Алматы облысындағы көші-қон процестерін реттеу қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Алматы облыстық мәслихатының 2017 жылғы 15 желтоқсандағы № 26-129 шешімі. Алматы облысы Әділет департаментінде 2018 жылы 9 қаңтарда № 4490 болып тіркелді. Күші жойылды - Алматы облыстық мәслихатының 2024 жылғы 16 сәуірдегі № 18-84 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы облыстық мәслихатының 16.04.2024 № 18-84 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі).

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2-6-тармағына және "Облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы көші-қон процестерін реттеудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" 2017 жылғы 25 мамырдағы № 296 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, Алматы облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Алматы облысындағы көші-қон процестерін реттеу қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау Алматы облыстық мәслихатының "Бюджет, тарифтік саясат және заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша" тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      3. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Облыстық мәслихат
      сессиясының төрағасы Р. Ибраимова
      Облыстық мәслихаттың
      хатшысы С. Дүйсембінов

  Алматы облыстық маслихатының 2017 жылғы "15" желтоқсандағы № 26-129 шешімімен бекітілген қосымша

Алматы облысындағы көші-қон процестерін реттеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "оралмандарды", "оралмандар" және "Оралмандар" деген сөздер тиісінше "қандастарды", "қандастар" және "Қандастар" деген сөздермен ауыстырылды - Алматы облыстық мәслихатының 14.12.2021 № 12-61 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Осы Алматы облысындағы көші-қон процестерін реттеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы, "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі заңдарына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 25 мамырдағы № 296 қаулысымен бекітілген Облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы көші-қон процестерін реттеудің үлгілік қағидаларына, сондай-ақ халықтың көші-қоны мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және келісімдерге сәйкес әзірленді және Алматы облысындағы көші-қон процестерін реттеу тәртібін айқындайды.

      2. Көші-қон процестерін реттеу:

      адамның тұрғылықты жерді еркін таңдау, еңбек ету еркіндігін және қызмет түрі мен кәсібін өз қалауынша таңдауға конституциялық құқығын қамтамасыз етуге;

      кету және орын ауыстыру бостандығына;

      шығу тегі, әлеуметтік және мүліктік жағдайы немесе өзге де мән-жайлар бойынша кемсітушілікке жол бермеуге негізделеді.

      3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) қоныс аударушы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударатын ішкі көшіп-қонушы;

      2) қандастарды және қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұру үшін келетін, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілетін қандастар және қоныс аударушылар отбасыларының шекті саны.

2-тарау. Алматы облысындағы көші-қон процестерін реттеу тәртібі

      4. Алматы облысындағы көші-қон процестерін мониторингтеу, олардың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуының жай-күйіне, экологиялық ахуалына әсері ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      Алматы облысындағы көші-қон процестерінің ерекшеліктеріне халықтың тығыздығы, көшіп келу, эмиграция, еңбек көші-қоны, ішкі көші-қон ағыны, урбандалу процесі, өңірдің экологиялық және діни жағдайы, халықтың ұлттық құрамы, өңірлік еңбек нарығының теңгерімділігі жатады.

      5. Алматы облысындағы көші-қон процестерін реттеу үшін жергілікті атқарушы органдар көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті органға:

      қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін өңірдің тиісті аумағын белгілеуге (алып тастауға);

      шетелдік жұмыс күшін, оның ішінде этникалық қазақтар мен бұрынғы отандастар қатарынан тартуға квотаны ұлғайтуға (қысқартуға);

      қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың орта мерзімді кезеңге немесе алдағы жылға арналған өңірлік квоталарын ұлғайтуға (қысқартуға) қатысты ұсыныстар енгізеді.

      6. Қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квоталарына сәйкес жүзеге асырылады.

      7. Халықтың кетуі халықтың көбею қарқынына қарағанда көп болған кезде көші-қон процестерін реттеу, оның ішінде білікті жұмыс күшін тартуға және оларға жедел әлеуметтік бейімделуге жәрдем көрсетуге, оралмандарды, әсіресе жастарды кәсіптік оқытуға және қайта даярлауға бағытталған іс-шаралар әзірлеу арқылы жүзеге асырылады.

      8. Мониторингті қамтамасыз ету және көші-қон жағдайының дамуын болжау, жұмыспен қамту, мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер салу мәселелерін шешу, әлеуметтік-экономикалық дамытуды жоспарлау мақсатында халықты тіркеу есебі жүзеге асырылады.

      9. Қазақстан Республикасының азаматтарын, Алматы облысында уақытша болатын немесе тұрғылықты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тұрғылықты және (немесе) уақытша болатын (тұратын) жеріне тіркеу және есепке алу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

      10. Алматы облысының жергілікті атқарушы органдары жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүддесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасымен өздеріне жүктелетін көші-қон процестерін реттеу саласында өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады