральдарға жақын серуендеген кезде жол-көлік оқиғаларын және жол бойында иттің өлімін болдырмау үшін мойын жібін қысқартып ұстауға міндетті;

      9) тыйым салған ескерту белгісі жоқ мекемелер мен азық-түлік сатпайтын дүкендерде, поштада және тағы басқа орындарда иелері иттерін қысқа мойын жіпте және тұмылдырықта ертіп жүруге рұқсат етіледі. Объектілерге иттерді ертіп келуге тыйым салу белгілері бар жағдайда мекемелер, азық-түлік сатпайтын дүкендер және т.б. оларды байлап қалдыратын орындар жарақтауы қажет;

      10) кез келген тұқымдағы итті қысқа мойын жіппен және тұмылдырықпен, өздігінен шешіліп кетпейтіндей, иесі ғимараттың ішінде уақытша болған мерзімге, егер де ит басқа тұлғаларға қауіп төнгізбейтін, қоғамдық тәріпті бұзбайтын, қозғалыстарға және өз денсаулығына зиян келмейтіндей жағдайда байлаулы қалдыруына болады;

      11) кез келген тұқымдағы иттің иесі қажеттілік туындаған жағдайда иттерді серуендетуге тыйым салынған жерлердің аумағынан одан әрі өту үшін итті қысқа мойын жіппен ұстап өтуге құқылы.

      36. Қала аумағында:

      1) еркін серуендету алаңдары мен иттерге арналған жаттығу алаңдарынан басқа жерлерде иттерді еркін серуендетуге;

      2) мас күйіндегі тұлғаларға итті ертіп жүруге және көпшілік жүретін орындарда серуендетуге, көлікте алып жүруіне;

      3) иттің жасына сәйкес құтырма ауруына қарсы міндетті вакцинацияланбаған иттерді серуендетуге;

      4) иттерді ауладағы балалар ойнайтын, емдеу мекемелерінде, спорттық алаңдарда, мектепке дейінгі және оқу орындарының аумақтарында, тыйым салынған ескерту белгісі орнатылған жерлерде серуендетуге;

      5) адамдарға шомылуға рұқсат берілген аумақта иттерді серуендетуге;

      6) адамдарға шомылуға рұқсат берілген аумақта, тоғандарда, бұрқақтар мен су айдындарында жануарларды суға шомылдыруға;

      7) көзі нашар көретін адамды жетектеуші иттен басқа иттерді қоғамдық тамақтану кәсіпорындарына, азық-түлік дүкендерінің сауда жасау және өндірістік орындарына, сервистік қызмет көрсету мекемелері мен мәдениет мекемелеріне әкелуге, ұстауға рұқсат берілмейді.

5. Иттер мен мысықтардың иелеріне қойылатын қажетті талаптар

      37. Тіркелген иттер мен мысықтар иесінің меншігі болып табылады және кез-келген меншік ретінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен қорғалады.

      38. Иттер мен мысықтар "Ветеринария саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 қазандағы № 7-1/559 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9891 болып тіркелген) бекітілген қауіпті аурулар түрімен ауырған деп танылған жағдайда, тиісті аумақтың Бас мемлекеттік ветеринарлық дәрігерінің шешімімен немесе соттың шешімі болған жағдайда иесінен алынып, жойылуы мүмкін.

      Егер де жануар Бас мемлекеттік ветеринарлық дәрігердің шешімімен ауру емес деп танылса, онда ол иесіне қайтарылады.

      Адамға жарақат келтіріп, қауып алған жағдайда, иттер және/немесе мысықтардың иесі мамандандырылған ұйымға немесе ветеринарлық емханаға жануарды тексеруге ұсынуы қажет.

      Жануарды тексеруге ұсынудан бас тартқан жағдайда, жануар иесінен, адамға берілетін аурулардың немесе қауіпті аурулардың болуын тексеру үшін құзыретті органмен алынуы мүмкін. Жануарды ветеринарлық ауруханаға немесе мамандандырылған ұйымға беру мүмкін болмаған жағдайда, иесі ветеринарлық маманды үйіне шақыртады. Ветеринарлық маман жануарды бақылауына алады. Күнтізбелік 10 (он) күн өткенде ветеринарлық маман жануардың денсаулық жағдайы туралы анықтама жазып береді.

      Иесі зардап шеккен тұлғаға жануардың денсаулық жағдайы туралы анықтама ұсынады.

      39. Иттер және/немесе мысықтардың иелері мынадай талаптарды орындайды:

      1) қоршаған ортаға қолайсыздық келтірмейтін және қауіпсіздік тудырмайтын иттер және/немесе мысықтардың тәртібін қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздік талаптарын сақтау;

      2) аулаларды, кіреберістерді, сатылық торларды, лифтілерді, балалар алаңдарын, жолдарды, тротуарларды, саябақтарды, шағынгүлбақтарды, демалыс аумақтарын ластамау. Ит және/немесе мысық серуендеу орындарында табиғи физиологиялық қажеттіліктерін (нәжіс) қанағаттандыру жағдайында, онын салдарын иесі дереу жою керек. Ол үшін иесіне ластанған жерді тазалауға өзімен бірге тазалағыш құралдарды (пакет) алып жүруі ұсынылады;

      3) иттер және/немесе мысықтарды зоогигиеналық және ветеринарлық-санитарлық талаптарға сәйкес ұстауға;

      4) иттер және/немесе мысықтарды олардың физикалық және физиологиялық қажеттіліктеріне сай ұстауға, оларға ізгілікпен қарауға және қатал қатынас орнатпауға, қадағалаусыз қалдырмауға, жануарларға қажеттілігіне қарай тамақ беруге, су ішуге жағдай жасауға;

      5) мамандандырылған ұйымнан ветеринарлық-алдын алу іс-шараларын жүргізу туралы ақпараттар (БАҚ-та, сайтта хабарландыруды орналастыру) келіп түскен уақытта иттер мен мысықтардың иелері өз жануарларын, егер жануар міндетті вакцинациялаудан өтпеген болса, тексеру, диагностикалық зерттеу және емдеу-профилактикалық өңдеу үшін көрсетілген орынға әкелуі қажет;

      6) иттер және/немесе мысықтар ауырған немесе ауруыларына қауіптенген жағдайда жедел түрде мамандандырылған ұйымға немесе ветеринарлық емханаға хабарласуға және тексерістердің қорытындысы бойынша мамандардың ұсыныстарын мүлтіксіз сақтауға;

      7) иттер және/немесе мысықтарды одан әрі ұстауға мүмкіндік болмаған жағдайда иесі жануарды басқа тұлғаға, ұйымға немесе үй жануарларын аулаумен айналысатын мамандандырылған кәсіпорынға тапсырады;

      8) жануарлардың өліп қалған жағдайларында немесе құтырма ауруына шалдығуға ұқсас белгілері болған жағдайда жедел түрде мамандандырылған ұйымға хабарлау қажет және осы жануарлар мамандандырылған ұйым мамандарының келуіне дейін оқшаулануы тиіс.

      40. Иттер және/немесе мысықтардың өліктерін лақтырып тастауға, Астана қаласының аумағына көмуді жүзеге асыруға рұқсат берілмейді.

      Иттер мен мысықтардың өліктерін үй жануарларын аулайтын және жоюмен айналысатын мамандандырылған ұйымға тиісті құжаттар алумен әрі қарай жоюға тапсырылады. Иесі иттер мен мысықтардың өліктерін жоюға мемлекеттік лицензиясы бар басқа құзыретті органға жүгінуге құқылы.

6. Қағида талаптарының сақталуы

      41. Қағида талаптарының сақталуы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өкілеттігі берілген шегінде уәкілеттілік мемлекеттік органдармен қамтамасыз етіледі.

7. Қағиданың талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік

      42. Ветеринарлық тіркеу куәлігін алған ветеринарлық емханалар және де мамандандырылған ұйым иттердің және/немесе мысықтардың иелері өтініш жасаған кезде иттер мен мысықтарды бірдейлендірудің бірыңғай базасына тіркеуге міндетті.

      43. Бірдейлендірудің бірыңғай базасына үй жануарларды тіркеу кезінде иелерінің ұсынатын деректердің сақталуы, уақытылы енгізуі, дәлдігі мен өзектілігі үшін тараптардың жауапкершілігі Қазақстан Республикасының "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" 2013 жылғы 21 мамырдағы, "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы заңдарымен аныкталады.

      44. Қағиданың талаптарын бұзған ұшін жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасында қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.

8. Қорытынды ережелер

      45. Егер жоғарыда аталған Қазақстан Республикасының заңдарында осы Қағидада қамтылғандарға қарағанда басқа заңды ұйғарымдар белгіленсе, онда жоғарыда аталған заңдардың заңды ұйғарымдары қолданылады.

  Астана қаласы мәслихатының
2017 жылғы 20 шілдедегі
№ 168/21-VI шешіміне
2- қосымша

"Қалаға бейімделген ит" бағдарламасы бойынша сынақтар нормативі 1. Жалпы ережелер

      1. "Қалаға бейімделген ит" бағдарламасы бойынша сынақтар нормативі итті қала жағдайларында басқару, оның осы жағдайларға бейімделуі үшін қажетті практикалық дағдыларын тексеру мақсатында жүргізіледі.

2. Сынақтан өту шарттары

      2. Сынақтарға 12 (он екі) айға толған барлық тұқымдағы дені сау иттер жіберіледі. Сынақтар қала жағдайларында өткізілуі тиіс. Сараптау бригадасы тікелей сынақтардың алдында ит жетектеген жетекші әрекет ететін жағдайлар комбинациясын (бейтаныс адаммен кездесу, өтіп бара жатқан велосипедшімен жолығысу, еркін қозғалып бара жатқан адамдар тобы арқылы жүріп өту, көшенің жол бойы арқылы өту, жүгіріп бара жатқан адамдардың жанынан өту, бейтаныс итпен кездесу және т.б.) айқындайды. Ұйымдастырушылар сынақтар өткізу қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Дағдыларды тексеру жүйелілігін сарапшы тікелей сынақтардың алдында айқындайды және тексеру шарттарын жетекшілерге жеткізеді. Сараптама сынақ өтетін орынға келгенде басталып, бағасы жарияланғаннан кейін аяқталады. Сынақтар кезінде итті басқарған кезде, иттің иесі осы нормативтің командаларын не мағынасы жағынан ұқсас кез келген басқа командаларды пайдалануы мүмкін.

3. Сынақтарды бағалау

      3. Жаттығуларды орындау кезінде балдар есептелмейді, иесінің әрекеттерінің дәлдігі мен иттің дағдыларды практикалық орындауына қарай бағаланады.

      4. Әрбір жаттығудан кейін сарапшы нәтижені хабарлайды: "сынақ" немесе "сынақтан өтпеді" (бұл ретте ит пен жетекші жіберген қателер талқыланады).

      5. Жалпы, егер жеті дағдының төртеуі бойынша сынақ деген нәтижелер алынса, сынақтар сәтті өтті деп есептеледі. Жеті дағдының төртеуін тапсыра алмаған жағдайда, "сынақтан өтпеді" деген баға қойылады.

      6. Егер ит қатысып отырғандардың біреуіне агрессия танытса (қауып алса немесе қауып алуға талпынса), сынақтар тестілеудің кез келген кезеңінде "сынақтан өтпеді" деген бағамен тоқтатылады.

      Сынақтарды ойдағыдай тапсырған қатысушылар белгіленген үлгідегі куәлікті алады.

4. Сынаққа қатысушылардың міндеттері

      7. Сынаққа қатысушылар сарапшының нұсқауларын мүлтіксіз орындауға міндетті.

      8. Сынаққа қатысушыға:

      қатал/электр қарғыбау қолдануға;

      итке механикалық әсер етуге;

      итпен өзін қатал ұстауға тыйым салынады.

      9. Сынақ басталар алдында сарапшыға иесінің тегі, аты, әкесінің аты және иттің лақап аты көрсетілген толтырылған бағалау парағын ұсыну қажет. Сарапшының шақыруы бойынша қатысушы итімен бастапқы орынға келіп, өз тегі мен иттің лақап атын атайды.

      10. Әрбір жаттығу қатысушының қалыпты күйінен басталады және аяқталады (ит жетекшінің сол немесе оң жағында аяғының жанында мойын жібі жерге салбыраған күйі тұрып тұрады немесе отырады).

      11. Сарапшының шешімі бойынша сынақ жүргізу қағидаларын бұзғаны үшін қатысушы тексеруден шеттетілуі мүмкін.

5. Дағдыларды тексеру

      12. Иттің жетекшінің жанында қозғалуы. "Қасымда" командасы.

      Жаттығу басталмас бұрын сарапшы жетекшіні қозғалыс бағдарымен және оған қолданылатын кедергі келтіруші факторлармен таныстырады. Бағдар оңға, солға бұрылуды және айналуды, жол бойының алдына тоқтап көшеден өтуді және бейтаныс адамдар тобы арқылы өтуді қамтуы тиіс. Ұзындығы кем дегенде 15 қадам бағдарлардың бірін жетекші итімен жүгіріп өтуі, ал дәл осындай ұзындықтағы екінші бағдарды – баяу қадаммен жүріп өтуі тиіс.

      13. "Қасымда" командасын беріп, жетекші мойын жібі салбыраған итімен бірге бағдар бойынша қозғалысты бастайды. Сарапшы бірер қашықтыққа оның артынан жүреді. Жетекшіге "қасымда" деген қосымша командалар беруге рұқсат етіледі.

      14. Егер ит жетекшінің командасы бойынша күллі қозғалыс бағдары бойы, қозғалыс бағыты мен қарқынына қарамастан оның аяқ астында (сол немесе оң жағында) қозғалса, дағды қалыптасқан деп саналады. Бұл ретте, алаңдататын факторлар мен қолданылатын қоздырғыштар итті бағынудан шығара алмайды (ол жетекшіден 1 метрден көп қашықтыққа алыстамайды, командасыз оның аяғының жанында солдан оңға және керісінше орын ауыстырмайды, оның командаларын орындайды, агрессия танытпайды).

      15. Итті шақыру. "Маған" командасы.

      Сарапшы итті серуендететін жерді және алаңдататын факторлар мен қолданылатын тестілер комбинациясын айқындайды. Серуендейтін орынға келіп, қатысушы қозғалысын жалғастырып, итке еркіндік береді (итті өзінен жерге салбырап тұрған мойын жібімен кем дегенде 5 метрге босатады). 2-3 минуттан кейін сарапшының нұсқауы бойынша, жетекші тоқтап, итті шақырады.

      16. Иттің назарын аудару үшін оның лақап атын атауға рұқсат беріледі. Сарапшының командасы бойынша ит қысқа мойын жіппен жетекке алынады. Осыдан кейін "қасымда" командасы беріліп, жетекші итпен бірге сарапшыға жақын келеді.

      17. Егер ит жетекшінің командасы бойынша тез қайтып оралса, оның алдына (немесе аяғының оң/сол жағына) отырса, дағды қалыптасқан деп саналады. Ит, ештеңеге алаңдамай, 15 секундтың ішінде жетекшіге жақындауы тиіс. Мойын жіптің көмегіне сүйенбей, екі командадан аспайтын команда беруге рұқсат етіледі.

6. Тұмылдырыққа көзқарасы

      18. Тұмылдырыққа көзқарасы сынақтың кез келген кезеңінде тексерілуі мүмкін. Сарапшының нұсқауы бойынша жетектеуші итке тұмылдырық кигізіп, кезекті жаттығуды орындауға кіріседі.

      19. Егер ит тұмылдырыққа жақсы қараса, оны шешуге талпынбаса және басқарылуын жоғалтпаса, яғни жетекшінің командаларын нақты орындаса, дағды қалыптасқан деп саналады.

7. Итті қарап тексеру. Тісін көрсету

      20. Сарапшының нұсқауы бойынша жетекші оған итті әкеліп, оны отырғызады және тісін көрсетеді. Содан кейін иттің күллі тіс жүйесін көрсетіп шығады.

      21. Егер ит тістерін көрсеткен кезде қарсылық көрсетпесе және жетекші мен сарапшыға қатысты агрессия танытпаса, дағды қалыптасқан деп саналады.

      22.Титтің "фу", "болмайды" деген тыйым салу командаларын орындауы.

      23. Иттің қажетсіз әрекеттерді тестілеудің кез келген кезеңінде тоқтатуын тексеру үшін сынақ жүріп жатқан учаскеге жем (кесек ет, шұжық тілігі немесе басқа да ит қалайтын жем) тасталуы мүмкін.

      24. Егер ит тыйым салатын команда бойынша қажетсіз әрекеттерді тоқтатса, дағды қалыптасқан деп саналады.

      25. Дыбыстық қоздырғышқа (атысқа) көзқарасы.

      26. Иттің атысқа көзқарасы сынақтың кез келген кезеңінде тексерілуі мүмкін. Иттен 15 метр қашықтықтан оқ атылады (калибрі 6-9 мм). Егер ит агрессия танытпаса, дағды қалыптасқан деп саналады.

8. Ұстамдылық

      27. Сарапшының нұсқауы бойынша жетекші мойын жіп байланған итті көше бойымен жүргізеді. Біраз уақыттан кейін, сарапшының командасы бойынша, жетекші тоқтайды, иттің мойын жібін қандай да бір бекіткішке байлап, 2 минутқа дүкенге, кіреберіске кіріп кетеді немесе 50 метр жерге барып, табиғи жасырынатын жерге жасырынып қалады.

      28. Ит кез келген жағдайда болуы мүмкін. Жетекші жоқ кезде байлаулы иттің жанынан одан 5 қадам жерден мойын жіппен ит жетектеген адам өтеді.

      29. Егер қалдырылған ит өзін қалыпты ұстаса, жетекшінің артынан бару үшін мойын жіпті тартпаса және агрессия танытпаса, дағды қалыптасқан деп саналады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады